Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Бауыржан Әліқожа. Сыр бермейді мүлгіген керенау бақ...

18.05.2019 1237

Бауыржан Әліқожа. Сыр бермейді мүлгіген керенау бақ...

Жақсы атаның баласы

Бауыржан Әліқожа! Әліқожа дегендегі «әл» артикль. Атақты, даңқы жер жарған, мәшһүр деген мағына береді, бұдан шығады екінің бірінің атына «әл» қосылмайды. Әліқожа деген есім-шәріпті естігенде осы жәйт еске түседі. Сондықтан оның жаман жазуға хақы жоқ. Бауыржан ақын ғана емес, әдебиетті зерттеп жүрген ғалым да. Ғалым ретінде осы мәселе (ия, бұл мәселе. Жәй емес, үлкен мәселе!) жадында жүргей. Асылы ғылым жақсы кәсіп. Ғылымға өлеңнен барғандар абыройлы болады. Өлеңді ұқпағандар, көріп жүргеніміздей миы қатып қалған көкемылжыңға айналады. Көкемылжыңнан кемталант, пәлеқор, мансапқұмар, табанының бұдыры жоқ, сатылуға дайын тұратын қызылкөз шәкірттер өсіп шығатынын да көріп жүрсіздер. Бауыржанның ауылында «дәйіс» деген сөз бар. Бұл сын есім. «Ол қандай адам?». «Ол бір жүрген дәйіс». Демек, түстік қазақтары әлгі тізбені бір ақ сөзбен айтады. Біздің бала ол қатарда жоқ, иншалла. Ол мұң шақса қазаққа мұң шағады. Оның айғағы мына өлеңдер. Жүрегінде мұңы жоқ адамның өлеңмен не ісі бар?! Тіпті түсті де қазақша көреді. Және әуелі Сөз жаратылғанын түсінетін, Сөзбен ойнауға болмайтынын одан да жақсы ұғатын азамат. Өлең ермек емес. Оны ермек етпекші болғандардың ішінде Талант емес, Жын отырады. Ондайларды емдеу керек.

Мен пайғамбар зәузаттарының арасында өскен қазақ ретінде бір нәрсені анық айта аламын. Қазаққа халал қызмет істеген әулеттердің қай қайсысы да ізет-үрметке лайық.

Біз өлеңді талдамадық, оны мақсұт та тұтпадық. Біз сапар оң болсын айтқымыз келді. Ұзақ сапар, ауыр да қызық сапар!

Есенғали Раушанов,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Күзетші


Жатақханада өмір түнде басталады-ау...
Сенің сөзіңнен


Шырайыңда алаулап гүлдегі арай,
Оқу залын ду қылдық бірге талай...
Күн жарықта мүлгитін жатақхана,
Оянатын сілкіне түнге қарай.

Дала ұйқыда, у-шуы тынышталған,
Жатақта - өмір құралған дыбыстардан.
Қозғалысқа әуен боп үндеседі,
Тәтті сыбыс естіліп бұрыштардан.

Көздеріңнен бір кемел ойды аңғарып,
Қайта-қайта қараймын қайран қалып.
Балмұздақтар оңаша қалдыратын,
Бізді көріп отырған жайраң қағып.

Бара-бара айрылып күдік күштен,
Желік бітіп қылғанда үмітті үстем.
Сезімдерді үркітіп кетуші еді,
Теппешектен адамдар мініп, түскен.

Шоғын үрлеп ғашықтың Алматы нық,
Арбалумен түн өтті жанға тұнық.
Кеудемізге бақ құсы ұя салып,
Бөлмемізге қайтамыз таңды атырып.

Тағдырымыз түйісіп торғын белде,
Жүзіңдегі шомылғам мөлдір көлге.
Бұлдыраған даланың сағымындай,
Елес болып барады-ау сол күндер де.

Еһ, төртінші қабатта тұратын қыз,
Өзің барда болмайтын мұратым күз.
...Сол екеуміз сыр шертіп, арманды айтып,
Қала ұйқысын күзетіп шығатынбыз.

Тамшыбұлақ

Қапал ауылының ортасындағы өзектің

жарқабағынан бұлақ суы көз жасындай мөлтілдеп шығып жататын

ара осылай аталады. Тамшыбұлақты алғаш рет зерттеп,

сол туралы тарихи деректерді 1856 – 65 жылдары атақты саяхатшы, этнограф

Ш. Уәлиханов жазған.

Ұқсам ба деп тіліңді жырау ғалам,

Перзентіңмін өзіңнен сыр аулаған.

«Тамшыбұлақ» булығып жасын төгіп,

Бірдеңесін айта алмай тұр-ау маған.

Не сыр екен бойыңа жүк қылардай,

Мұңлығым-ай жылайсың ұқтыра алмай.

Суыңменен сырқауды емдейсің де,

Түк қуанбай тұрасың, ықтырардай...

Көңілі қап бір есер жарыместен,

Қыз ба екенсің басынан бағы көшкен...

Бастай алмай басқа өмір қиналдың ба,

Тастай алмай өшіріп бәрін де естен.

Жанарыңды, қайтейін мөлтілдеген,

Солай сыр боп қаларсың шертілмеген.

Бұлақ ағып барады жайраң қағып,

Сенің бала күніңдей желкілдеген.

Ұқсам ба деп тіліңді жырау ғалам,

Перзентіңмін өзіңнен сыр аулаған.

«Тамшыбұлақ» булығып жасын төгіп,

Бірдеңесін айта алмай тұр-ау маған.

Қатын қамал

Ащысай кенішінен Кентауға қатынайтын жолдың бойында

«Тас сарай» аталынатын өзен кездеседі. Өзеннің сол жақ қапталында үлкен жартас бар. Жартастың беті жап-жазық та, төменгі жағы сүйірленіп келеді. Ал тастың жотасы қып-қызыл, ылғи қуарып жатады.

Кезеңі екен Ақтабан-шұбырынды,

Түршіктірер бұл шақтың сыры мұңлы.

Бастаған да жоңғарлар зымиянды,

Ластаған да сол сұмдар тұнығыңды.

«Елім-айлап» еңіреген әуендегі,

Қасіреттің сезілер зар өрнегі.

Әйелдер-ақ қалыпты бірде ауылда,

Жортуылда жүргенде нар ерлері.

Шабуылдап жау қолы сонда ауылға,

Батырыпты халықты сорға, мұңға.

Бар ананы боздатып бозінгендей,

Мұрша бермей ұстайды қорғануға.

Тіршіліктің қуарып тонған бағы,

Аяз болып қарыған жоңғар-дағы.

Топырлатып мал құсап айдап бәрін,

Бір жартасқа қамапты сол маңдағы.

Бейшаралар қорғансыз қолға түскен,

Қарсыласып бағыпты зор намыспен.

Қайран біздің қайратты аналар-ай,

Дұшпанынан рухы болған үстем.

Бәрін бірдей жырыммен әспеттермін,

Ұмытылсын сұрапыл жас төккен күн.

Бауыздылып жатса да сол әйелдер,

Түкіріпті бетіне тасбеттердің.

Құздың маңы...құзғындар...Толған өлік,

Жота жатты қып-қызыл қанға бөгіп.

Тұншығардай бұл қанға иманы ұшып,

Кетіпті жау түсіп ап жолға берік...

P.S.

Көмескі етер шындықтың жарығын не?

Тірелері ақиқат бәрінің де.

«Қатын қамал» жартасы ызғар шашып,

Күреңітіп тұрады әлі күнге.

***

Осы болды-ау саған жайсыз тиген күз,

Мезгіл мұңы серігіңе айналмақ.

«Өзімді емес, өлеңімді сүйген қыз»,

Адасқанға қона қойсын қайдан бақ?

Өлең–өзім екендігін кеш ұқтың,

Түйсік сезім бірін-бірі жеңе алмай...

Енді алдында тұрғаның не есіктің,

Баяғыдай ішіме еркін ене алмай.

Түніменен маза бермей елесім,

Таңды ұйқысыз қарсы алдың ба тағы да...

Бақыт құстың қонарына сенесің,

Жоғалмас-деп- жаралған жан бағыма.

Елегізіп, көше жаққа елеңдеп,

Махаббаттың оңаша айтып қилы әнін,-

Зарықтың ба «жаным қашан келер»-деп,

Бар мұңыңнан құтқарардай дидарым.

Көңіліңнің мені аңсайды айдыны,

Кездесуге тапқысы кеп бір амал...

Жанарыңа жасырынған қайғыны,

Жасың жусын ағыл-тегіл жылап ал...

Өмір–сынақ абайсызда сүрініп,

Шыны–ғұмыр кетпесе екен бүлініп...

Қауышатын кезге сеніп,

Бір үміт...

Тұрды үзілмей кірпігіңде ілініп.

Торундегі түн

Көз байлауға қамданды кешкі дала,
Қарақоңыр түске енді ескі қала.
Жасанды шам көшеге сән бергенмен,
Бар жарығы аспанның өшті жаңа.

Жарқырайды қайтадан таң атады,
Құбылыстар туады жаңа тағы.
Ату үшін асыққан Күн сияқты,
Дөңгеленіп дүние бара атады…

Кеңге жайды қанатын қала түні,
Қанша жерге белгілі баратыны…
Менің ойымдағыдай жыр жаза алмас,
Жиылса да Торунның бар ақыны.

Қысқан кезде бойымды дара шабыт,
Топтан қашып іздеймін оңашалық.
Жылдам жазып алмасам мұң басады,
Қылдан нәзік жаныма жара салып.

Тұлғам жырға толғанда, жуған нұрға,
Қызық болмас сауығың, думаның да…
Таңсық емес Галилей, Коперник те,
Фараби топырағында туған ұлға.

«Қайтыңдар деп бұл жақтан өмір көріп»,
Торун бізге тұр, міне, төрін беріп.
Түн өлеңге, ал өзім түнге сіңіп,
Асқақ басып келемін көңілденіп.

Краков. Висла жағасы…

Краковта жауып тұр қар қылаулап,
Аппақ түске боялмақ барлық аумақ.
Бар сұлулық Висла өзенінде,
Тарануда топ аққу жанды баурап.

Көріністен тұр көңіл өлең аулап,
Сыр бермейді мүлгіген керенау бақ.
От шашады мүсіні айдаһардың,
Дегендейін жүріңдер менен аулақ.

Самарқаулық, салқындық танытпастан,
Иба, ізет бойына қалыптасқан, -
Кең жүректі польяктың екі қызы,
Жол көрсетіп келеді жалықпастан.

Бұйым көрмей ақпанның ақ ұлпасын,
Жаңа достар салып жүр бар ынтасын...
Біздің елге келіңдер, айналайын,
Сол құрметтің көріңдер қарымтасын.

…Толқып тұрмыз Висла жағасында,
Раушанов жазған құстың бәрі осында.
Жауған ақ қар,
аққулар,
екі қыздың,
Байланыс бар ұққанға арасында.

Түсірмеген арулар еш қабағын,
Жалғасындай жайдары есті ананың!
Гүлдәурен шақ, бір кешкен күндерді аңсап,
Нұр жауған сәт сендерді еске аламын.

Поляк қызы

Айналайын атыңнан Анна деген,

Өзің жайлы жазайын талғап өлең.

Тілімізді түсінбей отырсақ та,

Жақын болып алғансың жанға неден?!

Жәудірейді нұр шашып тұнық көзің,

Тереңінде жатыр ма бұғып сезім.

Краковтың қысына ұрындырмай,

Деп тұрғандай жанымды жылытшы өзің.

Найзадайын тіп-тіке кірпіктерің,

Көзін ашты көңілдің түртіп керім.

Дымға ебім жоқ жүргенде қыз қасымда,

Тірлігімнен жүрмеші үркіп менің.

Жүрегіме кеттің-ау сыйлап арман,

Жалғыз мен бе осындай күйде қалған.

Сезімімді асырды арнасынан,

Сенің толқын-бұрымың бұйраланған.

Сүйкімді қыз реңі гүл жайнаған,

Сенің сондай аяулы нұрлы айналаң.

Тілді тістеп мен кеттім түк айта алмай,

Не болды екен, япырмай, тіл байлаған?!

Туған күн


Не тарту етсем екен саған, Күнім,
Дәл өзімдей ұғынар бағаңды кім?
Мәңгіліктің мәуесін сыйлар едім,
Берсе Құдай құдірет маған бүгін.

Гүл сыйласам,

Мұң сыйлар солып ертең,
Тұр шаттыққа онсыз да толып өлкең.
Мүмкін емес жайттарға бастайтұғын,
Махаббаттың қашан да жолы көркем.


Жарық Айға, бір өзі – бүтін ғалам,
Сыйлық болмас жұлдыздар жыпырлаған.
Өзіңменен жолымды түйістіріп,

Бүкіл далам төккендей құтын маған!


Жүздестірген жазмыштың бұйрығы шын,
Аспаныңда самға еркін, игі құсым, –
Жан-дүниемді толтырған қуанышқа,
Жаратқанның ғажайып сыйлығысың.


Ғашықтардың айнымай ізіменен,
Шуақ шашқым келеді жүзіңе мен.
Өлмейтұғын дүние сыйласам деп,
Ақ параққа отырмын тізіп өлең.


Алшаң басып бақыттың оран нұрын,

Көрме ешқашан тағдырдың боран күнін.

Жан тербеген жайдары күлкің үшін,

Не сыйласам болады саған, Гүлім?!

***

Шаттыққа толы гүл өңің, –
Бақытқа толы әлемім!
О, менің – ғажап Жүрегім,
О, менің – тұнық Өлеңім!

Өзіңе тартып тұратын,
Жанарыңдағы тереңдік.
Болар ем асқан Ұлы ақын,
Жаза алсам соны өлең ғып!

Себілген сен бір – алтын дән,
Мен үшін туған қарағым, –
Жанымды нұрға толтырған,
Жайдары жаздай жамалың.

Осындай ма едің сұлулық?!
Тұрасың төгіп шуақты.
Шаңырағымдағы жылу, құт
Өзіңмен енген сияқты.

Шалқыды шабыт көз ілмей,
Жырлайын сені мен бүгін.
Кіршіксіз әппақ сезімдей,
Тұмса бұлақтай мөлдірім!

Тәңірдің керім тартуы, –
Болмысы бөлек, Жарығым.
Өзіңді сүю арқылы,
Махаббатты кең таныдым.

ҚазҰУ қалашығы

Ұстаздардан тәлім ап аты мәлім,

Дұрыс болған ҚазҰУ-де оқығаным...

Қалашықты сыйғызып қарашыққа,

Жағалауда ой кешіп отырамын.

Тұлпарына мінгесіп зор талаптың,

Ұлы ілімнің қақпасын қорқа қақтым.

Дәні егіліп бойыма ізгіліктің,

Дос жинадым, аяулы орта таптым.

Жылу берді жаныма жамырап нұр,

Қасиетіңнен оғланың тамыр ап тұр.

Талайлардың мінезін тезге салып,

Адалдыққа баулыған – шаңырақ бұл.

Қолда бардың қадірін елепті кім?!

Құтхана орны түлекке әр бөлек бұл күн.

Сағынтады үйреткен бұла мекен,

Қалай сүру өмірді керектігін.

Бақтарыңда естідім самал әнін,

Бар алабын армансыз араладым.

Қанша қызға айта алмай тілегімді,

Қанша қыздың жүрегін жараладым.

Әдемі қыз қымсынып көрікті ұлдан,

Жыр-әуенге тұп-тұнық толып тұр маң.

Тағдыр жазды, ризамын Алматыма,

Қиялдағы арумен жолықтырған.

Көк құрағын көңілдің жел тербеуде,

Бозбала ойлар күн сайын өркендеуде.

Түспегенде қастерлі бұл Ордаға,

Қалар ма едім кездеспей еркеммен де?!

Есентай өзені

Өмір, сенің өзгерген бе ережең,

Неге, бұл маң көкірегіме жаяды «у»?!

Бәрі орнында,

Сол қалашық...

Сол өзен...

Алшақтанған тек жанымнан Ай ару...

Тұсады ақыл ол жайлы ойды желдірген,

Енді ешқашан іздемеуге көндірді.

Беу, «Есентай», саған жалғыз келдім мен,

Табылмастан сырласатын тең құрбы.

Жылы жүзбен жырға орап әр уақытты,

Өтті күндер аққайыңды саялап.

Біз осында тастап кеткен бақытты,

Мына екі жас ұстап отыр аялап...

Ерке өзенім, есіп аққан кешегі,

Саған сонша не көрінді, ей, күрсініп?

Әлі айдардан керім самал еседі,

Баққа орайды...

Тоқтамайды тіршілік...

Қайда кеткен күміс күлкің сыңғырлы,

Жолыңды ізде!

Қоңыр күзге кінә артпай.

Баурайыңда күн түгілі, түн нұрлы,

Мөлдіреп ақ ғашықтарды жылатпай!

СЕКСЕУІЛ

Ұстазым, профессор Кәкен ҚАМЗИНГЕ

Қаламды өзіңменен қуандырам,

Даламды өзіңменен жұбандырам,-

Қалтарыс бұлтарысы көп дүниенің,

Тылсымы діңіңде ме бұраң-бұраң?!

(Шегі жоқ шалқарымнан құт арылма,)

Жөнің бөлек сахара кітабында.

Өмір мәні жатқандай сезіледі,

Иір-иір тарғылдау бұтағыңда.

Тербейсің тіршіліктің нұр бесігін,

Бұл-дағы табиғатпен үндесуің.

Тағдырлы терең кеткен тамырыңмен,

Дүлейден қорғап тұрсың құм көшуін.

Бересің жазираңа ғажапты үйіп,

Ұғар ма болмысыңды қазақ биік?!

Келесің пана болып талайларға,

Саяңда өсті қанша азат киік.

Қарасақ шеңберінен парасаттың,

Еншінде үлесің бар болашақтың.

Қызуды Күннен алған аямастан,

Маздатып тұрсың шоғын әр ошақтың.

Мұқалтпас төзіміңді жұты жердің,

Өзіңсің қуаң тартқан құты белдің.

«Қалғанша жарты жаңқам мен сендік»-деп,

Қажетін тұрсың өтеп мұқым елдің.

Дүйімді пайдақұмар кінәлама,

Тобырды түйсіксіздеу сынама да...

Осынау шөл бетінде сен болмасаң,

Білмейді-ау азғындарын мына дала...

Стамбулға сағыныш

О, Стамбул, жанымды гүлге ораған,
Табиғатың жып-жылы жыр бораған.
Жайсаңдардың көптігі баурыңдағы,
Аман қалсаң қаншама зіл-заладан.

Айналғанда шындыққа арман, лебіз,
Тартты өзіне мөлдіреп Мәрмәр теңіз.
Кемеңменен жүзгізіп, шаттық құйдың,
Тоғысқанда көңілдер арнаңда егіз.

Жүрегімді нұр тұнған алып-ұшып,
Жеттім сәулем...
Жүздестік сағынысып.
...Жағаңдағы серуен шығар ма естен,
Ерке ернінің тұрған сәт балын ішіп.

Көріністер жыр сыйлап ұнаған әр,
Куә болар сәтіңе қуана алар.
Кірген уақытын намаздың сүйіншілер,
Азан даусы жаңғырған мұнаралар.

Шежіреңнен ғажайып жайды ұғына,
Кірбіңді де ұмыттым, қайғыны да.
Сұлтан Ахмет мешітін көкке жалғап,
Шағалалар шағылды Ай нұрына.

Сала берген ашылып жан сарайым,
Шақты қалай сендегі аңсамайын.
О, Құдірет,
Қауыштыр ғашығыммен,
Келбетіне тағы бір тамсанайын.

Жүрегімнен өткізген байқап әр күн,
Бар мезгілін өлеңмен айта алармын.
Мөлдір ме едің сұлудың жанарындай,
Кеп жүргенін қарашы, қайта барғым...!!!

* * *


Жаз да өтеді, ертең-ақ күз келедi,-
Қайтқан кұстың мұңдантып тiзбе легi.
Кең өмiрдiң iшiнен таппағанда,
Өлеңiмнiң iшiнен iзде менi.

Сонда көңлiң толады қайта нұрға,
Онда небiр сезiмдер шайқалуда.
Ыждаhатпен түсе алсаң әрбiр жолы,…
Жүрегiме бастайды байқадың ба?

Екеумiздi ынтызар ете бiлген,
Тағдырыма мың шүкiр етемiн мен.
Бiр кездерi ол жерде сен бар едiң,
Алыс кеттiң қалайша мекенiңнен?!

Үзiлсе үмiт бiлмеймiн жалғана ма,
Иек артып келемiн таңға дара.
Қалды онда сатпайтын жалғыз досым,
Менi жақсы көретiн Алла ғана!

Бұтақтары көнiлдiң жайқалып әр,
Салтанатын кез келдi қайта құрар.
Жүрегiмнiң алшан бас көшесiнде,
Жақсы көрген жандарға жай табылар.

Қонысыңа жайғасқын құтты, мiне,
Терең бойлап барғайсың нық түбiне.
Ендi бүгiн бос қойма тұрағыңды,
Кел, құлыным, ене ғой түкпiрiне!

***

Лайланбаған тұнықтық ең,

Сезім көлі шайқалғандай.

Қиялдаған қылықтым ең,

Саған теңеу айтам қандай?!

Өлеңімнің кейіпкері,

Биікте еді бағаң сенің...

Әрбір ісің сүйікті еді,

Жиып бердің ғалам шерін.

«Бәлкім өсту керек пе» - деп,

Қарамағын сынай маған.

Кетеді деп бөлек-бөлек,

Бізді, жаным, кім ойлаған?!

Жан жарасын таңамыз да,

Қайрылмаймыз арып, жүдей...

Не түсті екен арамызға,

Алшақтанды кәдімгідей.

«Қалған көңіл – сынған айна»,

Сағынады қалпын ол да.

Уақыт-жебе мұң қадай ма,

Қалғандарға жарты жолда.

Өмір кімді қаздаңдатты,

Ісі мығым бар жанда құт...

Тасмаңдайға жазған бақты,

Алмадық па арзандатып?!

Не болса да шүкір дейік,

Осы болмақ біткені ойдың.

Үмітіме үтір қойып,

Сезіміме нүкте қойдым.

***

Бір жерден көргендеймін сізді бұрын,
Дедің-ау шуақ шашып ізгілігің.
Қалдым мен жанарыңа арбалдым да,
Көгендеп байлап алды қыз қылығың.

Көрдің қайдан еш жерде жүздеспедік,
Айтатындай жоқ тағы бізде естелік.
Болған болса жайдары жүздесулер,
Бәрін-бәрін ақтарып тізбес пе едік?!

Біз бәлки кездестік пе басқа әлемде,
Әлімсақтан біздерді қосқан әлде.
Танитын сияқтымын мен де ежелден,
Бір жайтты кешпесек те бастан өңге.

Аса алмай жан-күйімнен ерге біткен,
Отырмын бір сезімге тербеліп мен.
Жүректі жұдырықтай бүлк еткізіп,
Жылы ұшырай бересің сен неліктен?!

Кеңімес бұл дүние тарсынғаннан,
Жетелерәр шыңдарға таң сынды арман.
Толтырған көңілімді хұсни нұрға,
Жаныма неге ерекше жансың, қарғам?!

Үйлескен өн бойына ар, әдебі,

Жарасқан ақ жүзіне қара меңі...
Жырласам тіл жетпейтін болмысыңды,

Сала алман бояумен де бар әдемі.

Купеде

Жанарыңнан қалқажан, жалын көрдім,

Нұрланғанын байқаймын тағы іргемнің.

Ертең біздер кетеміз бөлек-бөлек,

Соқпағына сіңісіп сағым белдің.

Бал татыған сары қыз, қаймақ ерін,

Жігіттердің көз құрты жайдары өңің.

Уылжыған 18 дер шағың ғой,

Сәл ұмсынсаң жететін Айға көңлің.

Тоқ омырау, тоқ бөксе, тоқ балтырлым,

Аямапты өзіңнен Хақ тартуын.

Жайнап тұрған осынау жер бетінде,

Сендегідей сұлулық жоқ-ты, алтыным.

Батыршалыс, бөлек қыз, бай мінезге,

Жалындаған қонбайды қайғы көзге.

Аққуысың, көліңнің шаттығысың,

Әрі өзіңді бар тосқан айдын өзге.

Меруерт тісті көрсеткен күлкің қандай,

Оны көрген жанарға нұр тұнғандай.

Шіркін, балдай тамсанып қылығыңа,

Бір-ақ сәтте дүние құлпырғандай!

Мойындарсың сезімнің бұла күшін,

Бір әулеттің ертеңгі шуағысың.

Ақ келін боп шәй құйып отырарсың,

Бір жігіттің еселеп қуанышын.

***

Тәнті қылып биязы үлгіңменен,

Кейіпкері боп алдың жырдың кенен.

Дауысыңнан айналдым жан толқытқан,

Домбыраның үніндей күмбірлеген.

Ғашық күйін шалқытқан шертемін де,

Жалыныңа өн бойым өртенуде.

Қанды қозғап, тербеген сезімімді,

Не сиқыр бар, ерке қыз, ерке үніңде?!

Бақ жұлдызы жарқырап маңдайыңнан,

Ақ самала еседі шалғайыңнан.

Жалғыз қызы болсаң да бір әкенің,

Шолжаңдықты көрмедім тал бойыңнан.

Тәнті қылып биязы үлгіңменен,

Кейіпкері боп алдың жырдың кенен.

Дауысыңнан айналдым жан толқытқан,

Домбыраның үніндей күмбірлеген.

Бауыржан Әліқожа

1990 жылы 10 сәуірде Түркістан облысы, Арыс ауданы (бұрынғы Отырар) Қожатоғай ауылында дүниеге келген. «Айтұма» жыр жинағының авторы. Бірнеше ұжымдық жинақтар мен антологияларға өлеңдері енген. Т. Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Журналистика факультеті «Баспасөз және электронды БАҚ» кафедрасының аға оқытушысы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар