Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

БЛОГТАР

07 наурыз 2019
362
0

Тіленші

 

 

(әңгіме)

 

Ғоламхосейн Саеди

 

 

Бір айдың ішінде Құмға үш рет барып қайттым. Соңғы рет жағдайдың бұзылатыны маған аян берілгендей болды.

 

Тағы түн ортасында бір ескі машинамен жолға шығып, таңертең күн шықпай тұрып, Сейед Асадулланың есігінің алдында болдым. Есікті қағып ем, Азиз ханым мені көріп, селтиіп қарап, өңі бұзылып кетті. Есіктің жанынан өтіп бара жатып: «Үлкен ханым, сен кетпеп пе едің?» деді.

 

Сыр бермей, сәлемдесіп, ішке кірдім. Дәлізден өттім. Аулада ұйқыдан енді оянып, хауыздың алдында беті-қолдарын жуып жатқан балалар маған қарады. Мен дуалдың түбіне отырып, боқшамды тіземе қойып, сол жерде қалдым. Азиз ханым тағы: «Расымен, үлкен ханым, сен кетпеген бе едің?» деді.

 

– О, не дегенің, жаным. Кеткем, тағы келдім.

 

– Қайтып келетінің бар, не үшін кеттің? Осында қалмадың ба? Біз де алаңдамас едік.

 

Күліп: «Енді қайтып келдім, еш алаңдама. Бірақ, жаным, бұл жолы жай келген жоқпын, маңызды жұмыспен келдім» дедім. Балалар айналамды қоршап алды. Біртіндеп ашулана бастаған Азиз ханым бақшаның бір бұрышына отырып: «Басқа жұмысың не?» деп сұрады.

 

– Өзіме жер сатып алайын деп келдім. Түс көрдім, кететін сыңайлымын.

 

Азиз ханым қозғалып: «Сен ыңыршағың шыққан кедей едің ғой? Қайтіп жер сатып алмақсың?» деді.

 

«Ретін таптым» деп, боқшамды нұсқадым. Азиз ханым ашуланып: «Ақшаң бар екен, несіне мұнда келіп, Сейед бейшараны қажайсың? Сорлы таңертеңнен кешке дейін жаны шырқырап жүгіріп, балалардың қарнын тойдыруға шамасы жетпейді. Сен де оны бір жайына қалдырмайсың. Бір келіп, бір кетіп, әр жолы одан бірнәрсе аласың» деді де, жауап қайтара ма деп, көзіме тесіле қарады. Сөзі шымбайыма батқанымен, жауап берген жоқпын.

 

Азиз бұрқылдап, баспалдақпен жоғары көтерілді. Балалар да соңынан асыға ілесті. Мен бір жамандық жасайды деп қорыққан секілді. Бірақ, мен дуалдың түбінде қалай ұйықтап кеткенімді де түсінген жоқпын.

 

Түсімде Сейедтің дүкеннен келіп, Азизбен теректің түбінде мен туралы сөйлесіп тұрған көрдім. Азиз жұлқынып, егер Сейед мені жөнге салмаса, қандай сойқан салатынын өзі білетінін қайталап, қоқан-лоққы жасап тұр екен.

 

Ұйқыдан шошып оянсам, Сейед өңімде расымен келіпті. Дәлізден әйелі екеуінің қатты сөйлескен дауыстары естілді.

 

Сейед: «Енді не істейін? Не жұлып тастауға келмейтін, не өртеп жіберетін емес, – «мешіттің есігі». Сен жөн сілте, не істеуге болатынын көрейін» деді.

 

Азиз ханым: «Қайтетініңді білмеймін. Сырнайлатып, кернейлетіп, бүкіл әлем мен баршаға қалтасында көк тиыны жоқ екенін жар салып еді. Енді кеп өзіне жер сатып алмақ! «Вади ас-Салам» дегендерді менсінбейтін болар, «Фарадж» жерінен алғысы келер?! Қазір сонша ақшасы болса, неге сені жайыңа қалдырмайды? Неге ана басқа балаларына бармайды? Соншама ұл-қызы бар. Себебі, сен бәрінен ақымақсың, бейшарасың. Келіп, сенің мойныңа масыл болып отыр. Сейед Абдолла, Сейед Мортаза, Джавад, Сейед Али, ана біреу, Сафие, Хурия, Амине мен ана бай күйеу балалары... Немене тек саған жабысып қалды?».

 

Сейед сәл кідіріп: «Менің шарам таусылды. Білгеніңді істе. Бірақ, Құдайдың көңіліне қош келмейтін іске барма. Қанша айтқанмен шешем ғой» деді де, дәлізден сыртқа шықты.

 

Көзімді жұмып, ұйықтап жатқан кейіп таныттым. Сейед баспалдақпен жоғары көтеріліп, кейін дәл солай дыбыссыз төмен түсіп, үйден шықты. Боқшамнан бір үзім нан алып жеген соң сол жерге жата салып, ұйықтап қалдым. Түнде машинамен жолсоқты боп келгендіктен аяғымды басып тұра алмадым. Көзімді ашсам, қараңғы түсіп кетіпті. Бөлмеде шам жанып тұрды.

 

Бірнеше рет тамағымды кенеп, хауыздың жанына барып, суды шалпылдаттым. Ешкім сыртқа шықпады. Баспалдақпен жоғары шықсам, Азиз ханым мен балалар дастархан басында кешкі ас ішіп отыр екен. Сейед әлі келмепті. Дәлізде күтіп тұрдым. Астарын ішіп болған соң басымды сұғып: «Азиз ханым, Азиз ханымжан...» дедім.

 

Асадулланың үлкен қызы Маһрох орнынан атып тұрып, шыңғырып жіберді. Басқалары да өре түрегелді. Азиз ханым шамның пілтесін жоғары шығарып: Не істеп жүрсің, албасты! Балаларымның өті жарылып кетсін дедің бе?» деді.

 

Шегіншектеп: «Сейед келмеп пе екен, көрейін дегем...» дедім.

 

– Соқырсың ба? Көзің жоқ па? Көрмейсің бе, келген жоқ. Бүгін түнде үйге мүлдем келмейді!

 

– Қайда кетті?

 

Аяқ-қолын сермеп: «Қай жәһәннамға кеткенін мен қайдан білем?!» деді.

 

– Қай жерге жатайын?

 

– Менің басыма! Қайда жататыныңды мен қайдан білем?! Балаларымның мазасын алма. Қалаған жеріңе ұйықта.

 

Сол жерде, дәлізге жата салып, ұйықтап кеттім. Таңертең тұрғанда Азиздің мені көргісі келмейтінін білгендіктен намаз оқыған соң сыртқа шығып, кесенеге бет алдым. Одан кейін кесененің үлкен есігінің сыртында тізерлеп отырып, бет-жүзімді тұмшалап, зияратшыларға қарай алақан жайдым.

 

Күн шақырайып түскен кезде орнымнан тұрып, ақшамды жинап, боқшамның түбіне түйдім де, жолға түстім. Балаларға «қораз» мұз кәмпит бен «суһан» алғам. Есікті қақтым. Маһрох келіп, есікті жартылай ашты. Мені көре салысымен, қайта жауып, кетіп қалды. Есікті тағы қақтым. Бөтен бір әйел ашып: «Сейед Асадулланың бұл үйден кеткеніне үш ай болды» деді.

 

– Қайда кетті? Кеше кешке ғана осында болған.

 

– Қайда кеткенін мен қайдан білем?

 

Есікті тарс жапты. Өтірік айтқанын білдім. Сейед Асадулла бәлкім бой көрсетіп қалар деп, түс ауғанша есіктің жанында отырдым. Еш хабар болмаған соң орнымнан тұрдым.

 

Кенет, басыма дүкенге барып, Сейедті тауып алайын деген ой келді. Алайда, қай жерге бармасам да ешкім айнамен әрлеуші Сейед Асадулланы танымады. Тас қашаушылардың жанында аты Сейед Асадулла деген айнамен әрлеуші бар екен. Ол басына сәлде тағып, үстіне шапан жамылып отырды. Сейедтің басына ешқашан сәлде тақпайтынын білем. Ол жерден қайтқан соң, сенделіп жүрдім де қойдым. Намаз уақыты болған кезде кесенеге барып, садақа жинап, базарға келдім. Күн батқанға дейін Сейед Асадулланы кішкентай кезінде жоғалып кеткенде іздегенім сияқты іздемеген жерім қалмады.

 

Ішімнен үйінің алдына барғаным жөн дедім. Бірақ, қорқыныш жібермеді. Азизден қорықтым, балалардан қорықтым, – бәрінен қорықтым. Айтуға аузым бармайды, тіпті, кесенеден де қорықтым. Осындай ойлар бір кезде райымнан қайтарды. Дәл бүгін қайтқаным дұрыс деп ойладым. Машина бекетіне барған кезде қолы затқа толы Сейед Асадулланың жаяу жүргіншілердің жолының арғы жағынан өтіп бара жатқанын көрдім. Шақырып ем, тоқтады. Қолынан ұстап, айналып-толғанып, оған Құдайдан дұға тіледім. Аңтарылып, тұрып қалды. Сөйлеуге шамасы келмей, тілі күрмеліп, маған таңдана қарады.

 

– Ұлым, қорықпа. Үйіңе бармаймын. Азиз ханымның мені көргісі келмейтінін білемін. Өзіңді қатты сағындым. Бір көріп кетейін дедім.

 

– Шеше, сен мені әбден ұятқа қалдырдың. Түстен кейін кесенеден көрдім. Қайыр тілеп отырдың. Қасыңнан жылдам өтіп кеттім. Сенімен сөйлесе алмадым. Қартайғанда бұл ісің не?

 

Мен ештеңе демедім.

 

– Өзіңе жер сатып алдың ба?

 

«Маған қайғырма. Осы уақытқа дейін ешкімнің өлігі біреудің қолында қалған жоқ. Қайтсе де көмеді» дедім де, қыстығып жылап жібердім. Сейед Асадулла да жылағысы келгенімен көрсетпей, менен: «Неге жылайсың?» деп сұрады.

 

– Имамның ғаріптігіне жылаймын.

 

Сейед қалтасын ақтарып, тауып алған бір тұманын маған беріп: «Анашым, бұл жерде қалғаныңның мәні жоқ. Сейед Абдолланың үйіне қайтқаның абзал. Мен сенің тұрмысыңды түзей алмаймын. Қайыр сұраған да пайдасыз. Жұрт көрсе, танып қояды. Сейед қажы Разидің әйелі садақа сұрап жүргенін білсе, әкемнің көрдегі сүйегі сықырлап, үрім-бұтағының абыройы төгіледі. Абдолланың үйіне қайт. Оның әйелінің тілі Азиз сияқты ұзын емес. Мейірім мен ынсап дегенді біледі» деді.

 

Машина бекетіне жеткен кезде жүргізушілердің біріне: «Әке, мына кейуананы отырғызып, Шуштан түсіріп кет. Сауабын аласың» деді. Бұрылды да кете барды. Тіпті, қоштасқан жоқ. Қайта шақырған жоқпын. Менің шешесі екенімді білгенін қаламады.

 

 

2

 

 

Сейед Абдолланың үйіндегілер мені сағынып-ақ қалыпты. Сейедтің өзі әйелімен бір жаққа жол жүріп кетіпті. Балалар үйдің астаң-кестеңін шығарып жатты. Рахшанденің толық, бадырақ көз апайы да Құдайдың құтты күніндегідей ауыз үйдің ортасында тоқыма тоқып отырды. Менің даусымды естіген кезде келгенімді түсініп, қатты қуанды. Балалар да қуанды. Рахшанде мен Сейед Абдолла тез оралатын емес сынды. Үйлерінде нан мен тамақ мол. Балалар алысып-жұлысып, ауланың ішінде бір-бірін қуалап, су шашысып, боқшамның ішінде не бар екенін білгісі келіп, мазамды алды. Олар да үлкендер сияқты боқшамда не бар екенін сұрай берді. Ауыз үйдегі Рахшанденің апайы да күліп, ұйысқан шашын құлағының артына қайырып, балалармен жарысып: «Үлкен ханым, боқшаңда не бар? Жейтін нәрсе болса, берсеңші, жейік» деді. Мен: «Құдай ақы, жейтін жоқ, менің боқшамда жейтін нәрсе қайдан болсын?» дедім.

 

Сыртқа шыққанда балалар да менімен бірге бармақ болды. Бірақ, мен оларды әрең алдап, көшеге жалғыз кеттім. Алаңқайға ұқсас жол торабы ойпат, әрі қараңғы еді. Үнемі сол жерде отыратынмын. Ол жерден адам сирек өтетіндіктен қайыр сұрағанның берекесі де болмайтын. Мен бұл істі сауап үшін істедім. Үйге келген кезде Рахшанденің апасы: «Үлкен ханым! Қайда бардың? Күйеуіңнің қасына барып келдің бе?» деп сұрады.

 

Балалар айналама жиналып, менен әр нәрсе туралы сұрады. Күлкім келіп, жауап бере алмадым. Бәріміз ішек-сілеміз қатқанша күліп, үйді басына көтердік. Рахшанденің апайы мені жақсы көретін. Қатты жақсы көретіні сондай қуантқысы, жақсылық жасағысы келіп тұратын. Өтініп едім, дорба тігіп берді. Дорбаны тігіп болған соң: «Дорба тіккен – жақсы ырым. Жақсы хабар жетеді» деді.

 

Ертеңінде күн шықпай жатып, Абдолла мен Рахшанде ауылдан оралды. Рахшанде мені көзі шалысымен, сілейіп тұрып, артынша қабағын түйді. Сейед Абдолла семіріп кетіпті. Сақал қойыпты. Мазасы кетіп, маған қарай бергенімен, елемеген сыңай танытты.

 

Ішімнен: «Егер мені ешкім көзіне ілмесе, кетейін. Қалғанмен пайда жоқ, мені көргеннің бәрінің көңілі бұзылады екен» дедім. Енді балалармен сөйлесіп, арқа-жарқа болу мүмкін емес. Рахшанденің апайы да үнсіз қалды. Сейед Абдолла сәл ойланып, кейін маған қарап: «Шеше, неге дүдәмал күйде тұрсың?» деді.

 

– Кетейін деп тұрмын.

 

Қуанып кетіп: «Кетсең, қазір кет. Бізді әкелген мына машинамен ауылға кет» деді.

 

Балалар маған нан мен ірімшік алып келді. Боқшам мен Рахшанденің апайы тігіп берген дорбамды алып, Сейедтің асаның орнына сыйлаған таяғын қолыма ұстап: «Қарсылығым жоқ, кетемін» дедім.

 

Балалардың беттерінен сүйіп, балалар да мені сүйген соң сыртқа шықтым. Машина есіктің алдында тұр екен, мініп алдым. Балалар сыртқа шығып, машинаны қоршап алды. Рахшанде мен апайы келмеді. Сейед екі тұман ақша беріп жіберіп, қайтып келуді ойламасын деген сәлем айтыпты. Үйдің ішінен Рахшанденің апайының жылаған даусын естідім. Рахшанденің үлкен қызы: «Ол қорқып отыр. Түнде бір нәрсе бола ма деп қорқады» деді. Түске қарай ауылға жеттім. Машинадан түскен кезде есігі кішкентай, төртбұрыш, өлікті қойып, жуындыратын бөлмеге апарды.

 

Аяқ-қолым, тұла бойым түгел ауырып тұрды. Түнде нан мен «абгушт» әкелді. Кешкі асымды іштім де, намаз оқиын деп тұрдым. Бөлменің есігін ашқан кезде аяғымның астында үлкен сай жатты. Оның үстінде ай жарқырап тұр екен. Барлық жер сүттей аппақ. Қасқырдың даусы естілді. Өте алыстан қасқырдың даусы естілді. Үйдің артынан бір үн: «Қазір келеді де, сені жеп қояды. Қасқырлар кәрі кемпірлерді жақсы көреді» деді. Қасқырдың тісін көріп тұрғандай болдым. Үйдің артынан тауық сияқты бірдеменің қыт-қыттап, шоқығаны естілді. Ішімнен «Көзіме елестеп тұрмасын» дедім. Қорыққанға қос көрінеді емес пе?

 

Сырттан қорқып, ішке ендім. Содан бастап сай мен айды, сыртты көргім келген жоқ. Мәйітханадан шықпадым. Көңілім құлазып, мұндай күйге қалай түскенім туралы ойладым. Жылап, Сафиені ойладым. Оны сағынғаныммен күйеуінен қорықтым. Менің қайда екенімді білмегенімен бәрібір содан қорықтым. Бойымды елес пен қорқыныш биледі.

 

Ауылда бәрі жақсы болды. Бірақ, мен садақа сұрауға бара алмадым. Кешқұрым алаңқай жаққа барып, түнге дейін сол жерде отырдым. Менің ешкімде ісім болмады, ешкімнің менде ісі болған жоқ. Аяқ киімімді жолда жоғалтып алғам. Шіркін, Алла ризашылығы үшін маған аяқ киім сыйлайтын біреу табылғанда ғой деп ойладым. Біреуден сұрауға батылым жетпеді. Сейедтің құлағына жетіп, көңілі бұзыла ма деп қорықтым. Халім жақсы болмады. Түндерде үстімді былғап жүрдім. Ыңғайсыз түрде былғандым. Неге мұндай күйге түскенімді білмеймін. Қарайтын ешкімім жоқ.

 

Көңілім құлазыған бір түні ойға шомып отырғам. Тың-тыңдап, алыс жерден, таулардың артынан біреудің мені шақырғанын естідім. Дауыс таныс болғанымен кімнің даусы екенін тани алмадым. Қорқынышым сейіліп, орнымнан тұрып, заттарымды жинап, жолға түстім. Жол жіңішке әрі ұзақ екен. Ауыл жап-жарық. Жолдағы барлық нәрсе аяғыма жұмсақ сезілді. Ылди мен еңіс кезектесіп келгендіктен шаршатпады. Мұның бәрі көңілімнің риясыздығы үшін берілген, әулиелердің берекесімен келген сый еді.

 

Ауылдан шығып, шаршағанымды басайын деп жерге отырдым. Үш түйесі бар бір адам көрінді. Сол жерде жоқтау айта бастадым. Ол алғашында тіксініп қалғанымен, кейін маған жаны ашып, түйеге отырғызып, өзі екіншісіне мінді. Үшінші түйе артымыздан еріп келе жатты. Көңілім құлазып, үнсіз жыладым.

 

 

3

 

Джавадқа жұмыс істеп, нан табатынымды айттым. Жалғыз адамның қарнын тойдыру қиын емес. Егер қазір садақа сұрасам, ақша үшін емес, сауабына бола сұрап жүрмін. Садақадан түскен нанның иісі мен сауабын жақсы көрем. Әр адам өз есебін өзі өтейді.

 

Джавад үйге кіргізбейтінін айтып, білгеніңді істе деп, есікті жауып алды. Сафиенің есіктің артына келгенін, Джавадтың мені ішке кіргізбегенін түсінгенін, өзін ұрып, қайғырып, жылағанын білдім. Джавад бөлмесіне кетіп, баланың бесігін тербетіп, түк білмегенсіді.

 

Оның бір сағаттан кейін базарға баратынын білдім. Қарама-қарсы жатқан көшеге барып, бір сағат күттім. Қайта айналып келіп, есікті тағы қақтым. Джавадтың өзі ашып: «Не?» деді. Мен «Ештеңе емес» дедім де, теріс айналдым. Джавадтың соңымнан қадала қарағаны сондай, дәтім шыдамай, көшеден біржолата кетіп қалдым.

 

Бір жерге тізе бүгіп, тақуа жетекшілерді мадақтай бастадым. Қасыма бір арық әйел келіп, садақа берді де: «Кемпір, қайдан келесің, қайда барасың?» деп сұрады

 

– Ауылдан келдім, жұмыс іздеп жүрмін.

 

– Сен мына жаста жұмыс істей аласың ба?

 

– Құдайдың берген қуаты мен Шаһмарданның көмегімен тау қопарамын.

 

– Кір жуа аласың ба?

 

– Ғаріптердің имамы көмектеседі.

 

– Ондай болса, соңымнан ілес.

 

Соңынан ердім. Жүре-жүре бір тыныш көшедегі кең дәлізі бар үлкен үйге жеттік. Ішке кірдік. Ауласы да үлкен екен. Ауланың ортасында үлкен хауыз тұрды. Хауыздың жанындағы сәкіде беттеріне опа-далап жаққан бірнеше әйел отыр. Ауыздары жыбырлап, таусылмайтын бірнәрсе жеп отырғандай көрінді. Мені көрген кезде жабыла күлді. Бір-бірімен сыбырласып: «Бұл кір жуа алмайды, одан да есіктің артында отырсын» десті.

 

Боқшамды алып, есіктің сыртында отырдым. Арық әйел біреу Рубабені сұраса, есікті ашып, ішке кіргіз деді. Бірнеше сағатқа дейін есікті ешкім қақпады. Мен дұға тілеп, Құдайыммен сырласып отырдым. Тыныш жер екен. Қараңғылықтан түк қорыққан жоқпын. Ауладан қатты дыбыстар естіліп жатты. Кімнің шулап жатқанын білмеймін. Боқшамды алып, есіктің артында отырдым. Ана әйел ешкімде шаруаң болмасын деген. Менің ешкімде ісім болған жоқ, өзіммен өзім отырғам. Бір кезде есікті біреу қақты. «Кімсің?» деп едім: «Рубабе керек» деді.

 

Есікті аштым. Әлжуаз бір ер адам тәлтіректей басып, ішке кірді де аулаға өтті. Ауланың ортасынан күлкі естіліп, кейін бәрі бұрынғыдай тыныштала қалды. Біртіндеп, ұйқым келді. Түсімде тағы Сафиенің үйіне барған екем. Есікті Джавад ашып: «Не керек?» деді. Мен «Ештеңе емес» дедім. Бір кезде сыртқа атып шықты. Мен қашып, ол қамшымен қуалады. Осындай арпалыста есікті біреу қақты. Шошып ояндым. Қатты қорқым кеттім. Джавадтан басқа кім болуы мүмкін?

 

«Кім?» деп сұрап едім, Джавад «Аш!» деді.

 

– Кім керек?

 

– Рубабе.

 

– Жоқ.

 

– Аш дедім, шайпау әйел!

 

Есікті қаттырақ қаға бастады. Әлгі арық әйел келіп, мән-жайды сұрады.

 

– Құдай үшін, құрбаның болайын... Құдай үшін, жолыңда жаным құрбан болсын! Есікті ашпа!

 

– Неге?

 

– Егер ашсаң, жанымды шығарады. Бұл жерге қайыр тілеу үшін келді деп ойлайды.

 

– Сенің жаныңды шығаратын кім екен?

 

– Джавад – күйеу балам.

 

– Бар, тығыл.

 

Орнымнан тұрдым да, тығылып қалдым. Әйел есікті ашқан соң ішке кірген аяқтарының дыбыстарын естідім. Дабырлап, ауланың ішіне енді. Ауладан қуанышты дауыс естіліп, соңсоң бәрі бұрынғыдай тыныштала қалды. Мен есікті аштым. Сыртта жарық екен. Боқшамды алып, сыртқа шықтым.

 

 

4

 

 

Сол түні садақа сұраған жоқпын. Аштан өлместің наны болған. Қолыма асамды ұстап, боқшамды жамылғымның астына қысып алдым.

 

Қара машина келіп, мені алып кетті. Қаладан шыққан соң тар, қараңғы көшеге түсірді. Көшенің соңынан әлсіз жарық көрінді. Бәрінің сұрқиялығынан босадым. Енді өзіме қарайтын уақыт келді. Көшенің соңындағы есік ашық екен. Ішке кірдім. Үлкен бақтағы кәрі ағаштардың бұтақтары бір-біріне кірігіп өсіпті. Жан-жақтан судың дыбысы естілді. Ескі, жарық қанділ сырға талдың бұтағына ілініп тұрды.

 

Қанділдің түбіне отырып, күттім. Қамар мен Фатеме және Маһпаре келді. Төртеуіміз алдымен бір жылап алып, артынан мұңымызды шағып, сырластық. Қамар қортық, бұрынғыдай семіз көрінді. Фатеме жүдеп кетіпті. Құр сүлдері қалғанымен бұрынғысынша күліп, соңында жылады. Маһпаренің қарыны аш екен. Бетіндегі әжімі тыржиып, саусағын кеміріп тұрды. Не керек екенін өзі білмегенімен, қарны аш екенін мен түсіндім. Боқшамды ашып, алдына нан қойдым. Фатеме боқшасын әлі жанынан тастамай, ұстап жүрді.

 

Маһпаре нанды жей бастады. Жеуді ұмытып қалғандай көрінді. Ебедейсіз шайнап, қылғытып жатты. Отырып алып, әңгіме-дүкен құрдық. Үшеуі келмейтінімді айтып, шағынды. Бірақ, сенбеді. Кейін қайыр сұрау туралы сөйлестік. Қанша тырысқаныммен, Фатеме боқшасы туралы тіс жармады.

 

Хауыздың шетіне бардық. Мен оларға бәрін жайып салдым: әлемнің жақсарғанын, халімнің жаман еместігін, садақа жинайтынымды айттым. Фатеме: «Бізге Ғасемнің жоқтауын айтып берші. Көңіліміз – жүдеу» деді. Төртеуіміз ағаштың түбінде отырдық. Мен жоқтау айттым. Фатеме алдымен күлкісі келгенімен артынан жылай бастады. Төртеуіміз бірге жыладық. Бақтың ішінен де жылаған дауыс естілді.

 

 

5

 

Дұға тілеп болған соң есіме үйім мен мүлкім түсті. Бәрін буып-түйіп, Аминенің үйіне қойып кеткем. Кеш түскенде есігін қақтым. Есікті өзі ашты. Мен бір қайта тіріліп келгендей абдырап қалды. Ештеңе демедім. Немерелері келді. Үйде қызы жоқ екен. Қайда деп мен де сұрамадым. Әдеттегідей моншаға кеткенін білдім.

 

Амине: «Қайда жүрсің, Сейед ханым?» деп сұрады.

 

– Сіздің ілтипатыңыздың арқасында жүрмін.

 

– Жол болсын?

 

– Мал-мүлкімнің жағдайын білейін деп келдім.

 

Амине жертөлені нұсқап: «Сейед Мортаза, Джавад пен Хурие мыналарды сұрап, бірнеше рет келді. Мен қол тигізуге рұқсат бермедім. Бәріне «Әзір көзі тірі. Басы жерге тиген кезде қарсы емеспін, келіңдер де, мұраларыңды алып кетіңдер» дедім.

 

Жертөледен ащы, көгерген иіс шықты. Кілемдер мен текеметтерді жертөленің дымқыл бұрышына жинап қойыпты. Пештің тұрбалары мен үлкен самауырлар мен тобатайларды бірінің үстіне бірін мінгестіріпті. Бәрінің үстіне гүлді қырыққабат сияқты сары бір нәрсе қонып алған. Барлық жерден түсініксіз иіс шығып тұрды. Тыныстағанда мұрынға ылғалдың иісі келді. Үш орындықты қатарластырып тізіпті.

 

Амине: «Ақшаны не істедің, Сейед ханым?» деп сұрады.

 

– Қай ақша?

 

– Азиз сен өзіңе қабірге жер сатып алу үшін Құмға барды деп жазған.

 

– Сен соған сендің бе?

 

– Мен сене қоймағанмен бұл адамдар не айтпайды?!

 

– Жұрттың сөзіне сенбе.

 

– Қайда барып, не істеп жүрсің?

 

– Барлық жерге барам. Зираттарда жоқтау айтам. Мадақшыға айналдым.

 

Аминенің балаларының күлімсіре қарағанына көңілім көтеріліп қалды.

 

– Енді көңілің жайланды ма? Бар мүлкіңнің орныңда екенін, ештеңе болмағанын көрдің ғой?

 

– Құдай балаларыңның қызығын көрсетсін. Мына түйіншектерімнің біреуін берші.

 

– Балаларың риза емес. Ертең бір-бірімен ұрсысады.

 

– Жарайды. Риза болмаса, мен де алмай-ақ қояйын.

 

Сыртқа шықтым. Жолайрыққа жеткен соң жайғасып, жоқтау айта бастадым. Ер адамдар тыңдап тұрды. Мен тауқімет туралы айтып, жыладым. Олар орынсыз күлді.

 

 

6

 

 

Енді басқа ісім болған жоқ. Бар бітіргенім, көшеде сандалып жүрдім. Балалар соңымнан ілесті. Мен жоқтау айтып, кішкентай легендегі «торбат» суын саттым. Даусым қарлығып, аяғым қанап, аяғымның тырнақтары жұлынып кеткендіктен қатты ашыды. Тамағымдағы бір нәрсе даусымды шығармады. Зиратта ұйықтап жүрдім. Енді қарным да ашпайтын болды. Су, тек су іштім. Кейде топырақ жегім келді.

 

Аузымда үлкен жара пайда болып, одан қайта-қайта қан ақты. Енді садақа жинамайтын болдым. Адамдардың арасынан кейде балаларымды көріп қалғанда көздері менің көзіммен түйіскен кезде, жүздерін бұрып, бой тасалай қалатын. Жұма күні түнде зиратта болдым. Өлікті жуындыратын үйдің артында намаз оқыдым. Сейед Мортазаның үлкен ұлы мен Аға Моджтаба келіп, үйге шақырды. Барғым келмегенімен, мені күштеп машинаға отырғызып, алып кетті. Бір кезде қарасам, үлкен бақтың ішінде екем.

 

Мені ағаштың түбінде қалдырып, өздері шам жанып тұрған үлкен бөлмеге кетті. Бір кезде толық бір адаммен сыртқа шығып, маған қарап тұрды. Сейед Мортазаның ұлы мен Аға Мортаза ағаштардың тасасынан көрінбеді. Екі адам келіп, мені қараңғы дәлізбен жетелеп, тас түнек бөлмеге тастаған соң, ұйықтап қалдым.

 

Таң атқан кезде бөлме тіленшіге толды. Олар менен нан сұрады. Бір кезде бізге абгушт көже әкелді. Бәріміз көже ішу үшін баққа бардық. Бірақ, үлкейіп, асқынып кеткен жара аузымды толтырып, мен ештеңе жұта алмадым.

 

Түнде түс көрдім. Түсімде Сафие мен Хуриені көрдім. Келесі түні Сейед Абдолланың балаларын көрдім.

 

Мені жан-жақтан балағаттап, ауыздарына келгенді айтты. Сыртқа шыққым келді. Бірақ, есіктің алдында отырған қортық кәрі шал жақындаған кезде таяғын көтеріп: «Кет, кет!» деп айғайлады.

 

Бір күні Сафиенің үлкен ұлы Камал мен тағы бір ұлы іздеп келді. Сафие маған деп күріш, нан, пияз беріп жіберіпті. Камал менің қайыршылардың үйінде екенімді бәрі білетінін айтып, көзі жасқа толып, еңіреп жылады. Су жолы арқылы қашып кете алатынымды айтты. Аяқ киімін бермек болғанымен ұрсады деп қорықты. Мен Джавадтан қорықтым, сырттан қорықтым, іштен қорықтым. Камалға, егер Құдай қаласа, сыртқа шығатынымды айттым.

 

Олар кеткен соң кәрі шал күріш пен нанның жартысын өзіне алып, қалғанын маған берді. Түнде ағаштардың арасына тығылып қалдым. Таң ағарып атқан кезде боқшамды құшақтап, су жолын тауып, сонымен жылаңдай ирелеңдеп қаштым. Төртаяқтап батпақтан өттім. Сыртқа шыққан кезде күн шығып, үйлердің оттың түсіне енгенін көрдім.

 

 

7

 

 

Содан бастап жағдайым оңалмады. Аузымның ішіндегі жара үлкейіп кетті. Қолыммен қабырғаны таянып жүрдім. Басымнан темір қалбыр сияқты бір нәрсенің даңғырлаған дыбысы шықты.

 

Бір күні Сейед Абдолланың балаларын көрдім. Олар тәтелерінің өлгенін айтты. Мен білгем. Бәрін білгем...

 

Аминенің үйіне тосын жетіп бардым. Есік ашық екен. Ішке ендім. Бәрі сонда жүрді. Сейед Асадулла мен Азиз Құмнан келіпті. Барша аулада жиналып, мал-мүлкімді бөліп жатыр екен. Ешқайсы мені көрген жоқ. Бір-бірімен жұлысып, ұрсысып, жұдырықтасып жатты. Джавад пен Сейед Абдолла кілем үшін ұрсысып тұрды. Амине барлық істі өзі атқарғанымен оған ештеңе бұйырмағаны үшін зарлап жылады.

 

Жертөледен мені шақырған Фатеменің даусын естідім. Кенет, Камалдың көзі мені шалып қалып, айғай салды. Бәрі алдымен аң-таң қарап, кейін біртіндеп айналама жинала бастады. Көзі қарауытып бара жатқан Джавад: «Көрдің бе, не істеп жатқаныңды?» деп айғайлады.

 

Мен аузымды ашқаныммен сөйлей алмадым. Джавад: «Боқшаңды аш, ішінде не бар екенін білгім келеді» деді. Амине де: «Сейед ханым, боқшаңды ашып, көңілдерін бір жайландыршы» деді. Джавад болса: «Өмір бойы бізді алдап келдің. Ия, Алла, тез бол!» деді.

 

Боқшамды ашып, алдымен кепкен нанды шығардым. Кейін шапанымды шығарып көрсеттім. Қарады да, жүздерін бұрып әкетті. Сафиенің ұлы Камал қатты жылады.

 

 

Вади ас-Салам - Ирактың Наджаф қаласындағы зират.

 

Фарадж - Ирактың Құм қаласындағы зират.

 

Суһан - тәтті дәм, халуаның бір түрі.

 

Абгушт - ирандық ұлттық тағамдардың бірі; ноқат пен ет және тағы басқа қосындылардан жасалатын көже.

 

Қанділ - шырақ, шам.

 

Торбат - топырақ. Бұл жерде қасиетті су деген мағынаны білдіреді.

 

 

Парсы тілінен аударған Айнаш Қасым

 

Сурет иесі: <a data-cke-saved-href=https://kazved.ru/article/dpexpert.com.au href=https://kazved.ru/article/dpexpert.com.au style=color:#FF0000;font-family:'PT serif',= serif;font-size:12px;background-color:rgb(255,255,255);=>dpexpert.com.au

<a data-cke-saved-href=https://kazved.ru/article/dpexpert.com.au href=https://kazved.ru/article/dpexpert.com.au style=color:#FF0000;font-family:'PT serif',= serif;font-size:12px;background-color:rgb(255,255,255);=>


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу