Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Ынтымақтастық Меморандумына қол қойылды

26.11.2018 21293

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Ынтымақтастық Меморандумына қол қойылды

Бүгін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында Елбасының жақында ғана жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талқылау үшін арнайы үш өнер жоғары оқу орындарының басшылары – аталмыш Академияның ректоры, философия докторы (PhD), «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Асхат Маемиров, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, ҚР халық әртісі, профессор Айман Мұсақожаева, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаев және өнер саласының зиялы қауым өкілдері бас қосты. Алқалы жиында Елбасының мақаласында жазылған ұлтымыздың рухани мұрасы мен мәдениетін жаңаша заман талабына сай өркендей түсуіне жол ашатын ауқымды жобаны іске асыру төңірегінде мағыналы ойлар айтылды.

Асхат Маемиров, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры:

­

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» тарихи мақаласының негізінде нақты қандай жұмыстар атқаруға болатынын болашақ жоспарларымызды айқындап талқылау мақсатында өзара Ынтымақтастық Меморандумына қол қойғалы отырмыз. Еліміздің ұлан байтақ жері мол қазынаға толы әрі бастау бұлағы десек асыра айт­қандық емес. Ал енді ғана жазылған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында келтірілген деректер мен дәйектер, құндылықтар мен мәдени мұралар ұлтымыздың әлем өркениетіндегі орынын айшықтауға бағытталған ауқымды қадам болды деп ойлаймыз. Мақалада түркі әлемінің генезисі туралы кеңінен қозғалған. Қазақстан Президентінің бастамасымен қайта дүниеге келген «Мәңгілік ел» мұратының да негізгі өзегі – Ұлы дала елін түркі халықтарының ата жұрты ретінде қабылдауға негіздеу, тамыры терең ұлттық мәдениеттің сақталуын және дамуын қамтамасыз ету. Елбасының бастамасымен Қазақстанда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Халықаралық түркі әлемі зерттеулері – түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетінің дамуына, дәуірлер жалғастығына алтын арқау болып келді. Бұған түлектері әлемдік және ұлттық мәдениет пен өнердің алтын қорын құрайтын шығармашылық зиялы қауымын дайындайтын, өзін мойындатқан - қара шаңырақ, Қазақстан Республикасы мен Орталық Азиядағы іргелі жоғары оқу орындарының бірі болып табылатын Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы үлкен үлес қосып келеді, – деп айта келе, – біз Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымы Елбасы көрсетіп берген сара жолмен төл мәдениетімізді әлемнің барлық құрлықтарына таныстыру ісіне белсене араласатынымызды мәлімдейміз. Өнер саласы бойынша алдыңғы қатарлы ұлттық білім беру жүйесін дамыта отырып, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандар шығару ісін бұдан әрі күшейте беретініміз сөзсіз, – деп өз сөзін қорытындылады.

Айман Мұсақожаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, ҚР халық әртісі, профессор:

Мен үшін бүгін айрықша тарихи оқиға. Бүгін Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық – өнер академиясына өзімнің әріптеріммен бірге Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» тарихи мақаласына қолдау білдіруге келгеніме өте бақыттымын. Біз, барлық қазақстандықтар, елім деген ұл-қыздары ұлттық идеяның өмірімізде пайда болғанын қалаған болатынбыз. Біз тәуелсіздік кезеңіне аяқ басқан кезде ойларымыздың бәрі санамызда жаңғырып тұрды. Бұған дейін біздің санамызда қандай ойлар болуы деген сауалдарға жауап іздесек, сонау кеңестер дәуірінен аяқ басқан біздердің бойымызда басқа мемлекеттің идеялары сол дәуірде санамызда тұрғанымен ұлттық сана ойымызда тұрды, қазақ халықының рухын қалай көтереміз деген сауалдар жүрегіміздің түкпірінде сайрап тұрды. Міне, бүгінгі Елбасының алдыңғы жолғы «Ұлттық жаңғыру» мақаласы мен бүгінгі «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары әрбір қазақстандықтардың көкейінен орын алды. Шын мәнінде, бүкіл санамызды ұлттық мәдениетіміз бен тарихымызға бағыттадық. Сонау замандардағы Ұлы дала төсінде пайда болған бабалардан келе жатқан ұлттық мұраларымызды, мәдениетімізді терең тануға жаңа қырынан ұлықтауға және түркі бірлігін бұрынғыдан да күшейтуге жаңа серпін, жаңа жігер берді. Сондықтан «Ұлы даланың жеті қыры» қазақ елі ұрпақтарының рухани санасына әсер ететін маңызды тарихи құжат болып қалатыны сөзсіз. Жасампаз идеямен астасып жатқан мәні бар мақала әсіресе, өнер қауымының шабытына қанат бітіреді деп ойлаймын. Осы жылдар ішінде елімізде мәдениеттің қай саласы болмасын дамып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Біз өмір сүріп отырған жаңа ғасырда жаңа инновациялар арқылы дамытуымыз қажет. Елбасы мақаласында атап айтқандай, дала фольклоры мен музыкасының мың жылы аясында мәдениетіміздің сарын­да­рын­да ше­кара болмайды, сол себепті оны жүйе­лі зерттеп, бүкіл орталық Еу­­разия кеңіс­ті­гі мен барша әлемде дә­ріп­теуге тиіспіз. Әрине, мұндай маңызды міндеттер тек бүгін бір күн ішінде емес, алдағы уақытта рухы биік жастарымыз өне бойы жалғастыруы тиіс. Міне, сол себепті де Құрманғазы ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев және Академияның ректоры Асхат Маемировпен Ынтымақтастық Меморандумына қол қоя отырып, Елбасы мақаласынды міндеттеген Ұлы Дала жобаларының негізінде шығармашылық байланыстар орнату арқылы жүзеге асырамыз деген ниеттемін.

Арман Жүдебаев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері :

Құрметті жиналған қауым, ұстаздар! Біз бүгін бабалардан аманат болып қалған қазақтың киелі өнерін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа жеткізіп отырған Өнердің қара шаңырағына келіп отырмыз. Елбасының тарихи маңызы бар мақаласын талқылауға келіп отырған Сіздерді көргеніме қуаныштымын. Өзеріңізге мәлім, осыдан бір жарым жыл бұрын жариялаған «Рухани жаңғыру» мақаласы қазақ қоғамының руханияты мен мәдениетінің көкжиегін ашқан мақала болды. Ал, бүгінгі жарияланып отырған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлттық мұраларымызды терең тануға серпін беретін үлкен тарихи мәнге ие өсиет болып табылады. Елбасының алдыңғы мақаласында керемет айтқан сөзі бар: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Әсіресе, Ұлы Даланың ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің қайнар бұлағы», – деп атап айтқан жолдары рухани жаңғырудың негізі еліміздің өнері мен мәдениетінің қайнар көзі ұлттық күйлері мен ән-жырларымыз күн сайын санамызда жаңғырып тұруы тиіс. Жүргенов атындағы академиямен және Қазақ ұлттық өнер университетімен бірлесе отырып, Елбасы мақаласының парасатты қағидаттарының негізінде талай-талай шығарамашылық жұмыстарды бірлесе отырып жандандырамыз деген ойдамын.

Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның халық әртісі:

Бүгін Елбасының мақаласына өз үнімді қосуға өздеріңізбен қауышуға келгеніме бақыттымын. Мен үшін бір қуантарлығы бойында ұлттық руханани тәлімі мол жастарымыз өсіп келеді. Кезінде консерваторияны жаңадан бітіріп ел алдына өнер көрсетуді бастаған кезден ақ қазақтың халық әндерін насихаттаудан бастадым. Тіпті қазіргі күнге дейін концерт беру жоспарымда да бар. Студент кезімнен Алматыдағы барлық жоғары оқу орындары аралап жүріп концерт беруден жалықпайтынбыз. Қазір заман жаңарды, білім алу да жаңарды. Сіздер үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Ал, біздің заманымызда консерваторияның қазіргі ғимаратының бір қабатында ғана оқыдық. Сол кезде консерватория бойынша бір ғана фортапиано болды. Сабақ өту үшін болатын барлық студенттер болып кезекке тұратын едік. Осындай өнер мектебінің талай баспалдатардан өткенімді еске алып тұрмын. Онымен қоса заман таршылық болды. Соған қарамастан өнерімізді ұлықтап ешқашан бойымыздағы ұлттық рухымызды түсірмедік.

Енді міне, бүгінгі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы барша жастардың тарихын тереңінен танып біліп, Отансүйгіштік қасиетінің артуына сөзсіз жоғары идеологиялық тәрбие болмақ. Ұлттық құндылықтарымызды тарих арқылы санамызға жаңғырта бастағанымызға ерекше 0уаныштымын. Жастарымыз сонау замандарда Қазақстанның қай түкпірінде болмасын ата-бабаларымыздың тектілігіне тағы да бір көз жеткізетін болды. Елбасы мақаласында жазылған жолдар менің жүрегімді одан сайын нұрландыра бастады. Өйткені тарихымыз бен мәдениетімізді өскелең ұрпақ санасына жеткізу қастерлі міндеттің бірі.

Сәбит Оразбаев, Қазақстанның халық әртісі:

Аса құрметті қазақ халқының болашақтары мен ғұламалары!

Түбіне тіршіліктің тағдры ие,

Тәңірдің құзырында бар дүние

Шындығын қара тасты балқытады

Келгенде қылқобыздың зар күйіне.

Қазақ өмір бақи қылқобыздың үнімен өмір сүріп келе жатқан халықпыз. Мінеки, құдайға шүкір Елбасының мақаласының мәні мен маңызының арқасында маңдайымыз жарқырайтын, қазақ қандай ел болған деген сауалдарға жауап берілетін күн туды. Бұл біз үшін естен кетпес тарихи сәт – жас ұрпақ ғұлама халықымыздың болғанын тағы да терең түсінетін сәт туды!

Ақұштап Бақтыгереева, «Алаш» сыйлығының лауреаты, Батыс Қазақстан облыстық Жазушылар одағының төрайымы, белгілі ақын:

Құрметті Алланың сүйікті, ерекше жүректеріне сезімталдық беріп жаралған жандар отыр деп ойлаймын! Сондықтан да бір бірімізге өте жақынбыз. Сіздермен кездескен мен де бақыттымын! Мынау бір кездегі қазақтың маңдайындағы үлкен университет болды. Студент кезімізде осы жерге келіп Әуезов атындағы әдебиет үйірмесінде өлең оқып өстім. Елбасының бүгінгі терең мағыналы мақаласында, қазақша айтқанда, өлгеніміз тірілді, өшкеніміз қайта жанды тағы да бір. Бұл – біздің ата-бабалар зар кешкен тақырыптар. Мен ақын болған соң Қадыр Мырзалиев айтқандай, қазақтың ғұмыры ұзақ болғанымен, тарихы өте жұқа болды. Енді, міне, тарихымыз байи түсетініне қуанып отырмын. Ен даланың үнін бүгін айтатын кез келді. Ұлттық мұраларды дәріптеуге, жастарды тәрбиелеуге жол ашты. Бұл мақаланы қазақ елінің қолдауы жақсылықтар әкеледі деп сенемін!

Мен ақын болған соң өлеңмен сөйлеймін.

Қазағымның шоқ басқан табаны бірдей болған жақсысы жаманымен,

Бір жаманы сенделіп көне берген, бір жақсысы даланы кезіп.

Бір жақсысы кеңшілік айтып ашқан, күйлері көбік шашқан,

Бір жаманы қыздарын шалға сатып, бір жақсысы сүйгенін алып ашқан.

Талқылауға қатысқан жиында әйгілі өнер қайраткерлері және тағы басқа алматылық зиялы қауым өкілдері Елбасының мақаласы аясында осынау игі бастамаға атсалысу – баршаның қастерлі міндеті екенін және бұл бастамаға қолдау білдіретіндерін жеткізді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: ұлы даланың жеті қыры, #Мақала, Елбасы, меморандум
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар