Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
26 ШІЛДЕ. ӘДЕБИ КҮНТІЗБЕ.

26.07.2017 1617

26 ШІЛДЕ. ӘДЕБИ КҮНТІЗБЕ.

ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНДЕР

АҚЫНДАР

1861 — Важа-Пшавела (шын есімі Лука Павлович Разикашвили) , грузиялық ақын, жазушы.

Ақынның шығармашылық жолы 1881 жылдан бастау алады. Грузияның тілінде жазатын қаламгер лирикалық және эпикалық шығармалар тудыра білді. Оның қаламынан отыз алтыға жуық поэма, төрт жүзге жуық өлеңдер және пьесалар, әңгімелер мен мақалалар туды. Оның шығармаларын орыс тіліне атақты Борис Пастернак, Марина Цветаева, Осип Мандельштам, Николай Заболоцки сынды ақындар аударды. Сонымен қатар, қаламгердің шығармалары негізінде бірнеше фильм түсірілді.

1875 — Антонио Мачадо-и-Руис, испан ақыны.

Мачадо өлеңдерін басылымдарға 1902 жылы жариялай бастады және сол жылы ол испантілді «модернизм» көшбасшысы Рубен Дариомен танысып, жақсы араласа бастайды. Оның алғашқы кітабы 1903 жылы жарық көреді. Артына мол мұра қалдырған ақын 1939 жылы жарық дүниемен қош айтысады.

ЖАЗУШЫЛАР

1856 — Джордж Бернард Шоу, ирландиялық жазушы 1925 жылғы Нобель сыйлығының иегері.

Дублинде дүниеге келген жазушы кішкентайынан кітапқа әуес болып, Ч.Диккенс, У.Шекспир, Д.Беньян сынды жазушылармен қатар, Библияны, араб ертегілерін сүйіп оқыды.

Бернард Шоу жастайынан-ақ жазушы болуды армандады. Бірақ жазушының алғашқы жазған «Сәтсіз неке», «Артистің махаббаты» атты романдарын бір де бір баспа қабылдамайды.

Шоу шығармашылығында жаңашылдықпен ізгі мұраттарды сөз етіп, надандық пен жауыздықты сынады. Бұған драматургтің өмірінің соңғы жылдарында жазған «Бойанттың миллиардтары», «Астарлы мысалдар» пьесалары дәлел десек болардай.

Жазушы 1950 жылы 2 қарашада қайтыс болды.

Қызық...

Бернард Шоу әдебиет пен өнер тарихында Нобель сыйлығы мен Оскар сыйлығын алған жалғыз адам.

1885 — Андре Моруа (шын есімі Эмиль Эрзог), француз жазушысы.

Нормандияның Эльбеф қаласында дүниеге келген жазушысы алғашқы сауатын Руандағы Корнели лицейінде ашса, кейіннен Кан университетінде білімін жетілдіреді. Оның тұлға болып қалыптасуына Ален деген атпен танылған философия пәнінің оқытушысы Эмиль Шартье көп ықпал еткен. Жазушы бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, сонда жүріп, «Полковник Бремблдің үнсіздігі» атты алғашқы романын жазуға кіріседі. Андре Екінші дүниежүзілік соғысқа да өз еркімен қатысады. Францияның жеңілісінен соң АҚШ-қа барып көптеген тарихи және көркем романдар жазады. Жазушының қаламынан «Ариель немесе Шеллидің өмірі», «Байрон», «Бернар Кене», «Құбылмалы махаббат» , «Отбасылық топ» сынды толайым дүниелер туады. Жазушы сексен жасқа толған шағында «Прометей немесе Бальзактың өмірі» атты соңғы шығармасын жазады.

Әдебиетте көптеген ірі туындыларымен қалған жазушы 1967 жылы көз жұмды.

1894 — Олдос Леонард Хаксли, ағылшын жазушысы.

Ұлыбританияның Годалминг қаласында өте білімді отбасында дүниеге келген жазушы Оксфордтағы Баллиоль колледжінде білім алады. Ол сол студенттік шағының өзінде жазушы болуды көздейді. Содан болар, Хаксли ең алғашқы романын 17 жасында жазады.

Ол 1937 жылы Лос-Анджелеске қоныс аударып, Джидду Кришнамуртимен танысады. Ұстазының парасатты көзқарасының арқасында оның танымы кеңейіп, мистикамен айналыса бастайды. Философиялық ізденістерінің нәтижесінде оның қаламынан «Көп жылдан соң», «Уақыт тоқтауы керек» сынды дүниелер туады.

1938 жылы Хаксли адами құндылықтардың жоғалуы жайлы антиутопиялық «О, жаңа тамаша әлем!» шығармасын жазады. Бұл туындысы оның жастар арасында үлкен танымалдылыққа әкеледі. Оның соңғы романы «Арал» деп аталады. Содан соң ол тамақ рагына шалдығады.

Олдос Хаксли 1963 жылдың 22 қарашасында дүние салды.

1922 — Хайрил Анвар индонезиялық ақын.

1926 — Ана Мария Матуте (Ana María Matute), испан жазушысы.

1954 — Лоуренс Уотт-Эванс, америкалық фантаст-жазушы.

1936 - Маршалл ӘБДІХАЛЫҚОВ жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Маршалл Әбдіқалықов Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған.

Ұстаздықтан еңбек жолын бастаған жазушы көптеген басылымдарда, Қазақфильм» киностудиясында еңбек еткен. Оның қаламынан «Желаяқ бала», «Алыстағы Маңғыстауда», «Қара тасқын» повестері, «Жердің асты жеті қат», «Сүйінқара» романдары туған.

ДҮНИЕДЕН ОЗҒАНДАР

1942 — Роберто Арльт, Аргентина ақыны және драматургы.

1976 — Николай Николаевич Носов, балалар жазушысы.

1908 жылдың 23 қарашасында Киев қаласында дүниеге келген.

19 жасында Киев көркем-сурет институтына түсіп, екі жылдан соң Мәскеу киномотографиясы институтына ауысады. Оқуын бітірген соң жазушы режиссерлік қабілетін шыңдап, Қызыл әскер туралы бірнеше фильм түсіреді. Осы еңбегі үшін ол 1943 жылы Қызыл жұлдыз орденімен марапатталады.

Жазушы кейіннен «Мурзилка» атты балалар журналына өз туындыларын жариялап тұрады. 1945 жылы оның алғашқы «Тук-тук-тук» атты жинағы жарық көреді.

1952 жылы әдебиетке сіңірген еңбегі үшін Сталин сыйлығына ие болады. Көптеген елдер оның балаларға арналған «Дымбілмес» (Незнайка) туралы трилогиясын сүйіп оқыды.

Николай Носов 1976 жылы 26 шілде күні Мәскеуде көз жұмды.

АТАУЛЫ ОҚИҒАЛАР

1920 жылы - Кеңестер съезінде болған сайлауда белгілі ақын Сәкен Сейфуллин Ақмола атқару комитеті мүшелігіне қабылданып, сонымен қатар, төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

1968 жылы - «Абай тілінің сөздігі» жарық көрді. Қазақтың ұлы ақынының атындағы сөддікке 6 000-ға жуық сөз бен түсіндірмелер енген.

1989 жылы - Қазақ КСР Компартиясы ОК жанындағы комиссия қазақтың көрнекті жазушысы, қоғам қайраткері, қазақ прозасындағы ең алғашқы роман «Бақытсыз Жамалдың» авторы Міржақып Дулатовтың шығармаларына дұрыс бағасын беріп, оларды жариялау туралы, әділеттілікті қалыптастыру туралы қорытынды шығарды.

Дайындаған: Наурызбек САРШАЕВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: жазушылар, әдебиет, күнтізбе, ақындар
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар