Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Алмас Нүсіп. Сүйекке талас немесе жас жазушыларға қамқорлық

04.07.2019 979

Алмас Нүсіп. Сүйекке талас немесе жас жазушыларға қамқорлық

Қаламгер Алмас Нүсіптің Еуразия астаналарының жазушылары, ақындары мен публицистерінің бірінші халықаралық форумында көптің талқысына салған қазіргі қазақ қоғамындағы әдеби процесстің ауқым-ауаны туралы ойтолғауын жариялап отырмыз.

Әдеби агенттік дегенді естігені болмаса көзбен көрмеген, қызметіне жүгінбеген замандастарым туралы не айта аламын? Жекелеген шығармалардың көркемдігі жайлы жақсы яки жаман деп пікір айту оңай ғой, өрең жеткен жерге дейін талдау да аса қиындық туғыза қоймайды. Ал, жалпы жастар шығармашылығы, олардың алдына уақыт қойған талаптар немесе заман мен бүгінгі қоғам кесе-көлденең тосқан кедергілер жайлы сөз болғанда кібіртіктей бересің.

Бір жағынан мен оларды керемет түсінем және аяймын. Әдебиеті нарыққа өтіп үлгермеген, әдеби еркіндік, ой еркіндігі деген түсініктер бір кездегі «ханның бетіне шындықты айтып салыпты» дейтін ертегілік ерліктер төңірегінен ұзай қоймаған елде әдебиет жасаймын, әлемге өзімді жазушы ретінде танытам деу – онша бір ақылға қона қоймайтындай көрінеді. Содан да болар, осы күні қазақ жастарына (жастар ғана емес-ау) жай ғана шығармашылық адамы болу жетіспейді. Біз жазушылықпен ғана айналыспағандықтан, амал жоқ жан-жақты болуға мәжбүрміз. Біздің ішімізде бір-бір данышпан, бір-бір қайраткер бұғып жатыр. Сол «алып тұлға» қашан да бізді билеп-төстейді. Сол үшін де біз еркін бола алмаймыз.

Біз әу баста қолға қалам алғанда қазақтың жоғын жоқтау, ұлт тағдыры жолында қайыспай күрес жүргізу үшін туғанымызға сенгенбіз. Иә, біз сол кезде-ақ бойымызға ерекше қуат дарып, сөз қонғанын, өзіміздің бір-бір миссия жүктеген ерекше тумысымызға төтенше ден қойдық. Содан да болар, біздің сөзіміздің әлқиссасы қазақты жақсы көруден, өткенді сарыла аңсаудан басталды. Өзіміз де толық түйсініп үлгермеген, зерттеп, тереңіне бойлап көрмеген тарихтағы өр рухты ата-бабаларымыздың асқақ кейпіне деген аңсар бүгіннен гөрі өткен күннің ертегісін шертуге жүр-жүрлеп тұратын. Әлбетте, жұрттың бәрі тарихи шығармалар жазып кеткен жоқ, бірақ, бәріміздің сөз саптауымыздан, өзімізді ұстауымыздан ұлтқа деген шексіз махаббат, өзіміз көріп өскен ортаға деген зор құрмет сораятын да тұратын. Бәріміз бір-бір этнограф едік. Бәріміздің ауылымыз, бәріміздің атамыз бен әжеміз нағыз қазақылық тұнып тұрған ғажайып орта еді. Біз өзіміз де шәксіз сеніп қалған бұл ғажайыпты қиялымызбен орап, шабытымызбен қымтап, одан сайын зорайта түстік. Қит етсе ауылымызға оралып соғуға құмарландық та тұрдық.

Біз, әдетте, шыққан тегіміздің, өскен ортамыздың ғажаптығына, ауылымыздың тұнып тұрған керемет кейіпкерлер мен түрлі типтердің мекені болғанына өзімізді де, өзгені де сендіргіміз келді. Әлгі бір «қазақы ортада өсу» деген түсінік бізді табиғи талант иесі болуға ынтықтырды да тұрды. Олай болмас жөні де жоқ еді, біздің буын әдетте нағыз таланттардың ауылдан шығатынын, нағыз өнер адамының қазақы ортада ғана туатынын жиі естіп өсті. Соған шәксіз сенді де. Қалада өскен, қазақы емес ортада өспегендердің жазушы болуға хақысы жоқ секілді көрінді де тұрды. Әдебиет пен ұлт деген ұғымды осыншалық тар шеңберге тығып тастаған соң, біздің тақырыптық ауқымымыз да тарылып бара жатты.

Сөйтіп, ауылымыз бен ата-әжемізге деген махаббатымызды сарқып болғанда айналамызға бір қарандық. Махаббатымыз ғана емес, аздаған жиған-терген, көрген-білгеніміздің де түбі көрінген. Өзіміз де бос шелектей даңғырлай бастаппыз. Бірақ, біз бұл кезде өз бойымызбен өлшегенде жазуы төселген, қаламы қалып тапқан жазушы едік. Бұл бір жағы шындық та болатын – қаламымыз қатып, көркемдік ойлау жүйеміз бір арнаға түсіп үлгерген.

Десе де, адамда іштей өсу болмай тұрмайды. Осыған дейін қалыптасып үлгерген стереотипті ойлардың тұрлаусыз екенін, әдебиеттің міндеті – төмпештеп тұрып ұлтқа қызмет ету емес екенін шым-шымдап ұға бастағанда, күтпеген қиындықтарға кездестік. Өзімізбен іштей күрес басталып еді. Бұл процесс те ұзақ жүрді. Шаршадық, қалжырадық дегенде барып әдебиеттің не екенін, жазушының кім екенін там-тұмдап ұға бастадық. Ұға бастадық та айран-асыр тұрып қалдық. Біліміміздің аздығына көз жеткізіп едік. Рас, әркім шамасы жеткенше кітап оқыды, там-тұм тарих ақтарды. Болғаны сол. Біз үшін білім жию осы екі бағыт бойынша ғана жүретіндей көрінді. Әлгі «ұлтқа қызмет ету жолында», әдебиетке жаңалық әкелу жолында тек қана әдебиет пен тарихтың айналасын (оның өзі керемет дей алмас ек) шиырлап жүріп алыппыз. Сөйтсек, әдебиетке, көркем шығармашылыққа шексіз қиял мен ұлтқа деген шексіз махаббат қана емес, бүкіл ғылым атаулының бәрі керек екен. Біз соны ұққан күні өзіміздің тым кешеуілдеп қалғанымызды, ақылымыздың түстен кейін кіргенін түсіндік.

Міне, осындай жағдайларда қалыптасқан қазақтың жас жазушылары жанрлық ізденістерге көп бара алмады. Фантастика, ғылыми фантастика, мистика, фентези, детектив сияқты біздің әдебиетте аты аталғаны болмаса, нақты баламасы жоқ жанрлар баяғы таз қалпында әлі жатыр. Фантастика о бастан ешкімнің ойына кіріп шықпаған, ғылыми фантастика жазуға қиялымыз жеткенмен, біліміміздің аздығы қолбайлау болды. Детектив жоқ дегенді ести берген соң бірді-екілі жазып көріп ек, әлдебір ақылды лейтенанттың әлдебір күрделі қылмысты ашуын жазудан арыға бара алмадық. Оның өзін ұқсата алдық дей алмас едіңіз. Қысқасы, жазуға сұранып тұрған, келістіріп жазып шықсаң сәттілікке бастайтын талай жанр мен тақырыпқа тісіміздің батпайтынын ұқтық. Ұқтық та бұл тарапқа қайтара соқа тартуға дәтіміз жетпеді.

Осының салдарынан бір кезде көтерілген талай мәселе басы ашық күйінде күн тәртібінде әлі тұр. Оны игере қоятын жас біздің айналамызда бар ма, жоқ па, оны айту да қиын. Өйткені, осы күні біздің замандастың көкейін мүлде басқа нәрсе түртпектейді...

Атын атамаймын, осы заманның әдеби ортасы сөзсіз үлкен ақын деп баға берген, әдебиет айналасындағы мәнсіз талас-тартыс пен дау-дамайдан аулақ жүретін ақсақал президент стипендиясын алғанда «сіздің алғаныңыз дұрыс болды» дедік бәлсініп. Ақсақал қыңбады: «Е-е-е, біз мұны дүнием көріп, қопаңдап қоямыз, бұл босағаға лақтырған сүйек қана ғой», - деді жай ғана. Менің көз алдыма әдебиет айналасында өз қызығы өзінде, өз былығы өзінде, әлдебір сөздердің мағынасы мен жазылуы төңірегіндегі кішкене ғана дауды аталастық деңгейге көтеріп, дуылдасып жататын әдеби ортаға миығынан күліп, төрден қарап отырғандар келді.

Әдебиетке деген мемлекеттің қамқорлығы осы «сүйек лақтыруға» ұқсайды кейде. Аздаған сыйлықтар, анда-мұнда өтіп жататын бәйгелер мен байқаулар... Біздің жас буынның аңдыған-баққаны осындай бәйгелер қазір. Әдебиет нарыққа өте алмай қалды дедік қой, нарыққа шығып, кітабымыз сатыла қоймаған соң, біз жандәрмен сөзімізді саудалай бастадық. Оның дұрыс емес екенін де білеміз, бірақ, әзірге өзімізді әдебиетші, жазушы ретінде сезіндіріп, бір пайда таптым-ау деп терең бір тыныстайтын өзге жұбаныш және жоқ.

Бір кездері «поэзия дамып кетті, проза кенжелеп қалды» деген мәселе көтерілетін. Поэзиямыздың шекесі қаншалық қызып кеткенін қайдам, прозаның кенжелеп қалғаны рас еді. Осылай шулап жүріп, прозаға да көңіл аударта бастадық. Бұрын мүшәйра көп өтуші еді, осы күні прозаға арналған конкурстар жайлы да жиі-жиі дабыл қағылып жатады. Шүкір, проза баяғыдай кенжелеп қалды, жазушыларға көңіл бөлінбейді деген гөй-гөйден арылдық. Жеткен жеңісіміз бен бөлген көңіліміздің сиқы сол-ақ. Өйткені, Совет Одағы кезінде қалыптасқан жора – қазаққа ғана емес, күллі одаққа масыл әдебиет қалдырып кетті. Кітаптарды сату мен оқу да мемлекеттік идеология негізінде жүрген. Әлі де сол инерциямен келе жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында байқаулар ұйымдастырылады (әсіресе соңғы үш-төр жылда), науқандарға сіңірген еңбегіне орай сыйлықтар үлестіріледі. Болған-біткені сол. Иә, кітап та шығарып береді ара-тұра. Бірақ, одан аты шыққан ақын, аты озған жазушы және жоқ. Әйтеуір, аз күнгі айта жүрер әңгіме. Бірақ, біз бұған өкпелемейміз де, соншалық қуанбаймыз да. Өкпелемейтініміз – әзірге бұдан өзге «ақша табудың» жолын көрмей тұрмыз, соншалық қуанбайтынымыз – әдебиетті бұдан гөрі тәуірлеу жолмен дамытатын әлдебір жолдың бар екенін ішіміз сезеді. Бірақ, оны тап басып және айта алмаймыз. Өйткені, қанша жерден шекарамыз төрт тарапқа түгел ашық дегенмен, біз бармаған, біз көрмеген, тек «әйтеуір солай екен» деп естіген бір дақпырттар ғана бар. Оған қашан аяқ артарымыз тағы белгісіз.

Қауіпті ғана емес, соншалық ұнамсыз бір жағдай – біздің буын байқау бола қалса деп, бір-бір шығарма сақтап қоятын әдетке бой ұрды. Жариялануды абырой көретін өрім жастар болмаса, тісі шыққан, әдеби ортаның ыстық-суығын көріп, тәтті-дәмдісін татып үлгерген жазушылардың жаңа шығармасын байқауларда болмаса, былайғы кезде көп ұшырата бермейсің. Таралымы аз газет-журналдарда жариялану анау айтқандай қызық емес, сайттарға шығу ешқайда қашпайды, бір қарағанда, олардікі де жөн. Ешкімге өкпе арта алмайсың. Өзге бір қызметте жүріп, ара-тұра тырбанып жазып жүрген замандастарыңның шығармаларынан соншалық жаңалық көре алмайтының да содан. Қанша жазып жүр дегенмен жұртты елең еткізіп, даңққа бөленген замандасың және жоқ. Бар ғой, сонша жұрт жабыла жазғанда бірді-екілі тәуір әңгімесіз бола ма. Бірақ, соның бәрі үлкен көлемге жете алмай жүр. Қайдан келгенін, «қазір баяғыдай үлкен шығармалар оқылмайды, шағындап жазу керек» деген бір түсінік онсыз да құлашын жая алмай келе жатқан менің қатарластарымның өрісін тіпті шектеп тастады. Қазіргі әлемдік бестселлерлерге қараңызшы, соның бәрі дерліктей кірпіштей-кірпіштей кітап емес пе? Бар кілтипан – үлкен көлемді ұстап тұра алатын жазу машығының жоқтығында ғой. Әйтпесе, оқырманға да сапасыз жиырма әңгіме оқығанша жақсы бір роман оқыған пайдалырақ болар. Мен көптеген жазушылардың әңгімелерінен әңгімеден гөрі көлемдірек жанрға салғанда ғана толықтай ашылатын оқиғаларды көрем. Үлкен тағдыр – шағын дүниеге сыя бермейтінін ұғынуымыз керек.

Енді жазу техникасына қатысты бірер сөз. Жастардың жазу дағдысына қатысты айтуға болатын бір жағдай – автордың оқиғаға жиі-жиі килігіп отыруы. Көзге көрінер-көрінбес, әйтеуір, қиюы қашыңқырап, мұрты сетіней бастаған тұсқа әлдебір өмір жайлы пәлсапасын арқалап, жазушының өзі көмекке келеді. Зорлап иеді, қинап байлайды. «Осыным қалай болды?» - деп сәл ойланып тұруы мүмкін, бірақ аялдауға уақыт тапшы. Себебі, біздің жастарда бір асығыстық бар. Қалай да бас-көзге сабалап, шығарманың соңына қарай асығыс шауып бара жатады. Бұл – шығарманы тез жазып бітіру ниетінен гөрі, өзі ойлап тапқан шешімге асығу. Әлгі, ақырын айтып қоятын нашар шығармалардың көпшілігі осындай дегбірсіздіктен, шыдамсыздықтан, тіпті, суреткерлік мінездің әлсіздігінен туады. Мәселен, сіздің сары майдай сақтаған жасырын бір түйініңіз бар. Оған жеткенше әлі қанша заман, талай бет жазылуға, талай тағдыр өзгеруге тиіс. Жазушының қиялы ақырғы шешімді ғана жете ойластырған. Ал олардың арасын жалғауға тиіс қаншама оқиғалар сол жазу үстінде ғана ойластырылады. Авторға керек болғаны үшін ғана асығыстау ойлап табылған, амалсыз қосылған аралық оқиғалардың кемшілігі көзге көрінбей қалмайды. Немесе сөз арасында әлдебір проблеманы айта кету ниеті. Шығарманы жан-жақты етуге тырысушылық. Нанымсыздау, тартымсыздау, жай ғана оқып өте шығатын мұндай сәттерді жас атанып жүрген қай жазушыдан да көптеп кездестіруге болады.

Ойдан шығару дегенді – өмірде болмайтын, болмаған оқиғаны ойлап табу деген қатқылдау түсінік бар. Реализм болған жайтты қаз-қалпында жазумен өлшенбейді. Ойдан шығару – оқиғаны аспаннан алып, құр қиялмен құрап шығу емес, өмірде болған әр тараптағы оқиғаларды жинап-теріп, біріктіріп, қиюын келістіріп, тұтас сюжетке айналдыру болса керек. Осындайда жазушыға өмірбаян керек дейтін қағиданың ақиқаттығына ден қоя түсесің.

Өмірбаян демекші, алда-жалда өз өмірінен алынған әлдебір оқиға болса, жас жазушылардың соны айналып-толғанып жүріп алатыны бар. Оқырман назарын соған қарай аудара бергісі келеді. «Осыным бір тауып кеткен дүнием болды-ау», – деп, өзіне көңілі бітіп, оқырман елеусіз қалдырмасын деп, қайта-қайта айналып соға береді. Жалған эмоция оқиға мен кейіпкер көңіл-күйінің үндеспеуіне ұрындырады. Кейіпкерлер мұңаятын жерде мұңаймай, соншалық әсерлене қоймайтын қарапайым сәтте өп-өтірік таусыла сөйлейді. Болымсыз бір жайттарға оқырманнан бұрын баяндаушының өзі толқып отырады. Мұның бәрі өмірді ғана емес, жазуды да аз білетініңді көрсетіп алады.

Әлдебір мәселеге өз көзқарасыңды білдіру дұрыс шығар, бірақ, соған арнап бас салып шығарма жазып тастау – кемшілігі көптеу, қарадүрсін дүние тудырары анық. Публицистикалық тақырыптар көркем шығарманың бояуын қашырады, қиюын кетіреді. Көркем шығарма құрғақ дидактикаға көнбейді. Көркемдік идеяны белгілі бір мәселені көтеру деп түсіну – автордың аяғын тұсап, құлашын тежейтін тар шеңбер ғана. Кейінгі толқын жазушылардан осындай балаңдық көп аңдалады. Мұның себептері де жоқ емес, әлдебір тақырыпты түпкілікті зерттеу, шығарма жазу үшін ел аралап, жер шалып кететін қатарласыңды атай алар ма екенсің... Оған қаншама уақыт, қаншама қаражат керек, ал, ондай мүмкіндік осы күнгі жастарда жоқ екені бесенеден белгілі. Осыдан келіп, көптеген шығармалар ой жотамен жазылады. Өз қиялың құп көрген «шамамен осылай болар» деген тоқтамды ғана көресің. Шынайылық емес, көп жағдайда жазушының жеке көзқарасы, болмаса, өзіндік шала-шарпы түсінігі ғана хатқа түсіп жатады.

Жазушы өз көзқарасын оқырманға таңуға хақысыз. Ендігі оқырманға өмір жайлы, адамгершілік жайындағы құрғақ дәрістер, жаттанды пәлсапалар қызық емес. Бізге шығармашылықты тәрбие құралы дейтін түсініктен арылмай болмайды. Жай ғана жазушы болуды, ішіміздегі «алып тұлғаны» жеңіп, тек жазушылық шеберлігімізді жетілдіру жолында еңбектенуді үйренгенде бізді тұлға дәрежесіне елдің өзі-ақ көтерер. Ол кезге дейін ебін тауып, әдебиетімізді де нарыққа өткізіп те үлгерерміз бәлкім...

Алмас Нүсіп


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар