Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Төлеген МЕЛЛАТ. Өрісті ауылында

26.01.2018 1472

Төлеген МЕЛЛАТ. Өрісті ауылында

(Әңгіме)

Орманның есі кіресілі-шығасылы болып жүргеніне жылдан асты. Бірнеше күн бұрын үш бөлмелі үйін әлдекімдерге жалға беріп, өзі аула шетіндегі шағын зат қоймасына көшіп шыққанын әзер елестетті. Оның өзінде кімдерге бергенін, не үшін, қанша сомаға келіскенін де есіне түсіре алмады. Шағын бөлменің зат қоярлықтай келістігі де жоқ. Тым тар болғанынан бөлек, қаусап, кетеуі кеткен. Сылағы құлап, қамысы көрініп қалған қабырғалары шұбарланып, мынау бір мазасыз ауыл торғайларының жұмыртқасына көбірек ұқсап қалған. Мұнда қоярлық зат та Орманда болған емес. Көбіне ауыл үйлерінің мұндай қалтқы, қуыстарына азды-көпті құрал-саймандар мен жарамды-жарамсыз ескі дүниелері жиналып тұратын. Орман үшін сол басы артық қоқыстардың жоқтығы да ыңғайлы болған сыңайлы. Жалға алушылар мұның құрастырмалы темір кереуетін жамылғы, төсеніш көрпелерімен қоса осында көшіріп берген. Оның үстіне Орманның қалауы да сол ғана болса керек.

Оның басы зеңіп, тұла бойын діріл басты. Жүрек қағысы жиілеп, мазасыздана бастады. Зат қоймасынан сүйретіле шығып, «Көмектесіңдер!»-дегенді зорға айтты. Кеудесі сырылдап, дауысы қарлыға бәсең шықты. Жалға алушылардың бірінің құлағы шалып қалса керек, жүгіріп тысқа шыққан ол Орманның қасына жылдам жетіп келді де, оны қолтықтап сүйей түрғызып, есік алдына қарай демеп әкелді. Іле-шала үйден төрт-бес кісі шықты. Соңынала шыққан біреуі кері бұрылып, орындық ала келді де, оны сол биіктеу арқалы орындыққа отырғызды. Мұнан кейін де үйден әлде неше адам шығып, Орманды жағалай қаумалап тұра қалысты. Бірнеше әйел мен жас қыздар күңкілдесе аула жаққа қарай ығыса берді.

- Тәуірсіз бе? - деді орта жастардағы еркек Орманға жақындай түсіп. Шашы сонша ұзын болмағанымен, жапырықтау құлағын жартысына дейін жауып тұр. Сақал-мұртын пышақ сыртынан қалқындырақ етіп қырмалап, басыпты.

- Сендер кімсіңдер өзі? - деді Орман. Бұл сұрағын ол бұған дейін де бірнеше мәрте қайталаған. Аула ішінде дөп келгенінің бәрі бұған жауап беріп те түсіндіріп те көрген. Әнтек Орманның ұмытшақтығы мен ішкілікке салынуы олардың бұл жауаптары мен түсіндірмелерін есінде тұрақтатпаған. Жалға алушылардың қайсысы болсын бұған кезекті мәрте түсіндіргенінде, ол дұрыс қабылдайтын. «Иә, жөн» деумен тоқтап, жайына жүре беретін. Бұларды мазалаған да, шаруаларына кедергі жасаған да емес.

- Таза ауа жұтып, күн шуақтап кішкене отырыңыз, сонда тәуір болып қаласыз, - деді екінші қырма сақал, Орманның сұрағына жауап беріп болып. Іле-шала шеттеу тұрған жас жігітке қарап иек қақты. Анау лып етіп үйге кіріп кетті де, жарты құмыра жүзім шарабы мен бірнеше кесе алып шықты. «біреуі де жеткілікті» дегендей қырма сақал жас жігітке көз аларта бір қарады да, кеселердің біріне толтыра шарап құйып, Орманға ұсынды. Орман іркілген жоқ, қолына алған кесесі сәл шайқалып, шарап бетіне болымсыз діріл жүре берген бетте сіміре салды. Тынысын терең тартып, жағын томпайта үрлеп, бір күрсініп алды. Бір елідей тебіндеп өскен қою сақалы мен ернінің жиегін жасыра сапсиып кеткен ретсіз мұрттарында шараптың жұғындысы мен бірнеше қызыл тамшылар қалды. Екінші қырма сақал шарап құтысын Орманның алдына таман сырып қойды да, еппен бойын тіктеп, артқа бір-екі қадам шегініп тұрды. Өзгелер де жаймен жылжып, аулаға, үйге, қақпа жаққа қарап бір-екіден тарап кетісті. Орман екінші кесені өзі құйып ішті. «Кімдерміз деді?» - деп күбірлеп, арқалыққа сүйенді. Өн-бойының дірілі азайып, ентігі басылғандай болды. Көзін жұмып, баяу шалқайды.

Мызғап кеткен Орман көзін ашқанда аула іші абыр-сабыр болып жатты. Жалға алушылар мен ауыл тұрғындары аралас бір қауым жұрт әр жерде топтасып, біреулері мұның алдынан оңды-солды өтіп жатыр. Қақпа мен дуал маңына, клет пен үйдің іргесіне, тағы бірнеше жерге камералар мен аппараттар қойылыпты. Есік алдында үлкен қырма сақал мен ауыл әкімі сөйлесіп тұр. Әкім иегін көтеріп, қолын ишаралаған бетте бұларға хатшы Мониса жүгіріп келіп, кетеді. Анадайда Орманның құрдастары Темір мен Қалқа жалға алушылардың бірнешеуімен даурығысып, әлденелерді талқылап жатыр. Орман недәуір сергіп, аула ішінің қызу тірлігін бақылауға көшті. Үлкен үйі мен зат қоймасына кезек қарап, әп сәтте бейтаныс ортаға кез болғандай кірпігін жиілете бірнеше рет қағып жіберді. Үлкен үйінің тысын ағартып, ағаш жақтаулары мен дөдегелерін сырлап, кіре берістегі қалтқы мен лапастың тіреулерін көкпеңбек түске бояп, есік-терезелерді жарқырата сүртіп, тіпті есік алдына қызылды-жасылды төсеніш кірпіштер төсеп, зат қоймасының қабырғаларын әлде қандай бір жабындылармен бүтіндеп, ақбоз үйдей сәндеген, оған барар жолға асфальт төсеп үлгерген тылсым өзгеріске аңтарыла қалып, орнынан жылдам тұрды. Оң алақанымен екі көзін кезек уқалап, әкім Заур мен үлкен қырма сақалға жақындады. «Хәлің қалай?» - деп ана екеуі бұған қарай бір-екі аттап амандасты.

  • Менің үйіме қалайша бұлай... - дей бере:
  • Саспа, Орман! бәрі орнында деді, - әкім.
  • Мен түс көріп тұрмын ғой сонда?
  • Жоға, бұл өңің, бұл-шындық, Сен өз үйіңдесің, біз сенің үйіңді жалға алғанбыз.
  • А, е-е-е, түсіндім!
  • Ендеше бар, анау шағын үйіңді де реттестіріп қойдық.

Орман басын изеп, қоймаға беттеп бара жатып, кері бұрылды да, Арқалы орындықтың сирағына сүйеулі қалған жүзім шарабының құтысын ала кетті.

Ертеңіне Орман ерте оянды. Сылтымасы бар оң аяғының тізе тұсы сыздап ауырғандай болғанымен, өзін сергек сезінді. Басын көтеріп аз отырды. Кереуетінің созылмалы төсеніші қарынша салбырап, ортасында отырған оның жамбасы жерге тиердей майысып тоқтады. Тысқа шығып, есіней керіліп алған ол, кереуетін түзеп алмаққа ауладан бірнеше жалпақ ағаш әкеліп, астына төседі. Артынша отырып, жатып көріп еді, әжептәуір ыңғайлы төсек болып қалды. Көңілі жайланып, алақандарын айқастыра басына төсеп, сүт пісірімдей уақыт шалқалап жатты. Кешегі жарты құты жүзім шарабынан өзге бұл бір күн ішінде татып алмаған-тұғын. Сонысынан да кеше-бүгінгі ақылы орнында. Есін де жоғалтпаған. Тысқа шығып тағы да есік алдында есіней керіліп алды. Аула жым-жырт. Үлкен үй жақ тыныш. Жалға алушылар әлі де болса ұйқыда. Ол бір-екі басып, қол-аяғын сермеп қимыл жасап еді, табандары сыртылдап, сүйретпесі дымданып, балтырына, тізесіне дейін су шашырағандай болды. Енді қараса, ауланың бұл тұсындағы хам кесектер мен топырақ үйіндісінің орнына шым төселіп, жасыл алаңқайға айналыпты. Одан әрмен дуалды жағалай жеміс ағаштары мен жапырағын жайған тал-теректер ретті отырғызылыпты. Биіктігі адам бойынан асып тұр. Қақпаның кіре берісіне, үлкен үйдің алды мен оң жақ іргесіне түгелдей бағанды шырақтар орнатылып, алаң ортасына үстел мен тербелмелі орындықтар жайғасыпты. Ол тербелмелі орындыққа келіп отырды.

Қараңғылық енді ғана сетінеп, айнала біртіндеп бозара бастаған. Баяу ескен таң самалы жаздың жадыратар жағымды иісін кеңсірікке әкеледі. Ағаш арасынан, бағаналар басынан құйқылжыта сайраған таң торғайларының үні естіледі. Күншығыс аспанға жабылған жұқа пердедей ақ шағыр бұлттар көшіп, тартылған су жиегіндегі бұйра құмдар іспетті ирелеңдей, шұбатылып жылжиды. Орман көзін сығырайта жоғары қарады. Соңғы рет аспан жаққа қашан көз салғаны есінде жоқ. «Бүкір болып қалған жоқпын ба?» - деп ойлады. Енді келіп өзінің ойланып отырғанына таңданды. Ол өзін ойлана алмайтын адаммын деп қарайды. Тіпті олай емес деген күннің өзінде ойланудан шығатын нәтиже жоқ деп есептейді. Оның үстіне жеке басы үшін алғанда уақыт дегеннің жоққа барабар нәрсе болғанын есепке алу керек. Қала берді жыламайтын адам екені тағы бар. Ол «өлімнен қорқатындар ғана жылайды» деп санайды. «Еш нәрсе ойламасаң өлімнің де қорқынышы түкке тұрғысыз болмай ма?!» дейтін. Үш баласы мен әйелі қайтыс болған күні көлік рөлінде өзінің болғанын, өлімнен қорықпайтындығынан аман қалғанын әркімге бір айтатын. Көлік академиясын бітірген дипломын, жоғары санатты жүргізуші куәлігін үнемі жұртқа мақтанышпен көрсететін. Әкімдікке кандидат ретінде ұсынылған күні ойламаған жол апатының салдарынан бағы тайғанын да жиі сөз ететін. Ол тіпті бірнеше рет әкім Заурдың кеңсесіне баса көктеп кіріп, орнын босатуын талап еткен. Әкімнің Өрісті тұрғындары үшін қолының ұшын да қыбырлатпағанын сынға алған. Енді қараса, бұл қылығы күл тарпыған танадай-ақ құр қоқилану болған сынды. Пәтер жалдаушылардың ауылға дейін келуінің сыры да мұнда тың өзгерістердің барынан дерек бермей ме.

Тербелмелі орындық оған жайсыз сезіле бастады. Басы айналып кеткендей болды. Есік алдында әкім Заур және құрдастары Темір мен Қалқа пайда болды. Орман аяқтарын көсілтіп тербелмелі орындыққа жантайып жатпаққа ыңғайланды. Онсыз да жұртпен әңгімеге құлықсыз болып қалған. Кереуетін оңдап алғанындағыдай алақандарын айқастыра шүйдесіне жастап, шалқалап жатты. Үйдегілер де шығып, адам көбейіп, абыр-сабыр тағы басталып кетті. Ауладағылардың дыбысы жел ұшырғандай үзіліп, талып, барды-жоқты естіліп тұрды: «...Бұл ауылымыздың әкімі Әли мырза, есімі сіздердің тілмен де жеңіл айтылады... ағылшын тілін Австралиялық нұсқасында сөйлей алмағаныма ғапу өтінемін... шетелдік инвесторлар... үшінші көшедегі пицца дүкені... хатшы Айжан... Лағман патшалығы... жүз елу пайыз жұмыспен қамту... КВН жұлдыздары шығуда... насыбаймен күрес акциясы... жиырма екінші ғасыр стратегиясы... жүз мың шаршы метрлік жабық қора... Ұлы отан соғысы ардагерлеріне арналған сырғанау алаңы... кадр... стоп...».

Орман оң жамбасына аунап түсті. «Үзіліс» деп айхайлаған жас жігіттің дауысынан кейін аула іші тыншығандай болды. Барлығы дерлік үйге кіріп кетті. Біреу мұны түртіп оятты. Орман: «Қалғып кетіппін», - деді. Әкім Заур мен учаскелік полиция жетекшісі келіп тұр екен.

  • Тәуірмісің Орман!?
  • Хәлің қалай, аға? - деді полиция жетекшісі. Орман басын изеп, теріс қарап жатты. Әкім мен полиция жетекшісі бұдан төрт-бес метр жерге барып, жасыл алаңқайға жүрелей отырып, әңгімелерін жалғады.
  • Біздің ауылда 2421 адам.
  • Бір жеті бұрын бір отбасы қосылды. 2428 болды, - деді полиция жетекшісі.
  • Олар жайлы анықтадың ба?
  • Олар енді ғана көшіп келді, дегенмен менің көмекшімде бұлар туралы біраз мәліметтер бар.

Полиция жетекшісі тұрғындардың аты-жөні, мекен-жайы, мал саны, тіпті тауық, ит, мысығына дейін анықталған тізімді әкімнің қолындағы деректермен салыстырды. Әкімдегі мәліметтер соңына екі бағанға бөліне 1900, 521 сандары жазылса, жетекшіде 1901, 520 деп көрсетілген. Соңғы сандар туралы олар біраз айтысты. Кезектесе сөз қайтарысқанымен, әкім Заурдың жүзінен реніш білінбеді. Ара кідік рахаттана күлді. Ауаша отырғандарына қарамастан олар тым бәсең үнмен сөйлесті.

  • Қалай дегенмен Орманның есі дұрыс екеніне күмәнім жоқ, бүлдірген ештеңесін көрмедім, сотталған да емес. Мыналардың санатына қоспасақ та болады, - деді жетекші.
  • Есін жоғалтпады дегенмен, ұмытшақтығының өзі де тізімнен сызуға келмейтіндігіне анық негіз. Кешегісін бүгін ұмытады.
  • Әдейі жасайтын болса керек, онысынан ұпайы бүтінделетін кездері де жоқ емес.
  • Қайдам?!
  • Әйтседе оны тізімнің басынан түсіруге болмайды.

Бұған екеуі де бас шұлғи келісті. Қол алысты.

Бұлардың қасына жылтың етіп Боран келе қалды.

  • Тәліптің құлағы естіп кетіпті, - деді отырар-отырмастан.
  • Ол ертеден керең сияқты еді ғой.

Әкім шылымын тұтатты.

  • Он бес жылдан бері естімейді. Аз күннің алдында алыстан көшіп келген нағашысының ұлы оны қалаға апарып, емдетіп келіпті. «Құлағына күс қатып қалған», депті отыз жыл трактордан түспеген неме құлағын бір тазалап қоймаған ғой, - деп қарқылдай күлді. Әкім мен полиция жетекшісі де күлкіден жарыла жаздады. Етпеттеген бетте ішегі түйілермен болған жетекшінің үні қыстыға шығып: - «Нағашысы сол жақында көшіп келген», - дегенді зорға айтты. Әкім тұншығып қалды. Қақалып-жөтеліп қолындағы шылымын мыжғалап әзер өшірді. Азырақ үнсіздік орнап еді, тербелмелі орындықтағы Орманның да бүйірі бүлкілдеп күліп жатқаны естілді. Жетекші мен Боран оған қосыла тағы сықылықтай бергенде әкім тіл қатты.
  • Тағы не айтарың бар?
  • Жәй, басқа айтар жоқ, шаршап отырғандарыңызда бір сергіп қалсын деп бұрылғаным. Айтпақшы сіздің «Найзаңызға» жаным ашиды, жұмысбастылығыңыздан бабын қараусыз қалдырғансыз!
  • Тағы жеңілді ме?
  • Наубектің «Қасқасы» жамбасынан бір тістегенде-ақ бүріп жіберді, қашқалақтай үріп алаң шетіне ығысып кетті. Көмекшіңіз оны қайта айтақтамастан байлап алды.
  • Соны саған тапсырсам ба деймін, Боран! Апта соңына қарай маған жолығарсың!?
  • Құп, болады!

Боран кетуге ыңғайланып орнынан тұрды. Екі-үш қадам аттай беріп, артқа мойын бұрды да, «Тәліп мүгедек есебінде жәрдем ақы алады», - дегенді айтып жүре берді. Полиция жетекшісі үнсіз қалды. Әкім де басын шеңбектеп, бетін уқалап біраз отырды.

  • «Найзаның» жайы мені қатты алаңдатады, - деп күрсінді әкім, - «ит иесіне тартады» деген бекер ме қалай, ауыл ішінен аса алмай жүргені мынау?!
  • Соны деймін, сонша қымбатқа алғаныңызда Сасканың «Жамбасы» құрлы болмады. Облыстық чемпионаттарда топ жарып жүрген сонысын осының құнына алған жоқ па!
  • Мен де сатып жіберсем бе екен?
  • О жағын өзіңіз білесіз, Боранға табыстап бір көріңіз, бәлкім бағын сол ашатын шығар.

Есіктен хатшы Мониса шығып, бұларды тамаққа шақырды. Тербелмелі орындықта құнысып жатқан Орманды ертіп, үшеуі үйге кірді. Кезекпен тамақтанып болған соң түсіру тобы кезекті жұмысқа көшті. Бұл жолы сыртқа шығатын болса керек, аппарат-құрылғыларын, киім-кешек, керек-жарақтарының денін қақпа сыртына тасып, көлікке тиеп жатты. Орман есік алдында сәл аялдап, ауаша бөлмесіне беттей беріп еді, орта жастардағы қырма сақал келіп, одан өздерімен бірге жүруін өтінді. «Сыртқа шығып сергіп қайтыңыз, естуімше қарсыдағы дүкеннен өзгеге ұзап шықпағаныңызға көп болыпты» - деді. Жеңінен бір құты жүзім шарабын сырғыта беріп, Орманның аузы ақтарылып тұрған қалтасын кері итере сүңгітіп жіберді. Құтыны сыртынан жеңіл басып қойған Орман, оң жамбасын сипалай аз кідіріп тұрды да, бұларға ілесе қақпаға беттеді. Қақпа сыртында бірнеше қызметтік көлік, жеңіл машиналар мен шағын автобус тізіліп тұр. Автобустың алдыңғы терезесіне «Орысты» деп жазылған қағаз жапсырылыпты. «Дұрыс емес», - деді Орман күбірлеп. Оның көзі «Ористы» деп жазылуына үйренген. «Ежелден солай, қала мен ауыл арасына жүретін жалғыз автобусқа да солай жазылады, “Аристы” деп айтылады, дәлел керек болса ауданның шағын картасында да солай жазылған. Мен оны әкімнің кеңсесінен көргем. Оның үстіне біздің ауылда бұрын-соңды бірде бір орыс болған емес, ал мынаусы “Орыстарға тола” деп тұрған жоқ па?!» - деді міңгірлеп. Мұнысын ешкім елеген жоқ. Өзі де тақауырлап ешкімге айтпады. Керек-жарақ тиеліп, барлығы жайғасып болған тұста көліктер шұбыра жылжи жөнелді. Орман үлкен қырма сақалмен бірге жеңіл көлікке отырды.

Түстен кейінгі «Саяхат» ұзаққа созылды. Орман үшін бұл күннің мағыналы болғаны соншалық, тіпті айықпас әсер мен тебіреністен көз жасына ерік берді. Әр барған жерлерінде Өрістінің ерекше өзгерісі мен бетбұрысына таңырқаумен болды. Ауыл әкімшілігінің ғимаратын алыстан көргенде-ақ қуанып сала берді. Бастабында оны жаңа бой көтерген мешіт пе деп ойлап, артынша сәулетті театр ғимаратына ұқсатты. Бір өкінерлігі жалға алушылар мен әкім бастаған топ онда бармастан, шараны «Гүл Орталық» тойханасының алдында өткізді. Ауыл емханасына барғанда ондағы дәрігерлер Орманды ерекше құрылғыға жатқызып, аяғының сыздап ауыратын тұсына ғажайып сұйықтық тамызып берді. Дәрігерлер оның Жапониядан әкелінген әмбебап дәрі екенін де тәптіштеп түсіндірді, және ол үшін бір тиын да сұраған жоқ. Орман жол жөндеу мен қора салу жұмыстарының да қызу жүріп жатқандығына куә болды. Ауыл сыртындағы шағын көлшіктен құрдастары Темір мен Қалқаның жайын аулағанын көргенде шыдай алмай айқайлап жіберді. Оның есіне Боранның екі келі тартатын балық ұстап алғанын ауыл болып әңгіме етіскені түсті. Бұлардан бөлек жол бойы көлікте өзімен бірге отырған Темір мен Қалқаның әңгімелерінен де терең өзгерістерді байқады. Екеуі бір-біріне ықыласты сөйлейді, әуелі көлік рөліндегі жас жігітке ойнап тұрған әуенді өшіртіп тастады. Әңгімелеріне кедергі келтірмесін десе керек. Көбіне Темір сұрақ қойып, Қалқа жауап беріп отыр.

  • Құмғанмен дәрет алғанда құмғанға суды қаншалық құйып бару керек?

Қалқа оның жауыбын Орман атын естімеген біреуден сұрап көруге кеңес берді.

  • Мәсінің сыртынан мәсіх тартып болған соң мәсімді мысық басып кетсе дәретім бұзыла ма?

Қалқа мұның да жауабын сол адамнан сұрау керектігін айтты. Бұдан әрмен олар пітір садақаны мешіт басшылығының кімдерге бергенін де бас қатыра талқылады. Әлдеқандай аспан мен онда тұратын тылсым біреу туралы сөз етісті. Орман өзінің таңда аспанға қарағанын есіне алып, әңгімелеріне ортақтасқысы келді де, тартынып қалды. Онсыз да екеуінің өзіне пейілді емесін сезінсе керек.

Осының бәрін ол көлікте отырып тамашалады. Қырма сақал берген жүзім шарабы күн ұзаққа бойын балқытты. Үйге қайтып оралғанда ол екі құмыра жүзім шарабын тақа тауысқан еді.

Бұл күні бәріне шексіз риза болды. Әкім Заурды толық қанды мойындады. Оны кісілігі мен іскерлігін айтып тауысқысыз адам деп санады. Әкім мен ауылын хал-қадірінше бағалап, нәсихаттай білген жалға алушыларға да айрықша құрметін жариялады. Оларды “Тілектестік” деген ұғымды ешқашан ұмытпаған адамдар деп атап, кеудесін кернеген ризашылық сезімін бас бармағын көрсетуімен бейнелеп берді. Ол және «Қақым бар», деген сөзді қолдануға сонша әуес болмау керек, әйтеуір бірдеңе айту үшін ғана сөйлеудің керегі шамалы», - деп түйді. Міне бұл оның дер шағындағы қайталанбас биік ойы мен шын түйсігі еді.

Осыдан кейінгі күндерде Орман аула ішінде болды. Қарсыдағы дүкенге де бармады. Керектің бәрі табылып тұрды. Жалға алушылар оны екінші қайта сыртқа алып шықпады. Бұл да өтініш білдірмеді.

Жалға алушылар қайтатын күні түске дейін Орман үйінен шыққан жоқ. Керек-жарақ тиеген жүк көлігі мен шағын автобус кезектесе сигнал басып қақпа алдынан жылжи берген тұста, зат қоймасының есігі баяу ашылып, ауыр хәлдегі Орман етпеттей есіктен шықты. Сәлден кейін жұлып алынған тіреулерінің шұңқыры үңірейіп қалған тербелмелі орындықтың орнында, үсті-басын шаң басқан ол қимылсыз отырды.

2017 жыл. Қазан.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: беру, жалға, ішімдік, ауылы, Өрісті, Меллат, Төлеген, Өрістіауылында
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар