Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Арман Әділбек. Дала мен түс

14.04.2019 1091

Арман Әділбек. Дала мен түс

(әңгіме)

Әлденеге шалынып жығылғандай немесе құлап түскендей болдым да, қармау іздеп жанталасып жатып оянып кеттім: ғажайып бір түс көріппін, ғажайыптығын қайтейін, селік ете түскенде, есімде тайға басқан таңба тәрізденіп тұрған көрініс атаулы жаңбыр шайып кеткен іздей ғайып болды да кетті. Ұмыттым да қалдым, тіпті жұқанасы да жоқ. Оның үстіне көзімді тырнап аша сала, қайда отырғанымды білмей есеңгіреп қалмасым бар ма, айналам таныс секілді, бірақ, тағы мүлдем бейтаныс сыңайлы. Ұйқыдан тұйықсыз оянудың бір пайдасы осы, не болғаныңды білмей сансырап қаласың, дегенмен өзіме келе бастадым, пойызда отыр екенмін, вагон ішінде адам саябыр, десе де, бәрі келісіп алғандай тып-тыныш, үнсіз, жолдан әбден қажыған, жалыққан салқын шырай менмұндалайды, қарттар да, жастар да, әйелдер де, балалар да безірейіп, пойыздың жалаң ырғақты солқылымен тербетіліп отыр, бұларға не болғанын түсінуден бұрын өз есімді жиып алғаным абзал тәрізді.

Пойызға қайдан мінгенім, қайда бармақ екенім ойыма оралар емес, тәйірі осы пойызда туып, осы пойызда өскен біреуге келіңкіреймін, есіме біраз бірдеңе алып қалармын деп ойлана бастағаным сол, басым құрсауға түскендей болып, миым шыңылдап қоя берді, ауырғаны соншалық, тынысым бітіп, есеңгіреп барып ышқынып жібердім. Не сұмдық екенін қайдам? Әзерге қалпыма түсіп, маңдайымнан шып-шып сорғалаған терімді сүртіп меңірейген күйі біразға дейін отырып қалғанымды білем.

Ойлануға әлдебір тылсым күш тыйым салғандай, немесе туғалы ойланып көрмеген де сияқтымын, бұл қалай деген кішкене ғана серпіннен туған мұқыр толқын көкірек тараптан миға қарай сырғып, жұлынға сұғына бастағанда шойыннан құйылған алапат қамалға тұмсығы соғылғандай, сол болымсыз соғылыстан анау шойын қамал шошына жиырылып, ішіндегі әлемді бебеулете қысатындай бір күй, сосын болмас әбігерге түсіп сабырға әзер оралатын өспірім диюдай солығын зорлана басады, қалыбын қаймығып табады.

Есімде ештеңе жоқ. Бетімді, маңдайымды уқалап отырып қарсы алдымда жайғасқан бойжеткенге көзім түсті. Бейнесі қандай суық еді, көзі тіршілік нышанынан тұл, бөздей бозарған жүзі қан-сөлден жылытсыз. Құдды бір зомби дерсің. Өне-бойымды бір суық ағын шалып өткендей болды, басымды көтеріп поезд ішіне қайталай көз жүгірттім. Ала-көлеңкелі шақ па, әлде, поезд іші солай безендірілген бе... түсініксіз. Айналада қара, сұрғылыт, ақсұры үш рең ғана көзге шалынады. Вагон іші ғана емес, адамдар да солай екен, киімдерінің түсі де сол үш реңнен ғана құралыпты. Бүкіл дүние осы сұрғылыт өңмен көмкеріліп тұр. Сосын сәл үрейлене өзімнің де үстімдегі лыпамды жоқ іздегендей қарағыштадым, өзгешелік жоқ, сол сұрғылт түс.

Сірә, бұл поезд тым жұмбақ болып барады, оның жұмбағы аз болғандай, өзімнің де дел-сал, мәңгірген күйім жүйкемді жаншып жатыр. Рең дейтіндей, әсілінде осы сұрғылыт түстен өзге қандай өң бар еді? Есіме ештеңе түсер емес, есесіне басым тағы құрсауда қалғандай, миым шытынап бара жатқаны білінді, ауырғанын әзер тоқтаттым. Демек, ойлануға мүлдем болмайды, ойлану – мен төзе алмас азап. Бұдан бұрын ешқашан ойланып көрмегеніме көзім жете бастады. Ойланудан болатын нәтиженің не бола қоярын былай қойғанда, ойлану дегеннің өзі не беріп, несімен жарылқай қояры беймағлұм. Аңғары, бұл - пәлекет болғаны, пәлекет болмаса әбілет басқандай қылып соншама шырқыратар ма?

Бірақ, әлденені ұғыну керек, жүнжіген үнсіздікке, безірейген мылқау тыныштыққа шомып, тып-тыныш отыра беру жарамайды, қалай да мына сапарластардың бірінен сұрау керек. Поезд қайдан шықты, қайда бармақ? Мен, айтпақшы, мен кіммін, құдай-оу? Не іздейтінімді білмей, жалма-жан қалталарымды, қойны-қонышымды ақтара бастадым, қол ұшын берер бірдеңе өз өн-бойымда бар сияқтанады. Іле-шала ішкі оң жақ төс қалтамнан қаттылау қағаз секілді бір нәрсе қолыма ілінді, алып анықтап қарадым, құжат секілді, суретім көрінді, жаңа ғана сұрқай қара мұз шытырлап қаптала қалғандай болған көкірекке ыстық ағын жүре бастады. Есімім - Ерген, фамилиям - Ерген болып шықты. Енді жаңағы үміттің жалынына қайтадан біреу су шашып жібергендей болды. Ерген менің есімім болса, фамилиям тағы да қалайша Ерген? Әкемнің аты есімде жоқ, ол туралы ойланудың қажеті шамалы, миыңды құрт қажағандай сұмдық күйге қайта түсудің орны жоқ қой, бәрібір еске түспейді. Ендеше, жетім болғаным ғой, бұдан өзге қандай мүмкіндік болуы керек, әйтеуір, өзімнің есімімді білдім, мұның өзі мерекеден кем түспейтін жақсылық шығар. Қанағат, қанағат…

– Бойжеткен, кешіріңіз?

Қарсымда отырған бойжеткенге сыбырладым, үнім үзіліп-үзіліп әрең шықты, сөйлемегеніме нешелеген жылдар өткен секілді, тілім қорғасындай ауыр, икемге әзер келді. Ерінімді де толық билей алатын емеспін, қалтырап, дірілдеп, қисаңдап өз бетімен желбірей жөнелгендей болғаны. Қыз үстелдің бетіне телміріп көзі де, басы да қозғалмастан сәл еңкейіс тартып әлі отыр. Сөзімді естімеген сыңайлы, естісе де назар аударғысы келмейтін райы бар. Мен сұрағымды төтесінен қоюға мәжбүр болдым.

– Кешіріңіз, бұл поезд қайда барады? Мен, мен… – Сөзімнің соңын жұтып қойдым, өзімнің мәңгіріп отырғанымды айпарадай ашып тастаудан қорықтым. Әлде, ұялған да шығармын, кім өзінің ақымақшылығын, есінен адасқанын жұртқа сездіргісі келер дейсің. Бірақ, қыз бас көтере қоймады, тіпті мойын бұрар емес, әлі мүлгіп отыр. Вагонның келесі бетіндегі өзіммен қатарлас отырған қарияға мойын созуға тура келді, қырсыққанда оның көзі қарсы алдында тұрған орындықтың арқасынан таяр емес. Сонда да:

– Аға, кешіріңіз, өтініш…– селт етер түрі жоқ.

- Аға, бірдеңе сұрайын деп едім, кешіріңіз…

Міз бағар кейіп танытпайды, өлген адам емес пе деп ойладым. Аруақтардың арасында отырған жоқпын ба осы? Неге қозғалмайды? Жүрегім мұздап кетті, өлген адам қайдан үрейлі болмасын? Ал мен сонда бұл арада не істеп отырмын? Менің де өлген адам болғаным ба? Жо-жо-жо-жоқ, мен тірімін, құрып кеткір бұған қайдан тап болдым, бірақ өлген адамның мыналардай болатынына да көзім жетіп тұрған жоқ. Бұлар поездге шығып несі бар? Әлде, әлде... біз екі дүниенің ортасында тасымалданып барамыз ба? Ендеше, не үшін поездбен, поезд… Түк түсінбей қалдым, анық-қанығын білмекке орнымнан абайлап көтерілдім де, қарсымда отырған қыздың үстел үстіндегі ақсұры саусақтарына қолымды создым, саусағымның ұшы тие бере оның баяу бас көтергенін байқап зәре-құтым ұшып кеткендей болды. Шүңірейген жансыз, тастай суық көзімен көзім түйіліскені сол, арқама біреу мұздай суық су құйып жібергендей-ақ құныса тітіркеніп, орындығыма солқ етіп отыра кеттім. Ол әлі менен жанарын тайдырар емес, көзі көз емес, мұрнының өр жағына қондырып қойған мұз секілді. Кірпігін де қағып қоймайды-ау жарықтық.

– Кешіріңіз... мен... мен... мазалап қойдым, кешіріңіз, сізге не болды? Мен... мен… - Қыз менің үзіп-жұлып әзерге сөйлеген сөздерімді естімейтін секілді, немесе ол сөздермен ешбір қақысы жоқ сияқты.

Осы кезде вагонның есігі шырт етіп ашылғандай болды да, саңқылдаған қуатты дауыс естілді, осы вагонға қарайтын поезд қызметкері екені аңғарылды, бірақ күлкілі сезілетін сөз айтты. Дауысы кісі тамсанардай сиқырлы болмаса да, маған безірейе қарап отырған қыздың көзі де менен тайып, дауыс шыққан жаққа ауынап кетті.

– Терезеге қарайтын уақыт болды.

Онысы несі деп болғанымша мойным өз еркіме бағынбай басымды терезеге қарай бұра жөнелді. Бағана оянғаннан бері терезеге бір рет те зейін бөлмеппін. Шет-қиыры көрінбес сұрғылт түсті қиян дала, сол даланың жүзін, аспанды сыздап, жарылып кетуге шақ болып тұрғандай зілмауыр тұман сіресе басып алыпты. Күн көрінбейді, әйтеуір күндіз екенін парықтауға болатындай, рельске жақын аралықтағы тырп етпей, қатып тұрған сұрғылт қурайлар, ақсұры сояулар қар бетіне шаншып қойғандай сезім береді екен. Алысқа қарауға тұман жар бермейді, мүмкін тозақ осындай болар, мүмкін, бұл өлке тозақтың бір қабаты шығар?! Қалай болса да жұтап жатқан, ажал ұялап алған қорқынышты жер екені бір қарағанда-ақ анық сезіледі.

– Тәәәк, уақыт толды!

Анау тағы саңқ ете қалып еді, мойным да, басым да өзіме бойсұнбастан бұрылып кетті, қайтадан терезеге жалғасты көз салу ниетім болғанымен мойын бұруға мүлде әлім келер емес, бас та, мойын да менікі емес екеніне көзім жетіңкіреп барады. Осы кезде бағанадан бері әуре еткен сұрақтарымды саңқылдақ қызыметкерден сұрап алғым келді де, орнымнан ептеп түрегеліп оған бұрылдым, ол да мені байқады ғой деймін, сұраулы көзбен иегін қақты.

– Ғапу өтінем, бұл поезд қайдан келеді? Қайда барамыз? Мен ештеңе түсіне алмай отырмын?

– Сіз сонда сенбей тұрсыз ба, жолдас? – Сөйлеп тұрып қолына ұстап алған каскісін асықпай басына қондырды. Үстіндегі шытырайған сұп-суық әскери форма үтіктен жаңа шыққандай екен, қыры қанжардың жүзіндей. Байқаусызда орындыққа немесе басқа бірдеңеге тиіп кетсе ұстарадай тіліп тастайтын райы бар. Десе де бұл да киім ғой, жоқ, десе де дейтін түгі жоқ, бұл - форма.

Ол сөзін жалғап жатыр: - Тағат қылыңыз, біз тамаша өлкеге кетіп барамыз, адамдардың барлығы өз мекендерін тастап солай жолға шықты. Біздің көне мекендеріміз бүкілдей күйреді, апат, апат болды. Ол жайт сіздердің көңіл-күйлеріңізге аса қатты әсер еткендіктен, сіздер қазірше тек демалуларыңыз керек, алда жадыларыңыз да қалпына келеді. Бағыт-бағдарларыңыз да ойларыңызға қонады, бәрі апаттың кесірі. Шындығында, ол жерлерде мыңдаған жылдар бойында апат ішінде өмір сүргенбіз, онда қалғандарды тек бақытсыздық, ажал жалмауда. Қысқасы теңдессіз ғажап өлке, жұрт қатарында болыңыз, біз мәңгі біргеміз, бірлікте бақытқа жетеміз. Бұл поезд сізді және барлық адамдарды құтқаруға арналған. Бізге сеніңіз.

– Түсіндім, - дедім ернім тағы бейберекет дірілдеп, сосын қайырыла орныма отырдым да, көзіме құйылып жатқан ащы терімді сүрттім.

«Нұхтың кемесіне ұқсайтын поезд болды ғой», - деп ойладым.

– Дәретке шығатын уақыт болды!

Ол тағы саңқ ете қалды, менің дәретім қыстай қоймаған еді, шығуға пейілім соққан жоқ, бірақ, қол-аяғым маған қарайтын түрі жоқ, өзімді өзім меңгере алмай орнымнан қақшиып түрегелдім де сіресіп тұра қалдым. Байқасам бүкіл вагондағылар да орындарынан қозғалып қатарға тұрыпты, артқы жағыма бағанағы қарсы алдымдағы орындықта отырған қыз, алдымда жаңағы үндемес шал. Бақсам бұлар да еркімен тұрған жандар емес. Сонда да ешбір реніш, қарсылық нысан білінбейді. Мен де ықылас, ерік дегенді бір жаққа қайырдым да, басымды салбыратып кезекте мүлги бастадым. Мойынсал болғандаймын. Уақыт шіркін тасбақадай жылжып әйтеуір бір уақытта тазалық үйіне мен де кірдім, айнаға алдымен көзім түсті, бағанағы қорқыныш қорқыныш болмай шықты. Жүзім ақсұры, шашым қап-қара, көзім шүңірейіп тұр, әлгі қарсы алдымда отырған қыздың көзінен бір аумайды. Есеңгіреп құлап қала жаздадым. Мүлде күтпеген көрініс, бүкіл жан-дүнием лезде баябан шөлге айланып кеткендей болды. Кеудем қаңырап, ішіне бостық дейтін бір беймәлім құбыжық керіле ұялап алғандай. Жылағым келді, бірақ, бетім сәл-пәл тыржыңдағаннан өзге еш қайран қыла алмадым. Сосын мынау масқара кейпіме қарап ішек-сілем қата күлкім келді. Дегенмен аузым қисаңдап, біраз шырқылдаған жиіркенішті дауыс шығарғаным болмаса, күлкінің де жәйлі жөні байқалмады. Сосын, осы арада өзімнің бүкіл вагондағы жолаушылардан ешқандай парқымның жоғын ұқтым. Олардың да менен еш өзгешелігі жоғына кәміл сендім де. Ия, енді бірдеңе айтудың, бірдеңе істеудің қандай қажеті бар? Мүмкін емес, жүрегім қаншама атқалақтап, санамды табыттай суық үрей бунап тұрғанымен, бұдан арылудың, құтылудың қайрансыз, үмітсіз харекет екені өзінен-өзі белгілі бола бастаған.

Бәріміз өз орындарымызға жайғасып болған соң, вагон ішін өлі тыныштық қайтадан сіресе басып қалды, поездің солқылы ғана аңғарылады, өзге дүние тілін тістеп сазарған күйі қатып қалған, сол дүниеге мен де ағып, сіңіп бара жаттым, жүректің атқалақтағаны да басылған, табиғи қалып осы тәрізді, ризалықпен, немесе мәжбүрлі түрде емес, осылай болуға тиіс дейтұғын ыңғайлы сезіммен мойындау еді бұл.

Әлден уақытта, қызметкердің саңқ еткен дыбысына назарым ауып, басымды көтердім.

– Ас ішетін уақыт.

Вагонға бір шеттен бастап тамақ таратыла бастады, бес биенің сабасындай бір орыс әйел қайта-қайта бет-аузын жуған терін жеңімен сыпыра жүріп алдымызға тамақ қойып жатты. Басқаларымыздан гөрі қошқыл сұры реңді екен, осыдан артық оған сәп салуға зауқым болмады. Қарным ашпаса да үстелдегі тамақтарды алдыма қарай ыңғайлап дәм алуға оқталдым, сорпасы да, наны да, салаты да ұқсас дәм-татусыз болып шықты. Су мүмкін бұлардан гөрі дәмді шығар деп сенімді түрде кесіп-пішуге болатындай. Сонда бұдан былай астан дәм күтуді де ұмыту керек болғаны ғой, иә... бұның да өз себебі бар шығар, тірі болсақ болғаны.

Тамақтанып болған соң шөлдегенімді сездім, бір стакан шай жұмырыма жұқ болған жоқ. Әйтеуір мен шайды сусын ретінде ғана түсінемін. Оның үстіне біреулер аузының суы құрып айтарлықтай бұл шайда дәмнің көлеңкесі де жоқ. Бар болған күннің өзінде де шөлдеу күннің тәңертең көтерілетініндей ғана қалыпты жағдай.

Дәмсіз, бояусыз жерді тек тозаққа теңеуге болатын шығар, мен адамның қиналғанын, азапталғанынан гөрі дәл осындай бір қалыптан айнымайтын, ұқсастық пен мүлгуден ғана тұратын өмірін әлде қайда қиын, әлде қайда ауыр деп айтар едім. Дегенмен, мағынадан гөрі маңызды нәрселер бар шығар? Әлде, осы өмірден де үйрене келе байыз, рахат табатын шығармын? Немесе мағына, рахат дегендердің өзін ұмытып қалармын. Демек, онда қасірет те, қайғы да болмайтын болғаны ғой… Жо-о-оқ, бұл жұмақ, жұмақта ғана кісі қиналмайды, қуанбайды, ештеңе ойламайды. Құдай жұмаққа кірген адамның ақылын қайтарып алады демеушы ме еді? Ал, тозаққа түскен жанға ақыл, парасат, ойды еселеп береді дейді, олардың тірлігінде кешкен ғұмыры туралы, жасаған күналары туралы ойлануы, ойланған сайын қасіреттің қыспағында қиналып күнәсін жууы керек қой. Қарағанда мен өлген сияқтымын, жұмаққа шыққан сияқтымын, кемінде, жұмаққа барар жолда сияқтымын.

– Кешіріңіз, су ішуге рұқсат па екен? - дедім қасымнан өтіп бара жатқан поезд қызыметкеріне бәсең дауыспен. Ол селт етіп тоқтай қалды да:

– «Су ішіңіздер!», - деп саңқ ете түсті. Таңданбасыма лаж қалмады, жалғыз менің су ішкім келгені үшін бүкіл вагон қозғалуы керек екен. «Біз қай қашанда біргеміз!» деген оның бағанағы сөзі есіме енді оралды. Әттең деп өзімді бір сыбап алдым да, таныс болып қалған кезегіме сүмірейіп барып қаздия қалдым. Қаздидым деп өзім айтқаным болмаса, сырт көзге қалай көрінерін анық аңдай алмадым. Осы кезде поездың ышқына айғайлаған тосын дауысы құлақты жарып жіберердей естілді де, ащы дауыстан шошына селк ете түстім.

* * *

Ояна кетсем, орындығымда отыр екенмін, жан-жағыма үрейлене, таңғала қарадым. Жаңа ғана түсімде көрген вагон сияқты, жоқ, емес те сияқты, рең бар екен, көк, қызыл, сары… Бұл вагон гүл бақшадай жайнап тұр. Айналамдағы адамдар да күбірлесетіні күбірлесіп, дауыстайтыны дауыстап әңгіме дүкендерін құрып отыр. Бірақ, қарсы алдымда отырған бойжеткен дәл түсімдегі анау қыздан аумайды, тек қазіргінің көзінен тіршілік нұры, тәкаппарлық, әйел затына тән қызулы үміт ұшқыны бірден көзге шалынады. Жалма-жан басымды көтеріп әлдеқандай бір идеялық дайындықпен жүзімді абайлап терезеге бұрдым. Уһ! Енді көзім жетті, бағанадан бері түс көріп жатқан екенмін, мұндай сұмдық түс те болады екен-ау!...

Ой елегімнен өткізіп қайталай еске алудың өзі қандай ауыр еді, міне, терезеге емін-еркін көз салып тұрмын, аспанда ақ мақтадай сүйкімді бұлттар сүтті шәйдің бетіндегі қаймақтай баяу қозғалып көк мұхитында нән балықтар құсап жүзіп барады. Даланың шегіне көз жетер емес. Сағым ойнаған алып қу медиен, бұйралана толқып жатқан алып теңіз қозғалыстан жалығып тұйықсыз тоқтап қалғандай. Жел соғып тұрғаны байқалады, көз жетер жердегі қою шалғын біресе жапырыла майысып, біресе сапқа тізілген ерепайсыз көп сарбаздай жалқындап есерлене, еркелене жайқалып тұр. Бейне ауада бір құдыретті көрінбес қол шалғынды тарап ермек етіп отырғандай.

– Апыр-ай, мына түс түс болмай шықса, шынында сондай жағдайда ғұмыр сүріп жатсам ше? Ойлаудың өзі қиын ғой, жұмақ-тозақ дегендерді де ешкім құлағыма сыбырлаған жоқ, соның арасынша үйреніп, үйлесіп, сол араны ақтауға, мадақтауға көшкенімді қарамайсың ба. Ондай ұжымақты итке берсең қарамас, ол байқұсқа еркіндікті айтпағанда, өзін байлап тұрған жуан шынжырымен алысу анадай ұжымаққа қарағанда әлдеқайда қымбат шығар. Өне-бойым ұйып қатты шалдығып қалғандаймын, сонда да айналама сүйсіне қарап, миым сергіп өзімше бір рахатты хәлде көңілді отырмын. Әлден уақытта тағы бір нәрсенің кем екені аңғарыла бастады.

Бұл поезд қайда барады? Бұл поезге қайдан шықтым? Мен кіммін? Мұнда не істеп жүрмін?... Тағы сол сұрақтар.

Жалма-жан қойны-қонышымды ақтара бастадым, ақтарып отырып жаңа көрген түсімдегі қазіргі қалпыммен ұқсас көріністерді ойладым, әлі оянбаған, әлі түс көріп отырғандай бір сезім түйнегі қаралтым бояулар шашып, кеудеме жайыла бастағандай, сосын көкірегімді ышқына керіп, жүрек тұсымды түйгіштеп, мыжғылап жатқандай. Бұл үрей мені түс әлеміне қайта жетелейтін сияқты. Түсіме қайтып жоғалған дүниелерімді іздеуім керек секілді, іш жағымда әлде бір күбір:

  • Ол арадан бодаусыз шыға алмайсың. Сонда өзің қаласың, – дейтіндей.

Әлден уақытта ішкі сол жақ төс қалтамнан саусағыма қаттылау бірдеңе ілінді, сол түспен ұқсас. Жұлып алып ашып қарадым, төлқұжат екен, Ерген ЕРГЕН деген жазулар ап-анық жазылып тұр…

Поездің билетін қанша іздесем де таппадым, аңғары жоғалтып алған ұқсаймын. Әлде нәрсе-керектерімнің арасында, қайсы бір бұрышта бүктетіліп жатқан да шығар. Қатты қарбаластанып отырғаныма таңырқады ғой деймін, сапарлас бойжеткен аңтарыла тіл қатты:

– Бірдеңе жоғалыттыңыз ба?

– Ия,билетім жоқ!

Мырс етіп күлген дыбысы естілді, сонда барып өзімнің билет үшін мұншама сапырылысуымның әбестік екені есіме түсті.

– Поез қызыметкері жиып кетті ғой, соншама маңызды ма еді?

Отқа кеткір, анау түсі құрғырдың әсері ғой осынша шошытқан. Ептеп өз қалпымды табуға тырысып отырып, қыздан жөн сұрап алғым келді, қалай болмасын байқаусызда есін жоғалту – аурудың бір белгісі болса керек, өзімнің науқас екеніме күмәнім қалмағалы қашан.

- Қарындас, мен бір ұйқтап тұрып, қайда бара жатқанымды есіме ала алмай отырмын, науқастанған сияқтымын. Сосын ғой…

Айтарымды айтып алып қатты өкіндім.

Оның үні сабырлы, мейірімді ырғақпен әуелей шықты:

- А-а-а-а-а, түсінікті, қазір поезд қызметкеріне барып билетіңізді сұрап көре салсаңыз болды емес пе?

– Рас-ау, солай екен ғой, көп рақмет. – Енді осы жауапты айтқызудың, осы қызға жынның сүрепетінде көрінудің қаншалық қажеті бар еді! Өзімді төпештеп-төпештеп алғым келді.

Бірақ поезд қызметкерін іздеп сандалудан қаштым, қызметкердің өзі вагонды аралағанда жәйбарақат қалыппен өз орнымда отырып-ақ сұрағаным оң ғой. Ақыл-есіме күмәнданып қалса, әуре-сарсаң тумасына кім кепіл. Мына бойжеткеннің өзін күмәннан арылту қызған темірге су құюмен бір боларында гәп жоқ. Десе де, өзі әдемі қыз екен, төгіліп тұрған кірпіктерінің астындағы маған ұрлана күмән аралас бейіммен қарап тұрған тұңғиық жанардың өзі күйдіріп тұр. Әттең, жолың болғыр ақымақ басым-ай, есі дұрыс адам жындымен жақындасушы ма еді енді? Қолыңа қонғалы тұрған көгершінді үркітіп алып, шашпақ болған дәніңе қарап мөли де отыр енді, аурусың сен!

Айтқандай бір әредік өтпей поезд қызыметкері вагонға кірді. Әйтсе де, билеттерді демалыс орнына апарып тастағандықтан маған көрсетуге шарасыздық танытты да, бір айланып келгенде ұмытпай ала келетінін айтып ғапу сұрады.

Көп өтпей поезд тоқтайтын рай байқата бастады, тербелісі саябырлап баяулағандай болды. Даланың сергек лебіне жүз тоспағалы көп болған сыңайлы, оның үстіне сыртта, емін-еркін тұрып тартқан шылымның рахаты да бөлек. Үлгіріп түсіп бой жазып қалу керек, түскендермен әңгімелесіп тұрып поездің бағыт-бағдарын да ұғынып алуға болып қалар деп ойладым да, поездің ақырындағанына қарсы жіті қимылдап жинала бастадым. Әбден қажып-шалдыққан кісінің ауыр да ұзақ күрсінгеніндей соза ырсылдап барып поезд де тоқтады. Мен де қарғып түсіп, шылым тұтаттым да құшырланып көкшулан жібек түтінді шумақтата үрлей бастадым. Бірақ, мен секілді бұл маңда шылым тартар кісі көрінбейді, адам біткен қарбалас, оның үстіне қайсы біреуінің жүзіне сәп салсаң да байқайтының шаршаңқы кейіп, жүдеу көзқарас, күткені болмаған, үміттен көз жаза бастаған бір пақырлардың кеспірі. Баяу қимылдайды, бірақ, шапшаң ғайып болады, мүмкін, адам көп болғасын да осылай көрінген шығар. Менің де жайым белгілі, түстің ішінде түс көріп, одан кесірлілеу кейіпте оянып, санам сан бөлек болып тұр. Кісінің өзі қалай болса, айналасы да солай болып байқалатын да болар. Жаңағы ояна салған сәттегідей емес, айнала, ауа райы құбыла қалыпты. Әне, аспанда күннің сұлбасы ғана байқалады, жұқа да емес, қалың да емес қызыл судай боп жайылған бұлт шеті көкжиекті қоса қаусырып жатқаны. Дала жылы да, суық та емес, тымырсық, Күн тұтылғандай күреңітіп, көңілсіз тыныстап тұр.

Бұл стансадан жаңа жолаушылар мінгені, біздің вагоннан біраз жолаушы поезден түскені білінеді. Қарсы алдымдағы қыздың жанына бір қария отырыпты, менің жаныма бір кавказ нәсілді бойжеткен жайғасыпты. Өз басым жұрт сияқты бұл ұлттарды анау - шешен, анау - армиян, мынау - гүржі деп парықтай алмаймын. Қазақ емес екеніне көзім жетсе болды, қузап, қытқуырлап жатуды артық санаймын. Онда да аралық сақтау үшін емес, аралыққа деген қалыпты, жәйлі түсінік үшін. Бұларды бажайлап үлгіргенше поезд де қозғалды. Өзім сансырап, шаршап тұрғанда жаныма кісі отырды деген сөз - енді демалыстан күдеріңді түбегейлі үзу дегендік. Тасқа ұрғандай талып тұрған бойыңды сүйе де орындығыңа желімдей жабыс.

– Сәлеметсіздер ме, ақсақал, ассалаумағалайкүм, жол болсын! – Жолдастық ықыласымды осылай аңғарттым да жайыма отырдым, шалдың ерні жыбыр еткендей болды. Ал кавказдық қарындас көз қырын да салған жоқ. Осы өңірдің қожайын бикесі сияқты, өзін паң, кербез ұстайды, бейнесіне қарап бір жағынан өзімді сүйкімсіздеу сезініп, бір жағынан неге сонша қалбалақтай қалғаныма ренжіп иығымды сәл ғана қиқаң еткіздім де, қарсымдағы бойжеткенге қарадым. Маған қарап ұрлана жымиып отыр екен, иегімен қасымдағы шыт-жаңа серігімді нұсқады да, көзін бір төңкеріп, алдындағы кітабына үңілді. Аңғары онша ұнатпағандай. Маған ғой бәрібір, тыныш болсақ жеткілікті.

Поез жүрген сайын жол бойынан қираған үйлер, иен қалған елді мекендер жиі көріне бастады, осы аймақта оба таралып, жұрт содан ауып кеткен бе деп топшылауға да болатындай. Бірақ, ондай уақиға болған емес деген күннің өзінде жұрттың қопарыла көшіп кеткенін түсіну қиын. Иендеу бір аумақтарда жападан-жалғыз сопайып тұрған ғимараттар кездеседі, бәрінің қабырғалары сөгіле бастаған. Бұндай ештеңеге пайдасы болмаған, тек зиянға апаратын, эстетикадан да жұрдай, сырапшылдықпен әлденені дәлелдеу үшін тұрғызылғандай болған құрлыстардың өз дәуірінде неге жарағандығын межелеудің өзі сірә да қиын. Межелемеуіңіз межелеуден аспаса кем соқпас күдір. Тек таңғала берсең болғаны, жалғасты таңғала берсең болғаны.

– Осылардың барлығы бір кезде қайнап жатқан тіршілік қазаны болған, еш жамандық көрмедік, керісінше, бүгінгі сорымыз бес елі. Ол да бір айхай дәурен екен. - Шал әңгіме айтқысы келіп сөзді байыппен бастады да, тез аяқтатып, оңай доғара салды. Тәрізі, қирап жатқан үйлердің кешегі салтанатын елестетуге біздің онша бір қабілетті емес екенімізді сезді. Үлкен кісілердің ойын түсіну қиын, олар сенің заманыңды, сенің дәуіріңді емес өз замандарын, өз дәуірлерін жақсы көреді, жалқын жастығы қалған шақ әрине ыстық шығар, соның жалғасуын тілейді, қызық сонда дейді. Сенің дәуреніңе көзі жетпейді, қызығын көрмеген, шыжығын татпаған соң күмән артуға әбден құқылы да, қартаң тартқан сайын оны ешкім жатырқамаса да, өзін-өзі жатырқап іштей зар илейді. Бойы үйренген, көңілі қапысыз қабылдаған өмір шырайының көздері жұмылғанша есен-аман тұруы олар үшін бұл дүниенің қауіпсіз, тыныш екенін көрсетсе керек. Мына қирап жатқан ауылдарда кеше ғана кісі тұрғаны, тіршілік болғаны бесенеден белгілі, бірақ, енді тұрмайды ғой, әне, кеше ғана соғыс болған майдан құсап күңіреніп жатыр, күңіреніп те жатпаған шамасы, тынысы үзілген, демі біткен.

– Біздің ауылда бір есі ауып қалған кейуана бар. Бала-шағасы жоқ, қайдан келгенін, кім екенін ешкім де анық білмейді. Таңғаларлығы сол, бейшара кемпір осындай болып жын ұялаған иен үйлердің барлығының иелерін таниды. Шаңырақтары ортасына түсіп жатқан тамдардың алдына барып иесінің атын атап шақырады да жүреді. Жындыға не дауа болсын, ауыл қаңырап тұр, көбісі көшіп кеткен, соңында сол кемпір қалады-ау деп ойлаймын. Мына жұрттарда ондай да ие қалмапты. – Шал әңгімеге қайта кіріскен, қарсы алдымдағы қыз беріле ұйып тыңдап отыр, бастабында көз алдыма киімі алба-жұлба, шашы ұйпаланған, шүңірек көз, тырнағы шөкедей мыстан кемпір ме, жезтырнақ па бірдеңе елестеген болып еді, көпке сөзылмай ғайып болған. Назарымды толықтай аудара алмай-ақ қойдым.

Ақыры, шыдамым тақа таусылып мазасыздана бастадым, миым әңкі-тәңкі, орындықты тастап амалдап купеге өткен дұрыс деп шештім. Жайланып бір демалып алғаным оң, аңғары - апта бойында поезде келе жатқан сыңайлымын. Поезд қызметкерін тауып ептеп билетімді көріп, сосын купе жайын дұрыстап алсам... Әрине – дұрысталады. Күлімдеп тұрған теңгесін шиыршықтап орап қалтасына сүңгітіп жіберсем өзі-ақ зыр жүгіріп, керегімді тауып беретіні мұнда тұрған іс. Сосын түсетін жерге келгенде оятып жіберуін тапсырып, емін-еркін, тып-тыныш бір ұйқтап алғанға не жетсін. Шал әңгімесін орысшалап кавказдық қызға айтып беріп жатыр, жаңағыдан жанды, қызулы, әлдебір міндетті салтанатты түрде өтеп тұрғандай рахаттанып сөйлейді. Дегенмен, шалдың бұнысы бекершілік сияқты, ол беріле айтқан сайын қыз шікірейіп, тыжырынып, запы бола бастаған рай танытады. «Апыр-ай, мына сұлу неге ұшаққа отырмады екен ә?» - деп өзімнен-өзім сұрадым да орнымнан тұрып жаңағы қатырып алған жоспарларымды ебепке себеп жалғап іске асыру үшін тас бекініп поезд қызыметкерін іздеуге шықтым. Отырып төзе алатын емеспін, сірә да жантаю керек, денсаулық мұншама нашар болар ма?!

Өзі асығыстау көрінеді, қарсы алдымнан кезіге кетті де бетіме алақ-жұлақ етіп бір қарап, сұратпай-ақ:

– А, сіз бе едіңіз, жүріңіз, билетіңізді көрсетейін, – деп артына бұрылып ілесе бер дегендей ымдап тез жүріп кетті. Мен ұйыңқырап тұрған сирақтарымды сүйрете мамырлаймын деп ілесе алмай қалдым, ол тез ұзап кетті де қайсыбір бұрыштан қайтадан сопаң етіп шыға келіп, қолындағы бір бума қағазды асығыс ақтарыстырып жатып фамилиямды сұрады, айтып бердім.

– Ерген, сіз алдағы бекетте түседі екенсіз ғой, дайындалыңыз, он минутқа қалмай тоқтаймыз, – деп тағы бұрыла жөнелді. Билетіме байыптап қарап үлгірмедім, құжынаған қалың әріптер қағаз бетінде өріп жүрген құмырсқа секілденіп бұлдырап қана көрінгені.

– Жә, түсетін жерімді білдім, қалғанын поезден түскесін көрермін.

Орныма қайта оралып, керек-жарағымды жинастыра бастадым.

– Түсетін болдыңба? - деді шалекең сүзе қарап.

– Ия, жолдарыңыз болсын, өзіңіз қайдан түсетін едіңіз? - дедім сүле-сапа.

– Поездің қайдан тоқтайтынын білесің бе? - деп әзілдегендей болып жымиды.

Онысы жарама себілген тұздай болып тиді де, сасқалақтағаннан ба иығымды қиқаң еткізгендей болдым. Бұл пәленің қайдан тоқтайтынын мен қайдан білейін…

– Мына қызым екеуіміз соңғы бекеттен бірақ түсеміз, ал мына қызым қайдан түседі екен? - деп жанында қатарлас отырған қазақ бойжеткенге сұраулы көзбен қарап еді, ол да ақырын жиналғандай ыңғай байқатып отыр екен.

– Алдан түсемін, ағамен ұқсас екенмін, - деді.

Поезд де тоқтады, біз де түстік, түсе сала шылымымды тұтаттым. Бірге түскен жолдас қыз да дем алғысы келгендей, немесе күтіп алатын адамын қарайлағандай жәйбырақат қасымда тұр. Таза ауаға шыққандікі ме жүзі нұрланып кеткендей. Мен басымды көтеріп поезд терезесіне көз жүгірттім, көзім шалекең мен кавказдық қызға бірден түсті. Шал зорлана жымиып, қыз сүлесоқ қана бізге қарап тұр екен. Шалдың көзі шүңірейіп, жағы қушиып қатты жүдеу көрінді. Поезд қайда барады екен деп ойладым, қайда барғанын білмеймін, бұл мақұлық әбден істен шыққанша осылай жүйткімек қой. Барған жерінен өтеді, өткен жерінен қайтады, қайтқан жерінен тағы өтеді, бұның соңғы бекеті қайда болмақ сонда? Мына кісілер қайдан түспек? Поезд қозғалды, шал мен кавказдық қыз да, тіпті, вагонның біз жақ терезесіне таяу отырғандардың барлығы бізге тесірейіп қатып қалғандай, тек шал ғана зорлана жымияды. Өне-бойымды бір ызғырық қарып өткендей болды, қасымдағы қызға қарасам бейғам, айналадағы қайшалысқан адамдарға қарағыштап күлімсіреп тұр. Аналардың өзіне тесіле қарап тұрғанын білмейтін сияқты, бірақ мен сезіп тұрмын, сұр желкемнен қадалып тұрған азірейілдің көздері сияқты, неге сонша қарады екен? Не білген ойы бар бұлардың? Қандай суық еді.

Осы кезде поездің өкірген дауысы естілді, әлі жылжып барады, біз отырған вагон зорға ұзап кеткенімен, поезд толық өтіп болатын емес, арт жағы аждаһаның құйрығындай шұбатылып жатыр.

– Енді қайда барам? Мұнда не үшін келдім?– миымды енді осы сұрақтар шаққылай бастады. – Күтіп алатын біреу-міреу келер, кім келсе ол келсін, келсе болғаны…

Темекімді тағы тұтаттым, поезд алыстап барады, әлденемді әкетіп бара жатқандай ішім қоңылтақсып қарағыштай бердім. Ішінде бағалы бұйымым қалып қойғандай, мүмкін... мүмкін... поездің ішінде әлі отырған шығармын, көзімді қаттырақ жұмып қайта ашсам болғаны, өзімді соның ішінен қайта көретіндей бір сезім билей бастады. Сыртқа әлі шықпаған, баратын жеріме әлі жетпегендей адасқақ күй, бағдарсыз хәл. Поезд сыздауық жүріспен әлі ұзап барады, вокзалда адам азайып қалған, жолдас қыз маған әлсін-әлі көз салып қояды. Бұл көріп жатқаным да түс болса не істемекпін деп ойладым. Бәлкім, есім екеу, түсім төртеу болып қайдағы бір жерде абдырап тұрғанша, ол да жақсы шығар. Бірақ, шаршадым, енді оянғым келмейді, бірден бірге өтіп санамның сілесі шығып бітті. Өңім осы екеніне сенейін, әдетте, кісі баласының бұлайша түс көруі қалыпсыздық. Маған емханаға бару керек, дұрыс, алдымен осы арадағы емханаға барайын, көшедегілерге бұл қай жер деп сұрақ қою - күлкілі шаруа, оның үстіне бұл мынадай жер деп бағжиып тұратын тақтайшалар да көзге шалдықпайды-ау.

– Жақсы, сау болыңыз, мен жүрдім, – дедім қызға қарап, ол әнтек жымиып басын изеп қойды, қоштасқаны. Бұрылып жүре бердім, кісінің осындайда бір қызық сезімталдығы бар, қыз маған әлі қарап тұрғандай. Жауырынымнан бірдеңе қадалып сіресіп қалғандай, ақыры шыдамсызданып артыма қарадым, бағанағы поездегілердің қараған қарасы, қыз да маған қарап салқын жымиып тесірейіп тұр. Мағынасын ұғынуға болмайтын, тілмен бейнелеп жеткізуге келмейтін бір сұмдық көзқарас, шіміркеніп кеттім, жүрегім атқалақтап аузыма тығылды, аяғымнан мыңдаған қырықаяқ қаптай өрлеп келе жатқан сияқты. Осы кезде иығымнан сол қыз қағып қалғандай болды да шошына селік ете түстім, тағы оянып кеттім, иығымнан қаққан бір әжей екен.

* * *

– Балам, қатты терлеп, қиналып жатқандай болдың, жаман түс көрдің бе? Оятпасыма болмады, жаным ашып кетті, әлде, бастырылып қалдың ба екен?

Әжейге рақмет айттым, оянуым қаншама үрейлі болса да, әженің мейірімі көгімді торлап тұрған қара бұлтты сейілтіп жібергендей болды, тынысым ашылып аздап сергіп қалдым. Демек, бұл да түс екен. Тағы түс… тағы ояну…

Гүрс-гүрс етіп рельске екпін ұрып поезд ақырын қозғалып барады, вагон ішінде адам тым аз, қатарымда да, алдымда да адам жоқ. Әжей анадай жерде терезеге қарап отыр. Менің өзіне қарағанымды аңғарып жүзін әнтек бұрып жылы жымиып қойды. Дала аспанмен шектесіп тып-тыныш бұйығып жатыр.

Даланың төсінде екеніңді сезіну қиын, шетінде кетіп бара жатқандайсың, сондай алыс болып көрінеді, және сондай жақын. Жүріп те, қарап та тауысу мүмкін емес, даланы центр етіп, шетінде орбита жасап айланып жүргендей қызық сезім силайтын жүріс.

Тағы да толық оянбаған секілдімін, бұл жолы ештеңеге зауқым соққан жоқ, мен кіммін, қайдан келем, қайда барам… Бұл сұрақтар түк те қызық еместей сезілуде, бірақ, қанша қызықсыз болса да, бұл сұрақтардың жауабы миымда сайрап тұр, ешқандай бір ұмытқан, жоғалтқан дүнием жоқ сыңайлы. Әке-шешем, отбасым, інілерім, туған жерім, бәрі-бәрі орнында секілді, бәрі анық секілді. Сонда да ия, осылай еді ғой дейтіндей сенім жоқ. Бұлардың да бір оянсам өтірік болып шықпасына кім кепіл?! Әлі де қалың ұйқыда екеніме мойынсал болған тәріздімін, оянғаныма көзім жетіп көңілім сенер емес және де оянып кететініме еш күмәнданбайтын хәлге өтіп алғандаймын. Онда да бір жолата оянып кетуге болар ма екен?

Түсіңнің ішіндегі түстен оянып, одан арыла алмай отырғанда тағы ояну, өңге жете алмай өлімші болу қайбір жетіскен жағдай дейсің. Әлдебір жерден адам ұйықтағанда түс көру уақыты он неше секунд қана болады деп оқығаным бар. Сонда осының бәрі сол аз ғана сәттің уысына сиып, сығылып тұрғаны ғой. Ал, түс - адамның өткенімен, тарихымен, күнәсімен, қуанышымен байланысты дейтін сөз тағы бар. Мынау түстердің менімен қаншалықты қатысы барын бір құдай өзі білмесе, мен түк те түсініп тұрғам жоқ. Енді қашан селк ете түсер екенмін деймін. Бұл поезден түсерлік, түсер жерге жетерлік кез қашан туар екен деймін, даласыз өлкеге қашан өтер екенбіз деймін… сол кезде оянатын да шығармын. Ол да екіталай, түс, бәрі түс.

Поезд анда-санда ышқынып қойып баяу ғана ырғалып кетіп бара жатыр, ал, даланың шетінен гөрі аспан жуық сияқты. Соншама кең бола тұра осы даланың жүзінде ешкімнің ізі, ештеңенің елесі байқалмай соқыр тұмандай тынып жатқаны несі екен? Бұның да өткені, ертеңі бар шығар, әлде, бұл да мен секілді түс ішінде арпалысып жүрген жоқ па екен? Жоқ, бұл нәһан дүние түске сия қоймас, түс байқұстың да қарымы мен секілді дәрменсіз, әлжуәз жан иелеріне ғана жетер, бізді ғана сөгер, бізге ғана тырнағы батар, даланың маңына да жуи алмас. Мүмкін, тағы бір оянғанда бұл кейіп те өзгерер, бұл бейне де жаңа ғана мойныма мініп, жұлынымды жұлқылаған түстерге ұқсап жалт етіп қана әлдеқайда жұтылып жоғалар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)

Пікірлер

Аймадет

15.04.2019 22:53
Сонымен қайда баратын болдыңыз?)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар