Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
БАҚ біздің бақытымыз ба?

БЛОГТАР

28 шілде 2019
592
2

БАҚ біздің бақытымыз ба?

 

Журналистика (“la informative journalle”) деген термин о баста Франциядағы буржуазиялық өзгерістерден кейін пайда болды. Бастапқыда қала тұрғындарының санының күрт өсуіне байланысты ауызекі ақпараттың таралу әдісі жылдан-жылға тиімсіз әрі ыңғайсыз бола бастады. Сондықтан, бір жапырақ қағазда жазылған болса да, ресми жаңалықтарды тарату қажеттілігі туды. Сол кезден бастап қағаздағы ақпарат тек танымдық қана емес әлеуметтік үлкен құбылысқа айналып кетті. Өкінішке қарай уақыт өте келе Еуропа елдерінде (демократиялық сипатқа қарамастан) БАҚ түрлі саяси күштердің құралдарына айналды. Демек, газеттер тек соңғы жаңалықтардан хабардар етіп қана қоймай, мәселен Париждегі Парламентті сынайтын немесе жақтайтын көзқарастарды насихаттайтын ақпараттық саяси қаруға сонау XIX-шы ғасырда-ақ айналып үлгерді. Әсіресе, бұл көрініс әуелі Ресей империясында, кейін КСРО-да көрініс тапты. Әрине, Пушкиннің кезінде “Царь или глава города делает  что-то не правильно” деген сөйлемді газетке жазу мүмкін емес еді. Мұндайға өлім жазасы қарастырылған болатын.

      

Тек Ақпан төңкерісі уақытында Империяның құлауын пайдаланып, қу журналистер бұрын соңды жазбаған, жарияланбаған немесе жазғысы келген жүздеген мақалаларын енді жарыса жарыққа шығара бастады. Бұл үрдісті бізде Дала уәләяты, Қазақ газетінде Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы іспеттес зиялы қауым өкілдері патриоттық рух және жаңа Алашорда Үкіметін жақтап жазды. Дегенмен, Қазан төңкерісінен кейін Кеңес Үкіметі орнап, қатаң цензура енгізілді. Сондықтан, алғашқы ұлтсүйгіш қазақы мақалалар КСРО-ның ыдырау кезінде шықты. Алғаш рет Арал мәселесі, Семей полигоны, Сталиндік репрессиялар мен ашаршылық турасындағы ақпарат жарық көре бастады. Сол кезде Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық журналистикасы алғашқы қадамдарын жасады.

     

Десек те, ұлттық рухты оятатын баспаханалардан басқа 1990 жылдары көптеген арзанқол газет-журналдар, сапасы мен мазмұны тым төмен коммерциялық басылымдар және тіпті деструктивті ағымдағы секталардың да жасырын жариялымдары пайда бола бастады. 2000-шы жылдардың басынан бастап-ақ біздің мемлекет экономикалық мәселелердің бірсыпырасын шешіп алып, жаңа елордаға орнығып, әлеуметке қауіп төндіретін баспаханалармен күрес жүргізуді де қолға алды. Әйтсе де, ел арасында “Оппозиция” және «Діни ағартушылық» атын жамылған ұлт арасына іріткі салуға бағытталған “желтая пресса” шықты. Кейінірек ол ғаламтор беттерін де жаулай жөнелді. Үкімет бұл мәселені шешумен күні бүгінге дейін айналысуда.

     

Тағы бір жауыр болып кеткен мәселеге өкінішке қарай Үкімет аз назар аударуда. Ұлттық құндылықтарға, имандылыққа, қазақ тілі мен мәдениетіне және әлеуметтік әдептілікке қарсы бағытталған мазмұндағы ақапарат құралдары бар. Олар - коммерциялық еркіндік, «последний крик моды» және заманауи демократияны жақтаушылар атымен бүркемеленген телеарналар, газет-журналдар, ғаламтор-сайттар, әлеуметтік парақшалар және тіпті сатылымдағы қағаз кітаптар. Осы мәселені қолға алу үшін Үкімет (Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Парламент және Бас Прокуратура) тарапынан нақты ұлттық редакциялық саясат яғни ұлттық мәдени бақылау қажет. Бұл цензура емес! Ол әлеуметті сауатты әрі салауатты ақпаратпен қамтамасыз етудің бірден-бір жолы. Барлық дамыған елде осы сарындағы мәдени саясат бар және тағы барша азаматтық қоғам  аталмыш үрдістерді өздерінің бақылауларында ұстап отыр. Мәселен, АҚШ-та бірде-бір журналист Американың қара нәсілді азаматына “Черный” деген сөзді қолданса, штаттың билігі немесе федералды биліктің тікелей қаулысымен сол журналисті қызметтен босатады немесе соттайды. Израильде Ұлы Отан соғысы жылдары лагерьлерде мерт болған еврейлер тақырыбына, жалпы ұлттық тақырыптарға қатысты кереғар пікірді білдірген азамат сотталады екен. Ал Германияда кез келген азамат «нацизм жақсы» деген сөз айтса, бірнеше минуттан кейін-ақ ол абақтыда қалай отырғанын аңғармай да қалады. Сол сияқты, Қытайда «қытай экономикасының кемшіліктері» деген сөздердің өзі Гонконгтың өзінің бірнеше азаматтарын әкімшілік жауапкершілікке тартқызды. Бұл - өмір шындығы! Демек, олар өзінің cуверенитетін қорғау жолында “права человека” деген лозунгты жамылған “национальный предательдерді” әділ жазалайды. Осыған орай келесідей ой туады. Кей жағдайда ең демократиялық елдердің өздерінде де кейбір ақшақұмар, арамдау  әрі – барынша жұмсақ айтқанда – патриот емес журналисттердің «сөз еркіндігі» деген бүркеме ұрандарынан гөрі Конституциялық тәртіптің сақталуына және заңның орындалуына көбірек басымдылық беріледі. Мойындау керек, оппозиция атын жамыла отырып, ұлттық бірлікке, мемлекеттің тұтастығына, қауіпсіздігіне қарсы сыртқы және ішкі күштерге жасырын қызмет ететін БАҚ өкілдері Қазақстанда да жоқ емес. Алайда, аталмыш проблеманы шешу үрдісі кей жағдайларда толыққанды қолға алынбай отыр.

       

Ұлттық мүддені қорғаудың тек практикасын ғана емес, теориялық негіздемесін де күшейту керек деп ойлаймын. Шекараны және ішкі тәртіпті қорғау маңызды, ал нақты МӘДЕНИ-АҚПАРАТТЫҚ ИДЕЯЛЫҚ деңгейде ел және мемлекеттік мүддені қорғау одан да маңызды! Қазіргі аумалы-төкпелі заманда халықаралық аренада Ресей мен АҚШ-тың, Қытай мен АҚШ-тың және т.б. алып елдердің экономикалық әрі ақпараттық текетіресі болып жатыр. Осындай тыныш емес жағдайда, Қазақстанға өзінің ақпараттық кеңістігінің шекараларын нығайту маңызды. Өткенде «Хабар» арнасынан деректі фильм көрдім, ол жақта Мемлекеттік шекараны демаркациялау 1990-шы және 2000-ші жылдары қаншалықты қиын болғандығы баян етіледі. Ал болашақ мемлкеттік тұтастық пен ұлттық бірлік үшін өзіміздің ақпараттық әлеміміздің кеңістігін бекітіп және айқындап алу қазіргі таңда одан да маңызды. Сонда ғана, түрлі секталардың жағымсыз ықпалы мен дәстүрлі ұлттық құндылықтарға қарсы бағытталған «Батыс үлгісіндегі» пропаганда және көрші мемлекеттермен, тіпті өз Отандастарымызбен араздыстурға бағытталған ақпараттар легін тоқтата алар едік!  


Бөлісу:
     

Пікірлер (2)

Abdykhan Sharigat

28.07.2019 15:49
Мақала өзекті мәселерді қамтыған!Ұнады.

Риза Ысқақ

03.08.2019 18:58
КӨП-КӨП РАҚМЕТ!!!
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу