Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұратхан Шоқан: Бекзат болмысын жоғалтпаған ақындар баршылық...

11.09.2017 2884

Мұратхан Шоқан: Бекзат болмысын жоғалтпаған ақындар баршылық...

- Мұратхан аға, жуықта ғана Алматыда «Жастық – жалын жыр» атты жас ақындар антологиясы жарық көрді. Алда келетін «Алматы қаласы» күніне орай «Алматым – аңсарым» атты жас ақындар арасында мүшәйра жарияладыңыздар. Бұл істерге бастамашы өзіңіз ғой?

- Біздің дәуірімізде әдебиеттің бағы тайып тұр ғой. Қазір онсыз да алаң көңіл, кеудесінде ғаламның жүрегі соғып тұратын, тіршілік харекетіне икемі аздау ақындарға өмір сүру оңай болып жатқан жоқ. Ақындар рухани әлемнің адамдары. Олар жер заңынан биік тұрады. Ғасырымыз оларды жер заңымен байлап-матап тіршілік үшін күресуге мәжбүрлеуде. Біз мемлекетті құдіретті еткіміз келсе, адамзатты бақытты еткіміз келсе, әдебиетті құдіретті етуіміз керек. Ақындарды патшадай тайраңдатып қою керек! Оларға төленген қаражат төрт құбыламызды тең етуге жұмсалған қаражат деп ойлаған жөн. Ақындарды қарапайым қатардағы шенділерден именетін, ақындарды қалтасы қалың бай-манаптарға жалтақтайтын деңгейге түсіру адамзат рухын, ұлт киесін табанға таптаумен бірдей. Табанға тапталған шөп қураса да, тамырынан қуат алып қайта көктеп шығады. Бұл ғасырда ақындарға шөптің қайсарлығы керек болып тұр. Олар қарап отырмай аңызғақ аптаптармен, тіршіліктің мейірімсіздігімен өздері күрескені жөн. Мен – ақынмын! Менің ақындарға көмектескім келеді. Бір ақынның бір сәт болса да күлгенін, қуанғанын көргім келеді.

Бүгінгі таңда Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры мен өзім құрған «Әдебиет әлемі» орталығы бірігіп көптеген жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Сіз айтып отырған іс-шаралар соның бір бөлігі. Біздің атқарып жатқан істерімізге назар аударып, қолдау білдіріп жатқандарыңызға үлкен рахмет!

-Жинаққа жастардың өлеңдерін қандай критерийлер арқылы таңдап алдыңыздар?

-Менің критерийімде талант басты орында. Мен әділетті болғым келеді. Алдымен Құдай бойына айырықша қасиет дарытқан адамға қолдау көрсетілсе деп ойлаймын. Сосын ары қарай жалғастыру керек! Алыс аймақтарда еленбей жүрген жастарға назар аудардық. Бұл жерде ақиқатын айту керек, кітапта талантты жастар бар. Бірақ, енгендердің барлығы талантты деген ойдан аулақпын. Қазіргі кезеңде қолына қалам ұстап, әдебиетті төңеректеп жүрген, кітапқа енуге құлшыныс танытқан жастың үмітіне су сепкіміз келмеді...

-Қазір «Әдебиет әлемі» деп аталатын әдеби ұйым құрып, жас ақындардың басын қосып жүрсіз. Бұл әдеби орталықтың негізгі мақсаты жөнінде толығырақ айта отырсаңыз?

-Бұл сұраққа үлкен жақтан алғашқы сұрақта жауап берілген сияқты. Қайталап айтам, мен – ақынмын! Менің ақындарға көмектескім келеді. Бір ақынның бір сәт болса да күлгенін, қуанғанын көргім келеді. «Әдебиет әлемі» орталығы жайлы қысқаша айта кетейін. Орталықтың мақсаты- шығармашыл жастарды қолдау.Әдебиетке, рухани әлемге қызмет ету. Қоғамға ізгілікті өрістету. Философиялық тереңдікпен өмір сүретін кемел орта қалыптастыру. Мысалы, орталықта жыр жазбайтын жастар да бар. Шеберлер, әншілер, мұғалімдер, әр саладан әр түрлі мамандықтағы азаматтар бас қосып, әр түрлі тақырыпта кеңес құрып тұрады. Біз үмітпен өмір сүруге тиістіміз. Менің орталығыма келіп жүрген бір жас ертең үлкен қызметке көтерілсе жаны ізгі, әдебиеттен, философиядан хабары бар адам жаман жұмыс істемейді. Ол халықтың рухани әлеміне жұмыс жасар еді. «Әдебиет әлемінің» ұраны –адамшылық..

.

-Осы әдеби орталықтың жастарын әңгімеге тартып көрдік. Шыны керек, өлеңдерінен де өсу барын байқаймыз. Әдебиеттің қомында жүрген сізді қалыптасқан ақын ретінде өздеріне ұстаз тұтады екен. Жалпы, сіздің ойыңызша, әдебиетте, соның ішінде «өлеңдегі ұстаздық» деген ұғымды қалай түсінесіз, ақынды тәрбиелеу мүмкін бе өзі?

-Ақындық – Құдайдың берген сыйы. Құдай бермеген сыйды ұстаз бере алмайды. «Ағаш ағаштан мәуе алады, адам адамнан тәлім алады». Орталыққа келіп тез өскен жастарды көріп, қуанам. Олар мені ұстаз тұтса, тәлім алғаны шығар... Ақындық – сыйы, оған талас жоқ. Ал ақынға құдайдың сыйын ұстап тұру үшін, оны берісі ұлтының, арысы адамзаттың, күллі ғаламның керегіне жарату үшін ұшан-теңіз білім керек. Міне, осындай кезде ұстаздың орны бөлек. Ақындық жолдағы жастың кітапты, кітапқа айналған адамды ұстаз тұтқаны, сәулелі жаққа құлаш ұрғаны - қуанатын іс. Ақын ғайыпты түсінетін кеңістікке көтерілсе ғана ақын. Болмаса, қатардағы кітап жазғыштардың бірі ғана. Адамның негізін үш түрлі жақтан қарастырам. Бірінші, қатты ағаш сияқты адам, қатты ағашқа өрнек салауға болады. Салған өрнегің ұзаққа шыдайды... Екінші сапалық өзгеріске ұшыраған бір жері қатты, бір жері жұмсақ ағаш сияқты адам. Сапалық өзгеріске ұшыраған ағаштың қатты жеріне өрнек салғаныңмен жұмсақ жеріне өрнек сала алмайсың... Үшінші жұмсақ ағаш секілді адам. Жұмсақ ағашқа өрнек салынбайды, салған өрнегің үгіліп түсіп қалады. Айтайын дегенім, ішкі негіз мықты болуы керек!

-Манадан сіз жетекшілік ететін әдеби бірлестік жайлы сөз қозғап жатырмыз ғой. Алматы өзге қалалар сияқты емес, өзіндік әдеби ортасы бар, жазушылар одағы бар жер ғой. Осындай әдеби бірлестіктердің құрылып, жеке-жеке ақындарды «тәрбиелеу» бұрынғы әдеби ортаның жоқтығын, Жазушылар одағының жас ақындармен байланысы аздығын білдіре ме?

-Мен олай демес едім. Әдебиеттің төңерегіндегі әңгімені бір ғана одақтың мойнына іліп қоятын заман өткен. Қазақстан Жазушылар одағы киелі шаңырақ, біздің үлкен үйіміз. Қал-қадірінше өз жұмысын атқарып жатыр. Сосын «Әдебиет әлемі» орталығы ақындарды тәрбиелеу орталығы емес. Бұлай айтудың өзі күлкілі. Бұл жастардың рухани орталығы. Әдебиет орталықтары көптеп құрылып, бір-бірімен бәсекелесіп жұмыс істесе несі жаман?

Мен басқа орталықтардағы жастары мен «Әдебиет әлемі» орталығының жастары арасында дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, жастардың бір-бірімен пікір алмасып тұрғанын қалаймын. Біз кез-келген кемшіліктен де бір сабақ аламыз. Жастарға өзін қолпаштаған аз ғана топтың ақыны болып жүргеннен, бейтарап топтардың әділетті сөзін естіген әлде қайда пайдалы.

-Жуықта Түркістанда «Түркі халықтары ақындары» бас қосқан фестивальге барып қайттыңыз?

- «Түріксой» Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының бастамасымен Қазақстанның «Түріксой»-дағы өкілі Асқар Тұрғанбаев «Түркі әлемі ақындарының кездесуін» Түркістанда ұйымдастырды. Бұл қуана-құптарлық жайт.

Түркістан ер түріктің бесігі ғой,

Түркістан екі дүние есігі ғой, – деп Мағжан жырлаған Түркістанда 11 елден келген ақындар бас қосып, бір-бірімен күнде көріп жүргендей шүйіркелесіп кетті. Оларды шыныменде бір рух біріктіріп тұрғандай сезілді маған.

-Бұл шараның мақсаты ақындардың басын қосу ғана емес, әдебиеттің дамуына, қаламгерлерді қолдауға байланысты қандай бір мәселелерді көтерген шығар?

-Аудармаға қатысты, сосын әдеби, мәдени шаралар өткізіп тұру жайлы сөз болды. Түбі бір Түркі әлемінің бірлігі жайлы айтылды. Мен өзіме берілген сөз кезегінде:

-Жақсы ойлап жатырмыз, жақсы сөйлеп жатырмыз, жақсы істеріміз көп болсын! Соның нәтижесін көретін болайық,- дедім. Бір кешкі аста «Қалжың аралас ақыл бәрімізде бар, кімде ақша бар?»- деген сұрақ қойдым. Айтқым келгені, ақша болса Нобель сыйлығындай түркі әлемінің Әл-Фараби сыйлығы болса деген арман еді... Түркі әлемі елдері бірігіп бұндай сыйлықты дүниеге әкелсек, адамзат үшін игі іс болар еді.

-Аға, сіздің буынның әдебиетке келуі берекесіздеу бір жылдармен тұспа-тұс келсе де, қазіргі әдебиет туралы әңгіме айтыла қалса аты жиі аталатындар, жиі кештерін өткізетіндер қатарынансыздар. Бұл қаламға адалдық танытқан жандарға уақыттың берген сыйы шығар?

-Қиыншылығы мол кезең болғаны рас. Бірақ біздің буын әдебиетке араласқан кезеңде еліміз тәуелсіздік алып, ұлт рухы оянды. Олардың алдында күндей жарық үміт тұрды... Күндей жарық үміт оларды әдебиетке адал етті.

-Дегенмен, уақыттың, тіршіліктің жүгін көтере алмай, қаламын тастап кеткендер болды ғой?

-Бұл жерде қаламын тастап кеткендер таза таланттар емес. Өлеңнің дертімен ауырып, өртіне түскен адам олай жасамайды. Өлеңге кездейсоқ келіп қалғандар кездейсоқ кетеді. Олардың кеткеніне қуану керек.

-Қазіргі қаламгерлер әдебиетке қаншалықты адал?

-Қазіргі қаламгерлердің көбі қара басының қамынан аспай жүр. Бізді заман иледі екен деп иге айналып кетуіміз керек пе? Тамақ үшін, тамаша ғұмыр сүру үшін тазалығымызды жоғалтып алуымыз керек пе? Біздің көбіміз тіршіліктің алдында бекзат болмысымызды жоғалтып алдық. Қалталылар бізді сатып алатынына сенеді. Мансаптылар бізді сатып алатынына сенеді. Бірі ақшамен, бірі сыйлықпен. Біз атақ пен ақшаға құл болып, қырық пышақ боламыз. Бұл қандай жиркенішті. Біз ақшалыға, мансаптыға жағуға құлшынамыз. Бізге талант берген құдай қайда қалды? Құдайды ұмытқан адам халықты не істесін?

Алайда, көпке топырақ шашуға болмайды. Кесер басын кекжитін, бекзат болмысын жоғалтпай өмір сүріп жатқан қас таланттарда жоқ емес.

Осындайда есіме төмендегі өлең жолдарым түседі:

О, ақындар жаны көктем, жаз арман,

Басың төмен боп барады базардан.

Ақын деген жүру керек көк тіреп,

Ал ол үшін тазарған жөн тазарған!

-Сіздің шығармашылығыңыз туралы айтсақ? Былтыр «Сезімдердің гүлін салқын ұрмасын» деген атпен өзіңіз Алматының төрінде кеш өткіздіңіз?

-Мен өміріне разы ақынмын. Атақ-дақпырттардан, марапаттардан биік тұра алдым. Мойнымды созып, өкшемді көтерген жоқпын. Өз нәпсісін жеңген екі ақын болса біреуі менмін. (Бұл сөзім пендешіліктің сөзі секілді көрінер... Бірақ, ақиқаты сол бірде-бір мүшайраға қатыспадым, бірде бір сыйлыққа ұмтылмадым). Жылдарымды жыр жазумен жылыстаттым. Ақын үшін ең үлкен сыйлық - халықтың ықыласы, кірлемеген ары. Жас кезімнен елдің алақанында болдым... Әр жылдарда кітаптарым шығып, кештерім өтіп тұрды. Былтыр «Түнгі лирика» атты кітабым жарық көрді. Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы мемлекеттік акедемиялық драма театрда кеш өткіздім. Қазақстан ұлттық арнасы жазып, эфирден көрсетті. Бұл ақын үшін үлкен құрмет. Ақын пенделіктен алыстаса, құдайға жақындайды. Құдайға жақын болуға құлшынып ғұмыр сүріп жүрмін. Қазір философиялық екі кітабымды баспаға дайындап жатырмын.

-«...Ақындардың бәрі жалғыз»,- дейді Мұқаң. Ал сіздің туысыңыз бар екен – түн деген... Неге ақындар түнге жақын, айға туыс?

-Құдайдың түнді бергеніне қуанам. Кештер менің жақыным, түндер менің туысым... Түн мен үшін тынығатын мезгіл. Жалпы құдай түнді тіршілікке бір сәт тыныстап алсын деп берген. Мейлі қай қырынан алып қарасаңызда жан қалауын тауып, тән тыныстайды. Ай мен үшін тым қымбат. Басқасын айтпағанда:

Күбірлеген дұға естимін даламнан,

Қияқтанып туған айды көргенде...- «Айды қонақ қылу» өлеңімнен...

Ай туғанда «ескі айдан есірке, жаңа айдан жарылқа» деп тілек тілеп тұрған марқұм нағашы апам келеді көз алдыма... Біздің салт-санамыз қасиеттерге толы.

-Әр қаламгердің шығармашылық лабароториясы болады ғой. Сіздің өлең жазуда қандай бір дағдыңыз бар ма?

-Өлең менің есігімді кез-келген уақытта қағады. Көлік жүргізіп келе жатып та, тойда отырып та жазам. Маған өлең өте қысқа уақытта құйылып келеді. Жазған өлеңімнің үтір, нүктесін өзгерткен емеспін. Есігімді қағады да төрге озады. Келген бойда жадыма жазылып қалады. Қазірге дейін шыққан барлық кітаптарымды жатқа білем. Өлеңімді арнайы жаттаған емеспін. Кішкене кезімде жазғанымды ешкім оқи алмайтындай шимай-шимай етіп қағаздың бетіне түсіріп қоятынмын. Парақтағы бір шумақ жырдың орнынана бір қанша әріппен шимай тұратын. Мен жазып тастап, ойнап кететінмін. Әкем: -Балам не жазғансың? Жазуыңды танылатын етіп жазсаңшы, - дейтін. Шынын айтсам, өлеңімді қатты қызғанатынмын. Өлең жазып отырғанда арт жағыман келіп екі иығымнан екі адам қарап, оқып тұрғандай сезімде болатынмын. Сосын артыма бір қарап алып шимайға кірісетінмін. Бұл дағдым кейін өлеңді жадыма жазуға ауысты.

-Бақыттылардың тағдыры бәлкім,

Басталмай жатып аяқталады,-дейсіз бір өлеңіңізде. Сонда сіздің ұғымыңыздағы бақыт қандай екен деген ой келіп отырғаны?..

-Бақыт жайлы бөлектеу түсінгенім,

Бақыттымын жанып тұр ішімде күн,

Ұзармайды ешкімге тілім менің,

Қышымайды ешкімге тісім менің! – Мен үшін бақыт алаңсыздық.

Бақыт – пендешіліктен биік тұру. Бақыт – кейбір нәрселерді өлілердей керек етпеу... Өмірде өз нәпсісін жеңбеген адам тірі жүріп бақытты бола алмайды. «Бақыттылардың тағдыры бәлкім, Басталмай жатып аяқталады» -деген өлең жолдарым жайлы көп айтуға болады. Онда басымнан өткізген ауыр тағдырым жатыр...

-«Мен – ұлтшыл азаматтарды жақсы көремін. Бірақ, кейбірінің ұлтын сүю тәсілі ұнамайды»,-депсіз. Сонда қалай болғаны?

-Мен – ұлтшыл азаматтарды жақсы көремін. Олар қоғамның әр саласында үндемей ұлт үшін жұмыс жасап жатыр. Керек кезде дауыстарын шығарып қояды... Ал кейбір қолынан іс келмейтін ұраншыл «ұлтшылдар» бар... Олар ұлтшылдықты өз мүдделеріне бет-перде етіп алған. Ұлтты сүю ұраннан ғана тұрмайды. Олардың тәсілі қоғамды тас-түнек етіп көрсету, тек қана ұран салу. « Қиығы кеткенді көре берме, ондай көз сауысқанда да бар». Маған осы тұжырым ұнайды.

-Әрине, қоғамның сыртынан қарап тұрып түрлі тұжырым жасай беруге болады. Бірақ, ол – қоғамның жақсаруына үлес қосу емес қой. Ортаны пікір емес, іс өзгертетін заман дегендей? Сіз осы тұрғыда не істей алдым деп ойлайсыз?

-«Өмірді қорғау» қайырымдылық қорын құрып, қайырымдылық іс-шараларымен айналыстым. Мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектестім. Елбасының көші-қон саясатының нақтылы жемісін көрсететін «Тәуелсіздік жемісі» деген антологиялық фото-альбом құрастырып, шығардым. «Әдебиет әлемі» орталығын құрып, шығармашыл жастарға қолдау білдіріп келем. Оларды адам ретінде дұрыс бағытта тәрбиелейтін дөңгелек үстелдер өткізіп, кештерін ұйымдастырам. Қаржы тауып, кітаптарын шығаруға жәрдемдесіп жатырмын. Барлық істеген істердің тізімін жасау міндетті емес болар. Мен тамшыдай болса да тер төгіп, тиынымды, қысқа ғұмырдағы ең құнды уақытымды, мүмкіндіктерімді басқалармен бөлісіп жүрмін... Бұл айлыққа қараған ақын үшін оңай емес.

- Кейбір қаламгерлеріміз қоғамда болып жатқан жағдайлардан шет қалуды жөн санайды. Сондағысы «Біздің міндетіміз жазу» дегенге саяды ғой. Бұл өзі қаншалықты дұрыс?

-Әр қаламгердің өз ұстанымы болады. Жан қалауына құрметпен қарау керек. «Көп кітап оқыған, алған білімін елдің игілігіне жаратпаған оқымысты – кітап тиелген арба» - деген екен... Менің кітап тиелген арба болғым келмейді! Ақындар ту ұстап халықтың алдында жүргені дұрыс. Ақынсың ба, тіпті, ту ұстаған қолдан да көш ілгері жүретін барлаушыдай бол!

- Сізді ақын ретінде қазіргі қоғамда қандай мәселелер алаңдатады?

-Мейірім-махаббаттың, қайырым-шапағаттың, қанағаттың азайғаны алаңдатады. Бұл адами сезімдер мемлекеттің берік болуының үлкен негізі. Бізге шыныменде рухани жаңғыру керек!

-Әңгімеміздің соңында азаматтық лирикаңыздан оқырмандарымызға бір өлеңіңізді ұсынсақ?

Мен мұңайсам



Біреулерге ұнамаймын, ұнаймын,
Несібесін теріп келем, күн, айдың.
Мен мұңайсам, сүйіп тұрып ұлтымды,
Адамзаттың көңілімен мұңайдым...

Тамырларға жылы қан боп тараймын,
Күн кешпеймін ақыны боп сарайдың.
Салт-санама, басымды иіп дініме,
Барлық дінге құрметпен қараймын!

Мешіттерме, храмдарма, шіркеуме,
Еш қақым жоқ сенімдерді бүркеуге.
Сеніміне қарсы шығып басқаның,
Көз жасынан көл жасайды құр кеуде...

Ақынсың ба? Енжарлықпен тоғыспа,
Жырлар жазба бастап кірер соғысқа!
Қанша жанның ортақ болды қанына,
Қару жасап мейірімі жоқ ұста...

Біреулерге ұнамаймын, ұнаймын,
Несібесін теріп келем, күн, айдың.
Мен мұңайсам, сүйіп тұрып ұлтымды,
Адамзаттың көңілімен мұңайдым...

Әңгімелескен Айжан Табарак


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: тұсаукесер, кітап, ақын, ақын, Жас
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар