Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Алатау ақынын қарсы алды

23.04.2018 3523

Алатау ақынын қарсы алды

20 сәуірде «Алатау» сарайында ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Көкек айы – гүлстан» шығармашылық кеші өтті.

Бұл кеш – бұрынғы кештерден ерекше, басқа форматта ұйымдастырылды. Алашқа аты мәшһүр болған адуынды ақындар: Темірхан Медетбек, Жәркен Бөдеш, Исраил Сапарбай, Әбубәкір Қайран т.б. ағаларымыздың сахнаға шығуының өзі Тыныштықбек Әбдікәкімұлына деген құрметін сөзсіз-ақ айтып тұр. Одан кейінгі: Мұрат Шаймаран, Дәулеткерей Кәпұлы, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Ырысбек Дәбей, Қалқаман Сарин сынды ақындар да қалыс қалмай, кеш иесінің өлеңдерін оқып, жиылған қауымның ыстық ықыласына бөленді.


Поэзия кеші туралы көптеген ақын-жазушылар пікір білдіріп, өз әсерімен әлеуметтік желі арқылы бөліскен болатын. Сол пікірлерден үзінді келтірсек:

Думан Рамазан: «Қазақ әдебиетіне құбылыс болып келген, қазақ өлеңін жаңаша түрлендіріп-түлеткен реформатор ақын Тыныштықбек ағамның жыр кеші керемет өтті. Нағыз ақынның жүрек лүпілін, өлең шіркіннің құдіретін сезіндім. Ерекше сезім күйін кештім!..»

Омар Жәлел: «Тыныш ағамның – Тыныштықбек Әбдікәкімұлының кеші. Лық толы зал. Шынайы поэзияға сусаған жұрт. Қалың жауға қасқая шапқан бүгінгінің Қамбары – Тыныш ағам! Қорғағаны бас қамы емес, ол Бес күндік жалғанды жұрттан бұрын түсініп қойған, қорғағаны ит пен құсқа жем болған ата тілі, қазақтың ата дүниетанымы. Сен бұл жолда не көрмедің, аға?! Қатепті қара нардай қара қабырғаңа қадалған оқтарды біртіндеп суырып, қабағыңды шытпай тартып келесің. Сенің, аға, бір-ақ дертің бар – ол қазақтың Ата тілі! Сөйлемесе, сөздің атасы өлетін болғасын бас кетсе де тартына алмайсың».

Қалдыгүл Жаныбаева: «Аңыз бен ертек, бәрі – шын» деген ақынның кеші де аңызға айналып кетері сөзсіз. Көңілге күбір қуаныш, жүрекке жігер қуаныш, сезімге сергек қуаныш сыйлаған кештен алған әсер тым шексіз. «Маxаббат – өмірмен бәсеке, өліммен келісім», – дейді ақын. Сұмдық! Қазақ пәлсапасының, қазақ сөзі мен ойының өрнекті өнерінің салтанатын көрсеткен кеш болды. Ақынның өлеңдерін жылтыр сөзді жаттап үйренген актер емес, Бақыт Беделxан айтпақшы, өлең жолында ақ тері мен көк терін төгіп жүрген аға буын, орта буын, кенже буын ақындар оқып, салмақты ойдың сырын аша түсті. Жүргізуші Беделxанның сыйлаған «поэзия қалпағын» басына бастыра киген Тыныш аға: «Бұл бас мұндай салмақты көтере алар ма екен?!», – деген еді. Бір ғажабы, алғашында ақынның жүзін жасырып, көзін көлеңкелей қалған қалпақ ақын өлеңін оқып тұрғанда, өзінен өзі шалқалай барып, шалқу орнын тапқандай болды. Сезімтал сөз бен салмақты ойдың бейнесін байқампаз Мұрат Мұxтарұлы Әуез кештен кейін: «Бұл – қарапайым қалпақ емес, бұл поэзия тәжі! Ал менің Тыныш бауырым ондай салмақты да әбден көтере алатын ақын!», – деп қорытындылады. Тәжіңіз құтты болсын, ақын аға! Аса құрметпен, қатардағы алдияр оқырманыңыз!

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: тыныштықбек әбдікәкімұлы, көкек айы гүлстан, поэзия кеші, ақын
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар