Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Тұрақсыз әлемнің суреткері

26.10.2017 7398

Тұрақсыз әлемнің суреткері

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының кімнің қанжығасына байлануы ықтимал екенін талқылап, бағы жанып, сөз өнерінің аспанында жұлдызы жарқырайтын жаңа есімнің кім болатынын тағатсызданып, төзімі таусыла күтетін оқырманның үкілеген үміті үнемі ақтала бермейді. Жиырмасыншы ғасырдың басынан бері, әлемдегі ең мәртебелі марапаттың құрметіне бөленген ақын-жазушылар тізімін ойша шолып шықсаңыз, барлық уақытта оның әділетті берілмей жүргеніне көзіңіз жете түседі.

Миллиондаған халықтың жүрегін елжіретіп, рухани алқабының шөлін қандырған сыршыл суреткер ғана емес, сонымен бірге, әр жазған сөзінен ізгіліктің нұры төгілген адамзаттық ақыл-ойдың да алыбы Толстойдың одан шет қалуы қисынға келмейтін, ақылға сыймайтын, түсініксіз жағдай. Швед Академиясының беделі мен абыройын қызғыштай қорғайтын сарапшылар, мұның себебін, ұлы жазушының оны алуға аса бейіл таныта қоймаған іс-әрекетімен байланыстырады. Ия, Толстойдың атағы дардай, қаржысы қомақты марапатты алудан бас тартып, мәлімдеме жасағаны рас. Алайда ол 1906 жылы, яғни Артур Сюлли-Прюдом, Теодор Моммзен, Бьернстъерне Бьернсон, Фредерик Мистраль, Хосе Эчегерай, Генрик Сенкевич, Джозуэ Кардуччилер Нобель сыйлығымен марапатталғаннан кейін болған оқиға екенін ұмытпаған жөн. Есімдері аталған қаламгердің қай-қайсының да, Толстой талантымен таласа алмайтыны, ешкімге құпия емес. Соған қарамастан, Швед Академиясы олардың шығармашылығын өте жоғары бағалап, ерекше ілтифат танытып, зор құрмет көрсетті.

Жалғыз Толстой ғана емес, көркем туындыларымен адамзатты мойындатып, аузын ашқызып, көзін жұмғызған таңғажайып таланттар Антон Чехов, Шервуд Андерсен, Бертольт Брехт, Поль Валери, Томас Вульф, Федерика Гарсиа Лорка, Джеймс Джойс, Эмиль Золя, Генрик Ибсен, Франц Кафка, Джозеф Конрад, Маргарет Митчел, Хорхе Луис Борхес, Роберт Музил, Марсел Пруст, Райнер Мария Рилке, Мұхтар Әуезов, Гийом Апполинер, Грэм Грин, Теодор Драйзер, Дэвид Лоуренс, Уистен Оден, Джордж Оруэлл, Андрей Платонов, Торнтон Уайдлер, Расул Ғамзатов, Анна Ахматова, Марина Цветаева, Френсис Скотт Фицжеральд, Марк Твен, Герберт Уэллс, Роберт Фрост, Давид Кугультинов, Олдос Хаксли, Шыңғыс Айтматов, Томас Гарди, Василь Быков, Валентин Распутиндер де түрлі себептермен атағы дардай сыйлықтан қағыс қалды. Ұзақ жылдар бойы, негізінен, Еуропа мен Америкада туып-өскен ақын-жазушылардың ғана атақты марапатпен құрметтеліп келуі, лайықтыларды іріктейтін Швед Академиясында бір үлкен шикіліктің бар екеніне қатысты оқырман көңіліндегі күдікті күшейтіп жіберді. (Айталық, бүгінге күнге дейін 113 ақын-жазушыға осы сыйлық табыс етілгенімен, Жапония, Қытай, Үндістан, Иран елдерінен алғандардың саны, онға да жетпейді. Есесіне, Скандинавия елдерінің 14 қаламгері сыйлық иегері атанды).

Адамзат баласы ХХІ ғасырға қарыштап қадам басқанымен, жүз жыл бұрын пайда болған күдіктің тұманы әлі күнге сейіле қойған жоқ. Әсіресе, соңғы 15-20 жылдың ішінде аталған сыйлықтың нағыз шығармашылық адамына емес, саяси мақсатпен берілетіні жиі тілге тиек етіліп, әдебиетші қауымның қатал сынына ұшырауда.

2001 жылы Швед Академиясы атағы жер жаратын сыйлықты ислам дініне қатты шүйлігіп жүрген, нәсілі үнді Видиадхар Сураджпрасад Найполға табыс етіп, төбемізден жай түсіргендей болды. Кариб Аралынан шыққан ақындардың бірі, Нобель сыйлығының иегері Дерек Уолкет кезінде Найпольдың ислам туралы айтқан пікірлерін сынға алып, оны нәсілшілдіктің отын жағып жүрген қаламгерлердің қатарына қосқаны мәлім. Соған қарамастан, Швед Академиясының өздері құрмет көрсетіп, сыйлықпен марапаттаған, беделді ақындарының бірі Дерек Уолкеттің пікіріне көңіл бөліп, құлақ аспағандары қайран қалдырады.

Видиадхар Сураджпрасад Найполдың ислам дініне қарсы ызғарлы айыптауларын қарша боратуды осыдан 30 жыл бұрын бастағаны аян. 1981 жылы жарық көрген “Діндарлардың арасында” (“Среди верующих”) деген еңбегінде ол исламды Иран мен Пәкістанды, Индонезия мен Малайзияны ауруға ұшыратқан індетке теңеді. Қыза-қыза келе ол аздай, сайтан сезіміне ерік беріп, “дамымай жатқан және артта қалған ислам қоғамы адамзат баласының жаңа талаптарына жауап бере алмайды”, - деп, миллиондаған мұсылмандардың сеніміне топырақ та шашты.

2006 жылы түрік жазушысы Орхан Памуктың атақты сыйлыққа қол жеткізуін де жұрттың көбісі үлкен саясаттағы қитұрқы ойын ретінде қабылдады. Әділіне жүгінсек, расында да жазған туындыларынан гөрі, саясатқа білек сыбанып, белсене араласып кетуі, оның басының дауға шатылып, атын айдай әлемге танымал еткені дүйім жұртқа жақсы белгілі. Ол – өз еліндегі биліктің армяндар мен күрдтерге жасаған геноцидін ашық сынаған бірден-бір түрік қаламгері. Швейцариялық «Tages Anzeiger» басылымында жарық көрген сұхбатында жазушы: “Бұл жерде отыз мыңнан астам күрд пен миллиондаған армяндар өлтірілді, бірақ менен басқа ешкімнің де оны айтуға батылы жетпейді”, - деп Түркия билігі мен үкіметінің наразылығын туғызған мәлімдеме жасады. Бұрын-соңды көзге ілінбей жүрген қаламгерге атышулы мәлімдемеден соң әлемнің назары ауды.

Ойын батыл айтудан қаймықпаған қаламгердің баспасөз бетінде білдірген ащы пікіріне қатты наразы болған ресми билік оны сотқа берді. Ыстамбулдың қалалық соты 2005 жылдың аяғында Түркияның қылмыстық кодексі бойынша Орхан Памуктың 6 айдан 36 айға дейін қамауға алынып, жауапқа тартылуын талап еткен шағым-арызды қарады. 2006 жылдың шілде айында сот “түркі ұлтына моральдық зиян келтірді” деген сыңайдағы айып тағылған жазушыны ақтап алды.

Жазушының жеке пікіріне қатысты туған жанжалды Еуропа одағы мұқият қадағалап, оның үстінен жүргізілген сот процесінің адам құқы жөніндегі Еуропа конвенциясының шарттарын бұзу болып саналатынын Түркия үкіметіне ашулы кейіпте қадап тұрып, қатаң ескертті. 2006 жылдың желтоқсанында Орхан Памукке есімдері төрткіл дүниеге танымал Жозе Сарамаго, Габриэль Гарсиа Маркес, Гюнтер Грасс сынды Нобель сыйлығын алған, әлемге әйгілі қаламгерлер қауымы да қызу қолдау көрсетті. Қысқаша қайырғанда, бұрын-соңды танымалдығы шамалы қаламгердің атағы азғантай уақыт ішінде айдай әлемге жайылды. Түрік қоғамының наразылығын туғызып, өрттей қаулаған дау-дамайдың ақыры Швед Академиясының «туған қаласының мұңлы жанын іздеуде, мәдениеттердің қақтығысы мен шиеленісі барысында жаңа симводар тапқаны үшін» деген желеумен Орхан Памукқа Нобель сыйлығын беруімен аяқталды.

Танымал жазушы Захар Прилепин осыдан бес-алты жыл бұрын берген сұхбатында «Ресейдің сүңгуір қайықтары Еуропаның маңайында жүзе бастаған күндері Швед Академиясы орыс әдебиетінің бар екенін тағы бір есіне алатын болады», деп сәуегейлік жасаған-тұғын. Прилепиннің жорамалы айна-қатесіз дәл келіп, 2015 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы Ресейдің ұстанған бағыты мен саясатын дүркін-дүркін сынға алып жүрген деректі проза жанрының майталманы, орыс тілді кәсіби журналист Светлана Алексиевичтің қанжығасына байланды.

Екі жыл бұрынғы орын алған оқиға мені түрлі ойдың қамсауында қалдырды. Әлбетте, бір жағынан, дәл бүгінгідей уақытта сарапшылар өте орынды шешім қабылдаған сыңайлы. Неге десеңіз, қабағынан қар жауған, зорлықшыл биліктің қаһарынан қаймықпай, парасатты сөзді қорықпай айта алатын Алексиевич секілді қаламгерлер бүгінгі таңда жоқтың қасы. Дей тұрсақ та, мен оның қаламынан туған дүниелерді көркем прозаның үлкен талаптарына толық жауап беретін өнер туындысына жатқыза алмаймын. Дәл сол жолғы Швед Академиясы таңдауының саяси шешім болғанына менің еш күмәнім жоқ.

Айталық, Светлана Алексиевичтің саясаттағы батылдығына тәнті болып, Атымтай жомарттық танытқан Швед Академиясының осыдан он жыл бұрын белорусь жазушысы Василь Быковқа не себептен оны беруге сараңдық жасағандары маған мүлде түсініксіз. Шындығын айтатын болсақ, Василь Быков суреткерлік шеберлігі тұрғысынан да, қаламгерлік қабілет-қарымы мен ойының тереңдігі жағынан да Светлана Алексиевичтен әлдеқайда жоғары тұрған ұлы қаламгер. Суреткердің таланты мойындалып, оған КСРО аумағындағы ең үлкен марапат - Лениндік сыйлық берілгенімен, ымыраға көнбеген Быковтың прозасы солақай сыншылардың қаһарына ілігіп, жазушыға «советтік ауызбіршілікке нұқсан келтірді» деген мағынадағы жала да жабылды. Тоқсаныншы жылдардың ортасында мемлекеттік басылымдарда қаламгерге қарсы шабуылдар үдей түсіп, оның жаңа туындыларын жарыққа шығаруға қатаң тыйым салынды. Орын алған келеңсіз жағдай Быковтың өміріне де, денсаулығына да залалды әсерін тигізіп, қатты қысымға ұшыраған қаламгер Отанын тастап, елінен кетуге мәжбүр болды. Бірнеше жыл бойы шет елде өмір сүрді. 2002 жылдан бастап Василь Быков тұрғылықты өмір сүру үшін Чехияға көшті. Қаламгердің шет елге қоныс аударуына Чехия президентінің кеңсесі қамқорлық көрсетіп, Вацлав Гавелдің өзі тікелей атсалысты. Денсаулығы жылдан-жылға нашарлап, ауыр ота жасатқан ол өмірінің соңында еліне оралып, ауруханада дүние салды. Міне, осындай таза жүректі, таланты таудай жазушыны Швед Академиясының назардан тыс қалдырып, елемей қойғаны, менің ойымша - нағыз әділетсіздік. Әділіне жүгінсек, бұл сыйлықты алуға лайық бірден-бір суреткер – тап осы Василь Быков емес пе еді?!

Ресей мемлекетінің 2010 жылы аса көрнекті жазушы Валентин Распутинге осы сыйлықты әперу үшін үлкен әрекет жасағанын жақсы білеміз. Өкінішке қарай, орыс халқының ірі суреткері оны алуға мүмкіндігі зор қаламгерлердің ондығына да ене алмады.

Швед Академиясындағы сарапшылардың шығарып жатқан шешімдеріне көңілі суып қалған оқырман биыл да әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лайықты жазушысын таба алатынына аса қатты сене қойған жоқ-тын. Әйткенмен, атағы дардай марапатты ұлты жапон, Ұлыбритания елінің қаламгері Кадзуо Исигуроға беру туралы шешім шығарылуы жұрт күтпеген жағымды жаңалық болды. Шығармалары оқырмандарға етене таныс жазушының күні бүгінге дейін 8 романы жарық көрді. Өз басым Кадзуо Исигуроның шығармашылығымен біраз уақыттан бері таныс және оның «Жер құшқан дәу», «Жібермеші мені», «Тұрақсыз әлемнің суретшісі», «Өткен күндердің өтеуі», «Біз жетім болғанымызда» романдарына көңілім толған оқырман ретінде Швед Академиясының шығарған шешіміне дән ризамын. Неге дейсіз ғой? Ең басты себебі, бұл жолы сыйлықты саясатқа түк қатысы жоқ, таза шығармашылықпен ғана айналысып жүрген, өзін-өзі қатты жарнамалауға да аса құлықты емес, романдары халық жүрегіне жол тапқан, көтерген тақырыбы оқырманды бей-жай қалдырмайтын нағыз жазушы иеленді.

Талантымен талайларды тәнті еткен Кадзуо Исигуро кейбір жазушылардай әдебиетке интеллектуалдық ойын ретінде ғана қарамайды, адамзат баласының бәрін толғандырып отырған бүгінгі күннің өзекті тақырыбын көтеріп, адам жанының тереңінде жасырынған жұмбақтарды іздейді. Суреткердің «Өткен күндердің өтеуі», «Тұрақсыз әлемнің суретшісі» романдарында қазіргі уақытпен кіндігі байланған мәңгілік тақырыптар қозғалып, ар-ұят, абырой т.с.с. ізгілікті ұғымдардың терең сыры мен құпиясы оқиға барысында ашылып, оқырман күтпеген, мүлде жаңаша көзқарас тұрғысынан сараланады. Қаламгер қаламынан туған шығармаларда болып жатқан оқиғаларды біріктіріп тұрған, көңіліңді арбап алатын жібектей нәзік лиризм мен құйындай үйіріп әкететін психологизм бар. Өмірді өнер сиқырымен әдемі ұштастыра білген жазушы кейіпкерлері, өзін тану және түсіну үшін, жеке басының, өз отбасының және туған халқының өткен тарихын біліп қана қоймай, оған баға беріп, сана сүзгісінен өткізуге тырысады. Өмір тезінен өтіп, кешегі іс-әрекетінің түйінді мәселелерін таразы басына қойған адамдардың тағдырын суреттеу арқылы ол жұрт күтпеген, тосын сауалдарды өмір айдынына алып шығып, оқырманды ойландырып тастайды. Ойландырып қана қоймай, көптеген адами құндылықтарды сана сүзгісінен өткізіп, оқырманның басқаша қырынан оған үңілуіне мүмкіндік береді...

Жалғасы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: әлем, әдебиет, Нобель, Исигуро, Кадзуо, әдебиеті
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар