Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Ностальгия

БЛОГТАР

20 қараша 2017
3997
0

Ностальгия

Ностальгия ....

Ауыл... Кез келген қазақтың бойында «ауыл» дегенде тұла бойыңды шымырлатып жіберетін тылсым сезім болады. Басқаларын қайдам, өз басым қалада тұрып жатқанмен, ауылымды әрдайым еске алып еміреніп, сары құмын сағынып жүремін.

         Біз балалық шағымызды сол ауылдың сары топырағында ойнап өткіздік.  Күн мен желге бетімізді тосып, ала таңнан кешке дейін далада асыр салып жүретінбіз. 

Әуелден ауылға барғанда қазақы болмысқа жақындай түсетінімді сезетінмін. Ауыл өмірі басқа, оның өз ритмі бар.  Таңмен тұрып малын өріске ағытып, шаруаға еппен кірісетін ауыл адамдарының ажарынан қалалықтардың өңінен көретін енжарлық пен тоңмойындықты сезбейсің. Күйгелектік пен берекесіздікті ауыл адамдарының жаны сүймейтінін білем. Сол үшін де ауыл адамдарын жаным сүйетін.

Ауыл өмірі жаныңды тыныштыққа, үйлесімділікке шақырады... Ең бірінші мені еңбекке баулып, еңбекті сүюге үйреткен де осы ауыл. Ол жақта қаладағыдай құбырмен ағып тұратын су жоқ. Үйдің үлкен кішісі бәріміз жиналып таңғы шайдан соң құдықтан су таситынбыз. Үй шаруасына жарататын суды ащы құдықтан тасып бөлек ыдыстарға құйсақ, ішетін суымызды тұщы құдықтан алатынбыз. Ол су кәдімгі жер астынан шығатын тұщы су.  Одан кейін мал қораға бала –шаға ересектер болып жабыла кіріп шаруаны әп-сәтте ақ бітіріп шығатынбыз.  Қи тасу, қора майлау, шөп шабу, қи ою деген сияқты шаруалар көп болатын. Біз сол шаруаның барлығын сүйіп істейтінбіз.  Одан басқа жеңгелерімізге еріп қыз балалар  құрт жасау, сүзбе дайындау, сүттен қаймақ алу, жүн түту сияқты жұмыстарда жүретінбіз...

Міне, ауыл менің есімде осынысымен қалды. Жаз келіп, демалыс басталысымен ауылдан келген ағайынға еріп қаладан тым-тырақай ауылға қашатынбыз. Ол жаққа барғанда қазақ екеніңді ерекше сезінетінсің. Тұрмыс-тіршілігі барлығы ертедегі бабалар тұрмысына бір сәтке болса да қауыштыратын. Ол жақтан қуаттанып  қайтатынмын. Ауыл өмірі, тұрмысы менің болмысымды бүтіндеп, кем-кетігімді жамап беретіндей сезімде болатынмын.  Таза ауасымен кең тыныстағанда, жүрегімді қуаныш кернеп кететін. Сары алтындай құмы, қи иісі, күл төбелеріндегі бықсық түтін иістері де менің жаныма әлі күнге аса ыстық. Ауылым менің күш қуатымның қайнар күші. 

Біздің ауылды қалалықтардың кейбіреуі көлеңкелі бір түйір терегі жоқ, құмы күнге қызып аяқ бастырмайды, жел көтерілсе құм дауылдары көз аштырмайды деп даттап жатады.  Даттай берсін. Ол жерде өткен бал балалығымның әр күні ыстық,  жаз бойы шомылған өзен көлдері, ып-ыстық құмы, иісі бұрқыраған жусаны, табиғатпен тыныстаған бәрі-бәрі менің қазағын сүйетін, ауылымен сүйсінетін адам болып қалыптасуыма септігін тигізді.

Әлі күнге ауылға барғанда, құм төбешіктердің біріне барып тынығып отырғанды сүйемін... ауылымнан бабаларымнан қалған рух ізін іздеймін....


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha