Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Әуезұлы Мұхтардың хаты

БЛОГТАР

05 наурыз 2019
136
0

Әуезұлы Мұхтардың хаты

 

 

М.Әуезовтің 30-жылдарға дейін ұстанып келген көзқарасын түбегейлі өзгертуге мәжбүр еткен оқиға оның екі жылға жуық кеңестік жүйеге қарсы ескішіл бағыттағы саяси сенімсіз адам ретінде тергеуде болуы. Осы тұста кеңестік жүйенің кей жақтарын қабылдамаған белгілі қайраткерлерге қарсы елде белгілі тазалау шаралары жүргізілді. М.Әуезов бұл тергеуден екі жыл жүріп, шартты жазамен босап шықты. Осы уақытта оның көзқарасында болған өзгерістер 1932-жылы 10-маусымда «Социалистік Қазақстан» газетіне «Әуезұлы Мұхтардың хаты» [12, 254-б.] деген атпен жарияланған хатта орын алды. Өз тағдырын шешкелі тұрған арнаулы орындарға арналған хатта қаламгер өз көзқарасында болған кейінгі жылдардағы өзгерістер жайында айтып берді.

 

Осы хатта жазушының кеңестік жүйені қабылдау үшін істеген амалы, ішкі жан дүниесіндегі болған толғаныстары толық мағынада сипатталды. Қаламгер онда өз өткенін айыптауға, көптеген шығармадан бас тартып, оның идеялық негізін жоққа шығаруға мәжбүр болды. Ұлтшыл, алашшыл бағытты теріс, зиянды деген көзқараспен ымыраға келді. Өзін ескілік жыршысы деген айыптарды жұмсарта түсіп, ол кезде оқыған ұлт зиялысы үшін осындай көзқарас ұстану заңды болғанын еске алды. Хатта оның бұрынғы істеген істерінің дұрыстығы туралы ештеңе айтпаса да өзі-ақ дәлелденіп, тағылған кінәлар негізсіз екені ол жайлы тура мағынасында ештеңе айтылмаса да дәлелденіп отырды. Мұнда жазушының бір мезеттегі көңіл күйі ғана емес, онда тұтастай кезеңге сай тарихи талдау, көзқарас, пікірлер айтылған.[23, 105-б.]

 

«Бірақ менің бұл дәуірдегі, социализм құрып жатқан дәуірдегі тарихи уақиғаларды біржақты болып теріс, тар ауданда түсінуім себепті Қазақстанда партия мен үкіметтің жүргізіп жатқан ірі төңкерістік шараларына көбінесе көзқарасым теріс болды. Ол шаралар өткен заманда езгіде болған Қазақстан еңбекшілерінің пайдасы, игілігі үшін ең қажет шаралар екенін түсінбедім.

 

Біздің аймақтың барлық қоғамдық шаруашылық қалпын капиталшыл жолынан социализм жолына аударып, бұрып салу үшін ол шаралар қажет екенін есептемедім. Жекелеп айтқанда, байлар мен ру басыларын конфиске жасау қажеттілігін іштей қабылдамадым.

 

Үкіметтің колхоз, совхоз құрылысының тұсында істеген шараларына да басында сенімсіздікпен қарап, қарсы болдым», –деп жазды. [12, 255-б.]

 

Бұндай ахуал М.Әуезовтің қана емес сол дәуірдегі көптеген әдебиетшілердің көңіл күйінде орын алды. Кеңестік дәуірді түсініп қабылдау үшін көптеген жазушылар өзінің бұрынғы ұлттық, танымдық көзқарасынан бас тартып, өмірлік ұстанымын жаңа заман талабына үйлестіріп, икемдеуге мәжбүр болды. Бұл өзгеріс, тартыстар көптеген жылдарға созылды. М.Әуезов сол уақыттың ақырғы кезеңінде, басқа ешқандай амал қалмаған кезде ғана жаңа заман талабын қабылдауға мәжбүр болды. Осы хат мазмұнына оның бұған дейін ұстанып келген жолы, бетбұрысы, дүние тануда болған әртүрлі өзгерістің себебі арқау болды. Онда кеңестік жүйе мен партия алдында сүттен ақ, судан таза екенін айтып ақталмай, бұл жолды түсініп қабылдау үшін кей нәрсеге кезінде жете мән бермегенін айтты. Оның себептерін түсіндірген болып, бұрынғы ұстанған жолы ұлттық идеяға жақын екенін білдірді. Хатта өзіне тағылған ұлтшыл деген айыптан да бас тартқан жоқ. Оны мойындай келіп:

 

«Мен сол жазушылардың қатарына кіріп, 1920-жыл мен 1928-жыл, аздап 1929-жылдың аяғында Қазақстандағы және Тәшкендегі баспасөзге әсер етіп, баурап алмақ боп әрекет еттік. Сол жылдар оқушы тобына тар ұлтшылдық бағытында әсер етіп, әдеби шығармалар, сындар, айтыстар арқылы ұйымда қандай іс жүргізсек, жастар арасына ұлтшылдық күйін тараттық», – деп жазды. [12, 257-б.] Сол дәуірдегі саяси көңіл-күйге орай орынсыз тағылған кінәны солай болғаны рас еді деп мойындай отырып, оның идеялық негізіне назар аударды. Бұл жерде қоғамның негізі боп есептелген маркстік-лениндік дүниетаным туралы айтылып отыр. Жазушы оның идеялық негізін кең түрде түсінді.

 

Сол дәуірдегі түрлі идеялар күресінде кеңестік жүйенің көздеген түп мақсатын жазушы білді. Қоғамдағы тап күресінің нәтижесінде ұлт мұраты орнына келе қалмайтыны белгілі еді. Елде жаңа тұрмыс орнатқан кеңестік кездің көзқарасын қабылдау жазушы үшін оңайға соққан жоқ. Осы жолда оның қызметі мен жазған шығармасына үнемі идеялық тұрғыдан түрлі қысым жасалды. Қоғам өміріне белсене араласқан кездің өзінде суреткер жолына сенімсіздік көрсетіліп, оны тиісті орындар бақылап отырды, шығармаларының идеялық жағына айтылған түрлі сындар орын алды.

 

Елдегі оқиғаларға халық тарапынан әлеуметтік қөзқарас біркелкі болған жоқ. Бұрынғы оқыған зиялылар жаңа дәуірдің кейбір жақтарын мүлде қабылдай алмай жаңа заманға сынмен қарады. Ол пікір ел көкейінде көптеген сұрақ тудырды. Бұл жөнінде баспасөз бетінде мақалалар шықты. Күнделікті шаруа ісінен бастап, ел басқару, саясат, мәдениет жайы, оқу-білім туралы үкімет белгілеген шаралар жүзеге асырылып жатты. Бұрынғы өмірдің шетін көрген көптеген ақын-жазушылар бұл дәуірде жаңалық атаулыға сенбей, жатырқай қараушылық көңіл күйге берілді. [11, 164-б.]

 

Бір кездері олардың қоғамға қызмет етуіне ресми түрде рұқсат берген кеңестік жүйе енді біраз жылдан кейін ескі оқығандарды өздеріне ымырасыз идеялық қарсылас ретінде танып білгісі келмеді. Сөйтіп, кешегі алаш оқығандары енді кеңестік қызметті пайдаланып, оның көлеңкелі жақтарын сипаттап, шын мәнінде өмір сүруіне қарсы болып отыр деген айыптар таңылды. Мұның соңы партия қатарын тазалау, сенімсіз адамдарды үкімет орындарындағы жауапты қызметтен босату сияқты науқанға ұласты. Осы кезде біраз уақыт қызмет тізгінін ұстап келген алаш оқығандары жауапты орындардан босатылып, көп ұзамай оларға қарсы қудалау шаралары күшейе түсті.[11, 182-б.]

 

20-жылдардың соңына қарай әміршіл-әкімшіл жүйе еркін ойлы, дәстүрлі демократиялық, халықтық наным-сенімді күйретіп, репрессия шараларына барды. М.Әуезовтің осы уақыттағы шегінер жері, ойлап тапқан амалы өзінің бұған дейінгі басынан кешкен көзқарасын жайып салып, тиісті орындарға жазған осы хаты еді.[23, 252-б.] Суреткер онда өз басынан кешкен соңғы жылдардағы көңіл-күйдің, өзгерістің себеп-салдарын айтып берді.

 

Бұған дейін жазушының кеңестік қоғам жайлы айтпай келген пікірлері осы хатта айтылды. Жаңа қоғамның КазАПП тобындағы төңкерісшіл, сыншылары мен жазушыларын, кеңестік қазақ баспасөзін М.Әуезов өзіне сын айтушылар, шығармаларындағы ескі салт-сананың көрінісін айыптап көрсетушілер деп бағалады. Бұдан суреткер қөзқарасы заман талабына үйлеспейтінін елеп шығарушы да, мақала жазушы да, түймедей мінін түйедей етіп көрсетуші де, атын атап көптен бөлектеп екшеп беруші де осы баспасөз орындары болғаны байқалады.

 

М.Әуезов тергеу амалдары кезінде өз басына тағылған түрлі айыптың кейбірін мүлде жоққа шығармаса да, бәрін бірдей мойнына ала бермеген. Тиісті жерінде орынсыз айтылған артық сын мен тағылған айыптың өзіне қатысы жоқ тұстарын дәлел келтіре отырып жоққа шығарды. Соның бірі оның «Алқа» ұйымына қатысы туралы.

 

«Алқа» сол жылдары басы бірікпей бөлініп кеткен қазақ қаламгерлерін игі мақсатқа жұмылдыру бастамасын көтерген әдеби ұйым еді. Оның негізін қалаушылардың бірі ақын М.Жұмабаев бағдарлама әзірлеуге қатысты. Осы ұйымның шын мәніндегі мағнасын түсінбей көпшілікке теріс ұғым таратып қоғамға жат, саяси ұйым ретінде көрсеткен әрекет туралы М.Әуезов өз хатының соңғы бір тұсында:

 

«Онан соң «Алқаның» бағытын әдебиеттегі жаңа төңкерісшіл бағыт деп қабылдауым да теріс еді. Анығында ол марксшылдыққа құр ғана иек сүйеп отырып, бұрынғы тар ұлтшылдықты қайта тереңдетіп, қайта қалыптап, қайта нығайтамын деген жол болатын. Мен оның негізгі бағытын қаталасып барып, көтере бағалаппын. Қазірде қазақ жазушылары алдында тұрған төңкерістік міндеттерді түсіну жолында, мен ол «Алқаның» теріс ұлтшылдық бағытынан бойлап астым. Сондықтан онымен ешбір байланысым жоқ деп санаймын.»– деп жазды. [11, 183-б.] Осы пікірді келтіргенде өзінің түсінігін қысқаша беріп, мән жайды кең таратып айтпауға тырысты. Әдебиетте бұған дейін орын алған ұлтшыл бағыттың өзіне ғана емес басқа да көптеген қаламгерге тән ортақ сипат екенін көрсетті.

 

Осы хатты жазғанға дейін де, оны жазып газет бетінде жариялағаннан кейін де М.Әуезов шығармашылығында мол өзгерістер, жаңа бетбұрыс, тың өрістерге беттеген ізденістер көп болды. Алайда жазушы өмірінің ең бір сын кезеңінде жазылған осы хатта оның кейінгі өмірінің көп түйіндерін шешкен, аман-сау жаңа дәуірге аяқ басып, өз заманымен бірге қадам жасауына ықпал еткен негізгі ұстанымдары жатты.

 

Әдебиет тарихындағы кеңестік дәуір атанған тұтастай бір кезеңге аяқ басқан жазушы осы хаттан кейін жаңа заман тақырыбын жазуға бетбұрыс жасады. Бұл уақытта ол замандастарымен бірге, солардың алдыңғы легінде, қоғамдық қызметін жалғастыруға мүмкіндік алды. Оның жаңадан орнаған кеңестік қоғам мен көркем әдебиет жайындағы таным-түсінігінің өзгеруіне партиялық баспасөз бен кеңестік жүйенің жалпы мәдениет саласындағы жүргізіліп отырған саясаты ықпал етті.[11, 18-б.]


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу