Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бекзат Алтынбек. Қиылыс

16.06.2019 875

Бекзат Алтынбек. Қиылыс

Әңгіме

Жолындағы кей шалшықтан аттап, кейбірінен оркиікше секіріп өтеді. Жұмысына бара жатыр. Талтүсте дәл төбеге шыққан шуақты күн жер-даланы алапес еткен. Көктем атты жаңа заман қыстың жасаған қылмыстарының қарға көмген айғақтарын тауып, ел-жұртқа жариялап әлек, қыс та оңайлықпен беріспей қармен жауып әуре.

Шалшықтарға табанымен жанасудан қашатын себебі – қыры ыждаһатпен салынған шалбарының қамын жейді. Және жалтыратып майланған калошының...

Жылдағы жол – сол жол. Еріген қар суының жиналып қалатын орындары да өзгермейді, тек жылдан-жылға үлкейе түседі. Күндегі жол – сол жол. Дым жаңалық жоқ. Контораға басқа бағытпен жылдамырақ жетуді ойына алған емес. Өзгерістің қажеті қанша, қажет болса пайдасы бар ма?!..

Таңертеңгі жолы – сол жол. Әй,.. тек бұның алдында біреу жүріп барады. Ер адам. Бұрын-соңды ұшыратпаған кісісі. Көзінің өткір көретініне, әсіресе жіті қырағылығына селкеусіз сенгендіктен солай ойлады.

Бейтаныс болғандығы үшін де оған зейін салу бұған қызық істей сезілді. Сырықтай ұзын, жеке қабырға сүйектей жұқа екен. Үстіндегісі пальтоға ұқсайды - етегі ұзын қара киім. Адымы үлкен, жүрісі ширақ болса керек – жеткізер емес. Жетуге неге асыққанының мәнін өзі де толық ұғынбады. Әлде оның жүзінен жылу аңдап, бір сәт көңілінің көсегесі көгере қоятынынан дәмеленді ме. Ауық-ауық өйткен көңілі құрысын дегендей ойлар миын шабақтайды. Көңілі мен санасы арпалыса анаған қатарласты-ау, әйтеуір. Әуелі оның басындағы әдемі шляпаға көзі түсті. Бұл қасына қатарласқан жас жігітті байқады. Әлденеге ыржалаңдай мәз болған біреу. Көзі шырадай жанып-ақ тұр. «Күн тамаша, ә?» деген сөзімен бұныжадында тартпаларға салынбай шашырап жатқан пайымдауларынан бөліп жіберген адамға қасын кере қарады. «Амандық-саулық жоқ, бас-көз жоқ... мынау қайдан түскен Есрәпіл?!», - деп іштей ғана айтты да, табан жолынан өзгеге назарын бұрмай жүре берген. Кенет анау тағы өзінің әңгімесімен киіп кетті.

– Аспа-ан ша-айдай ашық. Қыстың аязының беті қайтқа-ан. Неге тамаша болмасын! – Өзімен-өзі әңгіме-дүкен құрудан бәрқадар тапқандай есалаң ба...

Бұл анаған тағы қарады. Көзін жұмыңқырай, танауымен ауа біткенді өкпесіне жинап алатын адамша кең тыныстап келеді екен.

Одан соң «Мен де осы әумесер өмір сүріп жүрген әлемдемін бе?!» дегенге саятын сауалға жауап алу үшін жан-жағына қарады. Төбеде – шақырайған Күн. Төменде – лайсаң Жер. Ауада – «сенбіліктерден» хабар беретін көк түтін. Мырс етті(!) Жоқ, ... «пырс» па, «бырс-с» па, әйтеуір ерні мен мұрнынан осыған
жуықтау бір дыбыс шығып кетті.

Табан жолынан көзін алмай жылдам адымдады. Кідірген де емес-тін. Тек ойы бөліне берген.

– Махаббаттың мезгілі ғой, шіркін!

Анау әлі қалмай қатарласып келеді екен (!)

«Айналайын, қарағым, сөйлесуге зауқым жоқ! Жайыңа баршы!» дей жаздады да, бөгеліп қалды. Өйткені таныды! Оның жайнаған жанарын көріп, базбір өткен дәурендегі өзін таныды. «Махаббат бар ма өзі?.. Жүрегіңде отырып алып сайраған бұлбұл сағымға айналғанда көрер ме еді сені!»

– Қандай махаббат? – деп бұл алғаш рет тіл қатты. Өзге түгіл өзінің құлағына оғаш естілетін осындай сұрақ қойыпты. «Сезім» түсінігіне деген қатқыл көзқарасын барынша жұмсартып жеткізген түрі.

– Жігіттің қызға, қыздың жігітке асық болуы. Махаббат ұғымының ауқымы кең ғой...

– Шабыттана сөйлеп келеді. Бірақ бұның көзіне қарамайды. Оның назары бағытталған дүниені таппақ болды – бұлыңғыр.

– Ананың баласына деген риясыз махаббаты. Әкелік сезім. Перзенттік көңіл. Достық ықылас. Жалпы адамның адамды жақсы көруі. Ит пен иесінің арасындағы... Көп қой! Керек десеңіз, анау тұрған терекке деген пейіл. Мына тасқа деген жылылық! Құдайдың күллі жаратылысын сүю! Күллі жаратылысты.., – деп қайталай түсті, тура алақанында ұстаған тасқа қарата айтқандай.

Тыңдаушының аузы ашылып қалды. «Мынауың көсілейін деді-ей! Ха-ха-ха!.. Шүйіркелесетін жан кезікпей жүрген бәле ме өзі?!» Аяғының астына қараған күйі жүрісін жылдамдата түсті. «Құдай дейді-ей! Хы!..» Анау да жаяу жарыста бір елі қалысатын емес. Еліріп алған ба, қайта.

– Біз, адамдар, неге жануарларды өзімізден төмен санаймыз, осы?! Мейлі, олардың санасы жоқ болсын. Әйткенмен жандары бар ғой! Яғни сезім бар... Жапырақтың да... Мынау тоқтай қалып, анаған жалт бұрылды. Бүкіл денесімен. Бұдан әріге шыдай алмады. Оны бастан-аяқ көзімен шолып өтті. Аңдамапты екен (!) Жүрісі, сөзі, енді сықпыты да шошытты. Не кәлласынан, не тағдырынан оңбай соққы көрген бейбақ деп түйді. Солайша тезірек қашуға ұйғарғанында, ойын жүзеге асырудың амалын да тапты.

– ЦОН-ға барамын, – деді де, жолдың бойындағы ғимаратқа шапшаң беттеді. Арқа жағынан шыққан «Мен күте тұрам!» деген сөзді естіді, есікті ашып жатып.

Қасақана біршама бөгелген соң тысқа шықса – анау көрінбейді. Тек бұл келгенде аулада жүрген күзетші темекі шегіп тұр.

– Кешіріңіз, жаңа осында ... менің жанымдағы жігіт кетіп қалған ба? – деп сұрады, қуанышына әбден сенімді болғысы келіп.

– Кім? Қандай жігіт? – Күзетшінің бет-әлпетінен таңырқау анық білінді.

– Қасымдағы. Маған ерген.

– Жалғыз келдіңіз ғой!

– ???..

Жалғыз? Жалғыз. Жалғыз...

Басына – шляпа, үстіне – пальто, аяғына резеңке етіктің сыртынан калош киген, еңкейіп алып ебедейсіз қимылдаған бұл адам әу баста-ақ күзетшінің көзіне қораш көрініп еді...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)

Пікірлер

Абылай

19.06.2019 22:39
Маш Алла! Бекзат болашақта классик жазушы бол!

Гульнур

24.06.2019 22:57
Бауырым, Жаным, қаламына нұр жаусын! Өте ойлы...
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар