Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Уәлихан ҚАЙСАРОВ: «Қазақстанның шын гүлденуi әлi алда»

БЛОГТАР

24 қазан 2017
4240
0

Уәлихан ҚАЙСАРОВ: «Қазақстанның шын гүлденуi әлi алда»

 

Бала атаулының бәрi ешнәрседен тарықпаса екен деймiн

 

 

— Соңғы кезде ауызға көп iлiнiп жүрген «жас сенатор жiгiт кiм» деген сұрақтан бастайықшы сұхбатымызды.

— Мен 1945 жылы Қарағанды облысындағы Абай қаласында көп балалы отбасыда дүниеге келдiм. Әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан, үш рет жарақат алған адам, көп жыл шахтер болып iстедi. Мен 14 баланың кенжесiмiн. Қазiр соның жер бетiнде сегiзi бармыз.

— Уәлихан мырзаның өзiнiң қанша бала-шағасы бар деген сұрақ туады ендi.

— Менiң биыл мектепке баратын бiр ұлым, одан кiшi бiр қызым бар.

— Осындай үлкен отбасынан шыққан адамға әке-шешесiнiң көп балалы болғандығы жақсы үлгi бола алмаған ба сонда?

— Тағы бiр ұлды болсақ деген жоспарымыз бар.

— Ол жоспарыңыз жұбайыңызбен келiсiлген бе едi?

— Үйдiң басшысы мен ғой!

— Басшы болып есептелетiн жiгiттер аз емес...

— Есептелетiн де, шын мәнiндегi басшы да мен.

— Кешiрiңiз, Әйтеке-би атамыз «арқыраған айғырды үйiрiнде көр, аңқылдаған жiгiттi үйiнде көр» деген сөздi осыдан үш ғасыр бұрын айтқан.

 — Мен сiзге басқа бiр нәрсенi айтайын. Өкiнiшке қарай, бiздiң Қазақстанды басқарып отырған мықты жiгiттердiң жартысының өмiрi сiз айтқан мақалға сәйкес келедi. Себебi көпшiлiгiнiң әйелi орыс, еврей, әйтеуiр қазақ емес. Әне, солар үйiнде мысықтай болып жүредi, немесе орысша айтқанда әйелiнiң алдында «на лапах стоят». Мен ұлтшыл емеспiн...

— ...Неге ұлтшыл емессiз, ұлтшыл болуыңыз керек! Сiз де, мен де, басқалары да! Бәрiмiз бұл сөздiң жақсы мағынасындағы ұлтшыл болуға тиiспiз. Ал, бiз болсақ үнемi өстiп «мен ұлтшыл емеспiн» деп  алдын-ала ақталып жатқанымыз.

— Иә, иә, дұрыс, ұлтшыл жақсы мағынасында патриот деген сөз ғой. Ол азаматтардың аты-жөнiн мен айтпай-ақ қояйын, өйткенi олар министрлер, ең iрi ведомстволардың басшылары, саясат саласының жетекшiлерi. Ең өкiнiштiсi, мұндай iрi тұлғалардың балалары да қазақ болуға тиiс едi, ертең  қазақтың атын шығарулары керек едi, бiрақ олай емес, орыс немесе еврейлер... Осы жайт менiң жаныма қатты батады.

Ал, менiң санама бала күнiмiзде әке-шешемiздiң бiздi жеткiземiз деп қиналғандары қатты сiңiп қалса керек, менде бала атаулының бәрi ешнәрседен тарықпай, бақытты өмiр сүруi тиiс деген ой қалыптасып қалды. Осы жолда шамамның келгенiнше жұмыс iстеп те келемiн.

 

Бiзге бүгiн ең керегi — терең бiлiм

  

— Сiздiң Оңтүстiк Кореяға, Кембриджге барып оқуыңыз да осы мақсатты iске асыру жолындағы межелер ғой?

— Ол былай болды. Менiң алдымда сегiз шахтер ағам бар едi. Династия дегенге ол кезде өте үлкен мән берiлетiн, мен де сол үрдiспен тау-кен iсiнiң инженер-экономисi болып шықтым. Абай қаласында шахталардың жұмысын тексеретiн салық комитетiнде экономист болып жүргенде байқау жарияланып, одан өткен менi Оңтүстiк Кореяға оқуға жiбердi.

— Корея сiзге не бердi?

— О-о, Корея маған керемет көп нәрсе бердi! Мен кеткенде елiмiзде кеңес өкiметi бар едi, бiрнеше айдан соң қайтқанымда ол жоқ болып шықты. Ең бастысы, бiз Кореядағы барлық алпауыт зауыттардың жұмысымен танысып шықтық.

— Қай тұрғыдан?

— Менеджмент пен басқару тұрғысынан.

— Сiз экономиканың кеңестiк жүйесiн ғана бiлiп бардыңыз.

— Иә, иә. Бұл менiң шетелге бiрiншi сапарым едi. Оған дейiн мен де жұрттың бәрi сықылды дұрыс жолмен келе жатырмыз деп ойлайтынмын. Кореяны көргеннен кейiн мен бұрыс жолмен бара жатқанымызды сездiм. Экономиканы мүлдем басқаша басқару керектiгiн түсiндiм. Бiз уақытты, затты қалай  үнемдеудi, қалай оларды тиiмдi пайдалануды бiлмейдi екенбiз, бiз бар болғаны қолдағы барды шашуды ғана бiледi екенбiз, қысқасы, басқаруды бiлмейдi екенбiз. Бұл мен үшiн үлкен жаңалық болды. Мен Кореядан келген соң да көпке дейiн есiмдi жия алмай жүрдiм десем болады.

Дәл сол жылдары есiңiзде болса КИМЭП деген атпен белгiлi Қазақ менеджмент және экономикалық болжау институты ашылды. Мен бұл уақытта экономиканың басқару тәсiлдерiн түбегейлi өзгертпесе болмайды деген «ауруға» шалдыққан едiм. Мынадай институтты көрiп қуана-қуана құжаттарымды тапсырдым. Бiр орынға 500(!) адамнан келген байқауда озып шығып оқуға түстiм. Сабақты тек американдықтар жүргiздi. Бiрiншi курсты жақсы аяқтаған менi олар Америкаға лекция оқуға шақырды.

— Олардың сiз секiлдi бiздiң елдiң мамандарын өздерiне лекция оқуға шақырғандағы мақсаттары не болды?

— Американдықтар бiздiң елдiң экономикасына уақытша емес, түпкiлiктi түрде келдi. Ал, оларда бiз туралы мәлiмет, ақпарат жоқ десе де болатын едi. Американдықтарға Қазақстан жайлы айтатын адамдар керек болды. Мен дәл осы себеппен ол жақта «Қазақстанның геосаяси жағдайы мен болашағы» деген тақырыпта лекциялар курсын оқыдым.

— Қазақстанды таныстыру iсiне үкiметiмiз араласқан жоқ па?

— Жоқ, бұл тек КИМЭП-тiң бастамасы едi. Және мен өзiм екi жарым айға созылған осы сапарыма, өзiме де, оны ұйымдастырушыларға да риза болып қайттым. Келген соң оқуымды жалғастырдым. «Халықаралық iскерлiк» деп аталатын мамандығымды басқару тұрғысынан тереңдете бiлу мақсатында Кембриджге 6 ай оқуға бардым. Институт бiтiргенде «Іскерлiк әкiмшiлiгiнiң магистры» деген жоғары дәреже алып шықтым. Осылайша  1996 жылдан бастап мен өз iсiммен айналыса бастадым.  Айтпақшы, ол екi ортада сырттай заңгерлiк жоғары бiлiм де алып алдым.

— Бизнеспен қанша жыл айналыстыңыз?

— Бес жыл.

— Қандай биiкке қолыңыз жеттi? Менiң бұл мәселенi не себептен сұрағанымды түсiнiп те отырған шығарсыз, сiз секiлдi терең бiлiм алған адам елiмiзде онша көп емес. Ендiгi мәселе сол мол бiлiмнiң қайтуында және ең бастысы қалай қайтуында ғой.

— Бiрталай нәрсеге қолым жеттi десем болады.

 

Елдiң ақшасын аман сақтауға нақты септiгiм тидi

 

— Уәлихан мырза, ол жылдары Абай атамыз айтқандай «сауданың тегiн» бiлген жандар бiр жылдың iшiнде ертегiдегiдей байлық жинап алып жатты. Сiз немен айналыстыңыз?

— Мен қаржы iсiмен айналыстым. Түсiндiре айтатын болсам, бұл банкке келетiн, бiрақ таза банк iсi емес болатын. Менiң сауда үйiм болды. Бiз көмiр мен астық өткiзу iсiмен де айналыстық.

— Мен сiздi инженер адам ретiнде өндiрiс ашумен айналыстым деп айта ма деп күтiп едiм...

— Жалпы, бiздiң экономикамызға ең ауыр соққы сол тоқсаныншы жылдардың ортасында берiлдi. Ауыл шаруашылығы таратылды. Жеделдете жекешелендiрiлдi. Өнеркәсiп тоқтады. Оның нысандары «оңтайландыруға» тап болды.

— Сiздiң ойыңызша осы үрдiстердiң мақсаты не едi?

— «Лай судан балық аулау оңай» дейдi орыс мақалы. Оңай! Нәтижесiнде дәл осы жылдары «жабайы жекешелендiру» басталды. Кәсiпорындарды әдейi банкроттыққа ұшыратты да су тегiнге сатып алып отырды. Мен сiзге бiр ғана мысал келтiрейiн. Осы қазiргi Астана қаласының маңайында жақсы жұмыс iстеп тұрған диiрмен-комбинат бар едi. Соны қолдан банкрот жасады. Шамамен құны 700 миллиондай тұратын, бiрнеше гектар аумақты алып жатқан бұл комбинатты  бар-жоғы, сенесiз бе, 10 мың долларға сатып жiбердi.

— Сенгенде қандай! Кезiнде 60 миллион долларға сатылған мұнай зауыты бүгiн 4,5 миллиардқа кеткенiн бәрiмiз көрiп отырмыз ғой. Шетелдiктер он жыл iшiнде зауытқа жаңа ешнәрсе қосып қарық қылған жоқ, ескiртiп, тоздырғаннан басқа.

— Менiң ойымша елiмiздiң өнеркәсiбiн осыншама күйретуге  деген ешқандай экономикалық негiз жоқ едi. Оның бәрi тек тонау үшiн, ел байлығын пышақ үстiнен бөлiп алу үшiн әдейi жасалған тiрлiк қана. Мiне, осылайша тонап-ұрлап болған кезде, әбден пайда көрiп, ақша тауып алған кезде бәрi ендi келiп бизнес жүрсiн деп, соның гүлденуiне мүдделi болып отыр. Бiздегi халық тұрмысының күрт төмендеп кеткенi сол экономиканы қолдан қиратудың салдары.

— Осы тұста оқырманда қаржы бизнесiмен айналысқан Қайсаров мырзаның өз еркiмен болсын, өз еркiнен тыс болсын экономикамыздың күйреуiне «үлесiн» қосып жүрмедi ме деген заңды сұрақ туады ғой. Егер КИМЭП-тiң түлегi нақты өндiрiспен шұғылданып, айталық аяқ-табақ шығарғанда ондай сұрақ тумас едi. Өйткенi, сол заманда да заттай игiлiк өндiрумен айналысқан азаматтар болды. Қандай қиындықты бастарынан кешсе де!

— Дұрыс. Мен қаржы бизнесiмен айналысқанымда ел iшiнде 18 мыңға жуық жеке тұлғамен келiсiм-шартқа тұрдым. Ол қандай келiсiм-шарт? 18 мыңға жуық жеке адамның ақшасын сол кездегi құнсызданудан сақтап қалатын келiсiм-шарт. Мен ол адамдардың ақшаларын құнсыздануға ұшырамайтын жерге салдым. Менде ешқашан жоғары-төмендi жерлерде отырған, «прихватизация» мен банкроттыққа ұшыратып беретiн жақындарым болған емес және мен ондай жандарды iздеген де емеспiн. Мен де өз бизнесiмдi аман қалу iсiмен шұғылдануға мәжбүр болдым. Бiрақ, мен оны адамдардың есебiнен аман алып қалған жоқпын. Есiңiзде болса, ол жылдары инфляция бiр жылда 700 пайызға шыққан болатын. Мiне, сол 18 мың адамның бiреуiнiң ақшасы күйiп кеткенде маған тыныштық жоқ едi ғой. Олардың табан ақы, маңдай терiмен тапқан ақшаларының құнсыздану тұрмақ көбейгенi – КИМЭП-тiң маған берген бiлiмiнiң арқасы.

1999жылға дейiн елдi бейберекеттiк жайлағаны белгiлi. Ебiн тапқандар қанша ұрлаймын десе ұрлап жатты. Ешкiм ештеңеге жауап бермедi. Әрбiр шенеунiк өзiн тек уақытша ғана адам ретiнде сезiндi де шамасы келсе бiр нәрсе ұрлап қалуға тырысты. Әкiмдер дегенiңiз долларды жоғары жаққа дипломатпен тасып жатты. Мен 1995 жылы Алматы қаласының бiр ауданының әкiмiмен болған әңгiменi айтайын сiзге. «Уәлихан, - дедi ол маған, - сен бiзде экономиканы ойлайтын мұрша бар деп жүрсiң бе? Бiзде жоғары жаққа  бiр миллион доллар апарып беруге бiр апта ғана уақыт бар». Ол кезде әкiмге базардың директоры бар, кәсiпорын басшысы бар, барлығы келiп «сәлем берiп» кетiп жататын.

— Олардың iшiнде адалдары да болды ғой?

— Болды. Бiрақ, оларға жұмыс iстетпедi.. Мiне, сiздiң алдыңызда сондай адал адамның бiреуi отыр. Бiздiң жүйе керек етпедi ондайларды. Ал, бүгiн әрбiр әкiмнiң басқа бiр туыс, жақын адамының атына жазылған дүкенi, мейрамханасы, жанармай бекетi бар кезде, республика деңгейiндегi басшылардың құрылыс компаниясы, зауыттары, фабрикасы бар кезде олар ендi өзiнiң бизнесi дамуы үшiн жағдай жасай бастады. Кәсiпкерлiктi қолдау керек деп айта бастады. Өндiрiстi қолға алмаса болмайтыны есiне түстi олардың. Солардың арқасында өзге кәсiпкерлер де өз жұмысын жандандыра бастады. Мейлi, осылай болса да нақты экономиканың аяққа тұра бастағанына шүкiршiлiк деу қажет. 

 

 

Мен неге сенатқа баруға бел байладым?

 

 

— Сiз өзiңiз осының бәрiнiң ортасында жүрiп, бәрiн көзбен көрдiңiз. Қандай ойға келдiңiз?

— Шама келгенiнше бұл жүйенi өзгертуге тырысу керек деген ойға бекiндiм. Сол себептен де парламентке депутаттыққа түсуге бел будым.

— Олай болса заң шығарушылық бастамашылық құқыққа ие мәжiлiске неге бармадыңыз?

— Мәжiлiс сайлауына  түсемiн десеңiз қалтаңыз қалың болуы қажет. Өте қалың болуы қажет. Жұртқа қаптап ұн мен шай таратуға, машиналап көмiр түсiрiп беруге немесе мыңдаған адамның жарыққа, суға, газға деген қарызын төлеп жiберуге менде қаражат қайда? Сенатқа болса мәслихат депутаттары сайлайды. Оларға жаңағы нәрселер керек емес, олардың бәрi жағдайын жасап алған жандар. Оларды сен мұндай жолмен «сатып» ала алмайсың. Оларды сен өзiңнiң айқын, пiсiп-жетiлген экономикалық бағдарламаңмен, толысқан саясаткер екенiңдi, саған мемлекеттi басқару саласына болатынын дәлелдеумен ғана «сатып» ала аласың. Мен өзiмнiң басты байлығым – өзiмнiң бiлiмiм екенiн бiлемiн. Сондықтан да сенатқа бой ұрдым. Әрине, бұл жерде де бәрi тап-таза, сайлау әдiл өтедi деуге келе бермейдi. Тек мұнда депутаттар жоғарғы жақтың қысымына тап болады. Мен сiзге биылғы сенат сайлауына қатысты нақты бiр мысал айтайын. Бiрақ, қай облыс екенiн көрсете алмаймын, олай етсем менi сотқа бередi, түсiнесiз ғой. Облыс басшылары депутаттардың барлығына «мына үмiткерге дауыс бересiңдер» деген. Айтылған адамға дауыс берген-бермегенiн тексеру үшiн оларды фотоаппараты бар ұялы телефон сатып алуға мәжбүрлеген. Содан кейiн кабинаға кiрген кезде өзiң белгi жасаған бюллетендi суретке түсiрiп аласың, шыққан соң телефондағы суреттi «тексерушiге» көрсетесiң деген ғой.

— Не деген «даналық!»

— Сөз жоқ, даналық. Көрдiңiз бе, қандай жағдайға дейiн барған. Өтпеуге тиiс делiнген үмiткерлердiң жолы осылайша да кесiлiп жатыр. Менiң жолым да болған шығар, тек әйтеуiр өзiмнiң сенаторлыққа лайық екенiме сол кезде депутаттардың көзiн жеткiзе алдым.

 Сенатқа депутат болдыңыз. Табандылық көрсетiп, өзiңiздiкi дұрыс екенiне ендi әрiптестерiңiздiң көзiн жеткiзе алған кезiңiз болды  ма?

— Әрине. Мысалы мәжiлiстен бiзге құқық қорғау органдарына телефондағы сiздiң әңгiмеңiздi тыңдауға, тағы сондай-сондай әрекеттерге баруға тiкелей құқық берген заң жобасы келiп түстi. Мен сенаторлардың алдында заңды мына жобада қабылдауға мүлдем болмайды деп тұрып алдым. Нәтижесiнде ол жоба керi қайтарылды.

— Сiздер заңды талқыламасаңыздар да оның қандай заң екенiн жақсы бiлдiңiздер. Жалпы елдiң бәрi ол заңның баспасөзге шыққан жобасымен таныс болатын. Сондықтан бiз заңды көрмедiк, жұмыс iстемедiк деген сылтау ғана ғой.

— Олай деу де дұрыс шығар. Қалай болғанда да «Жер туралы» Кодекс түзетулерсiз қабылданып кеттi...

 Сенат үмiтiңiздi ақтады ма?

— Сенаттың мемлекеттiң заң шығарушы органы ретiнде минусы да, плюсы да бар. Сол минустарға бола, бiздiң кейбiр оппозиционерлерiмiз айтып жүргендей Сенатты тарату дұрыс iс болмас едi. Олардың уәждерiнiң өзi нашар. Олар бiз секiлдi унитарлы, яғни бiртұтас елде Сенат керек емес дейдi. Ал, әлемнiң унитарлы 49 елiнде сенат бар.

— Әрине, әңгiме атында емес, затында. Менiңше Сенат автомобильдегi майды екiншi қайтара тазалайтын сүзгiнiң рөлiн атқаруға тиiс секiлдi.

— Ол кейде бiрiншi сүзгiнiң де рөлiн атқара алмай қалатын секiлдi. Сондықтан оны үш жылда бiр рет жаңалап тұру керек деген идея дұрыс.

— Сiз алты жыл саясатта жүрiп «солға» қарай бейiмделiп бара жатқан тәрiздiсiз.

 — Мен ешқашан оңға да, солға да бейiмделген емеспiн, мен әрқашан тура ортамен жүрiп отырдым.

— Тамаша! Бiрақ, сiз солшылдау көрiнетiн пiкiрлерiңiз үшiн биылғы Сенат сайлауынан өте алмай қалған сияқтысыз.

 — Бiрiншiден, мен өз еркiммен сайлаудан бас тарттым. Cайлаудан бас тартқан себебiм, мен адамдардың үстiнен аттап кетiп, тiптi таптап кетiп үйренген жан емеспiн. Мақсатқа жеткiзетiн тәсiлдiң бәрi жақсы деген тәрбие алған жоқпын мен. Маған қарсы, дәлiрегi депутаттарға қарсы билiктегiлер қолында бар мүмкiндiктiң, ресурстың бәрiн iске қосты. Онысынан бәрiбiр ештеңе шықпады – депутаттар менi жақтап тұрып алды. Сол уақытта әкiмшiлiк ресурсы таусылған мемлекеттiк аппарат өзiнiң екiншi ресурсын, қылмыс әлемiн iске қосты.

— Соңғы қоры дейсiз ғой?

— Жоқ, олай емес. Өкiмет бұл жерде өзiнiң қылмыстық әлеммен сыбайлас екенiн көрсетiп алды. Қайсаровты тоқтату үшiн олар осылайша сырт көзден жасырып ұстап отырған iшкi сырын да тысқа шығаруға мәжбүр болды.

— Және оны қалай iске асырды?

— Олар менiң өзiм үшiн өзгелерге зиянымды тигiзуге бармайтынымды бiлдi. Менiң көзiмдi тiкелей жойып жiбермесе, басқа ешқандай жолмен қорқытып-үркiте алмайтынын, дүние-байлыққа қызықтырып «сатып» ала алмайтынын да жақсы бiлетiн олар бөтен жолды, менiң «осал» жағымды таңдады – депутаттарға қысым көрсете бастады. Маған бiр емес, бiрнеше депутат делегациялары келiп, болып жатқан жағдайдан хабардар етiп, «бiз ақырына дейiн тұрамыз, сiз қам жемеңiз» десе де мен бейкүнә жандардың күнкөрiс кәсiбiн соққының астында қалдырғым келмедi. Түптеп келгенде сенаторлық деген өмiрдiң бар мәнi-мағынасы емес қой!Ең қорқыныштысы, қылмыстық құрылымдармен кiм күресу керек, солардың өзi жаңағыдай лас тәсiлдердi қолданып отырса.

— Сенатор Қайсаров жүйеге қарсы күресемiн дегенде оған не ұнамайды, не нәрсеге сүйенедi? Мақсаты не?

— Мақсатым – былықтардан арылу. Маған мысалы ақылы бiлiм алу ұнамайды. Мұнай секторымыз айдың бiр күнi ғана халыққа жұмыс iстесе бiз елiмiздегi 700 мың студенттi тегiн оқыта алар едiк! Жылына 20 мың студенттi шет елдерде тегiн оқыта алар едiк! Бүгiнгi бағамен. Университеттерде қазiр бiр жылдың оқу құны 180 мың теңгенiң айналасы. Бiз қазiр жан басына шаққанда жылына 286 мың теңгенiң, басқаша сөзбен айтсақ 30 миллиард 400 миллион долларға, немесе 4 триллион 200 миллиард теңгеге  мұнай шығарамыз. Бұл төрт жылдық бюджет деген сөз! 2010 жылы 450 мың теңгенiң мұнайын өндiретiн боламыз. Бұл мұнайдан ғана түсетiн ақша. Оған бiр миллиард текше метр газды, үш тонна түстi металл рудасын қосыңыз! Ресми құжаттар бойынша мұнай секторы бюджеттiң 22 пайызын бередi. Сiздiң мұнай өндiруге шығарған бiр долларыңыз жиырма доллар болып қайтады. Ал, тағы да сол ресми мәлiметке сүйенсек халқымыздың 25 пайызы кедейлiк деңгейiнен де төмен жағдайда өмiр сүрiп жатыр.

— Әртүрлi өзгерiстi ұсынатындар бiздегi тұрақтылықпен ойнап отырғанын түсiнбейдi немесе түсiнгiлерi келмейдi.

— Тұрақтылық бәрiне де керек. Тұрақтылықты ұнатпайтын мемлекет басшысы болмайды. Бiр адам мемлекет басшылығында неғұрлым көп отырған сайын ол халыққа, халық оған үйренiп, басқа адам келсе жаман өзгерiске ұшырайтын сияқты көзқарас қалыптаса бередi. Ол адам психологиясына тән нәрсе. Мен өз басым Нұрекеңе тек қана жақсылық тiлеймiн, ешқашан оның оппоненттерiнiң қатарына жатқан емеспiн, бiрақ мен президент Назарбаевтың саясатының бәрiмен бiрдей келiсе бермеймiн.

 

 

Елдiң гүлденуiн ауылды шын мәнiнде қолға алудан бастау керек

 

 

— Келiспеуiңiз заңдылық. Бiрақ, жобалап аударсақ «әлемдi ойла, үйiңдi жайнат» дегенге келетiн бiр сөз бар ғой. Сынауға бәрiмiз ұстамыз. Сiз өзiңiз бүгiнгi таңда оң өзгерiстерге жету үшiн мәселенi неден бастаған жөн деп бiлесiз?

— Ең алдымен руханияттан, имандылықтан бастау керек деп бiлемiн. Кеңес өкiметi кезiнде сексен алты шағын халық жойылып кетiптi. Орыстандыру саясаты жүргiзiлдi.Тiлдi жойсаң халықты жою қиын емес. Тiлдi, рухты, имандылықты сақтап қалу үшiн бiз бәрiнен бұрын ауылға шындап бетбұрыс жасауымыз қажет деп бiлемiн. Ауылды гүлдендiретiн жолдардың бәрiн қарастырып, iшiндегi ең тиiмдiлерiн жедел iске қоспай болмайды.

Одан кейiнгi қолға аларлық, дәлiрегi сонымен қатар қолға аларлық мәселе — орта тапты қалыптастыру. Мысалы, айлық табысы миллион теңгеге дейiнгi кәсiпкерлердi салық төлеуден толығымен босату. Горбачевтың кезiнде кооператив қозғалысы ненiң арқасында дүр етiп көтерiлдi? Өйткенi олар үш жылға тексерулерден босатылды және түрлi салық жеңiлдiктерi жасалды. Нақты кәсiпкерлiктiң көптеген түрi салықтан да босатылды. Бiздiң елiмiзде қазiр 30 мыңға тарта кәсiпорын тоқтап тұр. Тағы да шамамен 30 мыңға тарта кәсiпорын жауып тастамасын деп қана жылына бiр рет есеп тапсырып қояды. Мiне, бiз орта тапты көтерудi осылардан бастағанымыз жөн. Сондай-ақ, саяжайыңда, үй iргесiндегi жерiңде көкөнiс, жемiс-жидек өсiрiп сатсаң сен кәсiпкер болып есептелесiң. Салық төлейсiң. Кәсiпкерлiк пе бұл? Осы бетiмiзбен кете берсек бiз ешқашан орта тапты құра алмаймыз. Жоқ ол тап бүгiн бiзде! Бiздiң жылына он миллион теңгеге дейiн табыс табатын кәсiпорындардан түсiретiн салығымыз бюджеттiң бес-ақ пайызын құрайды!

— Бес пайыз ешнәрсе шешпейдi, одан да жұмыс iстеулерiне, көтерiлiп алуына мүмкiндiк берейiк дейсiз ғой?

— Иә! Кәсiпкерлiкке көмектесуiмiз керек деймiз, ал, ұстанып отырған салық саясатымыз жаңағыдай. Бiзге орта тапты ойлап тауып қажетi жоқ, сол тапқа өзi ұмтылып жатқан жандарға жәрдем берсек жетедi. Кафесi бар ма, кафенi екеу етсiн. Тағысын тағылар.

Зат шығаратын кәсiпкерлер туралы әңгiме мүлде бөлек. Оларға несиенi аз пайызбен ұзақ мерзiмге берген жөн.

— Бiзге әзiрше зат жасап шығарғаннан шикiзаттың өзiн апарып сыртқа сатқан тиiмдi болып тұр ғой.

— Ендi шикiзат сатумен айналысатын компанияларды да қолға алмай болмайды. Оларға айту керек, мысалы 2006 жылдан бастап сен мыстың 90 пайызын шикiзат күйiнде сатасың, ал, он пайызын осы жерде өңдеп, бұйым жасап барып сатасың. 2007 жылы он емес, жиырма пайызын өңдеуге мiндеттiсiң. Осылай-осылай он жылдан соң мыстың он  пайызын ғана шикiзат түрiнде сататын боласың. Бұл талапты барлық шикiзат өндiрушi компанияларға қоюға болады

— Ал, сiз қалай ойлайсыз, бiз бәрiбiр жапондардан оза алмайды екенбiз, сондықтан электроника секiлдi жоғары технология саласына жоламай-ақ қойғанымыз дұрыс па, жоқ әлде алдымызға әлемдегi ең озық технологиялы ел боламыз деп адам айтса нанғысыз мақсат қоя аламыз ба? Қойсақ ол мақсатқа жете аламыз ба? Әлемге күлкi болып қалмаймыз ба? Мен бұл сұрақты сiз әрi инженер-экономист, әрi электроникада бүгiнгi заманның алдына шыққан Оңтүстiк Корея мен Америкада оқып келген, өзi iскер адам болған соң қойып отырмын.

— Қолымыздан келедi! Ешкiмге күлкi болмаймыз! Қазақтың алғыр халық екенiн әлемнiң ғылым-бiлiм саласындағы барлық мамандары мойындайды. Бiздiң миымыз, өзiңiз айтқандай математикалық ми. Ломоносов мектепте математиканы адам ойын тәртiпке түсiретiнi үшiн ғана оқыту керек деген. 20 мың студенттен бес жылда 100 мың студенттi шетелде оқытып шығарайық.

— Миллиондап оқытып алған Қытай тәрiздi дейсiз ғой.

— Иә. Бiлiмiмiз болса, талантымыз бар, неге бiз де еврейлер сияқты әлемдi жаулап ала алмаймыз? Жаулап ала аламыз!

— Соңғы сұрақ. Тағы да экономист маман ретiнде сұрасақ, сырттағы бес миллион қазақтың келгiсi келетiн төрт миллионын төрт жыл болмаса да сегiз жылда көшiрiп алуға мемлекетiмiздiң шамасы келе ме?

— Келедi.

 Рахмет. Табыстарға жете берiңiз.

 

 

Сұхбаттасқан Өмiрзақ АҚЖIГIТ,«ЕВРАЗИЯ-KZ».07.10.2005

Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha