Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Ауылдан келген қонақ

БЛОГТАР

17 маусым 2020
449
0

Ауылдан келген қонақ

Ауылдан Сейтмомын келді десе Төребек алыстан туысы келгендей қуана қоймайды. Бірер жыл келмей кетсе де қайда жүр деп іздемейді.Іскер адам жүрген шығар дейді. Сейтмомын Төребекке балдыз. Өзінен бір мүшел кіші. Төребекке балдыздың жасы есеп емес. Сөз артпай тек жүргені есеп. Есеп болуға басқа себептер жетерліктей болып білінбей ақырын елеусіз жинақтала келіп ұлғая түскендей. Төребек балдызы келеді десе қуану түгілі осы келмей-ақ қойса екен деп тілейді. Сонда бұл жездесіне азар болып қашатындай не істеп қойды екен деп бұлардың ара қатынасынан бірдеңе сезген адам қызығушылық таныта қалар болса аңдыса да ештеңе таба алмас еді. Өйткені Сейтмомын түк білмегенсіп жүретін сақ адам. Жасы енді жиырма беске ілігерде Алматыда құрылысқа келгендермен бірге қаңғып жүріп, көрінгеннің жұмысын істегенше ағам көмектесейін деп алыс жамағайынның үйін сылап, есік алдындағы кішкене үйін тұрғызып берген.

 

Сол үйден Сейтмомынның тасы жүрді. Әлгі ағайыннан қарыз алып молшылыққа кіру үшін мұны жездесі жарты жыл бойы саудамен айналысуға үгіттеген. Ақыры көрсем көрейін деп қара базарға аяқ киім сатуға шыққан Сейтекең қолы жүріп берді. Бірер жұма Алматыда жүреді де алған нәрсесін мәшинеге тиеп облыс орталығына әкетеді. Қасында Қалдық деген қисық аяқ інісі бар. Со саудамен жүріп жарты жылда ескі көлік алды. Бір жылдан соң оны жаңартты. Облыстан үй алып, Алматыдан да бір бөлмелі үйдің кілтін досына пәтершілерді қарап жүр деп ұстатып қойды.

 

Кешегі жалаңаяқ балдызының қалтасына ақша бітіп, апайынан қит етсе тиын-тебен сұрап жүретіні ұмытылған сайын жездесі Сейтмомынның өзімен-өзі кеткені қуанды. Ешкімнен ештеңе сұрамай, ел қатарлы күн көріп кеткеніне разы. Бірақ Сейтмомын өзгерейін деді. Қалтасы қампайған сайын жұмыстан тымпыңдап шаршап келіп бұлардың тамағын жасайтын апайына да, кешке дейін кеңседе болып кешке қарай дүкеннен жейтін наны мен екі баланың тамағын алып үйге келетін жездесінің қоңторы тірлігін қомсына қарайтынды шығарды.

 

Дастарқанға еріне қол созып, маңайына маңғаздана қарайтын болды. Мұны әдейі көрсін, білсін дегендей көрсетіп нығыздана отырып істейді. Оның жүрісінде, маңайына қараған қарасында осы да тірлік болып па деген сыңайды оқуға болар еді. Түрінде жазулы тұрмаса да, өз ойындағы көңілсіз жайттан ашып қатты ештеңе айтпаса да келіп-кетісінен, шалқайып сөйлегенінен өзгеріп кеткені байқалып тұратын. Бұл мінезді арғы төркінін сезсе де Төребек оны алған бетінен қайтар деп ойлаған. Ұзақ уақыт өзінің шыдамды кейпімен үнсіз балдызының бұрынғы кішіпейіл, адамның көңілі қалмасын дейтін баяғы кейпін іздеп жүрді. Бірақ ол кейпі Сейтмомыннан теріс айналған екен. Төребекті көрсе басқаға иіліп тұратын басы қақая қалатыны өзгермейтін әдетке айналды.

                                        

 

***

 

 

Құлшар деген дембелше келген, едіреңдеген пысық жігіт. Шешеден жетім қалғанда Сейтмомынның нағашысын паналап жүріп жетілді. Алған қатыны пысық болды да оқу бітірген соң қалаға сіңіп тірлік қуып кетті. Кеңсенің қулығын үйренді. Ақша жеудің есебін үйреніп бақса да орайы келмеді. Сөйтіп жүргенде қаланың банк, есеп-қисап, өндірістік қаржылық саласы қым-қуыт болды. Банк құрып жатқан біреулерге ілесіп бұ да жиғанын салып кішкене ұйым ашып еді, облыста мекеме бастығы болып істейтін қайнағасы мол қаржыны бұған әкеп құйды да басқа бір ірі мекемеге қосып, есепші боп жүрген Құлшардың бастық қылды. Жетім өскен Құлшар жеттім деді. Ағайынның есігінде жүріп, интернаттың қатқан нанын әбден қажаған кездері ұмытылды.

 

Ауылдан іздеп Сейтмомын келсе бауырым деп жанынан тастамайды. Оны мақтап жер-көкке сыйғызбады. Той-томалақ жасаса ауыл, аудан, облыстың өзі танитын мықты дейтіндері бірге жүрді. Бұған Төребек ілесем десе де ілесе алмас еді. Бірер рет тойына барған соң бұл адамның мақтаншақтығында шек жоқ екен деп өлердей ұялған еді. Сосын шақырса да бармайтын болды.

                                        

 

***

 

 

Бұрын Төребектің үйінде Сәнияның қою шайын ішіп, шағын пәтерінде сығылысып жататын ағайын енді көше ауып Құлшардыкіне жөнейтін болды.

 

– Байдың үйіне бара жатырмыз,–дейді қушыкер туыстар. Соны жаулап, қона жатып мол астан ішіп-жегінді жақсы көреді. Шақырған соң барады.

 

– Ақшасы көп-ау, –деп таңдайын қағып таң қалады. Үйге келіп-кетіп жатқан коммерсант, кәсіпкерлер оңаша шақырып Құлшарды жағалайды. Алып кетіп қонақ қылады. Шаруасын бітіртеді. Ондайда қызып отырып Құлшар Төребекті іздейді. Өзіне қатысы жоқ біреулердің жағалап келіп, жетістікке жетіп жатқанына іші ашиды. Ал, мына Сәния мен Әлияның өзі де күйеуі де бұ маңға жоламайды.

 

– Сонда олар не істеп жүреді?–деп Сейтмомыннан сұрайды. Ол нығыз күйде отырып:

 

– Бір жапырақ нан тапқанға жұмыс емес нәрсені жұмысым деп жүр ғой шатасып,–дейді.

 

– Айналасына қарамайды екен бұлар,–деп шақшияр еді Құлшар. –Шіркін-ай десеңші! Осынша жұғымсыз болар ма?

 

– Солай болған соң қайтесің?–деп Сейтмомын одан сайын араздық отын көсей түседі. Айналасы да, тыңдап отырғандар да, ауылдағылар да мұны естіп алып олар расында сондай ғой өзі деп Төребекті азғана уақытта кісілік қатарынан шығарып тастай салғандай болады, ендігі жерде ешқайсы оны білмейтін, білгісі келмейтін адамдай, оның өзі де бұл ортадан шеттеп ешкімді іздемеген күйі жүре берді.

                                           

 

***

 

 

Күздің қара суығы түскелі Төребектің белі сырқырайтынды шығарды. Бала күнгі ешкімді тыңдамай жалаң қабат шалбармен аязды-боранды күнде ойнап жүре беретіні енді білінді. Білінгенде ауру, күшін ұрлаған әлсіздіктен білінді. Сол шаршап келгеннен Төребек диванда жатады. Дәрігерге баруға құлқы жоқ. Телевизорды қосып қойып көргісі келмесе де әлдебір нәрселерді көрген боп жата береді. Ойы басқада. Мына заманның бұзылуы. Адамның ашкөз боп кетуі. Тойымы жоқ біреулердің басшы боп кетіп жатуы. Ақшасы жоқ өзі сияқтылардың тәуір қызметтен қағылып шетке тебілуі. Қулығы бар, жағына алатындардың жолы болып әлдебір жерден нәпақа табуға қөшуі. Арамдар жиылған жерде адалды аңдуы.

 

Бұл сұраққа сәбеттік кезде де басы жетпеп еді. Енді тіпті ойы шатасты. Өстіп телевизор көрген боп жатып біраз арасында ұйықтап кетеді. Қалжырап оянғанда түн болады. Алғаш жатқан бетте ұйықтап кетсе де түннің бір жерінде біреу келіп ұйқысын қашырып жібергендей көзі бақырайып, түн  құшағынан елеусіз қалың ұйқы келіп білдірмей басатындай көріп жата береді. Басында әлгіндей ойлар.

 

Кешкі аста әйелі отырып Сейтмомынның ауылдан келе жатқанын айтқан. Баласы үйленіп тойға шақыру қағазын жіберіпті. Сіңілісінің сөзі бойынша оқудағы ұлын қыс бойы осы үйге қоймақшы. Бұ жерге келгенде үндемей отырған Төребек кекесінді үнмен:

 

– Ол кіммен ақылдасыпты. Солар айтты екен деп соқталдай ұлды ұядай үйде қай жерімізге тұрғызбақ екенбіз? Басымызға шығып отырмаса. Олар сөйлемесін сырттан билеп. Мұндай сөз шықса осыны жеткіз,–деді.

 

Сәния күйеуін емеурінен түсінетін әйел. Күйеуінің айтқанын ол да мақұлдады да жауабын солай бермек болып келісті. Қазір де Төребектің ойлап жатқаны сол жайттар еді. Сейтмомын мен Құлшардың қылықтары болатын. Бір-екі жылдай араласпай жүріп, бойын аулақ салғанда бұл үйге Сейтмомын да келгіштеуін қойған еді. Келе берер ме еді, іштен жейтін қылықтарын соза берер ме еді Төребек өзіне біткен тура мінезімен:

 

– Енді келсе қабылдамай ана туыс, мына туысқа жібер,–деп көргісі келмейтінін білдірген. Содан Сейтмомынды көрмеген бірталай өтіп еді.

                                                

 

***

 

 

Сейтмомын Құлшар ағасының үйіне келіп түсті. Жеңгесі мен ағасының қызу майдан болып жатқанының үстінен түсті. Қақпаның аузында тұрып естігені:

 

– Сенде туыс бармед? Өңшең кербақ немелер. Кіміңе сеніп кергисің. Сейтмомын дейді ғой, болса қайтейін. Саудаға салынған сүмелек немені де кісі ғып жүрмісің. Істеген ісінің бәрі өтірік. Айтқан бір сөзінде пәтуә жоқ.

 

Осы жерге келгенде Сейтмомын шыдамай кетіп қақпадан кейін шегінді. Дыбырсыз аттап көшеге шықты. Кақпаның темір есігін ақырын жауып, су жаңа көлігіне келіп отырды. Сол баяғы қаланың таныс жолдарымен Сәния көкесінің үйін тауып есігінің алдына келіп қалған еді. Аулада шулай ойнаған балалар асыр салып жүгіріп жүр. Өзінің әдетте мәшине қоятын жерін келіп тоқтады. Ойын жинақтай алмай біраз отырды. Күні бойы көлікпен жүргені бар әбден шаршап еді. Сол отырған бойы есін жиды да көлігін от алдырып жүріп кетті.

 

Әлия қарындасының үйіне жақын «Дем алайық» деген кафеге келіп күйеу баласына звондады. Қастек телефонды көтере қойғаны. Қысқа ғана жөн сұрасқан соң кафеге шақырды. Жарты сағат өтпей олар кең дастарқанда түк болмағандай әңгімелесіп отырды. Осы кәфенің тамағы дәмді. Тәбеті шапқан нәрсенің бәрін алған соң дәмді тағамға тойған Қастек қаланың әңгімелерін шерте бастады. Оның оңайлықпен сөйлемейтінін біліп графинмен таза арақ келтіріп ішпейтін өзі де ернін тигізді. Көзді ала бере босаған ыдысқа құя салып, арақтың көбін Қастекке қалдырып жатыр. Ол ішсе тез қызатын сөйлеуік әдетімен Төребек пен Құлшардың жазасыз келтіру үстінде. Бірер жүз басына шығып Сейтмомын қазір үйге барған соң Әлияның арақ ішкені үшін күйеуін жерден алып, жерге салатынын ойлап аяп отыр. Несіне аясын бұ да жетісіп тұрған жоқ. Алаңғасыр, аңғал адам.

 

Қаланың әңгімесіне қанған соң екеуі көлікпен үйдің жанына келіп тоқтады. Айтылмай қалған тағы бірдеңе қалғандай әлгі араққа сусыны қанбаған Қастек тағы да дүкенге барып бір жарты мен газды сусын алып келді. Со бойы түн ортасы ауғанда екеуі де көлік ішінде шаршап ұйықтап кеткен екен.

                                          

 

***

 

 

Таңға жуық екеуі тоңып оянды. Қастек басын көтеріп алды. Орындығын шалқайтып қойып, шалқалап ұйқыны басып жатқан Сейтмомынды оятты. Екеуі мең-зең болып тұрса да ұйқылары қанып қалған, құс төсекте ұйықтап шыққан мырзалардай боп үйге келді.

 

– Не мереке бұл?–деп Әлия есікті кекесінмен көңілсіз ашты. Звондаса алмайды, телефонды өшіріп тастапсыңдар. Қайда бардыңдар? Із-түзсіз жоғалатындай. Сейтмомын –менің көлігімді жудық,– деп қарындасын жұбатқан болды.

 

Таңертеңгілік шайда Әлияға баласын осы үйге тұрғызуды шешкенін, –жатақханаға барса ауылдан келген балалар жиылып тыным бермес, одан бірдеңеге ұшырап қалар, бас-көз болсын деп осында тұрғызып, өздеріңе тапсырғалы отырмын,–деп ойлап келген шаруасын айтты. Бұған есеңгіреп, шөлдеп шайды терлей жиі ішіп отырған Қастек келісе кетті.

 

– Орын жетеді,–деді ақкөңіл кейіппен.

 

– Бұған бірібір, –деді Әлия күйеуіне сынай қарап. Үйді жинайтын, тамақ істейтін біреу. Саған не керек. Жұмыстан келесің де қайта кетесің. Тамақ дайын, төсек салулы. Кір жуулы.

 

Қастек көзі кілмиіп Сейтмомынға қарады.

 

– Ничего қайнаға. Қарындасыңыз еркелеп айта береді. Қозайын мен ғой. Айттым бітті.

 

– Жарайды,–деді Сейтмомын. –үйдің ішін айнала қарап.

 

Қуана қалатын жағдай мұнда әрине жоқ. Бірақ жатақханадан жақсы. Балаға тұруға болады.

 

– Біздің ұлдың да іші пысады жалғыз. Енді сенің балаң келсе жақсы болды.

 

Әлия жұмысқа жиналды.

 

Залға келіп кең креслода шалқайып отырған Сейтмомын әрнені ойлап отырып қалғып кетті.

 

– Басеке – деді Қастек оны оятып. – ана төсекке жат. Мен диванға жатам. Үйде күндіз ешкім болмайды. Дем алайық.

                                                                                    

 

26.04.2020


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha