Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Сұрапыл соғыста қан кешкен қаламгерлер

08.05.2019 449

Сұрапыл соғыста қан кешкен қаламгерлер

Соғыс адамзат тарихындағы ең ауыр зұлматтардың бірі. Ол адам баласы пайда болғаннан бері бірге жасап, мыңдаған, миллиондаған өмірлерді жалмап келе жатыр. Атам заманнан күшті халық әлсіз халыққа соғыс ашып, айдарлысын құл қылып, тұлымдысын күң қылады. Соғыстан зарбап шеккен әлсіз халық не тоз-тоз болып құрып кетеді, немесе жауында кеткен кегін жоқтап, күшейе түседі. Осылайша сұм соғыс адамзат баласын айналсоқтап, заманақырға дейін оқтын-оқтын аранын аша береді.

Ұлы Отан соғысы да қазақ халқы үшін осындай орасан зор зұлматтың бірі болды. Миллионнан астам адам майданға аттанып, олардың жартысына жуығы туған топырағына қайтып оралмады. Ал аман жеткендері сұм соғыстың нағыз бет-бейнесін көріп, зұлымдықты әбден танып-біліп, басқа адам боп келді. Солардың ішінде көзімен көргені мен көкірегіне түйгендері кеудеге симай, қару ұстап қатып қалған қолдарына қалам алып, болашақ ұрпаққа ізгілік дәнегін себуге құлшына кіріскен ақын-жазушылар да аз болмады. Төменгі топтамада шамамыз келгенше сол қаламгерлер туралы қысқаша мағлұмат бере кетуді жөн көрдік.

1. Бауыржан МОМЫШҰЛЫ майдангер жазушы. Совет Одағының батыры, жазушы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы, стратег және тактик.

Б. Момышұлы туралы қызықты деректер:

  • Желтоқсан айының 24 күні туған. Қыстың әбден қаһарына мініп тұратын шағы оның өміріне де, мінезіне де ықпалын тигізген. Жайшылықта сабырлы, ал майданда аса қатал болған деседі. Бала кездегі лақап аты «Шаңтимес» екен.
  • Алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. 1928-1930 жылдары бастауыш мектепте сабақ берген.
  • Әр саланы игеріп әкететін ерекше қабілетінің арқасында Шымкент өнеркәсіп банкінің экономисі болып та қызмет еткен. Қаржылық сауатты Момышұлы әскери саланы да тастамай қатар алып жүрген.
  • Соғысқа дейінгі жылдары әскерде өнерімен талайды тәнті еткен. Ат үстінде қылышпен ойын көрсетуде асқан ептілік танытып, Буденныйдың көзіне түскен.
  • Ұлы Отан соғысына генерал-майор И.В. Панфилов басқарған әйгілі дивизиясының құрамында 1941 жылдың қыркүйек айынан бастап қатысты.
  • Бауыржан Момышұлы Москва үшін шайқаста 207 рет ұрысқа кірді.
  • 1945 жылдың 16 қаңтарында Алматыға келген Бауыржанды М. Әуезов, Қ. Сәтбаев, т.б. зиялы қауым соғыс туралы әңгіме-лекция өткізуге шақыртып, кездесу ұйымдастырады. Осы дәрістің стенограммасы кейін «Соғыс психология» деген атпен кітап болып басылды.
  • Қанқұйлы соғыс уақытында дивизия басқарған екі-ақ қазақ болған. Біріншісі – Бауыржан Момышұлы, екіншісі – Сабыр Рахимов.
  • Соғыстан кейін 1950-1955 жылдары полковник шенімен Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. Совет одағының генералдары алдында дәріс оқыған оның асқан стратег, психолог, шешен, тапқыр адам болғанын көбісі мойындайды. Батыр ақын, Алаштың арысы Мағжанды өз көзіммен көрдім деп осы кезді айтады.
  • Бауыржан Момышұлы 1962 жылы Фидель Кастроның шақыруымен Куба еліне барды. Кейін 1963 жылы тағы бірнеше мәрте шақыртумен арнайы сапармен барып қайтты. Бір айта кетерлігі, Куба елінің саяси күрескері Ф. Кастро түрмеде жатқан кезінде Момышұлының кітаптарын оқып, көзқарастарының нығаюына ықпал еткенін айтады.
  • Елге оралған соң, Қорғаныс комиссариатына (қазіргіше министрлік) басшылықтан ойы болған. Алайда елдегі науқаншылдық оған жол бермеді. Тіпті ректор Өмірбек Жолдасбеков Қазақ ұлттық университетінің әскери кафедрасына жұмысқа алмақ болады. Алайда оған да қарсылық болған деседі.
  • Кейін бірыңғай шығармашылыққа келді. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, өз өміріндегі көрген білгендерін шығармаларына арқау етті.
  • Момышұлы өмірінде бірнеше рет үйленіп, шаңырақ көтерген. Алғашқы зайыбы Бибіжамал Мұқанқызынан Бақытжан есімді ұлы дүниеге келген. Ұлы да жазушылықпен айналысқан. Екінші әйелі Вера Строева Бауыржанның әдебиетке келуіне әсер еткен. Клавдия Коркина атты сыған қызымен бас құрап, одан Елена Бауыржанқызы деген перзент сүйген. Тағы бір әйелі Бақытжамал Қалибекқызымен 13 жыл бірге болған.

Шығармалары:

  1. Ұшқан ұя (1974 жыл)
  2. Москва үшін шайқас
  3. Жауынгердің тұлғасы
  4. Майдан
  5. Майдандағы кездесулер
  6. Генерал Панфилов
  7. Төлеген Тоқтаров
  8. Куба әсерлері
  9. Адам қайраты (1981 жыл)
  10. Елбасына күн туса
  11. Психология войны

Мәлік Ғабдуллин - Педагог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Кеңес Одағының Батыры, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты.

15 қарашада Көкшетау облысының Зеренді ауданындағы Қойсалған ауылында дүниеге келді.

1935 жылы ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетін бітірген. «Пионер» газеті жауапты редакторының орынбасары, КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалында кіші ғылыми қызметкер болып істеген.

1938–1941 жж. ҚазПИдің аспирантурасында оқыды.

Генерал И.В. Панфилов бастаған даңқты 28 гвардия дивизиясы құрамында Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысты. 1-автоматшылар ротасының саяси жетекшісі, 2-атқыштар батальонының комиссары, полк үгітшісі болған. Мәскеу іргесіндегі қанды шайқаста қаһармандықтың асқан үлгісін көрсеткен.

1944-1946 жж. КСРО Қорғаныс министрлігі Жоғарғы саяси басқармасы үгіт-насихат бөлімінің бастығы болып істеген.

1946-1951 жж. Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтында директордың орынбасары, директоры, 1951-1963 жж. ҚазПИ-дің ректоры, 1963 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін Қазақ КСР ҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында фольклор бөлімінің меңгерушісі міндеттерін атқарды. Екі рет КСРО Жоғарғы Советінің депутаты болып сайланған.

1938 жылдан бастап қазақ фольклорының мәселелерін терең зерттеді.

1947 жылы «Қобланды батыр» жырын ғылыми зерттеудің проблемалары» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген (1958) монографиясында халқымыздың лироэпосы, батырлық жырлары, ертегіаңыздары, тұрмыссалт өлеңдері, жұмбақтар, мақалмәтелдер, жаңылтпаштар, суырыпсалма өнері туралы ғылыми топшылаулар мен қорытындылар жасады.

Шығармалары:

Менің майдандас достарым. ҚБМБ, 1947;

Алтын жұлдыз. ҚБМБ, 1948; Майдан очерктері. ҚМКӘБ, 1959;

Ел намысы – ер намысы. А.,»Жазушы», 1966;

Сұрапыл жылдар. А., «Жазушы», 1972;

Қазақ халқының ауыз әдебиеті. А., «Мектеп», 1958;

Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес. А., «Мектеп», 1966;

Менің майдандас достарым. А., «Жазушы», 1985.



Қасым Қайсенов - Қазақстанның Халық Қаһарманы, Халықаралық Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты, көрнекті жазушы, Ұлы Отан соғысының ержүрек батыры, әйгілі партизан, көзі тірісінде аты аңызға айналған халқымыздың қайталанбас біртуар даңқты перзенті.

1918 жылы сәуір айының 23 күні Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Асу-бұлақ аулында кедей шаруа отбасында туған.

Туған ауылында жетіжылдық мектепті бітіргеннен соң Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп оны 1938 жылы бітіріп шығады. Алғыр жас түлек оқуды бітіре салысымен сол жылы техникум маңынан ашылған cаяси ағарту курсына басшылық етуге тағайындалады. 1938-39 жылдары Павлодар облыстық оқу бөлімінде инспекторлық қызмет атқарады. Ал 1939 жылы әскери-барлаушылар мектебіне қабылданып ол оқу орнын 1941 жылдың күзінде бітіреді. Бұл уақытта фашист басқыншылары Отанымыздың батыстағы көп жерлерін жаулап алып қойған болатын.

1941 жылдың қараша айында ол Оңтүстік-батыс майданы штабының қарамағына жіберіліп, штабтың арнайы тапсырмасымен жау жайлаған Украина жеріне парашютпен түсіріледі. 1941-1942 жылдары Киев, Полтав облыстарында коммунистердің астыртын ұйым жұмыстарына белсене араласып Чапаев атындағы партизан құрамасын ұйымдастырысып, кейіннен сол партизан құрамасының үшінші партизан отрядына басшылық етеді.

1943 жылдың қыркүйек айының 21 күні Чапаев атындағы партизан құрамасы Совет Армиясымен қосылғаннан кейін ол тағы да жау тылына жіберіліп, төрт рет арнайы тапсырмамен Украина, Молдавия, Румыния, Чехословакия жерлерінде партизан отрядтарын басқарады. 1944 жылдың қараша айының екінші жартысында Карпат тауында партизан отрядтары 44-Украин майданы әскери бөлімдерімен қосылған соң, осы майдан әскері құрамында соғыстың соңына дейін жаумен шайқасып, 1945 жылдың басында туған еліне оралады. 1945-1946 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы аппаратында референт қызметінде болады, 1946-1949 жылдары Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында аудандық атқару комитеттері председательдерінің орынбасары, 1949-1950 жылдар аралығында ҚазССР жеңіл өнеркәсіп Министірлігінде кадр бөлімінде аға инспекторы қызметтерін атқарады. 1951-1953 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті жанындағы партиялық мектептің аудармашылар даярлайтын бөліміне оқуға жіберіледі.

Оны 1953 жылы бітірген соң ұзақ уақыт «Қазақ елі», «Жазушы», «Қайнар», баспаларында редактор, баспа директорларының орынбасарлары болып және Қазақстан Жазушылар одағында жауапты қызметтер атқарады.

Қ. Қайсенов 1957 жылдан Қазақстан Жазушылар одағына мүше.

Қ. Қайсенов қолбасшылық ордені «Богдан Хмельницкий», «Чехославакия партизаны», II, III дәрежелі «За заслуги» және 2 рет I дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен шетелдердің және Совет Одағының медальдарымен сонымен қатар Қазақ ССР-нің, Украин ССР-ның «Құрмет грамоталарымен» марапатталған.

1995 жылы 24 сәуірде оған «Халық қаһарманы» атағы және армия полковнигі деген шен берілді. 2003 жылы халықаралық А. Фадеев атындағы сыйлықтың, жазушылар одағының Б. Момышұлы атындағы әдеби сыйлығының иегері болды.

Өскемен облысы Ұлан ауданының және Арқалық қаласының құрметті азаматы. Республикамызда оның атында орта, орталау мектептер, елді мекендерде оның атында көшелер бар. Мемлекеттік Шығыс Қазақстан және Қарағанды университеттерінің құрметті профессоры.

Қ. Қайсенов 2006 жылы қайтыс болған.

Баубек Бұлқышов - Ұлы Отан соғысы жылдарында журналистік бағыттағы публицистік мұралары, өмірі мен шығармашылығы қалың көпке таныс тұлға – жауынгер-жазушы.

· Еңбек жолын бухгалтер болып бастаған. 1930 жылы «Ұлытау» совхозының сүт фермасында есепші болып істеген. Кейін 1937 жылы Алматы саудафинанс техникумына оқуға түседі.

· Алайда жазуға қабілетті болған ол 1939 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, «Октябрь балалары» газетінің бөлім меңгерушісі болып қызмет етеді.

· 1940 жылы әскер қатарына шақырылды да, Мәскеуде сапер училищесінде оқиды. Жалынды публицист, ержүрек жауынгер Мәскеуді қорғады. Украинаны азат етісті.

· 1944 жылдың бас кезінде майданда қаһармандықпен қаза тапты. Б. Бұлқышев көптеген өлеңдер жазып, республикалық баспасөз беттерінде жариялады. «Алматы – менің туған қалам» атты бітпей қалған романы және «Айсұлу» деген поэмасы бар.

· Жазушылық таланты Ұлы Отан соғысының ауыр сын сағаттарында ерекше көрінді.

· 1942 жылы 1 мамырда «Комсомольская правда» газетінде «О жизни и смерти» (Записки молодого казаха фронтовика) деген өршіл патриоттық публицистикалық мақаласы шықты. Ол өзінің әскери очерктері мен публицистикасын орыс тілінде жазып, үнемі «Комсомольская правда» газеті беттерінде жариялап отырды. «Я хочу жить», «Жизнь принадлежит нам», «Коварство и любовь», «Письмо сыну Востока», «Слушай Кавказ» және басқа мақалаларын Ғ.Мүсірепов қазақшаға аударып, республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жариялады.

· 1946 жылы Мәскеуде шыққан «Жизнь солдата» жинағына Б. Бұлқышевтың майдандық публицистикасы енді. Оның көркем әдеби мұрасы 1948 жылы М. Иманжановтың редакциясымен шыққан «Өмір біздікі» кітабында, сондай-ақ «Жауынгер мәңгілігі» кітабында жинақталған. Шығармалары әлденеше рет қайта басылды.

Дихан Әбілев - Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Мойылдыбұлақта туған. Семей ауыл шаруашылығы техникумын, Алматыдағы Коммунистік Журналистер институтын (1937), Қазақ КСР Ғылым академиясының аспирантурасын (1948) тамамдаған.

· 1927-1934 жж. халық ағарту, баспасөз қызметтерінде болды. Баянауыл аудандық «Ленин туы» газеті редакторының орынбасары, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты хатшысы, Бас редактордың орынбасары, 1938-1939 жж. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, 1961–1962 жж. Көркем әдебиет баспасының Бас редакторы.

· 1942 жылдан 1946 жылға дейін Ұлы Отан соғысына қатысқан. Алматы қаласы көшелерінің біріне есімі берілген.

· Тұңғыш өлеңі – «Қызыл әскерге» 1925 жылы Семейдегі «Қазақ тілі» газетінде жарияланды. Алғашқы шығармалары жинағының кейбірі мыналар: «Шалқыма» (поэма), «Бармақ» (поэма, 1937), «Қуат» (поэма, 1938), «Сүйемін» (өлеңдер, 1939), «Мұңсыз Мәрия» (поэма, 1940). Жауынгер ақынның «Москва түбінде» (1942), «Майданбек» (Өлеңроман, 1943), «Бибінұр» (1949), «Жұлдызды жігіт», «Дала солдаты» (1945) поэмалары от ішінде, оқ астында туған. «Жүректен» (1945), «Тұлға» (1948) өлеңдер жинақтары да осы тақырыпты өзек еткен.

· Соғыстан кейінгі бейбіт заманда ақын Риддер кеншілерінің өмірінен «Алтай жүрегі» атты өлең роман (1955) жазды. Оның С. Торайғыров өмірінен жазған «Ақын арманы» (1964), «Арман жолында» (1968), «Баянауыл баурайында» (1975) атты прозалық романтрилогиясы қалың жұртшылыққа кеңінен мәлім.

· Кезінде осы аталған сүбелі туындылардың бәрі дерлік орыс тіліне аударылған. Драматургия жанрында «Қарулас достар» (1948), «Майра» (1954), «Біржан сал мен ақын Сара» туындыларын жазды. Сондай-ақ қазақ тіліне орыс, украин, түрік, армян классиктерінің поэмаларын аударған.

· Қазақстанның халық жазушысы.

Шығармалары:

  1. Таңдамалы өлеңдер. А., ҚМКӘБ,1958;
  2. Шығармаларының екі томдығы А., «Жазушы», 1977,
  3. 1984, Махаббат құдіреті. Роман. А., «Жазушы», 1991;
  4. Мелодия весны. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1993;
  5. Өткен күнде белгі бар. Естеліктер. А., «Жазушы», 1997;
  6. Жолаушы өмір. Өлеңдер. А., «Жазушы», 2001.



Сырбай Мәуленов - 17.9.1922 ж. туған Қостанай облысы; Жанкелдин ауданы; Торғай поселкесі; — 1993) — ақын. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген (1973).

1943-1950 Қостанай облысы радиокомитетінде редактор, "Большевиктік жол" (қазіргі "Коммунизм таңы") газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, 1951-1955 жылы. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редакция меңгерушісі, 1957-1961 жылы Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші; "Қазақ әдебиеті" газетінде бас редактордың орынбасары, 1964-1971 жылы "Жұлдыз" журналының, 1955-1957, 1971-1977 жылы "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы болды. Тұңғыш өлеңі Жамбыл облысы "Колхозшы" газетінде 1937 жылы жарияланды, "Өлеңдері" атты алғашқы жинағы 1948 жылы жарық көрді.

С. Мәуленов – қырыққа жуық жыр жинақтарының авторы. Өлеңдері қазақ поэзиясының лирика жанрын дамытуға елеулі үлес ретінде қосылды.

Шығармаларында туған жер, замандас және оның жасампаз еңбегі жарқын жырланады. "Жолдас" (1954), "Жас жүрек" (1956), "Жол үстіндегі жалындар" (1963), "Жұлдыз жырлар" (1963), "Қызыл арша" (1969), "Боз қырау" (1976), "Тау гүлдері", "Шалқар", "Жалын" (үшеу де 1979). "Жаңбырсыз күз" (1980), өлендері "Шуақ", "Алтын тасқын" өлендер мен поэмалары (екеуі де 1981); "Жұлдыз жүрек" (1985) жинақтары шықты. Ақын кітаптары сыншылар тарапынан жоғары бағаланды . (1958) жылы "Таңдаулы өлеңдер" атты таңдамалысы, 1966 жылы "Шаңқай түс" жинағы, 1972 жылы "Тандамалыларың" 2 томдығы басылып шықты . Оның "Жаңа көктем" (1956), "Дала таңы" (1957), "Көгілдір таулар" (1964), "Жер нәрі" (1970), "Апрель жапырақтары" (1972), "Таңдамалы лирикалары" (1967), "Тандамала лирикалары" (1972), "Жапырақтар жанады" (1972), өлеңдер жинақтары орыс тілінде Мәскеуде басылды.

1981-1984 ж. "Таңдамалы шығармалары", "Алтын тасқын" 1-т. 1981, "Өлеңдері" 2т.-1983; "Өлеңдері", 3т. 1984 жарияланады.

Мәуленов – белгілі журналист бола отырып мерзімді баспасөзге белсене қатысты, көптеген публицистикалық мақалалар мен очерктер жазды. "Жар нәрі" атты әдеби портреттер мен очерктер жинағында 1966 республика еңбекшілерін халық шаруашылығын өркендетудегі еселі еңбегін туысқан республикаларға барған сапарларынан алған әсерлерін суреттейді.

"Ал Үркер төбеде тұр" 1971 жыл кітабы естеліктер мен портреттерден этюдтерден құралған. Бұл жинақта Абай, Ыбырай; Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Қ. Аманжолов, Н.С. Тихонов, М. Тұрсын-заде тағы басқа өмір жолын қысқа әрі көркем бейнеленген. Шындағы шұғыла атты мақалалар мен очерктер жинағында 1972 Отанымыздың 50 жыл ішіндегі қол жеткен табыстары баяндалған. Мәуленов балаларға арнап "Барлаушы бал" (1961), "Құлыншақ", "Бала жолбарыс" (екеуі де 1963), Амангелді Имановтың балалық шағы туралы "Қорқақ торпақ" (1968) тағы басқа өлеңдер мен әңгімелер жазды.

Мәуленов орыс және туысқан халықтар әдебиетінің классиктері А.С. Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Н.А. Некрасов, Т.Г. Шевченко, В.В. Маяковский, А,А. Блок, С.А. Есенин, Н.С. Тихонов, М.А. Шолохов, Ә. Науаи тағы басқа шығармаларың қазақ тіліне аударды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығынаң лауреаты (1970). 1-дәрежелі Отан соғысы; "Қызыл Ту", "Халықтар Достығы", "Құрмет Белгісі" ордендерімен және медальдармен марапатталды.

Қасым Аманжолов - майдангер жазушы, қазақтың ірі ақыны.

  • Әке-шешеден жастай жетім қалған, ол біраз жыл ағасының қолында өседі.

  • 1931 жылы Ленинградтағы орман шаруашылығы институтына түсіп оқиды. Бірақ, денсаулығына байланысты және түскен оқуын да онша ұната қоймағандықтан, бірер жылдан кейін елге оралып, Орал қаласында "Екпінді құрылыс" газетіне қызметке орналасады.1933 жылы міндетті әскер қатарына алынып, оны сол Орал қаласында өтейді.

  • Алғашқы өлеңдерін Қ. Аманжолов Семейде жазған.

  • 1935 жылы әскер қызметінен босасымен Қасым Оралдың театр труппасын ұйымдастырып, өзі көркем басқарушысы болады. Бұл труппа тез өсіп, аз уақыт ішінде театр болып құрылды. Мұндағы ақынның еңбегі өте зор еді. Осы кездері Қ.Аманжоловтың ақындық, әншілік, артистік таланты жұртшылыққа танылды.

  • Ақын 1941 жылы армия қатарына шақырылады. Сол қарсаңда "Мазасыз музыка", "Қоштасу", "Бейсекештің бес ұлы" секілді әсерлі, сыршыл сезімге толы, лепті өлеңдерін жазады. 1941-1943 жылдары Қиыр Шығыста болған Қасым 1943 жылы батыстағы майданға ауыстырылады, содан соғыс аяқталғанға дейін "қанды қырғын, қып-қызыл өрттің ішінде" болады. Намыскер, өр, қайсар Қасым жауынгерлік міндетін жан аямай атқарады, абыройлы болады.

  • 1943 жылғы сұрапыл кезеңде дүниеге келген Қасымның бір ерекше, өлмес туындысы – "Ақын өлімі туралы аңыз" атты поэма. Бұл поэма Қасымның атын аспандатып, ақындық даңқын шырқау шыңға шығарған тұлғалы туынды. Бұл поэма Ұлы Отан соғысының майданында жаудың қоршауында қалып қойып, ерлікпен қаза тапқан Қасымның жақын досы, жас ақын А. Жұмағалиев туралы.

  • 1947 жылдан бастап Қасым сырқаттанып, ара-тұра жатып қалып жүрді. Бірақ қандай ауыр қалде жатса да, өлең жазуын тоқтатқан жоқ. Сырқаты дендеген кездерде Қасым өлеңдерінде өзінің ақындық өмірі туралы жазатын. Бұған дәлел оның "Өзім туралы" атты өлеңі. 1954 жылы қыркүйек-қазан айларында Қ. Аманжолов Қазақстан Жазушыларының ІІІ сьезінің ашылуына қатынасты. Осы жылдың желтоқсан айынан бастап сырқаты мендей түсті.

Ілияс Есенберлин Ақмола облысындағы Атбасар қаласында дүниеге келген.

Жазушының балалық шағы аштық жалмаған зұлмат заманға тап келіп, 5 жасында тұл жетім қалды. Бала Ільяс балалар үйіне тапсырылды. Шығармашылыққа бір табан жақын өскен ол қабырға газетіне өлең жазып тұрды.

Мектепті тәмамдаған соң, Қызылорда қаласына барып, интернат мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Кейін Қарсақпайдағы аудандық атқару комитетінде жұмыс істеді. Жұмыс істей жүріп, Алматыдағы Қазақ тау-кен институтына түсті. Талантты да талапты бала тез көзге түсіп, 1937 жылы Қазақстан КСР-ның бірінші Конституциясын қабылдаған Қазақстан Советтерінің алғашқы Төтенше съездіне делегат болып сайланды.

1940 жылы институтты аман-есен аяқтап, Жезқазғанға жұмысқа жіберілген. Сол жылы күзде Қызыл әскер қатарына шақырылтып, Рига әскери-саяси училищесінде оқып, соғысқа аттанды. 1942 жылы қатта жарақаттанып, госпитальге түсіп, бір жылдан соң мүгедек болып елге оралды.

1947 жылға дейін Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің аппаратында инструктор болып жұмыс істеді.Соғыс аяқталарда, 1937 жылы атылып кеткен әділет халық комиссары Хамза Жүсіпбековтың қызына үйленіп, қайныенесін АЛЖИР-ден алдырғаны үшін НКВД-ның назарына ілігіп, 1949 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын Қарақұм каналы құрылысында жарылыс жұмыстары жөнінен тау инженері болып бес жыл жұмыс істеп өтеді.Айдаудан келген соң Қазақ КСР-ның Геология министрілігінде, кейін шахтада басқарма басшысы болып қызмет атқарады.

Ұсталғанша ол өлең азса («Айша» (1945 жыл) және «Сұлтан» (1949 жыл) поэмалары, «Алғыс өлеңдер жинағы» (1949 жыл), жазасын өтеп келген соң прозаға көшті («Адам туралы повесть» (1954 жыл), «Өзен жағасында» (1960 жыл).1958 жылдан «Қазақфильм» киностудиясында редактор, 1962 жылдан «Қазгослитиздат» мекемесінде редактор, 1967 жылдан «Жазушы» баспасында директор, содан Қазақстан жазушылар одағының хатшысы (1971-1975 жылдары) болып қызмет атқарды.1975 жылдан бастап толық шығармашылық жұмысқа көшіп, 16 жылда 15 роман дүниеге әкеледі.

1962 жылы драматургияда күшін сынап, «Таудағы тартыс» пьесасы Республикалық жас көрермен театрының сахнасында қойылды. Қазақ тіліне Константин Дмитриевич Ушинскийдің шығармаларын аударды.1969 жылы «Қаһар», 1971 жылы «Алмас қылыш», 1973 жылы «Жанталас» романдарын жазды. Романдар 15-ші ғасырдан 19-шы ғасырдың ортасына дейінгі қазақ тарихы суреттелген «Көшпенділер» трилогиясына біріктірілді. Сөз болатын тақырыптар: қазақ халқының қалыптасуы, Қазақ хандығының Жоңғар хандығымен арпалысы, Қытай, Хиуа, Бұхара, Ресей империясы секілді көршілерімен аумалы-төкпелі қарым-қатынастары. Қазақ әдебиетінде бұрын-соңды тарихи тақырыпта қалам тартылмаған.

Алғаш рет 1976 жылы «Көшпенділер» атымен жарық көрген трилогия орыс тілінің өзінде 12 рет басылып, 1,5 миллион тиражбен тарады. Жалпы «Көшпенділер» трилологиясы әлемнің 30 тілінде жарық көріп, 50 рет қайта басылды. 2005 жылғы есеп бойынша, дүние жүзіне таралған жалпы тиражы 3 миллион дана. Бұл трилогияның негізінде 2005 жылы «Көшпенділер» атты тарихи көркем фильмі түсірілді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ әдебиетінің тарихында бүгінге дейін ең көп роман (17) жазған жазушы Ілияс Есенберлиннің қаламынан туған «Айқас», «Ғашықтар», «Қатерлі өткел», «Алтын құс», «Маңғыстау майданы», «Алтын аттар оянады», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Алыстағы арпалыс», «Аққу құстар қуанышы», «Махаббат мейрамы» романдары – тың тақырыпта жазылып, қазақ әдебиетінде оған дейін мүлде көтерілмеген мәселелерді қозғаған, әдебиетке серпін әкелген, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген туындылар.

Өмірінің соңында жазушы «Алтын Орда» трилогиясын жазды (1982-83 жылдары). Жазушы 1983 жылы Алматыда дүние салды.

Тахауи Ахтанов (1923–1994) – майдангер жазушы, аудармашы, ірі сөз зергері, Қазақстанның халық жазушысы.

· 25 қазанда Ақтөбе облысының Шалқар ауданы, Шетырғыз селосында туған.

· 1940 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Екінші курста оқып жүргенде өзі сұранып майданға аттанады. Алғашқы әдеби көркем шығармалары өлең, очерк түрінде майдан газеттерінің беттерінде жарияланды.

· 1948 жылы әскер қатарынан босағаннан кейін әдеби еңбекпен айналысады. Алғашқы өлеңдері «Жастар дауысы» деп аталатын ұжымдық жинақта жарық көрді. Осы кезде оның әдебисын мақалалары молырақ басылып, алғашқы монографиялық зерттеу еңбегі жарияланды. Әйтсе де, жазушының өнімді де жемісті еңбек еткен жанрлары – проза мен драматургия. Баспасөз бетінде алғаш жарық көрген әңгімесі – «Күй аңызы».

· 1956 жылы «Қаһарлы күндер» атты романы жарық көрді. «Дала сыры» повесі үшін (өңделіп, толықтырылып, «Боран» романына айналды) авторға 1966 жылы Қазақ КСРнің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілді.

· 1968 жылы жазылған «Сәуле» драмасы, одан кейінгі «Боран», «Ант», «Әке мен бала» драмалары да қазақ сахнасының өміршең туындыларына айналды. «Махаббат мұңы», «Күтпеген кездесу» драмалары, «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу» комедиялары қазақ, орыс және туысқан халықтар сахнасында көрінді. А.Н. Толстойдың «Азапты сапарда» трилогиясын, М.Горькийдің әңгімелерін қазақ тіліне аударды.

· Әр түрлі қызмет орындарында болды. Көркем әдебиет баспасында редактор, бөлім меңгерушісі, киностудияда сценарий бөлімінің бастығы, «Әдебиет және искусство» – «Жұлдыз» журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, көркемөнер бас басқармасының бастығы, республикалық кітап палатасының директоры сияқты жауапты қызметтер атқарды.

Шығармалары:

  1. Ғ. Мүсірепов. Әдеби сыночерк. А., ҚМКӘБ, 1956;
  2. Қаһарлы күндер. Роман. А., ҚМКӘБ, 1956;
  3. Махаббат мұңы. Повестер мен әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1960;
  4. Дала сыры. Повестер мен әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1963;
  5. Көк құтан. Әңгімелер. А., «Жазушы», 1968;
  6. Керуен. Әдебиет туралы ойлар. А., «Жазушы», 1969;
  7. Үндістан хикаясы. Сапарнама. А., «Жазушы», 1971;
  8. Шырағың сөнбесін. Роман. Ант. Драма. А., «Жазушы», 1973;
  9. Таңдамалы шығармалары. 2 томдық. А., «Жазушы», 1974;
  10. Ана дауысы. Драмалар. А., «Жазушы», 1978;
  11. Көкейкесті. Әдебиет туралы ойлар. А., «Жазушы», 1980;
  12. Шырағың сөнбесін. Роман. А., «Жазушы», 1981;
  13. Шығармалар Бес томдық. І, ІІ том. «Жазушы», 1983;
  14. ІІІ, ІV том. А., «Жазушы», 1984;
  15. V том, А., «Жазушы», 1985.

Майдангер-қаламгерлер туралы тізімді бұдан әрі де жалғастыра беруге болады.

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар