Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Мұқағалиды Жазушылар одағы мүшелігінен «шығарған» кім?

12.06.2017 10393

Мұқағалиды Жазушылар одағы мүшелігінен «шығарған» кім?

КСРО Жазушылар одағы Әдеби қорының Қазақ бөлімшесіне директорлыққа тағайындалған кезім. 1975 жылдың аяқ шені. Бір күні бөлмемнің есігі шалқасынан ашылып, алып денелі Мұқағали тісі ақсиып кіріп келді. Ұшып тұрып, сәлем беріп, қарсы қабырға іргесіндегі диванға жайғасуына ишара жасадым. Ол диванға емес, үстелімді жанай тұрған биік арқалықты орындыққа отырды. Үстінде – қоңырқай жылы күртешесі, басында – қауқиған сары малақайы. Өңі жүдеу. Әншейінде жымиысын жарасымды етіп түратын бет шұңқыры суалыңқы жағына сіңіп кеткендей. Мен ірге жақтағы орындықтардың бірін алып, Мұқаңмен тізе түйістіре бере:

– Мұқа, хал-ахуалың қалай? – дедім.

Мұқаңмен таныстығымның бастауы 1970 жылда, мен "Қазақ әдебиеті" газетінің редакциясында қызмет істеп жүрген тұста жатқан және қалайша екенін білмеймін, мен әу дескеннен-ақ "сен" деп кеткенмін-ді.

– Диваныңа отырмағаныма сен ренжіме, қызталақтың жүмсағын да, қаттысын да көріп жүрмін ғой, ауруханадан кеше шықтым, жарайды, оны қойшы, саған келген себебім: сенің анау бұғалтырың бар ғой, сол менің "көкқағазымды" көрсе-ақ жаман шошиды, ей! Соған айтарынды айтшы! – деді ол. Бойынан әлдебір таныс дәрі иісін сезгенмін, бірақ мәнісін сұрағым келмеген.

– Шошығаны қалай? – дедім, ештеңе түсінбей.

– Өзінен сұра, – деп сәл жымиды да, малақайын алып диванға тастай салды. Қобыраған шашын қос қолдың саусағымен артқа қарай салалап-салалап тарады. Кең мандайы жарқырай ашылды.

– Қазір сұрайын, – деп орыныма бардым да, бухгалтерияға телефон шалып, бас бухгалтер Фарида Миникееваны шақырдым. Мұқаң:

– Қызық, – деді.

– Не "қызық"? Қай сұлу есіңе түсті? – дедім, әзілдесе беретін әдетіммен. Сол әредікте келіп кірген Факең не үшін шақырылғанын аңғарса керек, қолындағы "көкқағазды" – еңбекке жарамсыздық жөніндегі бюллетеньді маған ұсына жақындап, Мұқағалиға қарап:

– Бұларыңа ақша төлеуге правомыз жоқ десем, мына тентек ұқпайды, – деді.

– "Правомыз жоғы" қалай? – дедім. "Көкқағаз" екеу екен.

– Литфондтың мүшелігінен шығарылған, өзіне айтқанмын.

– "Шығарылғаны" қалай?! – дедім, еріксіз танданып.

– Постановлениені алып келейін, көріңдер, – деп Факең бұрылып жөнеле берді.

– Айттым ғой, «қызық» деп?! – деді Мұқаң, тиісті ақшасын санап алған кісіше жылы күліп.

– "Қызығың" бар болсын! – дедім. "Көкқағаздарына" қарасам: біреуі жақында ғана беріліпті, екіншісі төрт ай мөлшері бұрында жазылған.

Факең қайтадан келіп, бір парақты алдыма қойды. Бөлімшенің ресми бланкісінде "Постановление правления" деп орыс тілінде сайрап тұрған қаулының тұжырымы: "Мұқағали Мақатаевтың СССР Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылғаны СССР Жазушылар одағы Әдеби қорының мүшелігінен де шығарылғаны болып табыладыны" айтып айқұлақтанған. Бөлімше директоры Әбдірашит Ахметов қол қойып, мөр басқан.

– Мынау – қате. Анау жолғы кәсіподақ ұйымының қисынсыз у-шуы сияқты бірдеңені малданып жазғансыздар ғой?! – деп Факеңе орынсыз ренжігенімді аңғармай да қалдым. Факең:

– Ғаббас, сен қызықсың ғой, мен правлениеге бағынатын бухгалтер ғана емеспін бе? – деп орынды кейіді.

– Иә, қызық! – дейді Мұқаң, жайбарақат сөйлеп. Оның сөзі қитығыма тиіп:

– Мына қаулыны Мәскеу бекітіп қойса, "қызық" сонда болады, "қызықтың" көкесін сонда көреміз! Мұқа, сен тырп етпей отыр, мен қазір келемін, – дедім де, Әнуар Әлімжановқа барып келетінімді айтып, есікке беттедім.

– Бірінші секретарьға барасың ба? Ол шешер ме екен? – деді Факең, маған ілесе шығып. Үндемедім.

Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов Жазушылар одағының басшысы бөлмесінде оңаша екен. Сәлемдестім де, мән-жайды айтып, әлгі қаулыны ұсындым:

– Мұқағалиды одақ мүшелігінен шығарғандарыңыз рас па? Қашан болды? Секретариатта шешіліп пе еді? Көпшілік келіспеп еді ғой? – деп сұрақты шұбырттым. Әнекеңнің қабағы түйіліп, көзі өткірлене қалды. Басын шайқап:

– Әкәу, (Әнекенде осылай "әкәу" дейтін сөзсыралғысы бар-ды, – Ғ.Қ.), бір рет хатшылар мәжілісінде ақылдасқанбыз. Біріміз: "одақтан шығарайық!" деп, біріміз: "мүшелігін бір жылға тоқтатып, шартты жаза қолданайық!" дескенбіз. Мен ол екі ұсынысқа да келісім берген жоқпын, ұят болады ғой! Ол Мұқағали ғой, әкәу! Айтпақшы, кәсіподақ мүшелігінен шығып қалған Мұқағалидың мәселесін қарап, біздің жігіттер ұятқа қалыпты ғой, өздері осы қызық! – деп иығын кұжың еткізеді.

– "Қызық" көбейді, ақыры қайырлы болсын, ал андағы қаулыны заңсыз деп Мәскеуге хат жіберемін де, ол жақтың жауабын тоспай-ақ, бюллетеньдерінің ақшасын төлеп беремін, – дедім. Әнекең қаулыны маған қайырып:

– Дұрыс, дұрыс! – деді. Мен үстелге қаулыны аударып төседім:

– Әнеке, осы айтқандарыңызды мынаның сыртына қазір жазып қоямын, – дедім.

– Сөйт, мен қол қойып берейін, – деді ол.

Бөлмеме оралсам, Мұқаң жоқ! Бухгалтерия бөлмесіне бас сұқсам, әлденені айтып, қыз-келіншектерді мәз-мәйрәм етіп сонда отыр!

– Факе, "тентегіңіздің" мүшеліктен шығарылғаны бекер, мына қаулыларыңыз күшін жойды, енді бюллетеньдерінің ақшасын төлеп беріңіз! – дедім.

– Маған бәрібір, – деді Факең "қаулыларыңыз" дегенімді тағы ұнатпай.

– Ал, Мұқа, ақшанды ертең аласың, сен енді ауырғанды қой, уәденді бер, әкел қолынды! – деп әзілдедім. Ол қолымнан ұстап күлімдеп отырды да:

– Әй, Ғаббас, ауылда сенімен жасты інім бар, аты – Тоқтарбай, менен төрт жас кіші, екеуің түйдей құрдас екенсіндер, екеуінді әлі таныстырамын, – деп орнынан тұрып, иығымнан бір қақты да, маңқиып шығып кетті. Менің көз алдыма Мұқаңмен жасты ағам Қадестің (Өскеменде тұрады) қымбат келбеті келе қалды.

Ертеңінде түстен кейін бөлмемнің есігі тағы шалқасынан ашылып, Мұқағали маң-маң басып кіріп келе жатты. Ту сыртынан бәйбішесі Лашын жеңгеміз көрінді. Сәлем бере көтерілдім. Мұқаң мені құшақтап:

– Бауырым, көп рахмет, рахмет! Жеңгең ақшасын, әне, қалтасына сиғыза алмай тұр. Ай, бәйбіше! – деп жеңгемізге бар денесімен бұрыла қарады да: –Сен мына Ғаббастың үйіндегі келінге шуба әпер, ұқтың ба? Обязательно әпер, ақша жетеді қызталақ! – деді, көңілі таси аңқылдап сөйлеп. Жеңгеміз жымиып басын изеді.

– Мұқа, сен енді ауруды ұмыт, келініңе кигізген шубаң сол болсын, ауырма, аман жүр! – дедім.

– Жарайды! – деп жайдарылана күлді.

"МАҚАТАЕВТЫ ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ МҮШЕЛІГІНЕН ШЫҒАРУ КЕРЕК" ДЕГЕН ҰСЫНЫСТЫ ЖАСАҒАН - ОЛЖАС

Мұқағалимен Жазушылар одағында, көшеде талай рет кездесіп, әңгімелескенмін. Дұрыс сәтінде де, "бұрыс" сәтінде де.

"Бұрыс" деп отырғаным – қызу жүретін кездері. Онысын төңірегіндегілер түгел білетін едік қой. Ол көңілшек адам болатын. Кейде «әттең» болып қалатыны сол мінезінен еді. Әнуар Әлімжановтың Мұқағалиды да, Тоқаш Бердияровты да "бұрыс" сәттерінде келгендерінде де қалайда қалжың күлкімен қарсы алып, қияс қылықтарын кешіріп, алдап-сулап шығарып салып тұрғанын бірнеше рет көрдім. "Әкәу, жарайды дедім, жарайды енді, ертең келші, бәрі болады, ертең кел!" деп, шағын денесі селкілдей күліп, қарап тұратын. Екеуінің талантын сыйлайтын. Сыйламаса, адалдығына, ақжүректілігіне сенбесе, бірінші басшының аты – бірінші басшы, мысалы, екеуін Жазушылар одағының мүшелігінен шығаруға тырысқандарды жақтай салатын еді, әсте қарсы болмас еді, қорғамас еді.

Мұқағали Мақатаев та, Тоқаш Бердияров та Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылған емес, "Шығарды" деп әлдекімдер алыпқашты сөз таратып жіберіпті. Ал екі ақынның Қазақстан жазушыларының сол жылдардағы құрылтайларының бәріне кәдімгі ресми делегат боп қатысқандары анық.

Осы тұста мына бір жәйтті де мәлім етейін. Жоғарыда Әнуардың "біздің жігіттер қызық" дегені кәсіподақ жиналысы жайында. Бір күні одақтың кәсіподақ комитеті жалпы жиналысын шақырды. Қаралмақ мәселелердің бірі – Мұқағали Мақатаевтың тәртібі. Жиналысты Олжас Сүлейменов ашып, жүргізіп отырды. Негізгі мәселе бойынша баяндама жасалып, жарыссөз болып, одан соң күн тәртібіндегі басқа мәселелерді қарауға кезек келді. Олжас әдетінше Мұқағалиға шүйіліп біраз сөйлеп: "Мақатаевты кәсіподақтан, Жазушылар одағы мүшелігінен шығару керек!" деп ұсыныс жасады. Мінберге шыққандар қостай бастады. Мен шығып:

– Мұқағалидың анда-санда масаңдау жүретіні рас, бірақ, ешкімнің басын жарған жоқ, көзін шығарған жоқ, Сәкенінен, Ілиясынан, Бейімбетінен, Мұхтарынан, Сәбитінен, басқа да үлкен-кіші тұлғаларынан айырылған қазақ әдебиетіне енді жетпей тұрғаны Мұқағалиды куып тастау ма? – дей келіп, орынсыз ұсынысқа мүлде қарсы екенімді айттым. Жазушылар Бексұлтан Нұржекев пен Оразбек Сәрсенбаев мені қостап сөйледі. Ию-қию өршіді. О тұстан, бұ тұстан ала-құла сөзді айқай шықгы. Сол кезде әлдекім:

– Мұқағали кәсіподақтың мүшелік жарнасын уақтылы төлеп жүр ме, соны айтсыншы өзі! –деді.

Мұқағали залдың орта шенінде отырған-ды. Жұрт: "Иә, иә, айтсын!" десіп, Мұқағалиға жалт-жалт қарасты. Ол тісі ақсия күліп отыр. Қолын сілтейді. Және біреу: "Оның айтқысы келмесе, комитеттің жарна жинаушысы кім еді, сол айтсын!" деп талап етті. Комитет төрағасының тұрмыс мәселелері жөніндегі орынбасары біздің бухгалтер Фарида Миникеева еді, сол кісі орнынан тұрды да: «Мүшелік жарнасын үш жыл бойы төлемегендігі себепті Мақатаев жолдас мүшеліктен алдыңғы жылы шығып қалған», - деді. Қарқ-қарқ күлкі залды жарып жібере жаздады. Қызыл шеке бола бастаған көпшілік сол күлген бойы тарап кете барды. Жиналыс жайына қалды. «Біздің жігіттердің қызығы» - сол!

Енді мына бір құжатқа үңілейік:

«Әнуар!

Айып етпе, сенің алдыңа барып барлық жағдайымды айтуға арланып отырғаным жоқ. Сен қабылдамайды, тыңдамайды деген де ойдан аулақпын. Сенің қазіргі жұмысың қауырт, оны да түсінем. Сондықтан менің Жаңа жылдан бергі жағдайымды өзің білесің бе, жоқ па деп хат жазуыма тура келді. Менің, семьямның қазіргі халі осыған мойын ұсындырды мені. Үйіңе барып жолығуды ұят көрдім. Тағы да өтінем, айыпқа бұйырма.

Өзіңе белгілі болар, биылғы жыл (1973) маған оншама қуаныш әкеле қойған жоқ, әзірше. «Жұлдыздан» мені босатқан, ол кезде сен ОАР жаққа кеткен едің. Сенің келісімің болды ма, жоқ па, ол жағы маған әлі белгісіз. Өзім де кінәлімін, әрине, дегенмен де, дәл Жаңа жыл келгенде, балаларымның жеп отырған қорегінен ажырататындай ешкімге ешнәрсе істей қойған жоқ едім...

Жасыратыны жоқ, байқаймын, сен маған суық қарайсың. Сен мені, менің болмысымды танитын сияқты едің ғой. Түсінбеймін, қандай ғана өсекшінің тіліне ердің?! Арамдық, адамға деген жауыздықтан бойын аулағырақ ұстайтын бір адам мендей-ақ болар (осылай деуге ұялмаймын!). Егер мен тарапынан көбік езу біреулер саған бірдеңе деп жеткізсе, оның бәрі жалған екендігін түсінуіңді өтінем.

Ал әлгі дерт, ішімдік мәселесіне келетін болсақ, енді оның иісін сездіріп, ізін де білдірмеуге бел байлағам. Есіңде болсын, бұл –менің азаматтық сөзім!

Адамның бәрін дос санап, көңілдерін жықпай, көлгірсіп келіппін. Байқасам, менде дос жоқ екен. Дұшпаным бар ма, жоқ па, білеймін. Мендегі бар айып –жек көретін, құлқым сүймейтін адамға жек көретінімді, құлқым сүймейтіндігін сол адамның алдында оп-оңай білдіріп алатындығым (ішсем де, ішпесем де).

Әнуар! Бүгіннің қызығынан, рахатынан, байшылық-баршылығынан қаншама безініп, болашақ үшін, қауым үшін, болашақтың әдебиеті үшін өмір сүрейін десем, менің қазіргі болмыс-тұрмысым соншама езіп, жаншып, жуасытып барады. Өзім жарық дүниеге әкелген балаларымнан артық бақыт жоқ маған. Соларды ойлаймын, қиындап кетті...

Өтініш: егер менен үмітіңді біржола үзбесең, мені өзіңнің қарауыңа жұмысқа ал. Ақындығы да, таланты да, атағы да құрысын, балаларымның жоқшылықта болуын көргім келмейді. Бәрі де ержетіп, естері кіріп қалыпты, ұялып жүрмін солардан... Өзің білесің, қырықтан аттанып барам ғой, енді қандай баланың қарауына барып әдеби қызметкер болмақпын. Не де болса, өз қарауыңа ал, батыр! Қиындап кетті. Сенен алғашқы да, ақырғы да өтінішім осы. Қалғанын азаматтығыңнан, құрбылығыңнан күттім!

Сәлеммен, Мұқағали.

20. 03. 1973 ж.

Панфилов, 147, кв.95. Телеф. 27497».

Бұл хаттан кейін екеуі жақсылап әңгімелескен болар. Көп кешікпей Мұқағали Мәскеуге, Әдебиет институтына оқуға жіберілген. Ол Әнуардың: мұндағы «достарынан» уақытша болса да қол үзсін, үлкен ортаны көрсін, оқысын, ойлансын деген қамқорлық ниеті ғой. Бірақ Мұқағали тиянақтап оқи алмады. Сол туралы Әнуарға институттан 1973 жылғы қарашада хат келіпті. Жолдаған кісі аты-жөнін анық жазбастан иірлеп қол қоя салған. Ол біздің ақынды «стихийная одаренность которого несомненна» деп бағалай келіп, оқудан шығаруға мәжбүр болғандарын өкіне мәлімдепті. Ал Әнуар хат иесін әбден танитын болса керек, жауабын: «Уважаемый Александр Петрович!» деп бастап, Мұқағалиды өзінің жоғары құрметтейтінін айтып (мұрағатжайдағы орысша нұсқасынан сол жерде қалайда қазақ тіліне аударып жазып алғанымды ұсындым): «...Мұқағали Мәскеуден қайтып келгенде мен шет елде едім, ол орнымда қалған хатшыға: «Жазушылар одағы алдында ұяттымын. Енді мұнда жүре алмаймын, ауылыма кетіп барамын, жаңа жыр жинағымды дайындап болған соң келемін», – деп кетіпті... Талантты ақынның одаққа танылуы үшін кітабын Мәскеуде орыс тілінде шығарғымыз келеді, Сіз көмектессеңіз жарар еді», – деп жазыпты. Кейінде ақынымыздың Алматыда «Зов души» деген атпен шыққан (орысшалағандар Әнуардің мәскеулік достары – Ю.Александрова мен М. Курганцев) үш дастаны мен 55 өлеңі енгізілген жинағына алғысөзін Әнуар: «...творчество Мукагали Макатаева – яркая страница казахской поэзии шестидесятых-семидесятых годов нашего столетия», деп бастап: «Порой он бывал грустен, порой беспокоен, задирист в споре. Но всегда оставался жизнелюбом и оптимистом... Добротой наполнены его строки, добротой и любовью к человеку», – деп тұжырыпты. Осындай адал пікірлі Әнуардфң Мұқағалиға қашанда оң көзімен қарағанына бұл және бір дәлел. Әнуар болмаса, бұл жинақ шықпас та еді (сөз ыңғайына қарай айта отыруға болар бір жәйт: кейінде Ленинград баспасынан жарық көрген «Поэты Казахстана» жинағын Мұхтар Мағауинге құрастыртып, жолын ашқан да Әнуар екен).

«Әнуар Жазушылар одағын басқарып тұрғанында Мұқағалиды, Тоқашты одақ мүшелігінен шығарып тастаған болатын» деген «жаңалық» мүлде бекер.

Қазақстан Жазушылар одағының мұрағатжайында басқарма хатшылары алқасының 1974 жылғы қаңтардың 24-і күні өткізген мәжілісінің №3 «а» қаулысы бар. Онда Мұқағали Мақатаевты КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығаруға шешім қабылданғаны жазылған. Ол—жалған шешім. Себебі: біріншіден, сол мәжілісте қаралған негізгі мәселе жайында баяндама жасаған Қалаубек Тұрсынқұловтан (одақ басқармасының үшінші хатшысы) кейін сұрағанымда ол жолы Мұқағали туралы ешқандай сөз болмағанын айтты. Екіншіден, ҚЖО басқармасының бірінші хатшысы Ә.Әлімжанов Мәскеуде іссапарда жүрген, ал бірінші басшы жоқ кезде кімді болсын мүшеліктен шығару сияқты күрделі мәселе қаралмайтыны өзінен-өзі белгілі. Егер тіпті бір шұғыл себептермен қарау қажет болған күннің өзінде мәжілісті бірінші басшының міндетін уақытша атқарушы екінші басшы – Ілияс Есенберлин өткізіп, шешімге сол қол қоюға міндетті еді. Олай болмаған. Сыртқы байланыс жөніндегі хатшы (төртінші) О. Сүлейменов қол қойыпты, Есенберлин отырғанда оның дәл сол жолы өйтуге құқы жоқ болатын. Үшіншіден, қаулының өзін «а», «ә», «б»... деп нөмірлеу ешқашан болған емес. Қосымша мәселе қаралған болса, онда сол қаулының баптарына қосымша ретінде: «а», «ә», «б»... деп тармақ енгізіледі. Яғни мынау «№3 «а» қаулы» әлдекімге не Мұқағалиды мұқату үшін, не Әнуарді арандату үшін керек болған да, кейін, мәжілістен соң жазылған, демек, жалған құжат екені даусыз. Жалғандығына және бір дәлел—ол мәжілісте Мұқағалидың тәртібі қаралса, шешім қабылданбастан бұрын талқылау, пікірлесу болуы, шешімнің неше дауыспен мақұлданғаны айтылуы талап етіледі ғой, ал Жазушылар одағының мұрағатжайында ондай құжат (мәжіліс хаттамасы) жоқ, пәленбай мәжіліс өтті, түгленбай шешім қабылданды деген жарты парақ жазба ғана бар.

Қаншама жыл қызметтес, жолдас болып жүргенімде Әнекеңнің қол астындағы қызметкерлердің бірде-бірін, тіпті жұмыстан шығармақ тұрғай, ренжіткенін де көрген емеспін. Үлкен-кішімен әзілдесіп, қатар құрбысындай тең сөйлесетін, олардың ағаттықтарына кешірімді еді. «Жүйріктің түбін берік аладыны» бекер айтпаған ғой. Әнекең сол Берік Азамат болды!

МҰҚАҢ АУРУХАНА КИІМІМЕН ҚАШЫП КЕЛІПТІ...

Мұқағалиды ақырғы көргенім 1976 жылдың бас шенінде. Бір жаққа бір шаруамен баруға бөлмемнен шыға бергенімде онымен бетпе-бет ұшырастым.

– О, Мұқа, ассалаумағалейкум! – дедім, сәл аңтарылып.

– Уағалейкүмассалам! Кабинетіңе кірейік, сенде срочный шаруам бар, – деді. Аурухана иісі мүлде мүңки қалды.

– Сұлу медсестраларың дәріге шомылдырып жіберген бе, немене? – деп қалжындай кірдім бөлмеге. Оның алып денесі мүжіліп кеткенін аңғарып, іштей тіксіндім де.

– Аяушы ма еді қызталақтар, аямайды ғой, – деген Мұқаң кең пальтосының түймелерін ағытып жіберді де: – Міне! – деді. Пальтосының асты – аурухананың таныс киімі: түсі оңған бозғылт пижама, сарғыш көйлек.

– Ойбай-ау, Мұқа-ау, тоңып кеткен жоқсың ба?! Мынауың не, бұл қай жүрісің?!

– Бұл бәтшәғарда тоңатын ештеңе қалған жоқ, мынадан төмен қарай, – деп ол кіндік тұсына алақанын көлденең ұстады, – міне, мынадан төмен қарай укол салмақ тұрғай кездік сұғып алсаң да түк сезбейді, қызталақ. Тихий часта тырағайлап қашып келдім, бауырым, ағаңа ақырғы рет бір көмек көрсет, мә, арызым, – деді де, бүктелген парақты ұстата салып, диванға барып жантайды.

– Қашып келсең – кел, тек "ақырғы" деген сөзіңді қайтып ал! – дедім.

– Айтылар сөздің айтылғаны жақсы. Бұл ағаң ... қап, андағыны өлеңмен жазбаған екенмін, ескерткіш болатын.

– Қайдағыны айтпа! – деп тағы ренжідім де, арызына көз тастадым. "Денсаулығымның нашарлап бара жатқанын ескеріп, материалдық көмек көрсетсеңіздер екен" деген жалғыз сөйлем жазыпты. Қағазынан да дәрі иісі шығып тұрғаны есімде. Бухгалтериядан кассир қызды шақырып алдым да, арыздың етегіне "150 сом" деп жазып, кассирге тез алып келуді сыбырлап қана тапсырдым, Мұқаңа бұрылсам, ол терезеге бей-жай қарап, жантайып жатыр екен. Қыз шығып кеткен соң ақырын жөткірінді де:

– Өмір-ай, өмір деп жүрдік, бір жыладық, бір күлдік... Солай, бауырым, бұл жаман ағаң ауруханада ақырғы өлеңдерін жазып жатыр, Құдекең енді бір ай мұрсат берсе, сонысына да шүкіршілік етермін, – деді. Жүрегім дір етті. Кеудеме бір суық құйын сүңги кіріп, қайта шығуға арпалысып, құдды беймәлім бір хайуанша құтырынып, ішкі сарайымды әлде тырналап, әлде тістелеп жұлқылағандай ауыр күй кеше бастадым. Мұқаңа қарауға да, бірдеңе деуге де дәтім қалмағандай. Қағаздарымды аударыстырып, аққұла жоқты іздеуге кірістім. Әншейінде безілдей беретін телефоным да тым-тырыс.

Есік ашылды. Фарида екен.

– Фуһ, дәрі сасып тұр ғой! – деп сөйлеп келіп, Мұқағалиға қарап: – Ә, тентек, хал қалай? – деді жымиып. Мұқаң маңқия бұрылып, орнынан жайлап тұрып:

– Е, Факе, хал дейтін хал қалған жоқ, қоштасқалы келдім, – деді. Төбесіне жылжып кеткен сары малақайын милығына басыңқырап қойды.

– Әй, тентек, жаман сөз айтпа, не болды саған?! Бұ күнде кім ауырмай жүр?! – деді Факең. Мен ол кісі алып келген 150 сомды және шығыс ордерін Мұқаңа ұсынып:

– Әзірше осыны ала тұр, әлгі максимальный мөлшер дегеніміз ғой, кейінірек тағы көрерміз, – дедім. Ол ақшаны қойын қалтасына "біссімілдә" деп салып, ордерге қолын қойды. Сөйтті де Факенді иығынан ақырын құшақтап, самайынан сүйді. Одан соң мені кең құлашын жая құшақтай бере бетіме қарап кідірді. Көзінің қиығы ұзарып, мұрнының дөңесі көтеріліп кеткен екен. Көзін көзіме қадап, маңдайыма маңдайын тіреп:

– Көп жаса! Қош бол! – деп қыстыға күбірледі де, баяу бұрылып, жылжып кете барды. Менің кеңсірігім удай ашыды...

1976 жылдың қарашасында Комсомол мен Амангелді көшелерінің қиылысындағы ауруханаға тағыда түстім. Бір күні дәлізде таныс Баян медбибі кездесіп, екеуміз өткен-кеткен жәйіттерді еске ала біраз әңгімелестік. Баян "Лениншіл жас" газетін жылда жаздырып алатынын, газеттен ең әуелі өлең іздейтінін, ал өлең оқыған сайын Мұқағали ағасының бір қылығы есіне түсетінін айтты. Мұқаң ауруханада соңғы жолы жатқанында бір күні түскі астан кейін іздегендерінде табылмай, Баян қатты абыржыпты. Көп жүруіне, далаға шыға беруіне болмайтын ауыр сырқат адам тыным мезгілінде (тихий час) орынында жоқ. Баян не істерін білмейді, кезекші дәрігерге, бөлім меңгерушісіне айтуға батпайды. Мұқаңның кешкі асқа дейін, әйтеуір, аман-есен келуін тілеп, іштен тынады. Мұқаң кешкі асқа жарты сағат қалғанда келіпті. Газетке орап құшақтап алған нәрсесі бар. Қатты деміккен. Аяғын әрең басады. Баян тұра ұмтылып, қолтығынан демеп, палатасына апарады, төсегіне отырғызады: «Ағатай-ай, қайда жүрсіз?!» деп шырылдайды. Ағатайы құшағын ашып, ораулы нәрсені оған ұсынып, деміге отырып емірене қарап: "Айналайын қарындасым, қызым... айналайын, андағы саған... сендерге... осындағы қыздарға... апар, апар!" депті. Баянның алар сыңайы жоғын көріп, қабағын түйіп: "Тіл ал!.. Мені ренжітпе!" – депті қатқылдау үнмен.

– Ораулы нәрсесін ем-дом бөлмесіне алып барып қарасам , бір бөтелке шампан, бес құты иіссу, кемінде үш килограмм кілең қымбат конфеттер, екі тақта шоколад! ­­– деді Баян, соның бәрін тағы көріп тұрған жанша таңдана сөйлеп. Мен ол жәйттің Мұқағалидың әлгі сонау "тихий часта тырағайлап қашып келдімі" күні болғанын іштей тұспалдап үлгірдім. Қайран құдіретті Аға-ай! Өйтпесең, Мұқағали болармысың!

...Мен бұл естелікті жазғанда Мұқағалидай Алатау ақынмен жақсы қарым-қатынаста болып едім, оған қамқорлық жасап жүріп едім деп, "өзі жоқтың көзі жоқтығын" пайдалана оңай ұпай-бедел алуды, яғни бетіме жасанды шырай жинауды мақсат етпедім. Қайталап айтайын: Мұқаңмен оның "бұрыс" кезінде де, дұрыс кезінде түсінісіп жүрдік, ешқашан қажасып көрмедік. Мен оны ақкөңіл, адал пейіл азамат деп, шын мәніндегі құдіретті ақын деп жақсы көрдім. Ал оның талант иесі екенін түсінуге тиісті кейбіреулердің әлде пендешілікпен түсіне алмағандары, әлде бақал-бағамшылдықпен түсінгілері келмегені, әрине, өкінішті. Қолымызда бар сый-сияпат, атақ-дәреженің бәрін жиып-теріп берсек те, ол Мұқағалидың ақындық дарынын бағалауға татымас еді. Мұқаң оны білген болар, кемеңгер Абайдың: "Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?" деген тұжырымын көкейіне тұтқан болар...

Еңбегімен емес, емпеңдеуімен санатқа қосылып, өзінен ілгерінің сыбағасын қақшып кететіндер қашан аз болып еді?! Мұқаң ондайларды білді де, көрді де. Ондайлардан жиіркенді ол. Өзіндей табиғи талантқа, кесек тұлғаларға мінтаққыштардан, қарадай жауыққыштардан және ондайларды қолпаштайтын бітеукеуде билікшілдерден жиіркенді, - ешқайсысына бас имеді. Тік жүрді, тік сөйледі. Бұл пікірімді ақиық ақын ағаның:

"...Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен,

Сынауға тіптен құмар кім көрінген.

Бірақ та,

Білесің бе, ей, кім көрінген,

Айтсын деп ақиқатты тіл берілген!" – деуі қуаттайды!..

"МҰҚАҒАЛИ ЖӘБІР КӨРДІ" ДЕГЕН ӨТІРІК СӨЗ

Қабдеш Жұмаділовтің "Таңғажайып дүние" романының бір тұсында: "...Ақын өлген күні жедел жиналыс ашылып, мүшелігін қалпына келтірді", деп жазылған. Әңгіме Мұқағали жайында. Осы тұжырымды түзете түсінік берейін. Мұқағалидың қайтыс болғанын ести сала одаққа жеткен қаламдастарының жасы үлкені Әбділда Тәжібаев бірден: «Ол Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылып тасталған емес пе еді?! Хатшылар қайда?! Дереу секретариат өткізу керек те, Мұқағалидың мүшелігін қалпына келтіру керек!» – деді. «Олай болған жоқ қой, ол жай сөз ғой», –деп едім, Әбекең: «Сөзді қойыңдар! Ол солай болған, болған! Давайте, секретариатты жинаңдар!» – деп ашуланды. Бірінші хатшының бөлмесі алдында ошарылған топ сол жерде бөлмеге кірді де, Әнуар жоқ еді, хатшылардың басқа қайсысы қатысқаны жадымда қалмапты, шұғыл мәжіліс 15-20 минөтте өткізіліп, Мұқағалидың "мүшелігі қалпына келтірілді". Қаза сәтінде жағдайды анықтап жатуға уақыт өткізбеуді жөн көргендіктен кедергісіз жасалған ол "мәжілістің" шешімі қалтарыста қала берді. Себебі мүшеліктен шығарылмаған адамның "мүшелігі қалпына келтірілгенді" кім көріпті?

Оркестр келтіру сөз болғанда Әбекең: «Мұқағали особый ақын болды, ерекше ақын болды. Дарылдақ оркестрдің керегі жоқ. Мәдениет министрлігінің домбырашылар оркестрі бар, соны шақыру керек!» – дегенді айтты. Жаңылмасам, екінші хатшы Шерхан Мұртаза болар, ол: «Әбеке, министірлікпен сіз сөйлесіңіз, сіздің сөзіңіз өтеді ғой», – деді. Екінші қабатта, дәлізде тұрғанбыз.

Сонымен үш-төрт кісі екінші хатшының бөлмесіне бардық. "Базарбаевпен сөйлесіп көрейін, тәуекел. Ол екеуміз ит пен мысықтай едік, қосыңдаршы!" – деп Әбекең күлді. Төте телефонмен жалғадық. Әбекең сөзін күле сәлемдесумен бастап, қызына жалғап, булыға аяқтады. Менің құлағымды шағып алған сөзі министр Мүслім Базарбаевқа: "Мұқағали Мақатаев кешегі Ілияс Жансүгіровтен артық болмаса, тіпті де кем ақын емес! Оған бермеген оркестріңді енді кімге бересің, сөйт, бер оркестрінді!" дегені болды. Мен іштей қатты тіксіндім. Ілекеңнің, Мұқағалидың кім екенін сұңғыла әдебиетші Базарбаев білмей ме екен?! Марқүм екі ақынды бұл жерде шендестірудің, Мұқағалидың қазасында Ілекенді аласарта сөйлеудің қажеті қанша еді?! Ақсақал басымен аруақ салыстырғаны несі?! Сол сорақы көрініске еріксіз куә болған әйгілі ақын ағамыз Қуандық Шаңғытбаев екеуіміз сыртқа бірге шыққанымызда ол:

– Тірі Тәжібаев әлі Ілиястан есесін әлі қайтара алмай жүр екен ғой, – деп назалы мырс етті де: – Ілекең кезінде бұның теріс қылықтарынан түңіліп, аса уытты сықақ өлең арнапты, оны білесің бе? – деді.

– Жоқ, білмеймін, – дедім.

– Мағжан Жұмабаев ағамыз да бұған сұмдық әжуә өлең шығарған, – дей бергенінде ақын-жазушыларымыздың екеу-үшеуі келе қалды да, сөз үзілді...

Ал Мүслім Базарбаев домбырашылар оркестрін берген жоқ. Сірә, Тәжібаевпен "достығы" тежеген шығар. О, жалған! .. О, пендешілік!..

Әнуардың хатындағы Александр Петровичтің әйгілі ақын, аудармашы Межиров екенін Өтеген Күмісбаевтың «Мәскеуге сыймаған Мұқағали» деп жазған естелігінен білдім («Айқын» газеті, 14 тамыз, 2010 жыл). Өтеген ақынның Мәскеумен хош айтысқан өлеңінен мынау жолдарды келтіріпті:

...Үйреніп қалған ұямдай,

Мәскеуді барам қия алмай.

Миллиондардың ішінде

Бір басым менің сия алмай.

Еңсемді бір сәт жия алмай.

Не бетімді айттым, Алматым,

Не деймін саған, ұялмай?!.

Таңғы шық.

Аяз сорып тұр.

Соғып тұр боран,

Соғып тұр.

Ақ құсым, мені аман-сау

Алматыммен жолықтыр!

Мұқаңның Әнуармен жүздесе алмай, хатшысына: «ауылыма кетіп барамын» дегені осы көңіл күйінің жалғасы екен-ау!..

«Мұқағали шетқақпай болып, жинақтарын уақтылы шығара алмай жәбірленіп жүрді» деген де алыпқашты сөз. Осы ыңғайда айта отырайын: ақындар Тоқаш Бердияровтың, Төлеген Айбергеневтің «әділетсіздік көріп өткендері» де – кәдімгі өсек-аяң.

Мен білгенде Мұқағали: «сен мынаны жаз, ананы жазба; сен өлеңді олай жазба, былай жаз; сен жинақтарыңды неге тықпалай бересің?» деген сөзді естумен жігері құм болып жүрмеді. Қолын ешкім қаққан жоқ. Бұлай дегенде ескерер бір жәйт, ол кезде республикалық Баспасөз комитетіміз болды. Ол Жазушылар одағы, кітап баспалары шығаруға ұсынған қолжазба жинақтарды сапасы жағынан қосымша сұрыптаудан өткізетін және қай ақын-жазушының кітабы қай жылы, қандай көлеммен шықты, қайсысының кітабы шықпай жатыр деген мәселелерге сергек қарайтын. Ол тәртіп кеңестік жүйенің қалам иелеріне материалдық қамқорлық, моральдік қолдау жасап отыруы еді. Соған сайдыра қарағанда, Мұқағалидың көзі тірісінде шыққан кітаптары мыналар:

1. «Ильич», поэмалар. 1964 жыл.

2. «Армысыңдар, достарым?!», 1966 ж.

3. «Қарлығашым, келдің бе?», 1967 ж.

4. «Мавр», 1969 ж.

5. «Дариға жүрек», 1972 ж.

6. «Аққулар ұйықтағанда», 1974 ж.

7. «Шуағым менің», 1975 ж.

8. «Өмір - дастан», Таңдамалы, 1976 ж.

9. «Өмір - өзен», 1976 ж.

Демек, 12 жылда 9 жинақ! Екінің біріне бұйырмаған кеңшілік. Сондай-ақ, мына аталған кітаптарының әрқайсысы жаңа өлеңдер мен дастандар жинағы болды.

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: өлең, Қабышұлы, Ғаббас, ақын, әдебиет, Мұқағали, Мақатаев, Әнуар, Әлімжанов, Жазушылар, одағы
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар