Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
М.Әуезов және ақындық өнер

БЛОГТАР

11 қыркүйек 2019
513
0

М.Әуезов және ақындық өнер

 

Қаламгер өзінің әдеби қызметінің алғашқы кезі жөнінде  «Өз жайымнан мағлұмат» деген мақаласында көркем сөз жазуды алғаш өлеңнен бастаған жасырмаған. Демек жазушы алғашқы жолын өлеңнен бастаған. Бұл өлеңдер басылымдарда жария болмауы себепті, олардың құндылығы мен көркемдік деңгейі қандай болғанын білдіретіндей жазба дерек қалмаған. Оны суреткер жастық әуестікпен, өзінің күшін, талант, білімін сынап көру мақсатында жазған. Алғашқы қадамды өлең жазудан бастағаны туралы айтқанда «мен үшін оның мынадай бағалы жақтары болып еді, осындай жетістіктерге жеткен едім» деген сияқты пікірлері кезікпейді

 

Тек жастық шақтағы әр қияға салған талапты кездің ізденісі еді деген ойларды ғана білдіріп өткен. Сөйтсе де, осы жолдардан-ақ сөз қадірін терең білетін Абай ауылында туып-өскен Мұхаңның өлеңмен бірталай жыл дос болып, ақындықтың көп сырларын түсініп меңгергенін ұғу қиын емес. Оның өлеңдегі алғашқы шығармаларының көркемдік деңгейі, тақырыбы туралы айту, сөз ету мүмкін емес. Бірақ Мұхтар Әуезов сияқты ірі талант иесінің өлең жазуда да өзінше табыстары болғаны анық.  Оны жастық шақтың еліктеу кезі деп айтқанымен, кейін қаламгердің бұл өлең жазудағы дағдысы оған ғылымда, драмалық аудармалар жасағанда көмекке келді. Драматург жазушы опера сахнасына арнап жазған либреттоларда өзінің тамаша поэтикалық дарынын ашып көрсетті.

 

М.Әуезовтің ақындық кесек таланты, поэзияның сырын түсіне білетін ерекше қасиеті Абай өлеңдерін ғылыми тұрғыдан дұрыс саралап көрсеткен еңбектерінде анық байқалды. Осы поэтикалық көріністерге толы тамаша таланты оның әңгіме-повестері мен драмаларында да жарқырап жаңа биікке көтерілді. Тек Абай ғана емес, Сұлтанмахмұт, Шәкәрім, Ахмет, Міржақып, Мағжан туралы жазған жас кезіндегі пікірлері оның бұл өнердің қыр-сырын жетік білетін тамаша зерттеушілігін, әрбір ақынның ерекшелігін жазбай танитын сыншылдығын, өлең өнеріне қойылатын шартты терең түсініп, өнердің ұлттық табиғаты мен өміршеңдігін алғашқы орынға қоятын биік талап иесі болғандығын айғақтайды. Жазушының бұл жазғандары көркем шығарманы түсініп, танудың үлгісі ретінде сөз өнері жайлы ғылымда әдебиет тарихының жарқын беті болып сақталып қалған.

 

М.Әуезовтің қазақ әдебиетінің классиктері туралы айтқан ойлары  кейін кеңес әдебиетінің өкілдеріне арналған пікірлерінде жалғасын тапты. Кеңес әдебиетінің дәуірлеп даму барысындағы қазақ поэзиясына арналған мақалаларында Мұқаңның өмір бойы өнерді қадірлеп, жаңа жарық көрген жас ақындардың жаңалықтарына қуана қол соғып қабылдағанын көреміз. Халық ақындарын жоғары бағалап, оларды «ой палуандары» деп айтыс ақындарын қызықтай сипаттап жазады. 

 

1960 жылдар әдебиетіне «жыл келгендей жаңалық» әкелген жастар сипатын қуана сөз етеді. М.Ғабдуллинге жазған хатында бүкіл кеңес әдебиеті ақындарының лирикалық өлеңдеріне еркін көсіле сипаттап тамаша талдау жасайды.

 

Поэзияны асқақ та таза өнер ретінде жоғары бағалаған жазушы өзінің бірқатар драмалық шығармаларын өлеңмен жазды. «Абай» пьесасында жазушы ақындар өмірін тамаша суреттеген. Пьесаның либреттосын сюжет желісін сақтай отырып өлеңмен өріп шығады. Ондағы өлең өрімдері, ішкі иірімдер, ұйқас, ырғақ, буын, стильдік ерекшеліктер жазушының поэтика өнерінің қыр-сырын жетік меңгерген шеберлігін көрсетеді.

 

Тек «Абай» ғана емес «Ақан-Зайра» либреттосы, «Қобыланды», «Айман-Шолпан» сияқты күрделі пьесалардың өлеңмен жазылуы қаламгердің қазақтың қара өлең, эпостық, ғашықтық жырлар мен батырлық дастандарын жастай бойына сіңірген, жазушылық талантына қанат бітірген поэтикалық ізденістерінің жан-жақты болғанын көрсетеді. Осы іспетті пьесалардан ағылшын ақыны У.Шекспирдің «Асауға тұсау», «Отеллосын» аударуы өлеңмен жазылған туындылардың ішкі құпияларын меңгеруде барынша көп еңбек еткен жазушының ізденіс аясын кеңейте түскендей болады.

 

Абай туралы романға барар жолда жазушы ондаған пьесаларда ақын образын жасайды. Осы үздік өнер иесінің ерекше қасиеттерін көрсетуге бар күшін салып бағады. Бұл бейнелер М.Әуезов жазған шығармалардың шырайын енгізіп, оның суреттеген оқиғаларын өмір шындығына жақындата түседі. Бүкіл ата тарихындағы барша салт-дәстүрін сөз өнерімен қалдырып кеткен халықтың осы қасиетін жазушы айрықша бағалап көкке көтере суреттейді.

 

Әрбір көркем шығарманың өзіндік сыры, оның жазылуының, оны тудырушы талант иесінің тақырыпты игеруінде өзіндік мәнері бар. Жиырма жасар М.Әуезовтің көркем әдебиеттегі айрықша, азғана жылда жеткен жетістіктері оның биік талантының, үздік танымы мен ерекше қабілетінің жемісі.

 

Әдебиет табалдырығын албырт сеніммен аттаған жас кезде-ақ қаламгер ересек өмірдің барлық белестерінен өткен ірі қайраткерлер айтатын ойларды қозғайды, пәлсапалық толғамдар айтады. Осылайша алғашқы адымы зор білім, асқаралы үмітпен басталып, бел-белеске ұласқан талант иесінің жастай қайраткер дәрежесіне көтеріліп, алаш зиялыларының қолдауына ие болды. Осы қоғамдық, ұлттық мұраттарға адал қызмет етуі оның бүкіл өмірін қалам қызметіне арнауына себеп болды.

 

М.Әуезовтің қазақ халқының өткенін терең білген қуатты қаламгер ретіндегі ең негізгі туындысы «Абай» романы да ақынның қоғамдағы орнын, қызметін, рухани ізденістерін айрықша бөліп терең бейнелейді. Өзінің сөз өнерін терең түсінген шешендік қасиеті, көреген зор талантымен жазушы ақын аға Абай салып кеткен жолдың барша қадыр-касиетін көркемдік қуаты зор романдағы ұмытылмас оқиғалар арқылы тамаша суреттеп әдебиет тарихына өшпестей етіп енгізді.

 

Абай жайында, ақындық жайында Мұқаңнан кейін де көп шығарма жазылды. Бірақ асу бермес, асқар биік Абай шыңы қандай биік болса, ол туралы Мұқаңның жазғаны да уақыт сынына төтеп беретін, аласармайтындай мәңгілік биік, бас имес өлмес ескерткіш болып тұра бермек.
                                                                                                            

 

11.09.2019         


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу