Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әбіш Кекілбаев. Сарабдал суреткер

29.11.2018 1355

Әбіш Кекілбаев. Сарабдал суреткер

Қазақтың «Сарабдал» деген жалғыз ауыз сөзінің өзінде қаншалықты шалқар мағына, салауатты мән бар десеңізші. Ол өз бойына тегіннен-тегін лақ ете қалмайтын сөзге сараңдықты, ұрымтал мен ұтымдалды қапысыз танитын қырағы ақылды, санап айтып, қадап тигізетін мірдің оғындай өтімді пікірді, бұралаңы мен бұлтарысы көп өмір жолынын қай тұсында да көңіл бұйдасын тек арға ұстатқан рухани қайсарлықты, қысқасы, көз келгенде кездесе бермейтін кемел парасатты сипаттайтын түгел сыйғыза алады. Арғы тегі саралаудан, санадағы саралықтан өрбитін осы сөз ақиқаттың тілін тапқан кемел суреткер талантына анықтама болуға әбден жарайды.

Өйткені, шын суреткердің алдымен, халықтың ғасырлар бойы бастан кешкендері мен көңілге түйгендерін бүгінгі уақыт елегінен өткізіп, келесі ұрпақтар сарабына ұсына алатын сарабдал ойға, сара парасатқа деген айрықша зәрулігі туғызады.

Қазіргі қазақ әдебиетінде еңбек етіп жүргендерден осындай өрелі қасиетке кімдер ие деген сауал естісеқ ауызға алдымен оралар аз топта Ғабиден Мұстафинның есімі аталары әбден сөзсіз.

Көңіліндегі пікірі отыз тісіне ең кемі отыз күндей жол жүріп барып жететін Ғабиден Мұстафин мінезіндегі асқан ұстамдылық оның талантына да тән. Ол сараң жазғанмен, сара жазатын суреткер. Содан да болар, оның жарты ғасыр бойы жазғандарының арасынан қатыгез уақыттың қатаң сыны мен биік талабына иек артып, көп қиналмай санаттан шығарып тастардай көбелек ғұмырлы жарты бет шығарма таба алмайсыз.

Әдебиеттегі алғашқы тәй-тәй! «Ер Шойынынан» бастап күні кешегі «Көз көргенімен» екі аралықтағы елу жыл бойғы еңбектері ішінде тек жалғыз Ғабиден Мұстафин ғана емес, жалпы қазақ прозасына біраз уақыт тән болған суреткерлік балаңдық байқалса байқалар, бірақ аптығып сөйлеп, асығыс айтылған азаматтық ойдың шалалығын, байыпсыз пайымдауларды таба қояр ма екенсіз.

Оқушы қауым назарына ол ұсынған шығарманың әлеуметтік ауқымы қашан да кең көтерген мәселесі қашан да соны, көрсеткен өмірі қашан да өрелі келді. Тіпті сонау жиырмасыншы, отызыншы жылдарда жазылған алғашқы әңгімелерінің өзінде анық көзге түскен жаңа өмір есігін енді ашқан адамдар санасындағы әр дірілді қалт жібермей, дөп басқан суреткерлік көрегендіқ дәл сол тақырыпта туған «Шығанақ» романында суреткерлік тереңдікке ұласты. Ол өз романында қарапайым қазақ шаруасына тән еңбек сүйгіштіктің, адалдықтың, ақпейілдіктің жаңа заман адамына тән қауым алдындағы үлкен азаматтық жауапкершілік сөзімімен тым тереңнен тіл табысып жатқан сұлу гармо-ниясын жеріне жеткізе көрсете алды. Ғабиден Мұстафин мүсіндеген Шығанақ бейнесі қазақ прозасының еңбек тақырыбындағы туындыларында көрінген жаңа тұрпатты еңбекші адам бейнелері галлереясының әлі күнге қақ төрінде, қадірлі биігінде тұр.

Ол еңбек адамының бойынан қажымас жігер, қайсар мінезбен қоса терең ақыл, кемел ойды да танып суреттейді, тауып суреттейді. Ондай өрелі сипат тек Шығанаққа ғана емес, «миллионердегі» Жомарт пен Ахметке де төн. Ол тұстағы көп шығармалар бой алдырған тұрмыстық болмысты әсіре көтермелеп суреттеу «Миллионерде» де ұшырасқанмен ол тұстағы әдебиеттегі адамдардың рухани болмысын сырлап көрсетем деп, сырдаң көрсету Жомарт, Ахмет бейнелерінде ұшыраспайды. Ол екі образдағы кертартпа келеңсіздікке, қанатсыз қанағатқа бір мысқал жол бергісі келмейтін рухани максимализм пафосы совет әдебиетінің күні бүгінгі таңдаулы шығармаларына да әбден төн. Осының өзі-ақ Ғ. Мұстафинның өзі көтерген тақырып пен көрсеткен өмірді қашан да етімді тақырыптың жалына жармасатын коньюнктураның көзімен емес, заман келбетін адам келбетінен іздеген суреткерлік зерттеуші зерде тұрғысынан пайымдағанына даусыз дәлел болғандай.

Композициялық құрылымында, тартыс ермегінде белгілі схемалар сарыны бой көрсетіп қала тұра қазақ даласының индустриялану процесін қарапайым қыр қазақтарының тағдыр жолы, өмірге, дүниеге деген көзқа-растары, түйсік-түсініктері арнасында нанымды көрсеткен. «Қарағанды» романы осы күнге дейін қазақ прозасындағы жұмысшы тақырыбында туған санаулы сәтті туындылар санатында саналады.

Өрелі өмірлік шындықты, күрделі адамдық болмысты қылықтан емес, құлықтан іздейтін сергек суреткердің өз талантының кемел тегеурінін қапысыз танытқан екі шығармасы – Дауылдан кейін» мен «Көз көрген». Екеуі де екі дәуірдің «өлі арасындағы» қазақ ауылының рухани, әлеуметтік дидарын жан-жақты көрсетіп, тереңдеп ашқан салауатты шығармалар! Олар тек Ғ. Мұстафин творчествосында ғана емес, күллі қазақ прозасында көшелі реализмге тән сипат – әлеуметтік аңдау мен психологиялық талдаудың, тақырып пен характер шындығының қамшының қос өріміндей жік ажыратпай жымдаса алған терең үйлесімі қалыптасып, нығайғанын қапысыз таныта алды.

Бұрынғы пшғармаларында заман келбетін, заман тудырған адам келбетін ашуда айтарлықтай шеберлік танытқан жазушы кейінгі екі романында тарих пен халық арасындағы диалектикалық байланыстың адамдардың рухани болмысындағы күрделі кескінін тереңдеп аша алатын суреткерлік жітілігімен қуантты.

Үлкен тарихи сын сағаттағы ұлт құлқын мысқалдап зерттеген бұл екі туынды туған әдебиетіміздегі халқымыздың халықтық болмысын таныта алатын таңдаулы шығармалар санатына әбден қосыла алады. Мұнда тек салихалы таланттарға ғана тән елге, халыққа деген елтең-селтеңсіз шынайы перзенттік махаббатты, халық болашағы алдындағы жауапкершілікті, сондай ұлы сөзім тудыратын өз қауымың мен өз халқыңның әлеуметтік болмысы мен рухани дүниесінің қай түкпіріне де ет-жүрегі елжіреген ғашық ұлдың емес, тереңнен тебіренетін кемел азаматтың қиядағыны шалатын қырағы көзімен үңілетін зерттеушілік зердені, сарабдал суреткерлікті, ақиқат алдындағы адалдықты айқын көреміз... Ақиқат алдында адал емес суреткердің өнер алдында адал болуы еш мүмкін емес.

Ғ. Мұстафин өмірлік шындыққа қандай қырағы көз, сергек сөзіммен үңілсе, сол өзі байқаған өмірлік шындықтың өнерлік болмысына да әлгіндей асқан жауапкершілікпен қарайды.

Сондықтан болар қазақ прозасында ізденіс, соныға құштарлық жағынан Ғ. Мұстафин суреткер қауымның қай буынының өкілдерімен де тайталаса алады. Өз заманы мен өз замандастарының өмірін суреттеуде айрықша ыждаһат көрсеткен жазушы ол шығармаларының тұрлік болмысының өзінде көрсеткен кезеңі айтқызбай-ақ мен Мұндалап тұратын ұрымтал пішін іздеді. Бұл салада оның тапқаны да, қапы соққаны да аз емес. Алайда, ол соның қай-қайсысына да елден ерек көрінгісі келген суреткерлік эгоизммен емес, өмірден түйген өз пайымдауы алдындағы адалдықтан, суреткерлік қайсарлықпен барды.

Ғабиден Мұстафин қазақ әдебиетіндегі өзі ғана есіп қоймай, әдебиетті де өсіре білген санаулы суреткерлердің бірі.

Тек өз шығармасына қатаң талап, үлкен жауапкершілікпен қарай алатын жазушы ғана күллі әдебиеттің жағдайына жаны ашып, болашағына қамқорлық жасай алады. Әйтпесе, күлді бадам шимай-шатпақты малданып, даңғазаны даңқ тұтатындардың оңай батагөйлігі әдебиетте дақпырт пен дарақыны көбейтпесе, дарындыны көбейтпейтіні кермей жүрген жәйіт емес. Өзге түгілі өз қаламынан шыққан әр сөзді қырық қарап, бір шоқитын «қатал» Мұстафин қазір белгілілер мен танымалдар санатына қосылған талай-талай қаламгердің тұсауын кескен-ді.

Жетпіс –ата жасы. Ата адам ұрпағын ауызына қарататын кемел ақылдың жасы. Өнердегі өнеге күні-түні құлағыңды жеп, миыңды ашытатын қытымыр ақылгөйлік емес. Өнердегі өнегелі жан бір ауыз сөз айтып, жақ ашпаған күннің өзінде сол бір үнсіз сабырлылығымен де ақыл ұқтырып, тәлім танытып жатуы әбден мүмкін. Ол тек сарабдал ақыл, кемел парасат, қайсар рухқа ие, ақиқат пен өнер алдында ақырына дейін адал өрелі өнерпазға ғана тән мінез. Ғабиден Мұстафин дәл сондай бірегей суреткер.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #ғабиденмұстафин, #әбішкекілбаев, #Эссе
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар