Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭКСПО-ны жырға қосқан ақындар марапатталды

04.07.2017 2693

ЭКСПО-ны жырға қосқан ақындар марапатталды

Кеше Астана қаласындағы Жастар театрында «Қа­зақстаным-Ғажапстаным» ай­­да­ры­мен жарияланған мүшәйра қорытындысы белгілі болып, жүлдегерлер марапатталды. Бұл мүшәйраға еліміздің түк­пір-түкпірінен үлкенді-кішілі 50-ге тарта ақын қатысқан еді. Қазылар алқасы додаға түскен жырлармен танысып, 12 ақынға жүлде тағайындаған болатын. Мүшәйраға белгілі жазушы Қойшығара Салғара бастаған Несіпбек Айтұлы, Сәуле Досжанова, Оңайгүл Тұржан, Жанат Әскербекқызы сынды ақын-жазушылар қазылық етті. 2 миллион теңгені құрайтын Бас жүлде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбайға «Қазақстан», «Рух жыры», «Қаратау» топтамалары үшін берілді. Бірінші орын (1 миллион теңге) – Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданының тумасы Ықтияр Мырзақұловқа Қазақстанның негізгі 21 қаласын жырға қосқаны үшін бұйырса, екі екінші орын (500 мың теңгеден) қызылордалық белгілі ақын Толыбай Абылаевқа «Жерұйық» толғауы, астаналық жас ақын Арман Шеризатқа «Астана» өлеңі үшін берілді. Үшінші үш орынды (250 мың теңгеден) астаналық Олжас Қасым «Ебіней көрген ЭКСПО», аягөздік Ақаш Көксегенов «Менің алтын тірегім», алматылық Ғалым Қалибекұлы «Қазақстан мәңгілік махаббатым» топтамаларымен алды. Ынталандыру сыйлығын (150 мың теңгеден) Достық Тілеубер­генов (Қызылорда облысы, Қар­мақ­шы ауданы) «Көк туды сүйем», астаналық ақындар: Ұларбек Дәлей «Есіл бойын жаға­лата үй тіктім», Қуат Рахатұлы «Арман қала – Астана», Мұқият Қойшыбай «Гүл көмкерген Сарыарқа» өлеңдері үшін қанжығаларына байлады. Мүшәйраның бас жүлдесін иеленген ақын, Ғалым Жайлыбайдың пікірімен қоса жеңімпаз ақындардың өлеңдерін оқырман қауымға ұсынып отырмыз.

Ғалым Жайлыбай, Бас жүлде иегері:

- Осы мүшәйраға арнайы ешқандай өлең жазған жоқпын. Жіберген топтама өлеңдерім әр жылдардағы әр форматта жазылған дүниелер болатын. Ақын үшін мүшәйра деген -үлкен мінбер. Ақын ретінде мен де елдің алдында өлең оқығым келеді, қошемет сезінгім келеді. Өйткені мүшәйраға қатыспағаныма біраз жыл болған. Жас кезімізде Ғафу, Тұмағаңдар да бізбен бірге мүшәйраға қатысатын. Жастармен бірге мүшәйраға қатысып отырғаннан кейін маған да қандай орын бұйырса да реніш, өкпем болмаушы еді. Өйткені жүлде атаққа емес, поэзияға беріледі. Бұл жолы да солай болды деп ойлаймын.

ЖҮЛДЕ АЛҒАН ӨЛЕҢДЕР

Бас жүлде

Ғалым Жайлыбай

ҚАЗАҚСТАН

Жырсың ғалам,

ғаламат нұрсың далам,

Етек-жеңін қаусырып

қусырмаған.

...Қазақстан, қарғам-ай, әнім едің –

қанатында аққудың сусылдаған.

Мөлдір тамшы ілінген бүрінде емен,

Көкжиекке көз салсам Күнін көрем.

...Қазақстан!

қастерлі күйім Менің –

Тұяғында дүлдүлдің дүбірлеген.

Ақ таң туса Алашқа арыс күткен,

арнасынан асады ағыс біткен.

Құба далам ойласам

тына қалам

домбыраның ішегіндей қағыс күткен.

Асылдардан аманат...

тапты мені,

ғасырлардан күткенім ақ күн еді.

...Қазақстан – бабамның ақ батасы

Қазақстан – анамның ақ тілегі.

Замананың тербелсе шынар бағы,

Ұлытаудың шуламай ұларлары...

Қазақстан – қызымның қызғалдағы –

Қазақстан – ұлымның ұлы арманы.

Қазақстан!

көнермес көктем елім,

өзіңе аян,

көгеріп көктегенім...

Қазақстан – жалғызым,

жалғызыма –

Жар бола гөр, жаратқан, – деп келемін.

Шомылатын шуаққа шоқ қарағай,

Күннен қуат іздеген,

оттан арай,

...Қазақстан – жүрегім,

Жүрегімнің –

Мәңгілікке дүрсілі тоқтамағай!

Біріші орын

Ықтияр Мырзақұлов

ҚАЗАҚСТАН ҚАЛАЛАРЫ

АСТАНА

Мәртебесі елімнің,

Кіндігі байтақ жерімнің,

Айбыны асқақ төрімнің,

Сенсің – Астана!

Бостандықтың бесігі,

Болашақтың есігі,

Елбасының шешімі,

Сенсің – Астана!

Арманы өткен бабаның,

Тарихы көне даланың,

Ойлары ұлы дананың,

Сенсің – Астана!

Ұрпақтың өшпес жырысың,

Бейбіт күннің нұрысың,

Сенімен бірге тынысым,

Аяулы Астана!

Бәйтерегің бойласын,

Келбетің күнде жайнасын,

Шаттығыңды тойласын,

Халқың, Астана!

АЛМАТЫ

Тарихың тереңде,

Алматым, жан қалам.

Көркіңді көрем де,

Өзіңе таң қалам.

Астыңда кім білсін,

Қанша сыр жатқанын.

Ғажап қой бүлдіршін,

Ойнаған бақтарың.

Нұрына бөлендім,

Төгілген арайдың.

Жолындай өлеңнің,

Көшесі Абайдың.

Биіктеп кетемін,

Шықсам көк төбеге.

Арманға жетемін,

Сенен ап өнеге.

Алатау асқағым,

Атамдай төккен жыр.

Әрқашан аспаның,

Болса екен мөп-мөлдір.

Толқимын жырменен,

Бір қиял кешем де.

Кім кеше жүрмеген,

Саялы көшеңде.

Жуынып тұрасың,

Жаз болса жаңбырға.

Өзіңе мұрасын,

Қалдырған Жамбыл да.

Ілияс, Бейімбет,

Бауыржан, Мұхтар да,

Жайнайтын сейілдеп,

Көшеңе шыққанда.

Алматым, өзіңде,

Сәкеннің сыры бар.

Жетелер сезімге,

Мағжанның мұңы бар.

Қайсысын айтамын,

Жақсының сенде өткен.

Киеңді байқадым,

Ойымды тербеткен!

Арудай Алматым,

Жасай бер сыланып.

Өзіңсің жәннатым,

Қарсы алар қуанып.

ТАРАЗ

Тараз атыңды

Таптың қайтадан.

Махаббатымды

Арнап айтам ән.

Ата-бабамның,

Мәңгі көзісің.

Байтақ даламның,

Өлең-сөзісің.

Тарихтың иесі,

Күмбір күймісің!

Махаббат киесі –

Айша-Бибісің.

Ойға батасың,

Толқып жатасың.

Берген батасын,

Әулие-атасың.

Қарайды еміреніп,

Дала таң болып.

Жатасың тебіреніп,

Қарахан болып.

Мың жылдар құрдасы,

Өзіңмен мақтанам.

Жастардың сырласы,

Перизат – пәк қалам!

Екінші орын

Арман Шеризат

АСТАНА

Әлемнің кеткен сыйып бар асылы,

Жайнап тұр EХРО -ның қалашығы.

Көрсеткен кереметтің не түрлісін,

Астана, сен көзімнің қарашығы!

Болжайтын болашақты ар жағынан,

Туғансың Елбасының арманынан!

Көркіңе таңдай қағып, кең дүние

Жырлайды ойда бұлбұл, тауда қыран.

Сан ғасыр өзіңді аңсап күткен дала,

Күн сайын көрінесің тіптен жаңа.

Төгесің бақыт нұрын байтағыма

Жарқырап маңдайыма біткен қала.

Көрейін ажарыңды көз барында,

Бөркімді аспанға атып озғаныңда.

Жол тартқан Мәңгілікке ұлы көштің,

Тағдыры, тізгіні де өз қолыңда!

Қаланған әр кірпішің қазақ үшін,

Жас ұрпақ тарихыңды жазады шын.

Атанса Қазақстан – ғажапстан,

Ғажаптың ішіндегі ғажабысың!

Үшінші орын

Олжас Қасым

ЕБІНЕЙ КӨРГЕН ЭКСПО

Іргесін шайқалмастай тұғырлы еткен,

Қастерлі желбіреткен Туын көктен.

Канада – Монреальда ЭКСПО өтіп,

Дабысы жер жаһанды дүбірлеткен.

Жұлдызын өркениеттің өрден жағып,

Кездескен қиындықты жеңген халық.

Өткізген бұл көрмені біздің елден,

Ебіней Бөкетов те көрген барып.

Ойында бірде сансыз сұрақ өріп,

Бойына бірде керім шуақ еніп.

Әлемнің небір ғажап жауһарына,

Өр ғалым тамсаныпты куә болып.

Ашылып талай-талай сыр көрмеден,

Кезікті ол алуан елге іргерілеген.

АҚШ-тың ғылымынатаңдай қақты,

Қарыштап, ғарышты асып, шыңға өрлеген.

Ғылымның зор боларын келешегі,

Аңғартқан тұңғыш ғарыш кемесі еді.

Беймәлім аспан сырын ашуға оның,

Сезілді әу бастан-ақ оң әсері.

Көрсетті Италия да терген білім,

Ашқанын жаңалықты «елден бұрын».

Өрістеп бар әлемді жаулап алар,

Дәуірі техниканың келгендігін.

Француздар табылған дара шыңнан,

Ұсынды ғылым кенін жаңа ашылған.

Экспо мінберінен жатты әйгілеп,

Алғанын энергия қара судан.

Көрменің сиқырлайтын бар ғажабы,

Қайнады күннен күнге қан базары.

Жапондар жасап шыққан өнертабыс –

Роботтар Экспоның болды ажары.

Осынау кіл мықтыны шығандаған,

Канада тоғыстырды бір арнадан.

Жасайтын ынтымақпен келді десті,

Адамзат ғаламшарын құрар заман.

Бұл ерен мақсат еді Канаданың,

Ғаламның бақытты ету әр адамын.

Ісімен игілікті айқындады ел,

Шыққанын үдесінен замананың.

Үшінші орын

Ғалым ҚАЛИБЕКҰЛЫ

ҚАЗАҚСТАН – МӘҢГІЛІК МАХАББАТЫМ

І

Тағдырдың талқысының өтінде өстім,

Тұяғындай тұлпардың кетілмеспін.

Табаныңа қадалған тас пен шөгір

Маңдайыма қадалса,

Өкінбеспін!

Дүлдүліңе мінейін тұсап келген,

Ақ батасын алайын нысапты елден.

Құдай маған өзіңді сүю үшін

Жүрек берген ып-ыстық құшақ берген.

Арманыма балаймын аспаныңды,

Мамығыма балаймын тастағыңды.

Төбемнен күн өтсе де табаннан сыз,

Құмыңды да сүйемін асқарыңды.

Суың әсем, тауың да, нуың әсем...

Сенсіз мына өмірге туылмас ем.

Еркек болмай кетейін, Қазақстан,

Дұшпаныңның қолқасын суырмасам!

Айдыныңды аймалап жүзіп келем,

Таңдарыңнан арайлы қызық көрем.

Зәбір көрсең зәредей

Қара да тұр:

Дұшпаныңның желкесін үзіп берем!

Қазақстан –

Мерейім, мақтаным-ай,

Құсың болып сайрайын бақтағыдай.

Жалғыз ұлым секілді – жалғыз Отан,

Жалғызымды тіл-көзден сақта, Құдай!!!

ІІ

Заңғар тауым,

Ешқашан аласарма!

Таулар бар ма өзіңе таласарға...

Қазақстан – арманы Әлиханның,

Қазақстан дегенім – «Алашорда».

Көз сүзсе де бөтеннің қайманасы,

Елін сүймес қазақтың қай баласы?!

Қазақстан – ақ туы Абылайдың,

Қабанбайдың қорғаған бай даласы.

Жерің сұлу – көзіндей құралайдың,

Асқарындай асқақсың Бұланайдың.

Қазақстан дегенім – қалың елі –

Қайран жұрты – қазағы ұлы Абайдың.

Қазақстан – Мұхтардың маңдайысың,

Жамбыл жәкем тонының шалғайысың.

Қаныш ағам байытқан кені болсаң,

Бибігүлдің сиқырлы таңдайысың.

Сен де, Ғалым, азаттық ақынысың,

Отаныңды жырлауға хақылысың.

Қос қанаты Тоқтардың – Қазақстан –

Нұрсұлтандай дананың ақылысың.

Сағыныш бар кеудемді дүрсілдеткен,

Жан сырымды тыңдашы, сыршыл көктем!

Қазақстан – айбаты Бауыржанның,

Желтоқсанның Қайраты қыршын кеткен.

Жыры болдың Қасымның жалындаған,

Әні болдың Шәмшінің мамырлаған.

Күйі болсаң Секеннің дауылдаған,

Жас Димаштың үнісің танылмаған...

Ынталандыру

Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ

ЕСІЛ БОЙЫН ЖАҒАЛАТА ҮЙ ТІКТІМ...

Бізге өзгеше сәуле төгіп жарық күн,

Бесігімде сол сәулеге қаныппын.

Ақынымын – Астанасы бар елдің,

Ақынымын – бостандығы бар ұлттың.

Аспан асты, жер үстінде желпінген,

Бұл даланың еркін жортқан бөлтірігі ем.

Жастап жатып оянғанмын мен алғаш,

Ертоқымын көшпендінің тер сіңген.

Беймаза түн!

Есімді алма, сен енді,

Жылдар көрер күн сипаған төбемді.

Тұмсығымды айға тіреп алғаш мен,

Атажұртқа қарап жазғам өлеңді.

Баурайыңда баурым аман,

Күн аман,

Қазақ Елі – әлпештеген ұлы анам!

Ырымдаймын, босағама ақ төгіп,

Ұлым күнде жол қараса қуанам.

Елдік таңы көрік қосып көгіме,

Шомыламын тыныштықтың көліне.

Аспаныма ақ кептерлер ұшырып,

Құшақ-құшақ гүл егемін жеріме.

Қазақ жұртын бауырыңа бас, ғалам!

Ұлың менмін, ұлы күрес бастаған.

Жалғыз өзі жауға тиер жалаңаш,

Қандай ауыр ұрыстардан қашпаған.

Дәуірлерден сығалаған ғасырдың,

Жанарына қасіретімді жасырдым.

Ғарыш түсті көк туымды жамылып,

Атажұрттың алдына кеп бас ұрдым.

Адал болып, азат елдің сертіне,

Мен жырлаймын,

жырлай берем желпіне.

Мәжнүндейін жүз айналам –

Астана!

Еуропаңды екі орайтын көркіңе!

Жаңа ғұмыр жарқыраған санамда,

Еркін рухым түспес енді талауға.

Есіл бойын жағалата үй тіктім,

ЭКСПО деп елеңдеген ғаламға.

Жердің белін қайыстырған салмағы,

Самұрық құсым – айдан әрі самғады.

Ертеңіме ЭКСПО-дан жалғасқан,

Елбасымның жатыр ұлы арманы!

Әзірлеген Айжан ТАБАРАК


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: ғажапстан, мүшәйра, Қазақстан, ақын, әдебиет
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар