Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Дәурен Айманбетов: Адамдардың бәрі аяулы

02.11.2017 2056

Дәурен Айманбетов: Адамдардың бәрі аяулы

Аяулы адам

Селкеу түссе сенімге бір,
Күй кешеді көңіл небір.
"Адамдардың бәрі – аяулы,
Надандарсыз", – дедің бе өмір?

Дедің бе өмір, құрамы тек,
Мейірімнен тұрады деп?
Аяулы адам – гүл секілді,
Кім көрінген жұлады кеп.

Жігеріңді оят көркем,
Тағдыр кімді аяпты, еркем?
Ақ қар-дағы, заңдылық қой,
Тапталары аяққа ертең.

Жаның күйіп жатса алаңдар,
Бой көрсетпес бәтшағарлар.
Қайғы көрсең, ортақтасар,
Кеміп жатыр жақсы адамдар?

Өкпелеймін бекер, дәйім,
Ұғар кім бар бөтен жайын?
Жақсы адамдар болып жатса,
Беріңдерші мекен-жайын,
Адамдар!

Аялдамада

Көңілде ешбір әлденедей жоқ кірбің,
Аялдама астында үнсіз көп тұрдым.
Қай автобус күткенімді білмеймін,
Қай жақтарға кеп тұрғанын кеткімнің.

Бірі кетіп, бірі келіп бір жақтан,
Қолдарында әрбірінің бір заттан.
Сағат сұрай қалсаң жауап берместей,
Бәрінің де көкірегі зіл батпан.

Орыс келді мойнына асып мысығын,
Кәріс келді қойнына сап күшігін.
Аялдама мал мен жанды бөлмейді,
Қазақ келді сүйреп титтей үш ұлын.

Жолды кесіп барады бір мас бері,
Жол патрулі тоқтай қалды - аш бөрі.
Масханада қонақ етер кімі бар,
Есін жинап, мас ағайдың қашты өңі.

Такси ұстап, бір ару тұр көрікті,
Менсінбестен қайтарды ескі көлікті.
Ханзадасын күткендейін етегі,
Желп-желп етіп, күллі еркекті елітті.

Қанша тұрдым, зерттеп елді, білмеймін,
Өзіме іштей үйге қарай "жүр!" деймін.
Неше автобус өтті қысып көздерін,
Жаяу кеттім, теңгем біткен, мінбеймін!

Бола ма?..



Ақты - қара, қараны - ақ деп тануға,
Бола ма екен аққа күйе жағуға?
Бола ма екен қараны ақтап алуға?
Болады екен.
Ар сондықтан налуда.

Қазiр менiң iшiм толы наз, өкпе,
Осы бiзге шындық заты қажет пе?
Өтiрiктi жұқтыртыпты кей арна,
Жұқтыртыпты анау тәуiр газет те.

Шындық шықса өтiрiктiң жағына,
Ақ, Қара ма, қалмайды ғой мағына.
Жұғып кетiп жүрмесе екен сол iндет,
Бiр күндерi менiң ғазиз жаныма!

Асық жайлы


Ауыл жақты отырмын, досым, ойлап,
Тартып кетер едім-ай осы бойда-ақ.
Жиып қойып қаланың шаруасын,
Балалармен жүретін асық ойнап.

Ертіп алып бір-екі жолдасымды,
Топыраққа малып-ап қол-басымды,
Ауыл жаққа кетер ме-ем сақамды алып,
Құйып алып ішіне қорғасынды.

Қалада үнем жатады соттасып ел,
Жүргендеймін адасып жақта осы мен.
Атам да жоқ ауылда мені күткен,
Асық аршып отырар шаппасымен.

Асық атқан алаңсыз бал шағым-ай,
Уақытты артқа біреу кеп, қалса бұрай.
Асық көрсем, бұл кеуде, неге екенін,
Ауылға ауып тұрады аңсары ұдай.

Бұл қаланың ақшалы көп қулары,
Талай қудан жеңіліп, кеттім ары.
Надан көрсем алыстан адамға үрген,
Сақа болып атылғым кеп тұрады.

Адал болып қалу да қиын міндет,
«Арам» көріп нешеме күйіндім көп,
Қорғансыз боп қорланған кей асыққа,
Қорғасын боп салмақты құйылғым кеп...

Таға берсем қалаға мін көп өте,
Жақсылары жоқ емес құрмет етер.
Құлжа болар, ауылда емеспіз ғой,
Сақа болу қалада міндет екен.

Болмасты айтып таппаспын ашына түк,
Көп сөйлеуді тұрғам жоқ осы ұнатып.
Өмір атты ойынды қоя тұрып,
Ойнайық кел, кішкене асық атып.

Әдемі-әдемі...

Әдемі-әдемі түстердей тартымды,
Нұр болып төбеден түскендей жарқыл-ды.
Алтынға ұқсатам көз тартар, жо-жо-жоқ,
Керісінше, мен оған ұқсатам алтынды.

Керімсал найқалған, жарасқан сырбаздық,
Сүйкімді, ерекше қылық бар бір наздық.
Жүректі жаулайды, тілекті баурайды,
Көгімді жаз етіп, көңілімді жүр мәз ғып.

Жаратқан не деген шебер-ед, өнерлі-ед,
Бір мінсіз жасаған сұлу ғып мәнерлеп.
Жұмақтан әдейі біздерді таң қылып,
Бір күштің барын ол келгендей дәлелдеп.

Ия, сөзсіз, еріксіз қақтырды таңдайды,
Дидары теңеусіз, бітімі қандай-ды.
Ибалы, әдепті, иманы жетерлік,
Кіршіксіз ондайды сүймеуге болмайды.

Ұнатып талайды, пәленді-түгенді,
Мың ғашық болыппын, Шын ғашықпын енді.
Ал қызыл жұпарлы гүлдерден тоқылған,
Жүректің төріне төседім кілемді.
Келе ме?...

Бiлмеймiн...

Бiлмеймiн түстiм селсоқ күйге нендей,
Шыбын жан қалды неге күйбелеңдей.
О тоба, мен тағы да ғашықпын ба,
Бiр сезiм шақырып тұр сүй дегендей.

Сезiмнiң сиқыры арбап қойған ба шын,
Қайран бас қалайша ендi айналмасын.
Көз алдым құбылжыған гүл-гүл әлем,
Кiлемдей қызыл-сары жайған жасыл.

Көрмейтiн жан-ем сүю межесiн мен,
Айырды-ау бұл ғашықтық тез есiмнен.
Масайып алған сынды шарап iшiп,
Неге екен барам айнып өз осьiмнен.

Берiлiп қала берем ерсi мұңға,
Мәжнүн боп кеттiм бе екен мен шынында?
Сағымдай қолды бұлғай бергенiңше,
Бағымдай селсоқтырмай келшi мұнда!

Ар жайлы өлең


А. Қалшабекке



«Тынысы бар-ды – інісі бардың!»
Бірісің, Аға - ірісі нардың!
Ұмытсам кейде бағасын ардың,
Үнсіздікпен-ақ ұрысып алдың.

Сабырдың кейде сабын ұстарда,
Жүзіне тиіп жаңылыссам да.
Жоғалмас көрдің алтындай құным
Түссе де төмен сары мыстан да.

Жаным бар,
киген адамның тәнін,
Арым бар сүйген адалдың жанын.
Неліктен бүгін түсуде басым,
Жақсылықтарымнан жамандықтарым?

Жандары жайсаң дос деген көп-тін,
Ренжітіп талай не істеген жоқпын.
Мойындар Ер-ем қатені лезде,
Тәубеме, құрғыр, кеш келер боппын.

Қасиетіне көп келсем кей гүлдің,
Қасіретіме ме, көк шөптей жұлдым.
Мені де біреу Аға деп жүр-ау,
Ағалық, бірақ, корсетпей жүрмін.

«Жиярмыз есті балалы болсақ»,
-Деп едім, сосын- «болады жансақ».
Отызға келіп орда бұзарда,
Жиырманың жүрмін жамалын аңсап.

Кешірмес ешкім «Мен!» дегендерді,
Қызық қуып тек дөңгеленгенді.
Ақын боп елге бермедім ақыл,
Өлеңнен басқа берген ем немді?

Өшпейтін үн бар, жүректе аяулы үн,
Жаңылсам, Анам шыр етті-ай ау мың.
Анамның сүтін ақтамай жатып,
Баламнан мейір тілеп қоямын.

Тамшы нәр бөлмей әндетіп келдім,
Балығын қойдым шөлдетіп көлдің.
Есіріп кетсем есімді жиғыз,
Негізінде мен ер жетіп болдым.

Жол бермей енді лас пиғылдарға,
Тартайын ардың таспиғын онда.
Ақынның нағыз ақындығы тек,
Арында екен-ау, басты идім арға!

Бәрі де сен жайлы



Сан түрлі түс көрем бір түнде,
Сан түрлі жыр терем бір күнде.
Бәрі де сен жайлы, құдай-ау,
Дауа жоқ сағыныш шіркінге.

Сен жайлы бәрі де, сен жайлы,
Сал жаным сені аңсап қол жайды.
Уайымдап өзіңді алыстан,
Көңілім әрнені болжайды.

Қайдасың, жаным-ау, белгі бер,
Жоқсың ғой жерлерде мен білер.
Ауа емес тынысым – сен екен,
Тарылып барамын дем жібер.

Болса да бұлақтар өңге мың,
Қуаңдап, өзіңе шөлдедім.
Тіршілік көзі – су біреуге,
Мен үшін тіршілік сен бе едің?

Парақтар жыртылған үстелде,
Ұйқы жоқ, мұңайған құс пенде.
Сән кетті жырдан да көп жаза,
Нәр кетті көп көре түстен де.

Түс көрем сен жайлы бүгін де,
Жазумен өтті бұл күнім де.
Сен мені жоғалтып жүрмеші,
Себебі іздейсің түбінде.

***

Көрмегем сәтiн бұлай жылаған,
Бақыттан-дағы жылайды ма адам?
Жақыным емес, жатым да болсын,
Бақытты адамдар ұнайды маған!

Күлсе ғой, шiркiн, шынайы-ақ адам,
Жымиса Ол жалған,
шын ая, ғалам!
Жақыным емес, жатым да болсын,
"Бақытсыз" көрсем мұңая қалам!

Жымиса жалған - бұлдырай бөтен,
"Бақытсыз" санап, тұнжырай кетем.
Бақытсыз жандар жымиып жалған,
Бақытты жандар шын жылайды екен!

...соны ұқтым

***

Өсек-аяңнан аман жүр едім,
Сөздерден ерген жаман жүдедім.
Бір-ақ қаңқу сөз жетеді екен ғой,
Ауырту үшін адам жүрегін.

Тапталып сосын көкке ұлып кетем,
Ақталып елге кек қуып нетем?
Өшігу үшін замандасыңа,
Ғайбат сөйлегені жеткілікті екен,

Жарылып кейде кетесің жаздап,
Шешеден сыбап, әкесін қозғап...
Заңға да бір күн демалыс болса,
Алатұғын бір, кек, өшімді аздап.

Өсекші жанға кім ерсін ездік,
Сыртымнан іштей күлерсің, сездік.
Маған біреуді өсектей көрме,
Мені де бір күн жүрерсің сөз қып.

Ғайбат көлінде, ей, інім жүзген,
Сен де аулақ "қатын", пейілің бізден!
Мейірімсіз боп кетіп барамын,
Соғысам деп сан мейірімсізбен.

Сабыр!

Жұмбақ қыздан хат келгенде

Хат жолдапты бiр жұмбақ қыз жақында.
Көшесiне пәленшенiң атында,
Кездесуге келуiмдi сұрапты,
Хатында.

Нақты айтпаған. Ұнатқаны белгiлi.
Күн сәрсенбi. Күтiп жүрмiн сенбiнi.
Асығыспын көктен жұлдыз жауардай,
Сол күнi.

Кездескiсi келген мына бiзбенен,
Қандай сұлу екен сонша iздеген?
Кездесуге бармағалы көп болған,
Қызбенен.

Уақыт, шiркiн, тоқтап қалар мұндайда,
Уағдаласқан көрiсер күн жүр қайда?
Хатын ашсам әрiптерiнiң үнi бар-
Бiр майда.

Оның жазу үлгiсiнде дәлелi,
Ғажап десем - табиғаты, әлемi.
Хатын ашсам қиылып тұр әр сөзi-
Әдемi.

Сауалы көп, жауап беру сауап-ты.
Көбiciне өзi берген жауапты.
Хатын ашсам сөйлемдерi сөйледi-
Сауатты.

Қиялыммен көздi осылай мұнарлап,
Көрiспеген жанға тұрмын жыр арнап.
Хатын ашсам - көркем сөздi әдеби-
Шығарма-ақ.

Хат егесi келер екен жақында,
Көшесiне пәленшенiң атында.
Жазушы қыз ұнатыпты ақынды,
Ол да ұнады ақынға.

Сүйшi күздi

Неге екенi, қыздары бiздiң өңiр,
Желдi салқын сүймейдi, күздi қоңыр.
Көктеменi жүредi жырға қосып,
Үздiге бiр.

Содан кейiн жүрегi сыздар күздiң,
Мейiрiмге бөленбей мұздар жүз күн.
Жаурағыштау келедi, сондықтан да,
Қыздар бiздiң.

Телiп жатар гүл-қыздар күздi әрнеге,
Теңеулерiн естiсең, мұздар дене.
Күзгi бақтан сонда да шықпайсыңдар,
Қыздар! Неге?

Тыңдашы ару, атырап күйшiмiздi,
Қарашы ару, жапырақ бишiмiздi.
Мендiк мына жүрекпен күзге ғашық,
Сүйшi күздi!..
Күйшi күздi!
Бишi күздi!

Өмір - Өлең



(Қалам + Қағаз + Сөздер) = Өлең.
(Сұлу + Сезім + Көздер)= Өлең.
(Шабыт + Муза + Түндер)= Өлең.
Махаббатпен гүлдер егем.
Гүлдер өнер, кімге берем?

(Қалам + Қағаз + Сөздер) = Өлең.
(Көңіл + Қаяу + Кездер) = Өлең.
(Өсек + Реніш + Жылдар) = Өлең.
Жабырқаумен мұңдар егем.
Мұңдар төнер, кім бар елер?

(Қалам + Қағаз + Сөздер) = Өлең.
(Сауап + Күна + Безбең) = Өлең.
(Өмір + Ақын + Пенде) = Өлең.
Бір күндері мен де өлем.
Өлім келер, жерге де енем.
Жұмақта жан, көрде денем.

...Аллаһ Ұлы қаласа егер.
...Амалдарым жараса егер.

Фәни, Бақи арасы өлең.
Өмір - Өлең.

Қараша

Қараша айы, қара суық,
Қара жел тұр аласұрып.
Қарасырап тірлік көзі,-
Қарауытқан қар асынып.

Қарасөзді есіп өлең,
Қарагеуім есінеген.
Қара-құра қарбаласқан,
Қара кеште кешіге ме ел...

Қара ағашта салқын, кәрі,
Қара қарға қарқылдары.
Қарауылдап қойшы малын,
Қаралы мұң-зар тыңдады.

Қараңғыны күткен бөрі,
Қарақшыдай тіктелді өңі.
Қарайлайды қора жаққа,
Қара жоны бүктелмелі.

Қара албасты сұм реңді,
Қара көбең іңір енді.
Қара қағаз хат алғандай,
Қаратау жақ күңіренді.

Қарабайыр ой алмасқан,
Қарабарқын боялды аспан.
Қарасырап тірлік көзі,-
Қалатындай оянбастан.

Сүймеуді ақыры үйреніп те алдым

Сүймеуді ақыры үйреніп те алдым,
Айналдым жанға сезімсіз мүлде.
Күйінен шықтым күйреуік халдің,
Қалғанда жалғыз өзіңсіз бірде.

Жібіместейін жүрегім қатты,
Сағыну енді жат ұғым маған.
Әлеміңде мен мұң едім тәтті,
Қонақ екенмін шақырылмаған.

Ертеңді ойға алып, өкінбе бұрын,
Бақытты бүгін жанбыз білгенге.
Жалғызсың. Тыныш өтуде өмірің,
Айыққан дерттен жалғызбын мен де.

Жетілмей сезім түйнегі балғын,
Солып та жатыр қалың бау мына.
Сүймеуді сен де үйреніп алғын,
Үйреніп алғын сағынбауды да!

Қыс алды

Төмпештеумен тамшылар шатырды мың,
Жауын жауып күзгi алғаш жатыр бүгiн.
Долы жел ғой, әйтпесе бұлттарды ала,
Батыс жақтан шұбыртып шақырды кiм?

Ала бұлттар шақырып, күзгi дауыл,
Жапырағын талдардың үздi жауын.
Қызыл-сары киiмiн шешiп тастап,
Жалаң қалды бақтары бiздiң ауыл.

Кеше ғана күз едi жауған алтын,
Кеше ғана кез едi аула жарқын.
Терезеден қарап-ем аспан жылап,
Ай тығылған, әйтеуiр, жаураған түн.

Қадалғандай содан соң көп тiкенек,
Мұздай ауа тамақты кеттi кенеп.
Тау жаққа егер қар түссе мезгiлiнсiз,
Оңтүстiкке қыс ерте жеттi, демек!..

Сары жапырақ



Сары жапырақ – сарғайған жүрек,
Келгендей ұшып шалғайдан жүдеп.
Тентек жел оның тағдыры шығар,
Араша сұрап талды айналды кеп.

Сары жапырақ – тал мұңы бәлкім,
Неге онда жерде қалды бұл алтын?
Көнбеске бар ма шарасы шіркін,
(Таңдап алмаған тағдырын әркім.)

Сары жапырақ, кәрі жапырақ,
Қартайды күз кеп тағы да атырап.
Бір кезде балғын жүрек-ед жасыл,
Жатқандай бүгін зарыға құлап.

Сары жапырақ – өрнегі зерлі,
Айналды-ау тентек ермегі желдің.
Қыс келіп ертең қар асты оны,
Шірітер ащы кермегі жердің.

Сары жапырақ – дір етер қыз мұң,
Мен-дағы сондай суреті-ем күздің.
Алай да дүлей шыр айналдырған,
Тағдырымыз да бір екен біздің.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: аяулы, бәрі, адамдардың, күз, өлең, ақын, Айманбетов, Дәурен, сүймеуді, үйреніп, алдым
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар