Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Жәркен Бөдешұлы: Туа сала мені мешкей мұң жұтқан...

10.04.2019 1524

Жәркен Бөдешұлы: Туа сала мені мешкей мұң жұтқан...

Махамбетті пір тұтып, Мағжанның жырын жүрегіне тұмар еткен, Жайырда туып, қалың қазақтың өлең өлкесіндегі дара шыңына айналған жырау – Жәркен Бөдешұлы. Сом алтындай құйылып түскен ақын өлеңдері сан ғасырлық бабалар рухынан нәр алып, тереңге тамыр тартқан, кешегі жыраулардан жалғасқан поэзиядағы дәстүр жалғастығының көрнекті үлгісі.

«Поэзияның жауы – жалғандық. Өлеңге өтірік қосуға болмайды. Уақыт сыны қашанда қатал». Бұл – Жәркен жыраудың өмірлік ұстанымы.

Ақын жыры – ақынның көңіл-күйінің күнделігі дер едім. Өйткені, біріншіден, жырларында ақынның өзінің көңіл-күйі, яғни өзі болса, екіншіден, онда қазақ тағдыры, үшіншіден тәуелсіз мемлекетіміздің өткені мен бүгінінің шежіресі жазылып, оның ертеңге деген сенімі бар. Жәркен Бөдешұлы туа бітті ақындық талантынан-ақ суреткер және өлеңнің поэтикалық көркемдігін бойына мол сіңірген ақын.

Жайырдың айлап толастап, апталап соғатын желіндей ақын әлеміндегі еркіндік пен шынайылық оқырманын бірден үйіріп әкетеді. Шабыт келмей қолына қалам алмайтын ол нені жазса да жеріне жеткізіп, сүйегіңнен өткізіп жазады.

Әлдеқашан кетер едік құл болып,

Анамыздан ақын болып тумасақ.

Ақындық дегеннің өзі – еркіндік. Ұлы жүрек таза ақынға ғана тән. Өлең – құдайлық руx! Қай уақытта өлең келері ақынның өзіне де жұмбақ. Әсілі, шабыт келмей, жан толқымай өлең жазу, толғақсыз бала туғанмен тең.

Өмір деген не десең,

Бір түп шеңгел екен ғой.

Қой қайырам деп нөсердің астында қалып абайсызда аяғы тайып кетіп көлге батып кете жаздаған бала ақынның өмірін осы бір түп шеңгел сақтап қалған екен. Енді өмір деген бір түп шеңгел емес деп айтып көріңіз. Кейде маған бүкіл қазақ поэзиясы бір түп шеңгелге ілініп тұрғандай көрінеді.

Қой бағып жүр дегенше,

Ой бағып жүр дегейсің.

Қойны қоншын өлеңге

Қойма ғып жүр дегейсің.

Шекараны жаяу кесіп өтіп, арқардың жілік майымен жүрек жалғап, атамекеніне жеткен ақынның қым-қиғаш тағдыры жанын отқа да, суға да салды. Қой да бақтырды, түрмеге де жаптырды.

Алыстап тауларымнан кеткенімде,

Денемде жүрсін солай бір бөлшегі.

Сағыныштан жаралған ақын бүйрегіндегі тастың өзін осылай жырлайды. Туған жерге деген ерен махаббатының бұл да бір жарқын көрінісі болса керек. Бәрі табиғи, бәрі шынайы. Әдетте ақындар өзін-өзі қинағанда жасанды өлең жазылады. Ал, өзі құйылып түспеген өлең – өлең емес. Жасанды дүниенің баянсызы сияқты, жасанды өлеңнің де ғұмыры қысқа.

Туған жерім Жайыр тау,

Екі өркеші айыр тау.

Туған жерден сұм тағдыр,

Тірідей мені айырды-ау...

Дүниеде сағыныш атаулының жырдан басқа емі бар ма?! Туған жерге жетіп өлсек деген ата-ана арманын орындағандай өзін бақытты сезінеді. Адам баласы өзінің туған жерінде өсіп, сол жердің топырағын жамылуы керек. Ал, тағдыр айдаса амалсыз. Сол туған жерге деген сағыныш Жәркен ақынды елдік, ұлттық деңгейге көтерді. Өлеңде тапқан бақыты да, өмірде кешкен қасірет, соры да сол Ұлы сағыныш!.. Сағыныш жүрегінің түбіне терең бойлаған сайын ақын жыры биіктей берді.

Жәркеннің өлеңі жеке басының сағынышы ғана емес, ата жұртынан ажырап қалған мыңдаған, миллиондаған қазақтың көз жасы...

Бөлініп қалған жұртын бөтенсіне қарайтын бүгінгі қоғам кешегі құлдық сананың жемісі. Арғы бетте қалған үш аймақ ата қазақтың ат байлаған шұрайлы қонысы, малының өрісі еді. Ақын поэзиясының алтын арқауы осы ең нәзік те, ең өткір тақырып. Ақынның осыны айтып жылай-жылай жасы, жаза-жаза сиясы сарқылса да, сағынышы сарқылмаған.

Ол – өлеңнің құлы. Ішіндегі қайғы-мұң жарасын поэзия ғана сейілте алады. Басқа ештеңе сейілте алмайды.

Өмір бойы өзінің ауыр тағдырын жырлап келеді. Тағдырдан тумаған шығарма, шығарма емес. Ол өтірік!

Жалғыздық – бүкіл адамзат баласының басындағы тағдыр. Туған-туыс, туған топырақты қалдырып атажұртқа жалғыз жеткен Жәркеннің жалғызыдығы тіпті бөлек тақырып.

Ой оның түн ұйқысын төрт бөледі. Ажалдан қорыққан емес. Өмірден, мың құбылған заманнан қорқады. Сондықтан ақын былай деп үн қатады:

Ұйықтаған жоқ ақының,

Ұйықтаған жоқ қалам да.

Ұйықтаған жоқ ақылым

Алаң мынау заманға.

Арман Шеризат, ақын


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Жәркен Бөдеш
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар