Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Музейші Әндібек Қуанышпаев

БЛОГТАР

28 тамыз 2020
248
0

Музейші Әндібек Қуанышпаев

Әндібек Қуанышпаев әйгілі актер, сахна майталманы Қалибек атамыздың туған баласы. Андекең жас кезінде Мәскеуге кетіп Бүкілодақтық театр институтында оқиды. Алматыға театрдың білгір маманы боп оралады. Кеңес заманында театр мамандары санаулы болды. Олар тек орыс, не өзге ұлттың өкілдері еді. Сахнаны театр өмірін зерттегісі келген Андакеңе ғылым мен баспасөзде жол ашыла қоймайды. Осылайша ол би мамандығы бойынша әлдебір училищеде сабақ беріп жүргенде Ләйлә Мұхтарқызы жаңадан ашылып жатқан музейге қызметке шақырады. Осы жерде Андекеңнің музей қызметкеріне айналған жолы басталады. Өмірінің соңына дейін ұзақ жылдар М.Әуезов музейінде қор сақтаушысы болып қызмет істейді. Бұл жер Андекеңе бала күннен таныс болатын. Әлдебір шаруамен әкесі жұмсай қалса осы үйге келіп, бала күнінен таныс адамдардай отбасы болып араласып тұратын еді. Енді міне, Мұқаңның көзі, туған қызы Ләйләнің шақыруымен жаңа орынға келіп, бұрынғы көз алдында болған жайларды қайта қалпына келтіріп, әйгілі музейдің іргетасын бірге қаласуға шақырып отыр.

 

Андекең кішкене күнінен орыс мектебінде оқыған, кейін Мәскеуде білім алған қалалық мәдениет адамы. Кеңестік дәуірдегі қазақ балалары қазақша мектеп болмау себепті көбі орысша оқыған. Андекең де мектепті орысша оқып бітіреді. Мәскеуде оқып жүргенде Мұқаң түсетін қонақ үйге келіп талай рет елден ата-анасы жіберген сәлемдемені алады. Ұлы жазушының өзге ұлт өкілдерімен қонақ үйдегі кездесулеріне куә болады.

 

Мұның бәрін Андекең кейде әлдебір оқиғаға байланысты еске түсіріп айтып отыратын. Оны мақтаныш етіп, немесе алға қойып ерекше оқиға сияқты көтермелеп әңгімелемейтін. Әкесі қандай қарапайым, ұлы адам болса, Мұқаң да оған сондай әкесінің досы ретінде жақын адам болу себепті олардың өмірін алыста қалған сағыныш белгісіндей құрметпен еске алып отыратын. Андекеңнің бойында оқыған адамға тән адалдық, зиялылық, мейрімділік мол еді.

                                               

 

 ***

 

 

Андекең М.Әуезов музейінде небір тамаша ғалымдармен бірге қызмет істейді. М.Әуезовтің қолжазбаларын реттеу, кітаптарын шығару, музей қорын толықтыру жұмыстарымен айналысады. Ә.Жиреншин, Б.Сахариев, Т.Әкім, К.Сыздықов, М.Мырзахметұлы, Б.Майтанов, Т.Жұртбай, Д.Қонаев сияқты белгілі ғалымдармен араласады. Андекең көбіне музейдің ағымдағы жұмыстарына мол үлес қосты. Кеңес дәуірінде Одақ көлеміндегі ең таңдаулы музейлердің біріне айналған М.Әуезов сияқты ұлы қаламгердің мұрасымен танысуға барлық республикалардан оқушы, студенттер, қонақтар, түрлі қызметтік делегациялар келіп жататын. Солардың бәріне ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді мөлдірете, тереңдете әңгімелеп беруге әрдайым дайын тұратын елгезек музейші өз қызметін мүлтіксіз атқаратын. Андекеңді бір тыңдап музейге келіп кеткен адам кейін тағы да баласын не туысын ертіп келгенде тағы да оның баппен сөйлейтін коңыр дауысын тыңдаудан жалықпайтын.

 

Ұлы жазушының ұлан-ғайыр өмірі мен шығармашылығын 15-20 минут, кейде 30 минутқа сыйғызып әңгімелеу өте терең шеберлікті керек етеді. Сол сәтте Андекең келген адамдардың қызығушылығын, дайындығын ескеріп, дәл, қысқа, мол мәліметтер беріп үлгіретін. Бүгін жүргізген әңгімесі ертеңгі жүргізетін әңгімеге ұқсай бермейді. Негізгі әңгіме желісі бір болғанымен оның толықтыра, қызықтыра айтқан кей сәттері тыңдаушы айрықша әсер етеді. Қаланың әр кезде музейге келіп жүретін ескі тұрғындары мұнда келсе алдымен әдетте ескі танысы Андекеңді сұрайды. Оның асықпай әңгімелейтін экскурсиясын сағынып келіп қайта тыңдайтын.

                                                  

 

***

 

 

1997-жылы М.Әуезовтің 100 жылдығына орай жазушының 50-томдық кітабы шығарыла бастады. Мәселе театр жөніне келгенде жүгіріп Андекеңе баратын едік. Мұқаңның қай пьесасы алғаш қай жылы, қай режиссердің еңбегімен қойылғанын, ондағы рөлдерді кімнің қалай ойнағанын қағазға қарамай қызықтыра әңгімелеп беретін. Андекең театрды жақсы көретін, тек дерек жинап сақтай білетін ғана адам емес, ол сахна өнерінің терең білгірі еді. Қай актерді айтсаң да оның қай ролді қалай ойнағанын, жетістік, ерекшелігін, ойын кезіндегі дайындығын, жетпей қалған тұсын дәл басатын. Өнерде, қызметте осындай Андекең күнделікті өмірде еш қулықсыз, адал, адамның бәрін өзіндей көретін кеңпейіл еді.

 

2003- жылы ғалым Бақытжан Майтановтың қабылдауымен 50-томдыққа алғаш араласа бастағанда алдына фартук таққан, аяғын ақсаңдай басатын жасы алпыстан асып қалған музейші Андекеңді алғаш рет көрдім. Музей ауласы жаз айында саялы, көлеңкелі жер. Бірнеше күн өткенде Андекеңнен алғаш жылы сөздер естудің сәті түсті.

 

– Слышал что вы делаете успехи,–деп менің алғашқы қадамыма өзінің қуанышын білдірді. Көп ұзамай еш бүкпесіз көңілі ашық, жан дүниесі баладай аңғал осы адамды жақсы көріп кеткенім есімде. Күнде таңертең сағат 9-да келетін Андекең кездескен адамға дауыстай амандасып, көңіл күйіңіз қалай деп, қабағы сәл жабырқау болса бәрі дұрыс па, бірдеңеге алаңдап жүрсіз бе, көмек керек болса айтыңыз,– деп кей әріптестерге жанашырлық танытып жататын. Бұл оның адамға деген шын пейілі, адал көңілі еді. Қызмет барысында міндетіне дұрыс қарамайтын, салдыр-салақ қылықтарды Андекең ұнатпайды. «Бізде олай істеуге болмайды»,–дейтін күлімсіреп. Аулада Андекең келе жатқанда анадайда тұрған жастар үстін жөндеп, амандасып жатады. Кейбір келеңсіз көрініс боп қалса, көрмеген болып өте беріп, араға біраз уақыт өте барып әзілмен еске салып отырар еді. Сол сәтте менің назарымнын ештеңе тысқары қалмайды дегенді ескертіп, «Когда во дворе иду, я все секу»,–деп күлетін. Сол себепті жұмысқа себепсіз кешігіп, тиісті кезде болмай қап жүретіндер Андекеңнің ескертуінен кейін дұрыстала бастайды. Кеңестік қоғамда оқып, соның бар әдеттерін бойына сіңіріп өскен бұл ұрпақ өкілдері тәртіп дегенге ерекше қарайтын. Оны өздері бірінші құрметтеп сақтайды. Андекеңнің бұл тәртібі тәуелсіздік дәуірінде де бұлжымай сақталды. Қалыптасқан тәртіпті айналасы сақтамаса да өзі бұлжытпай орындайтын еді.

                                                 

 

***

 

 

Жаңа жыл мерекесі қарсаңы музейде ерекше аталып өтеді. КазГУ-де сабақ беретін марқұм Бақытжан Майтанов көптомдыққа ғылыми жағынан жетекші болу себепті жаңа жылды осында өткізуді ұнататын. –Бұл жерде Мұқаңның рухы бар. Кіріп-шыққанда үнемі сыйынып, еске алып жүремін. Бұ деген қазақтың рухани ордасы ғой,– деп ерекше толқитын. Дастарқан үстінде тәлімді әңгімемен тыңдаушыны ұйытып білуі Андекеңнің бойындағы өзінше біткен ерекше қасиеті еді.

 

Жыл бойында Мұқаңа қатысты өткізілетін мәдени шаралардың барлығы осы музей қабырғасында, ғалымдардың, белгілі адамдардың қатысуымен өтіп жатады. Бірдеңе жаза қалсаң елеусіз қалдырмай қуанатын адамның бірі Андекең. Оған әр күні осы қызмет орнына келіп Мұқаңның қолжазбаларын қарап, олардың жағдайын тексеріп, жаңалықтарды дәптерге тіркеп отыру өмірінің ғажайып мәні, қызығы сияқты еді.

 

Ұлтымыз аңсаған биік мұраттарға толы ұлы дүниелер жазған Мұхтар ағамыздың әр қадамы, әр кітабы, өмірінің әрбір күні, қалдырған өнегесі туралы айтып, жазып жүруді ұмытпаңдар, –дейтін Андекең. Сендер бақыттысыңдар. Біздің кезімізде Мұқаң туралы тақырып алып, зерттеу жазу дегенге екінің бірі араласа алмайтын. Қазір жастар көбінесе бірден Мұқаңды зерттеуге келе қалғасы келіп тұрады. Бұған дайындық, жауапкершілік керек,–дейтін. Андекең осындай биік жауапкершілікті сезініп өткен жан еді.

  

Музейші Андекеңнің арамыздан кеткеніне де біраз жыл өтті. Оның істеген қызметі, жазған дүниелері музей, өнер тарихының жарқын  беттерінен орын алады. Оның коңыр дауысы, өнер жайында шабыттана әңгімелеген әсерлі толғаныстары осы мекеннің әрбір түп ағашына, қабырғасына сіңіп қалған. Арысы Мұқаңдай ұлылардан тартқан өмір жолын шолып қарасаңыз, олардың ұрпақтары да әке аманатына адал болғанын көресіз. Әке жолын жалғастырған тамаша ұрпақтың жер бетінде қалдырған өшпейтін айқын ізін, өшпейтін сүрлеу жолдарын көргендей боласыз.

                                                                                               

28.08.2020.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу