Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Нұрбек Нұржанұлы


Нұрбек Нұржанұлы 1995 жылы Меркі ауданында өмірге келді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУдың журналистика факультетін тәмамдады. Қазіргі таңда Түркия мемлекеті, Ардахан университетінің «Түрік халық әдебиеті» факультетінің 1 курс магистранты.

Хат

      

             

                               ...Бөгелмей жазып өлем, сен оқып өл.

                                                                             (Таңжарық Жолдыұлы)

 

Қадірлі ата, құрметті баба,

Планетаңнан сен кеткелі бері –

Шәрлер кеңейіп, гүлдепті дала,

Сан рет жайнапты көктемнің әрі.

 

Сан рет қыстың еріпті ділі,

Сансыз сенімді үсік шалыпты.

Бәрі де сұлу, көрікті бүгін

жүректен басқа...

Бәрі қалыпты.

 

Сол шақтан бері сен өскен аймақ –

Көктемді суық қарсы алған емес...

Азайған емес, егес пен қайла,

Бірақ, арман да таусылған емес.

 

Сол шақтан бері өзгерген бәрі,

Қоғамға толған жүрек пен тас та.

Ажал еседі сөздерден кәрі

Өзгерген үміт, ниет те басқа...

 

Тек,

өзгермеген өзіңсің бабам,

сөзің – көзіңдей, қарашығы – күн.

Ақынсың, жанын сезінген ғалам,

Батырсың, өлген Алашың үшін.

 

Шапақ-тамшылар жауады тыныш,

Мөлдіреп түсіп көгінен биік.

Кітапта жырың алады тыныс,

Жанымның жұқа деміне тиіп.

 

Сен көрген қырдың көремін гүлін,

Жаным тұтады аза – ғасырға.

Өлеңіңді оқып беремін бүгін,

Фатихадан соң мазар басында...

 

                                                            02.03.2018            11:18

 

***

 

Түн – сақ, тыныш.

Аңқиды арман.

Жүзіме қар тиді жұмсақ,

қар сүйді нәзік.

Кеберген кітап мүңкиді әріп,

Жазып өлер ме ем...

Сүйіп өлер ме ем...

Бүкір – қою шам көз алмай отыр қардан –

оюдан...

Түн – терең,

түн – ұзақ, алыс...

Таныс аппақ нұр үзілген,

Сыз емген аспан – мыжылған,

Түсед кепкен – қар:

Қыжылдан ұзап,

кәріптен ұзап,

менен де...

Жауған қар әріпке ұқсап,

Қонады аппақ өлеңге....

 

     26.02.18       23:09

 

 

   ***

 

Келді, көктемнің бірінші күні,

Қар түсті сұлық.

Қар бала суық: «көктем келді» деп,

Сүйіншілігін сұраса,

жымиям баласынып.

Үнсіздік жұтқан – ауа,

пайымым:

Шәугім қайнаған,

кесе кірлген.

Бүгін бейсембі қарапайым күн,

ауаға қар боп, шешек бүрлеген.

Күнтізбенің сол әдетті саны –

бірі,

кәдімгі жылдағы мезгіл. 

Мұңая салатын кенеттен жаны,

Кенеттен күлер; жұмбақ мінезім.

Орнында портфель,

әдепкі жерде –

мен,

өзгермеген,

сәл өскен шашым.

Тозған қабырға, темекілер де,

Сәл соққан лүпіл, сәл ескен ашу.

Жалғыздығымның суретін ілген

Бөлмемді ескі, шерлі демесең,

жұтуға болад

жүрегім сіңген ауаны,

сағыныш сіңген ең әсем.

Бүгін көктемнің алғашқы күні,

Жұмсарған қар да, өзгерген көк те...

Кірпігімдегі болмашы мұңым

дір-дір етеді кез-келген сәтке.

Дәлізден баяу жүріп өткен кім?

Біреу келер ме жақындап, тосын...

Бүгін –

бірінші күні көктемнің,

нені күтіп ең,

ақымақ басым?..

 

                                              18:24                               01.03.2018

Пікір қалдыру:
Captcha