Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Алтынбек Алибаев: Өлеңді жазбасам да, мен ақын болар едім...

30.09.2017 3330

Алтынбек Алибаев: Өлеңді жазбасам да, мен ақын болар едім...

Еліміздің түкпір-түкпірінде жатқан жас таланттардың шығармашылығын насихаттау – біздің басты мақсаттарымыздың бірі боп саналады. Оқырман назарынан жас ақын Алтынбек Алибаевтің өлеңдерін ұсынамыз...

Біздің Алтынбек ақын болудан қорықпайды

Әңгімені әріден бастасам, үшбу оқиғаның баяны өткен ғасырдың соңғы жылдарына барып тіреледі. Нарықтық кезеңге бейімделіп, ел еңсесін енді тіктеп келе жатқан уақыт. Жұмыссыздық көбейіп, жұрттың көбі базар жағалап кеткен кез. Сондай тұрмыстық жағдайға байланысты жас отбасы Жаңаөзен қаласына көшіп келеді. Саудамен күнін көрген ерлі-зайыпты Ақтау қаласынан ұсақ-түйек тауар тасиды. 1998 жылы олар Қарағия асуында жол-көлік апатына тап болып, екеуі де өмірден қыршын кетеді. Арттарында екі жасар және төрт айлық екі бала қалады. Жетім қалған ұлдарды тумаласы Жұмажан апа бағып-қағып өсіреді. Бүгінде бір-бірінен аумайтын егіздей ержеткен екі бауырдың аты – Алтынбек пен Заманбек.

Бұл екеуі жастайынан бауырмал, қиындыққа мойымайтын қайсар боп өседі. Өсе келе ән мен өлеңге құмартады. Мектеп қабырғасында жүріп бірнеше жыр мүшәйраларына қатысып, жүлделі орындарға да ие болады. Өз басым Алтынбекті алдымен өлеңі арқылы таныдым. Осыдан екі-үш жыл бұрын облыстық газеттің бір бетіне өлеңдері жарияланған еді. Кейін теңіз жағасында кездесіп, танысқаным әлі есімде. Содан бері мен оны іні тұтамын, ал ол мені аға деп құрметтеп келе жатыр. Бұған дейін де біраз ақын інілерімнің өлеңдеріне алысөз жазып, қадамдарына сәттілік тілегенім бар. Менде әдеттегідей асыра мақтау жоқ. Өлеңнің бағасын оқырман береді, қалғанын уақыт көрсетер. Алайда жас ақындарды қанаттандырып отыру – біздің ендігі міндетіміз.

Өлең көп жағдайда жазылады, бірақ тууы сирек кездеседі. Алтынбектің барлық өлеңі алтын деп айта алмаймын. Оның әр өлеңі жалындаған жас жүрегінен туғанына күмәніміз тағы жоқ. Э.Хемингуэйдің: «Үлкен жазушы болу үшін талантпен қатар бақытсыз балалық шақ керек» деген сөзі бар. Алтынбекте бұлардан бөлек ерекше мінез бар. Ал Есенғали көкеміз болса: «Бақытсыз болу деген қорқыныш емес. Ақын бақытты болудан қорқу керек шығар, бәлкім…» – дейді. Біздің Алтынбек ақын болудан да, бақытты болудан да қорықпайды. Ол үшін асықпайды да. Өмір толқындарындай бұйра-бұйра шаштары бұрқырап, сол асықпаған қалпы кетіп бара жатады. Тағдыр деген осы...

Асылбек Жаңбырбай, ақын

Алтынбек Алибаев 1996 жылдың 30 қыркүйегінде Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында дүниеге келген. Жаңаөзендегі Оразмағанбет Тұрмағанбетұлы атындағы мұнай және газ колледжін тәмамдаған. 2016 жылдың үздік студенді. Облыстық, республикалық бірнеше мүшәйралардың жеңімпазы.

ТАҒДЫР

Бұл қалада қалмады сәтті күнім,
Ауыр дерт боп жармасты қаттылығым.
Бәрін бір сәт ұмытқым келеді ылғи,
Азаптаса жанымды тәтті мұңым.

Көктемімнің шуағын қарғады ақпан,
Қиялымның шырағын жалмады ақ таң.
Естеліктен шаршадым астан-кестен,
Жолдарындай көшенің шаңға батқан.

Батпағына шыдадым бақталастың,
Ала жібін ешкімнің аттасмаспын.
Тірі жүрсем көремін, көре берем,
Көргенімді жадында сақтамас түн.

Шыңырауды келемін шыр айналып,
Ар алдында тұрмадым ылайланып.
Жұмағына алданып бұл жалғаннның,
Шырылдаған тағдырым Құдайға анық!..

КЕШІККЕН МАХАББАТ

Сен жүректі жауладың да,
Қолдамадың сөзімді ақ.
Өзің күлге аунадың ба,
Өз шаңыңды өзің қақ!

Күз туралы ойламаймын,
Солса солсын сары гүл.
Көгіме іліп қойған Ай – мұң,
Толса толсын – бәрібір.

Ажар кетті менен де өңді,
Жоқ ендігі керегің...
Өзің жайлы өлеңдерді,
Кештерде оқып беремін.

Тағдырдан да кешіктің бе,
Кеш ойланып, жыладың.
Әндерімді есіттің бе,
Өшірмейтін шырағын.

Сен жүректі жауладың да,
Жалған еттің атыңды...
Өзің жанып лауладың ба,
Өзің сөндір отыңды!

ӨТІНІШ

Өртенбеген естеліктер кемде-кем,
Іштей жылап, сырттай күлді Ай тағы...
Мен туралы сұрамашы пендеден,
Олар маған сен туралы айтады.

Уақыт зулап, жылдар өтсін қанша алға,
Анық маған – енді менің күлмесім.
Мен туралы жан біткенге ән салма,
Олар мені жазғырмасын, білмесін!

Өзге түгіл, өз-өзімнен безген ем,
Саған ғана теңесем де Күн-Айды.
Әзілдейді сен туралы өзгелер,
Зілі батса, жүрек қалай шыдайды?

Мен туралы айтпа, көкем, құстарға,
Олар онда оралмайды, бұл – айқын!
Мен туралы жұлдыздарға тіс жарма,
Көз жасындай мөлт-мөлт етіп құлайтын.

Жанымызды еш аяусыз қинаған,
Әніңді айтам, тыңдай қалсаң жылама!
Таңдауымсың маңдайыма сыймаған,
Мен туралы еш пендеден сұрама!..

ӨРТЕНГЕН ӨЛЕҢ

Өзімді-өзім аямай неге алдаймын:
Бақытымның, барымның тіреніші ең!
Қоштасуға біздегі сене алмаймын,
Көз алдымда жүресің үнемі сен!

Ғұмырымның басы мен соңы бар-ды,
Елес болып келесің, еркем менің!
Күлсалғышта өлеңнің шоғы қалды,
Жүрегімде сен бірақ өртенбедің!

САҒАН

Бітпейтұғын бір романдай басталып,

Қара шаштың иісіне мастанып,

Шәйін ішіп тағдырымның ыстықтау,

Қоңыр мұңды жастық қылып жастынып,

Саған өлең оқып бергім келеді!

Сүйрелейді алға мені Ұлы Құт,

Көкіректі Айлы түнде ұлытып.

Тоңған жанды суығына сезімнің,

Жанарыңның жылынына жылытып,

Саған өлең оқып бергім келеді!

Уақыт жолы бағымыздан биік тұр,

Көңіліңнің күмбірінен күй ұқтыр.

Әлемдегі бар нотаны ұмытып,

Жүрегіңнің дүрсіліне ұйып бір,

Саған өлең оқып бергім келеді!

Күн бақытын ұғынбадым Айды ойлап,

Ине мұңын түсіне ме жайлы оймақ?

Енді сені ешқайда да жібермей,

Қолдарыңнан қатты қысып, айғайлап,

Саған өлең оқып бергім келеді!

ЖАЛҒЫЗДЫҚ АРАЛЫ

Ұрыншақ жігіт едім

Бәленің барлығына...

Жанымды жібітемін

Дауасыз тағдырыма.

Арасын жалғасам да,

Үзілген үміт – қайғы.

Адамдар әрқашанда

Өткенін ұмытпайды.

Шын бақыт аз қашанда,

Жетпейтін жол – әлегім.

Өлеңді жазбасам да,

Мен ақын болар едім.

Көзім – көк, бойым – орта,

Шашым да бұйра менің.

Сөз – ара, ой – омарта,

Бал-әнді сыйлап едім.

Жалғанды ұғыспай дым,

Қажыды қаламым да.

Мен әрең тыныстаймын

Жалғыздық аралында...

КҮТУ

Сен өлең боп қала берші жазылмас,

Асыл тас боп жата берші табылмас.

«Ақтөбеде қар бар әлі» – дейді жұрт,

Сенің анау қабағыңдай – қалың қас.

Қарағанды жасы жатыр тасып шын,

Сен Ақтаудай күн шуаққа ғашықсың.

Асықпайсың маған ерте келуге,

Астанаға көктем қайдан асықсын?!

Көктем деген – пәк көңілдің әуені,

Рас, қалқам, ол да сендей әдемі.

Ауа райы өзгермейді себепсіз,

Тек адамдар өзгермесе әуелі.

Қадірімді білсе бір күн ел – игі,

Сен кеткенде бағым біраз кемиді.

Көп кешікпей Астанаға көктем кеп,

Ақтөбенің әппақ қары ериді...

БІР ОЙЫМ БАР...

Бір ойым бар бітпей жүрген аздаған,

Орындалса – қуанамын, мәз болам!

Маған әлем әдебиеті қызықсыз –

Сен туралы бір ауыз сөз жазбаған.

Жау түгілі, достарым да қас маған,

Жол қалмады мен жүрмеген, баспаған.

Жеті күннің шатпағынан шыға алмай,

Жеті әріптің жеңісіне мас болам.

Жүрегім бар жүрегіңнен от алар,

Құрметіңе аталады даталар.

Мен жетінші материкті ашсам ше,

Жеті әріпті атыңмен ол аталар.

Құстың тілін, көктің тілін ұға алам,

Арманыма жетпей жатып құламан.

Жеті қатты жер астынан бір күні

Жеті әріпті бір элемент шығарам!..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Поэзия, Жастар, Ақын
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар