Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Алтынғадыс Күнтуғанұлы: Қар жауып тұр қап-қара...

06.10.2017 2231

Алтынғадыс Күнтуғанұлы: Қар жауып тұр қап-қара...

CRON

Өткенге көз салсам жылдарға бұрылып,

Ас үйде түн жүрер миымды қуырып.

Төменнен салбырап ақ өлең жазамын,

Төбемнен төгілген сияға жуылып.

Сәттерге ұрлатып сағыныш есемді,

Іштегі өлгендер, өртенді, көселді.

Ол сүйді басқаны; мың шаттық, сансыз мұң,

Алдағы келетін көктемім қош енді!

Көктемім,

Сәбиім,

Кішкентай құлыным,

Түсінер сен едің, жүрегім шығарса жұлым үн.

Күз сепкен айықпас табиғат дертінен,

Өмірге айналған өлеңмен өрілген – ұлуым.

Торлатып миымды өкініш сан ойға,

Тағдырды қаратпай үркеді қан ойнап…

Қарашық қасырет уынан себеді,

Тәп-тәтті.

Сен менің көзіме қарама!

Алайда?!

Түн іші,

Доғарып, ой күреп жүруді мұң үйе,

Сүйейін, тәнімді күйдіріп нәр отқа.

Сезімсіз демеші!...

Сияға айналсын дүние,

Шашылып кетейін өлең боп параққа.

GIPNOST

Көктем келер кешікпей жазым жақын,

Жапырағын қайта төгер әңгел – күз.

Әуелеген қобыздың сазына шын...

Жұмыр етте мекендеген сен жалғыз.

Шырқауменен қартаяды-ау жан - әнім,

Мойралар да ойнап жүрер жазумен.

Сені сақтап түкпіріне сананың,

Қайта жетем әр көктемде қаз үнмен.

Ой арқалап еңсерермін ғасырды,

Ұзақ түнде шаншып шықты жүрегім.

Ақ параққа шашып төгіп жасымды,

Өлеңімнің жасап алдым бір емін.

Көкжиектен күрең - мұңым гүл атып,

Кештер ылғи ой ұшында толыққан.

Біз жандармыз Тюхэні жылатып,

Эрот Құдай жебесіне жолыққан.

***


Ой ішінде от тұтатып сыз демі,
Көше кезіп кетті жанның ізгі өңі...
Жосып барады қара жолдың бойымен,
Құшаққа алып Күз мені.

Күз.
Ол - менің жалғыздығым жабыққан,
Ұмтылатын түн қойнынан жарыққа әм.
Қала ішінде адам төзбес суреттер,
Көз тайдырып, жанарым да қарыққан.

Қою бұлтқа шөгіп алып зілдей Күн,
Күздің ащы дауысынан гүлейді үн...
Жапырақты таптап келем кінәсіз,
Күнә ма екен бұл қылығым, білмеймін?!
Білмеймін!!!

* * *

Ақ аяздың қызыл бетін шымшылап,

Күн демінен ұлып ұшты мың шуақ.

Қар жауып тұр жанарымда, қап-қара,

Кірпігіме жыр шылап...

Түсін мені қар жауып тұр қап-қара,

Ақ қайыңдар дірдектеген, бақ - нала.

Көктем көркі көшіп кетіп санамнан,

Күзден қалған дақ ғана.

Ессіз түндер оқтап ылғи жебесін,

Мұң ішумен өртеді таң өңешін.

Жапырақтар саулатады жүзінен,

Өткен күннің көкмет күлген елесін.

Жанды мүжіп іштегі аңсар, шөкім дем...

Түн неге ылғи қаға берді бетімнен!?

Құм сағатқа кептелсе де жүрегім,

Енді ештеңе ойламауға бекінгем.

Тізбектеліп түн қолында көген- мұң,

(Арасынан адасамын көп өңнің...)

Жұмыр -ау, кірпігімнен сырғыған,

Қақ тілініп қанатына өлеңнің.

МЕМЛЕКЕТАРАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕР

Халықтың Әкесі-Мемлекет,

Анасы-Жер.

Тар бөлмені жөтелтіп, темекінің түтіні,

Сыра иісіне ашылған көмейлердің қытығы...

Ұзын-ұзын сөйлемдер парақтарда билейді,

Қойылмаған үтірі...

Құмар ойнап бәріміз, түні бойы дүрбелең,

Серігіме көз қысып, жұтынамын менде кем...

Ақша біткен біреулер әйелделрін тікпекші,

Жомарттық еді не деген!?

Әйелімді тігейін менде ойынға... Жарайды,

Қан-тамырға ұтудың ұлы үміті тарайды.

Төр алдында ілулі кәрі-і-і атам суреті,

Жыламсырап қарайды!

Ойынымыз бітпеді бірі ұтып, ұттырып,

Менде өзімше мәз болам, картам қолда құтты, құт.

Шулап отыр балалар күйбең-күйбең бұрышта,

Жанарлары сұп-суық...

АУРУХАНАДА

Палата ішінде жүрегім аңырап күй кетіп,

Жүремін көлеңке кейпімді сүйретіп.

Дәрігерім келеді өкшесі миымды соққылап,

Иненің ұшынан ажалдың елесін билетіп.

Қашқым келеді тым алыс мекенге асығып,

Қос өкпем құлайды жөтелге бас ұрып.

Терезе... Сызылған сүгіретте аруақ бейнесі,

Қарайды... Күледі... Жылайды... Ашынып.

Қорқамын, түсіме түнімен жын кіріп,

Көзімнің алдында тот басқан мың құлып.

Жауапсыз сұрақтар жәнеде сұрапыл сағыныш,

Болашақ сияқты оянам шыңғырып!!!

Қорқамын...

* * *

Көз алдымда өлең отыр жанарына мұң тұнып...

Қаламымның иегінде көгершін хат шылқылы.

Отқа оранып ойым кетті қанатында ауаның,

Аспан үнсіз, Айдың беті күп боп іскен,

Күлкілі...

Естіледі үнсіздіктен үрккен ұйқы сазы анық,

Таста бәрін...

Өмір жайлы,

Өлім жайлы жазалық!

Қап-қара қар,

Дидарының ұяты өлген қара түн,

"Аппақпын" деп мамық тұрды алақанда сазарып.

Білте тілі қоя түннен қан аралас жалап нәр,

Уақыттың сүйіктісі «Ұлымын» деп Ар аттар.

Өлген сөздің мүрдесіне ұзынынан оралған,

Бірін-бірі өртеп жатыр парақтар.

Ақиқаттың ұшқынынан өңін жойып сағым із,

(Қара жолмен шуап кеттік қайтпас жаққа бәріміз)

Қалжаурадым, жүрегіме маза болар жер тауып,

Кел де, мені алып кетші Дәрі - Күз!

P/S

Көз алдымда өлең отыр жанарына мұң тұнып.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Алтынғадыс, Күнтуғанұлы, поэзия, өлең, жас, ақын, әдебиет
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар