Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әкім Тарази. Арман – Алла мен адамның тіл қатысатын тұсы

09.09.2019 2259

Әкім Тарази. Арман – Алла мен адамның тіл қатысатын тұсы

Бұл күнде сексеннің сеңгіріне шыққан әдебиетіміздің абызы Әкім Тарази мен Алаштың аяулы қаламгер қызы Роза Мұқанованы былайғы жұртқа таныстырып жатудың өзі артық. Оларды түйістірген де, тоғыстырған да – тағдыр. Ол тағдырдың бір аты – әдебиет. Жазушы ретінде екеуі екі түрлі болмыс иесі. Руханиятымыздың екі ірі тұлғасы. Ал өмірде олардан ажырамас біртұтастық пен үндестікті, біте қайнасқан мінсіз өмір салтын көресіз. Ол тұтастық тіні – парасат пен махаббатты, өнер мен адамдықты, туған топырақ пен келер ұрпақты өзек еткен рух биігі дер едік.

Өмірбаяны аса қызық та күрделі, тағдыр жолы алмағайып, Кеңестік өмір мен Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ қоғамының сан-салалы соқпағымен бір шаңырақтың астында қатар жүріп келе жатқан қос қаламгердің жан сыры, рух дидары, қаламұшынан ағылып, ақ қағазға төгіле бермейтін еренғайып әңгімелері салихалы оқырман үшін сүбелі, пайымы терең, ой саларлық олжалы дүние болары анық.

Журналист пен жазушы арасындағы дәстүрлі сұхбаттан көрі, жазушы мен жазушының, тұлға мен тұлғаның, бір жанұядағы екі сөзгердің аймауыт әңгімесі әдебиетімізде жиі қайталана бермейтін үрдіс екені даусыз. Әкім ағаның 85 жылдық мерейлі жасына орай қасиетті шаңыраққа бас сұғып, көрігі қызған әңгіме дүкенге куә болып қайтқан едік. Сол сұхбатты қалпын бұзбай, порталымыздың мәртебелі оқырмандарына ұсынып отырмыз.

Роза Мұқанова: Мен күнделіктеріңізді бұрын оқымайтын едім. Сұрақ қою барысында күнделіктеріңізді бір қарап, өз жазбаларыңызды пайдаға асырайын деп шештім. Сөйтіп 97-жылғы жазбаңызда: «Қаскелеңде кездесу кезінде келген ой еді: «Горби – маленький, юркий, недалекий человечик помимо своей воли, бессознательно совершил Великое Свершение. Он перевернул Мир» депсіз 16.02.97 Горби деп отырғаныңыз Горбачев емес пе?

Әкім Тарази: Москвада екі жыл оқыдым. Оның алдында комсомолдың оқуын бір жыл оқыдым. Орыс халқымен көп араластым. Мен қазақша да, орысша да жазып жүрдім. Орыс әдебиетін дәл мендей көп оқыған қазақ жазушысы бәлкім көп те емес шығар. Ол кезде біз бір мемлекетпіз. Шынын айту керек, отанымыз біреу-ақ деп білдік. Ол – Советтік отан. Кейін орыстар басқа ұлттарға одырая қараған кезде, мен өзімнің қазағымды тауып алдым. Бірақ Совет деген – отан деген ұғым сияқты болды.

Роза Мұқанова: Горбачев сіз айтқандай ұлы өзгеріс жасағанын білді ме?

Әкім Тарази: Ол өзінің не істегенін білген жоқ деп ойлаймын. Ол теоретик емес, практик еді. Өмірдің ұңғыл-шұңғылын көп байқамайтын. Бастық боп жүрген адам ойлайды ғой, мен не деймін, сол болады деп. Ал бірақ оны заманы қыса бастады. Өзі қайта құруды бастап алды дағы, кейін қайта «қашты». Халық оны сынай бастады. Саяси мәселеде әйелінің ырқындағы адам сияқты көрінетін, шамасы әйеліне айтқан болар «енді мыналардың бәрін босатып жіберіп, өзімізге қиын болмай ма, а?» деген сияқты. Өйткені сасқан үйректей Қазақстанның бес облысы Ресейде қалу керек дегенді айта бастады.

Роза Мұқанова: «Ұлттық идея керек деп жүргендердің ақымақтығын айтам да, ұлттық идея (как любая другая идея) қоғам құрсағына алдымен «түспей» ме екен, одан соң «піспей» ме екен, содан соң айы-күні жеткенде толғатпай ма екен. Қоғам, содан кейін тумай ма екен! Қоғам өміріне қажет идея ғана ұлттық идея болмақ. Ешқандай идея қолдан жасалмайды. Жатырда жатқан екі-үш айлық шарананы сирағынан суырып, сүйреп шығару қиянат (өлтіру емес пе?!) 4.12.10.97

Ұлттық идеяны қолдан жасап, науқанға айналдыра алмаймыз дегенді меңзедіңіз бе?

Әкім Тарази: Ұлттық идея деген – отандық идея. Мен қазақты жақсы көрсем – Қазақстанды жақсы көргенім. Қазақ өзін өзі сынап, өзін өзі үлкен жолға салып, үлкен болашаққа жетелей білсе деген ой – ұлттық идея. Отан деген сөз – ұлт деген сөз. Ұлт деген – отан деген сөз. Кеңес одағында 15 республика болды. Біз әрине Кеңес одағының адамы болып жүрдік. Бірақ әр қайсымыз үйге келген кезде мен қазақпын, ең алдымен мен мұсылманмын деп кіретін едік. Себебі, мұсылманда қасиет бар, ол Алладан келген қасиет. Ал ұлт әке мен шешеге байланысты. Олар қай ұлттан, сен сол ұлтсың.

Керек болса, сынай алам, мақтай да алам. Өзіңнің отаныңды сынауға болмайды, ұлтыңды сынауға болады. Біздің қазақ олай, біздің қазақ былай деп ең көп қиналған адам – Абай. Абай қазағын ғажап сүйді. Бірақ сынады. Себебі жақсы көрген адам сынаса болады. Жақсы көрсе бір отбасындағы екі адам бірін бір сынауы керек. Сынағанда жақсы болсын деп, өресі өссін, санасы оянсын деп сынайды. Әкесі баласын сынайды. Жұбайы өзінің жарын сынайды. Өзің де талай айтып жүрдің ғой. «Көке, бәленшеге қатты кетіп қалдыңыз» деп...

Күнделікті жақсы пайдаланыпсың (күлді). Бірақ күнделікті ертең біреуге оқып беру үшін жазбайсың ғой. Жазушы өзі үшін, өзіне айтқысы келгенін жазады. Басқалар оқыса демейді. Менің күнделігімді Розадан басқа кім оқиды?

Мен қытайды да көп араладым. Бәлен провинциясын аралатты. Сонда жол бойы еңкеңдеп, жер еміп жұмыс істеген қытайлар. Олар қытайды Қытай қылып отырған азаматтар. Ал бірақ қытай керемет ел дегенде кімнің ойына түседі олар?

Роза Мұқанова: Қазір күнделікті жұрт басқаша жазатын сияқты. Біреуге ұнауға тырысады. Біраз шенеуніктерді мақтайды күнделіктерінде. Оны ақпарат-құралдарына жариялатып та жатады.

Бір күнделіңізде бір жасқа толмаған ұлымызға ақыл айтып қоясыз «Алпантай (Алпамыс), мен саған ғашықпын. Күнделік жазбапты, мен туралы ештеңе айтпапты деп ренжіп жүрме. Сен мамаң екеуің менің жүрегімнің екі басысыңдар. Екеуіңді де сүйемін. Екеуіңе де ғашықпын. Ендігі жерде саған... есеп беріп, жазамын. Жан-жүрегім балам-ау, жалқау болма. Мен сияқты жалқау болма. Қытай өркендеген ел. Ал қазақ сол қытайдың тамырын таппай келген ел. Артта қалды. Неге екенін білесің бе, құлыным? Себебі, қытай еңбекті еңкейіп істейді. Қазақ еңбекті шалқайып істейді. Сен шалқайма балам» дейсіз?

Әкім Тарази: Жақсы... Мен қытайды да көп араладым. Сонда жолдың екі жағында еңкейіп жұмыс істеген адамдарды көресің. Күріш жинау деген оңай шаруа емес. Күні бойы белшеден саз кешіп жүреді, еңбеккерлер. Бәлен провинциясын аралатты. Сонда жол бойы еңкеңдеп, жер еміп жұмыс істеген қытайлар. Олар қытайды Қытай қылып отырған азаматтар.

Ал бірақ қытай керемет ел дегенде кімнің ойына түседі олар? Керісінше президенті түседі, басшысы түседі. Анау кішкентай қатпиған еңбекші қара шаруа адам есебінде де емес... Өмірдің заңы солай. Ол неге олай, оны неге атамайсыңдар десе, 1 млрд адамның қайсысын атайды?

Роза Мұқанова: Сізбен әңгімелесіп отырғанда ойыма бір нәрсе оралды. Әбілқайыр ханның суретшісі болған, жанында ұзақ жүрген Джек Кестель деген ағылшын саяхатшысының жазғаны есіме түсіп отыр. Сонда Кестель айтады, Әбілқайырға: «Етті ғана жей береді екенсіңдер. Көк - өніс, жеміс-жидек жоқ екен. Мына халқыңның денсаулығына қиын болмай ма? Мен әбден қиналып кеттім» дейді. Сонда Әбілқайыр хан: «Бұлар жерге егін салуды білмейді. Бұлар ат үстінде жүретін халық» депті. Осыны оқып таң қалғаным бар. Сіздің де айтпағыңыз, қытайдың жерді еміп, өсіп-өркендеп жатқандығы. Біздің халық жердің қадірін әлі білмей тұрғандығын айтқыңыз келді ме деп ойладым.

Әкім Тарази: Иә, Азияның біраз елін араладым. Кореяда, Вьетнамда да солай. Тізеге дейін саз кешіп, күріш егеді. Сол егін алқабында ұйықтайды. Ал жалпы 38 мемлекетті араладым. Қазақ жазушыларының ішінде ең көп ел аралаған мен. Бұл менің пысықтығымнан емес, менің қызметім солай болды. Ол кезде мен Киногерлер Одағын басқардым. Кеңестік заманында солай, ана елге, мына елге барып кел дейді. Қасыңа бір-екі жансызын қосып береді. Олар бізбен бірге барып, керекті мәліметін алып келеді.

Роза Мұқанова: Киногерлер одағы дегенен шығады. Ш.Айманов, М.Бегалин, А.Қарсақбаев бастаған үлкен мектептен өттіңіз. Ұстаздарыңыздың ісін жалғастырдыңыз. Осы Одақты 16 жыл басқарыпсыз. Төбелестің арқасында жұмыстан қуылатын болып, партия жиналысында мәселеңізді май шаммен қарап, жиналысқа салып жатқанда жалғыз Камал аға Смайылов қана сізді қолдап, қарсы дауыс бермей қойыпты. Басқалары түгел қарсы дауыс береді. Сол жолғы төбелесті әлде біреулер ұйымдастырған шығар.

Әкім Тарази: Иә, біз Қырғызстанға іссапармен бардық. Өзімнен де болды. Қазақша дұрыс сөйлей алмайтын үш адамды ертіп барғам. Барғанан кейін олар маған қарсы жұмыс істей бастады. (Айтматов шақырған болатын. Ол Қырғызстанда мен Қазақстанда киногерлердің төрағасымыз). Сөйтсем олар жолда келісіп алған екен. Төбелес шығарайық. Мынаны орнынан кетірейік деп. Содан келіп, намысыма былай тиді, олай тиді. Үндемедім. Тағы тиді. Үндемедім. Сосын мен «үшке шейін санаймын, сөзіңді қайтып ал» дедім. Ол «оһо-оһо» деп танауын көтерді. Онда «мә» дедім. Періп кеп жібердім шықшыттан. Қай жерден ұруды білем ғой... Шалқалақтап барып, кескен теректей сұлап түсті. Өзі еңгезердей. Менен ұзын. Жуан. Содан қырғыздар жүгіріп келді. «Ойбай не болды қазақтар. Бұл енді Айтматовқа айтатын болды» деді. Мен «нечего, Айтматовқа айта алмайды. Мынау корқақ адам» дедім. Айта алған жоқ. Қайтып келгеннен кейін де ештеңе айтқан жоқ. Себебі өзі мазақ болатын еді.

Роза Мұқанова: Бірақ кейін «Әшімов мені Қырғызстанда ұрды» деп арызданды ғой?

Әкім Тарази: Оны ол байғұсқа біреулер жаздырыпты. Оны кейін білдім. Содан мені алты айға қызметтен босатты. Кейін қайтып келдім. Өйткені Киногерлер одағында орыстар көп болатын. Олар менің жағыма шықты. «Бізге Ашимов қайтып келсін» депті.

Шын дос аямау керек. Кемшілігіңді айтпай, сипап қойған адам – қас. Осы нашар қалпыңда жүре бер деген сөз.

Роза Мұқанова: Кинода жүргенде жазушы достарыңыздың жағдайын жасаған көрінесіз. Оны жазушы ағамыз Мұхтар Мағауинның естеліктерінен оқыдым. Қалихан, Сайын, Рамазандардың жағдайларын жасап, үй мәселесін, қаламақы жағдайларына мүмкіндік жасапсыз.

Әкім Тарази: Иә, ол кезде Жазушылар одағы, Суретшілер одағы, Киногерлер одағына мынанша үй береміз дейді үкімет. Сонысын орындайды. Мысалы, келесі жылы киногерлерге жиырма үй берем дейді. Сол жиырма үйді кімге беру менің қолымда. Содан Қалихан, Сайын, Рамазан, Амантайларға киноға келіңдер дедім. Олар ойбай-ау біз киноны білмейміз ғой дейді. Мұнда аударма цехы бар. Соған келіңдер. Қазақ тілінде фильмдерді аударыңдар. Ал мен сендерге пәтер берем. Жазушылар Одағы бере алмаған пәтерді бердім оларға. Себебі Жазушылар Одағында 300 адам таласады. Ал бізде 60 адам. Және бірінші секретардың айтқанынан шыға алмайды.

Роза Мұқанова: Бұл енді қазақ әдебиетіне, қазақ жазушыларына жасаған жақсылығыңыз болыпты. Қалихан Ысқақов – классик, Сайын Мұратбеков – классик, Рамазан Тоқтаров – классик.

Әкім Тарази: Амантай Сатаев классик бола жаздаған.

Роза Мұқанова: «Ежик в тумане» Ұзақ гәпірдім. Он действительно «ежик в тумане» Интуициямен ғана жүрген адам. Қайда кетіп бара жатқанын білмейді. Қайда салсаң сонда көзі аларып шаба жөнелетін бағдарсыз аңғал батыр. Кім екенін білемісің? Ұмытып қалған жоқсың ба?

Әкім Тарази: Ұмытқам жоқ. Кірпік шешен ғой...

Роза Мұқанова: Мен білем. Кім екенін жазып қойыпсыз.

Әкім Тарази: Менің айтқым келмей отыр.

Роза Мұқанова: Оны айтып қойсақ... бірақ сіз оны жақсы көретін едіңіз. Жарайды еркіңіз білсін, айтпай-ақ қойыңыз.

«Шығарманың 80 проценті дайын, бірақ көңілім қобалжып, ала бұртып қайттым. Басталған кезде 20 минуттай Тото да қиналды. (Мені айтып отырсыз ғой деймін, соған қарағанда спектакьлден шықтық сіз екеуміз). Ежик қойлымның кілтін тапқан. Бірақ сол кілттің бұрауы жетпей тұр. Бұрауы. Өнер есігі айқара ашылмайды. Көрермен қысылып, қымтырылып сығалап қана табады керегін. Ал көрерменге керегі шалқып төгілген ой мен сезім еді ғой. Мұнда ой көмескі, сезім екі ұшты. Дүдәмал сәттер көп» дейсіз де әрі қарай атын айтып кетесіз. Мен атын оқымай-ақ қояйын.

Кейде шығарманы режиссерлер түсінбей жатады. Кейде мүмкіндігі жетпей жатады. Содан кейін актерлерге керегін бере алмайды. Режиссер мен драматургтің тандемі туралы, бірін бірі түсінуі туралы айтып бермейсіз бе?

Әкім Тарази: Менің 13 драмалық шығармам қойылды кезінде. Мен алдын ала барып, кімді алайын деп жатырсыңдар, қандай актерлер ойнайды деп араласқан адам емеспін. Себебі ол менің тарапымнан мәдениетсіздік болар еді. Өйткені, автордың ұғымы бір бөлек, режиссердің ұғымы бір бөлек.

Бірақ кейін оңашада сынымды айттым. Ой жұрт мақтады ғой дейді. Олар мақтаса сенен қорыққанынан мақтайды, сенің қарауыңда істейді немесе ертең саған жаман пьесасын өткізу үшін мақтайды. Ал мен саған тәуелді емеспін. Мен саған көзіңді бақырайтып қойып айтам дедім. Себебі мен сені досым деп санаймын. Шын дос аямау керек. Кемшілігіңді айтпай, сипап қойған адам – қас. Осы нашар қалпыңда жүре бер деген сөз.

Мен Қалихан, Сайынмен де төбелескен адамын. Сынағанды көтере алмаған кезде.

Роза Мұқанова: Олар сізді сынаған кездері болды ма?

Әкім Тарази: Сынайтын. Кезінде мені газеттер мақтап жазып жататын. Мен соны кейде оқымайтынмын. Адам пенде ғой. Сол мақтауларды оқып, бұзылып қалам ба деп ойлайтынмын. Бірақ оңашада ақырын байқайсың.

Роза Мұқанова: «ХХ ғасыр қазақтың Абайын жұтып келді. Есесіне Әуезов пен Мұқағалиды силап кетті. Жете-қабыл да әңгіме бөлек. Құрт-құмырсқа есепке алынбайды. Өзін-өзі дүлділ санайды екен. «Прометейім-ай. Жұртты алдап, арам ақшаны судай шашып жүрсең, әрине қолың күйеді. Қолың емес, жүзің күйеді. Жүзің» дейсіз. Біреуге ерегесіп, ызалы болып айтып отырсыз ғой деймін. Сосын: «Жолы болмаған дарынсыздардың қара көңілінен туған қара күйе пікір. Әдебиет жоқ, біз жасауымыз керек» дегеніне күйініп жазыпсыз. Ал енді қазір әдебиет жоқ, әдебиет бізден ғана басталады дейтіндер бар. Мұндайлар сіздерде де болған екен. Осыған қандай уәж айтасыз?

Әкім Тарази: Неғұрлым дарынсыз болса, соғұрлым кеудесін көбірек қағады. Шын талант "мен - талантпын" демейді. Ал әдебиетке атын шығару үшін мен сондаймын деп келетіндер көп қой. Бірақ әдебиетке қызмет ету үшін келтіндер аз. Мен өзім әдебиетке жазбасам болмайтын болған соң келдім. Менің мамандығым киногер. Ал мен киноға сценарии жазбасам, кімге жаздырам. Жазып алып келетіндер көп болатын. Себебі кинода қаламақы көбірек. Ал мен қаламақыны соған беріп, сценарийді өзім жазып жүрдім.

Әдебиетке келгенде – әдебиеттің құлымын деп келу керек. Мен әдебиетке келдім, бәрін мен жасаймын. Сендер кетіңдер. Орын менікі дейді. Ондайлар біздің кезімізде де көп болды.

Талантты адамдар бір-біріне конкурент. Бәсекелес. Сен жақсы жазсаң, ол да жақсы жазады. Ал дарынсыздар ондай кезде біріге қалады. Біріккенде, талантты сүріндіру үшін бірігеді.

Роза Мұқанова: Осыған байланысты бір оқиға есіме түсіп отыр. Ол кезде Олжас Сүлейменов Жазушылар Одағын басқарып тұрды. Одақта бір жиналыс өтпек болды. Сайын аға, сіз, Олжас барлықтарыңыз сахнаға қарай көтерілдіңіздер. Сонда әдебиетке жаңадан ғана келген жас жігіт айқай салды. Өзі орыс тілді еді. "Сендер қашанғы төрге шыға бересіңдер, төрге шығатын біз емес пе?! Шығармайсыңдар ма бізді де. Біз, жастар, шығуымыз керек", - деген кезде жұрт үрпиісіп, демін тартып қалды. Сонда Сайын аға сабырмен, жымиып бір күлді: «Айналайын, сені төрге шығаратын біз емес. Сенің шығармаларың, сенің еңбегің төрге шығарады» дегенде отырған жұрт қол соққаны есімде. Босағадан өңмеңдей сөйлеген сол жігітке әдебиеттің төрі бұйырмады.

Әкім Тарази: Бұйырмады. Мен атын айтпай-ақ қояйын. Сол үшін де мені төбелеске шақырып, ұрса екен деп менің қызуқандылығымды пайдаланғысы келді. Мен түсіндім, оған керегі – менің ұрғаным екен.

Роза Мұқанова: Соған қарағанда мінезіңіз шатақ болған сияқты?

Әкім Тарази: Иә, мен екінші курсқа дейін қатты тебелестім. Бір күні әкемді шақыртты. Ректор Мәлік Ғабдуллин. «Өзің Орынборда бірге оқып жүргенімізде момын едің ғой. Ал мына ұлың қырып барады» депті. Әкем де керемет мәдениетті адам еді. Ол кезде Алматыда «Дом колхозника» деген қонақ үй болатын. Соған мені алып барды. Екеуміз отырып тамақ іштік. Түн ортасында далаға ұйықтайықшы деді. Далаға есік алдына ұйықтадық. Күн керемет ыстық. Сонда ғана айтты. «Төбелесіпсің» ғой деді. Үндегем жоқ. Өзі түсінді әрі қарай...

Роза Мұқанова: Сізді Ғабит Мүсірепов қызметке шақырып, қол астына жұмысқа алған кезде әкеңіз сенбепті. Бандиттердің біріне қосылып кеткен шығарсың. Ғабит Мүсірепов сені қайтсын деп. Сөйтіп, сізді алып кетуге Алматыға іздеп келсе керек.

Әкім Тарази: Ғабеңнің қарамағында қызметке тұруымның өзі қызық. Алматыда «Ара-Шмель» деген журнал шықты. Қарап отырсам, редакторы классик Ғабең. Таң қалдым. Ол кісіге мына кішкентай журнал неге керек болды екен дедім іштей. Бір күні әкем пионерлерді ертіп Алматыға барып келші деді. Ол кезде автобус жоқ. Жаяу салпаңдап келе жатсам, «Ара-Шмель» журналы деген ғимарат тұр. Осының алдында ғана бір «Етікші» деген әңгіме жазғам. Өмірімде бірінші рет. Екі-ақ бет. Сол менің бірінші жазған фельетоным. Жазып, «Ара» журналына жібергем. Содан сол есіме түсті.

Роза Мұқанова: Жазушыда жақсы өмірбаян болмаса жаза алмайды депсіз. Жас жазушыда жақсы өмірбаян болу үшін не істеу керек? Болашақта әдебиет бола ма?

Әкім Тарази: Қазір оқуды бітіреді де, бір орынға отыра қалады. Жазушы боламын деген адам өзін өзі аямау керек. Отқа да, суға да салу керек. Мақтанып отырғам жоқпын, мен өзімді аямаған адаммын.

Ой күрделі болу керек. Бірақ күрделі ой бес-алты сөйлеммен-ақ бітіп қалуы мүмкін.

Жалғасы бар...

Жазып алған:

Бақытбек Қадыр

Ұмтыл Зарыққан

Суретке түсірген:

Нұрлан Нұрышов


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #әкімтарази, #розамұқанова, #Сұхбат
(1)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар