Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Ақын рухымен сырласу

БЛОГТАР

04 желтоқсан 2017
4402
0

Ақын рухымен сырласу

Ақын рухымен сырласу

 

(эссе)

 

Балқантаудың баурайында туып, бар болғаны 36 жыл ғана ғұмыр кешіп, пәниліктен бақилыққа аттанған талантты ақын – Тұрсын Жұмашевтың тұла бойы тұнып тұрған киелі поэзия еді. Енді танылып келе жатқанда үзіліп кетті. Сонда да әдеби қауым оның поэзиясын жылы қабылдады. Тұрсынның өз сөзімен айтқанда,

Менде бір тұлпармын, тағдыры бар,

Даламның кеңдігінен байқалмаған.

Қандай тамаша ойлар. Жай қарапайым болып көрінсе де мәуелі баққа кіргендей боласың. Тұрсын өзі жасаған ортасына қарап, пендешілігі өз басынан артпаған адамдарға қатты өкпелейді.

Жапырақтар жүректің көшірмесі,

Сайтанның көшірмесі сайқал адам.

Әдемі теңеу, қан шығармай мақтамен бауыздаған. Әлем таныған орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкинді атып өлтірген Дантестер, көз алдына елестетіп,

Біреулер жүр күбірлеп  осы маңда,

Кімдер олар ақынның досы бар ма.

Пушкинді атып өлтірген Дантес шығар,

Менде қарсы шығамын осыларға.

Поэзия аспанның жарық жұлдызын қорлаушыларға ақын қатты күйінеді. «Сау адамды жынды ететін ортада» өлеңінде адамгершілікті өзіне ар санайтын қытымырлар тобы, Тұрсынның алдын орап әртүрлі айла - тәсілдермен оның беделін түсіруге тырысып бақты. Көзі көріп тұрған тобырларға былай деп тіл қатты.

Өмір сүре алмайсың ба кектенбей,

Еркіндігім үшін мені жек көрмей.

Қиын екен көңіл шіркін бір қалса,

Қара жерге отырғызып кеткендей.

Туып өскен өз жерінде, өз аулында, көрген қорлығын ақын жүрегі құлазып өлең жолдарына түсірді.

Жүрісім де ұнамайдау, тұрысым,

Ұнамаса ұнамаймын құрысын.

Сау адамды жынды  ететін ортада,

Өмір сүріп жүргенім рас шығар жыр үшін.

Қара қазандай өкпесін жайып салып, қимас досы өлеңмен сырласады. Ойшыл ақынның өз әлемі, өз биігі бар, оған қара қарғалар ұшып жете алмайтынын айтса, екі кебісті бір - біріне сұғып отыратын тобырлар өсек сөздің отын үрлеп, нәзік жүрегіне салмақ түсіреді.

Менің нөзік жүрегіме жүк артып,

Келеді есек жаны сірі тарамыс...

деп топастықтың бет- пердесін ашады.

Өсер елдің баласы осындайға бара ма,

Атқың келмесе атып қал құдайға да қарама.

Жанын жегідей жеген күбір сөзден құтыла алмаған Тұрсын, басын өлімге тігіп, атсаң атып жібер, бірақ қазағым ақынын атқызып қарап қалмас деп қалың еліне иек артады.

«Көз жасы» өлеңінде:

Қырандар ғана ұшатын биік бар, Қарғалар ұшады төменде.

Таңдайда шөл, кеудемде - күйік бар,

Әйтпесе нем бар өлеңде?

Кеудені шабыт кернеп жан - жағына көз салған ақын, көз ұшындағы биікті шарлаған ақ иықты көрген күндестігіне шыдамай, қара қарғаның іштегі шерін тап - таза өлең жолдарымен жуып шаяды. Ойларын әрі қарай сабақтаған азамат ақын:

Асылын ойлап Алаштың өткені,

Ойымды жылдар қашты алып.

Сен маған бұрылып қарашы, көктем,

Көзімнен кетті жас тамып...

1937 жылғы қызыл - қырғын алапатта қасапхананың құрбаны болған Мағжан, Ахмет, Сәкен, Бейімбет тағы басқа алаштың туын көтерген ағалары, көз алдынан елестеп кетсе керек. Тобырлар қайтсін ақын жүрегіне бойлай алмады. «Түсінбейсің» атты өлеңінде ол анық көрінеді.

Түсінбейсің  қуаныш, қайғымды да,

Тәкаппар да емеспін, айбынды да.

Бойымды да бір ғажап тылсым күш бар,

Адам ете алатын маймылды да...

Амал не, оған көне қояр ма екен,құлқының құлдары деп үміт үзеді.

Өмірдің көрсек - тағы ызғарын бар,

Өзгермейтін жандармыз біз - дарындар.

Өзі айтқандай өмірдің шытымыр аязына тоңып, аптабына күйсе де, табандылық танытқан тарлан ақын өзін ширата түскендей сезінеді.

Жүрегімнен шығатын жырларымды,

 Жүрегімнен оқитын қыздарым бар...

- деп келер күннің ұрпақтарына ізгі үмітпен қарайды.

Тұрсынның кейбір өлеңдерінің астарына ой жүгіртіп қарасаң, балаша елпілдеп, құрақ ұшып жүргеніңді өзіңде аңдамай қаласың. Мысалы, «Қасиетті мандай тер» өлеңін алалық.

Арманымның ақ бозын қамшылаған,

Қасиетті мандай тер  тамшылаған!

Ащылығын ұмытылып бара жатса,

Шаншиды кеп жүрегім шаншымаған.

Көріп отырмыз ащы тердің дәмі болмаса, тұщыны қайдан білсін. Өлеңнің әрбір жолы жүректің қаныменен жазылып, оқырман санасына жету үшін ақын аянбай тер төгеді.

Зейнет көрем терімді тамшылаған,

Тамшылаған ыстық кой тамшы маған!

...Маңдайыма біткен бір бақыт едің,

Өлең болып мәңгілік қалшы маған!

Талай танды кірпікке іліп, өлеңнің жолдарына басын байлаған ақын мәңгілік бақытым болып қалшы деп ой түйіндейді.

Т. Жұмашевтың өзгеге ұқсамайтын керемет бір қасиеті бар. Ол өз өмірінің алдағы болатын кезеңдеріне барлау жасайды. Басқа бір әлем дүниесін аралап, оның адам баласының көзіне көрінбейтін таңғажайып құбылыстарын сезінеді және ұғады. Сөйтіп, Тұрсын аспанды аңсайды. Аспанға қарап жұлдыздарменен, ақперіштелермен достасып солармен ортақ мәмледе ортақ түйін түйеді. Тау тасына, сая бағына, орман - тоғайына, әрбір жапырақ сыбдырынан ой түйіп, ақ балтыр ару қайыңдармен сырласады. Сырттай қарағанда Тұрсын кәдімгі ақын. Ақын болғанда ол ірі, үлкен ақын. Поэзиямен тілдескенде,

Жүрегімді аялайды ерке өлең,

Қимайтынын білдіреді Ол ертеден,

Қайран Өлең, аппақ қанат құс болып

Жылайсың ба, Өліп қалсам, ерте мен?

Өмір бойы жанындай жақсы көретін өлеңдеріне, ерте өліп кетсем аппақ қанат кұс болып мені жоқтап жылайсыңдар ма деп, олармен тіл табысып тұрады. Ақ қанатты өлеңім, сендер мені дарынсыздардан бөліп алыңдар. Егер өліп қалсам, менің өлі денеме жан салыңдар деп тілек білдіреді. Бүгінде ақын өлеңінің өміршеңдігі осында шығар.

«Қайта алам ба» өлеңі. Мөлдіреген қара көк  аспанға қарап, жұлдыздармен сырласып тұрғанда, аспан қуысына сыймаған жарық жұлдыз ағып келіп ақынның уысына қонған. Тамаша түсінігі жоқ туысына жорытқысы келген. Амал не? Туысының да түсінігі жоқ. Құр кеуде. Қайран Тұрсын! Көзінің тірісінде осы өлеңдеріңді естір құлақ шамалы болғаны-ау. Ақынды түсінбеген мынау сұм заман. Әлі де талай ақынды Аспанға аттандырары сөзсіз. Әйтпесе Тұрсын осыншама қынжылар ма еді. Ақын қазақ Ақындарының трагедиясын айту үшін туған ба дерсің. Поэзия үшін керек едің. Алайда мынау байлауы жоқ баянсыз дүниеден ертерек оздыңыз қасиетті, Тұрсын аға!

Түсіндіріп оларға айта алам ба?

Түсінбейді. Мені олар, қайта одан да,

Ғарыш жаққа кетейін, жол түсіп тұр

Кетемін ғой, кетуін...

Қайта алам ба?

Періштелермен сырласып тәуекел жолына бел буған Тұрсын, жер бетіне қайта оралармын ба екен деп жұмбағы мол ойларға тіреледі.

«Бір керемет» өлеңі ғажап дүние. Көңілсіз жүрген шақтарында, өзінің жазған жырлары дүние жалғанның жарығын көрмей тұрып жылусыз, әсерсіз, әлсіз өлеңдерін сызып тастайды. Бұл ақын өз-өзіне үлкен талап қойып, халқымды сүйіндіретін жылуы мол өлең жазамын деп өжет те, ойлы жыр жолына шүйіледі.

Қаламымды қолыма алып тағы,

Қиял құсым қайтадан қалықтады,

Биіктен биікке ұшқан сайын,

Көрінбейтін, көрермін Алыптарды...

Қандай тамаша өлең жолдары. Асқақ әуен оралымды ойлардың салмағы,

безбенің өзі түскен шағын ойсырата басып тұр.

Көрген сайын көңілім жай табады,

Айтарымды айтамын, айтам әлі...

Поэзия мүлдем саған көрінбейтін,

Бір керемет бойымнан байқалады.

Жүректі жарып шыққан поэзиясына іштей қуанады. Бұл жырларымның жолын халқым жатсынбай қабылдар деген ойларға иек артады.

«Боранды күн» өлеңі.

Табиғат өз анама тартып туғам,

Былшылын тындамаймын өзге жұрттың.

(Қ. Аманжолов.)

Өр ойлы өршіл ақын Тұрсын,

Боранды күн, боранды күн, боранды-

Қыз көрпеге, ақын  отқа оранды...

Пах шіркін, қайран жиырма бес, болат тұяқпен тауды да, тасты да қамырша илеген.

Қыз күрсініп кімді есіне алды екен, Сері сезім тояттаған қырандай, орамды ойлардың тұғырынан бой көрсетеді.

Жерменен Көк көрінеді бүтін боп,

Жерменен Көк елестейді түтін боп.

Қыз ұйқыда. Ақын отыр ойланып,

Әйелі бар жасамайды күтім көп.

Рас-ау әйелі бар жігіттің түлкі көрген бала қырандай тағатсыз шүйілмей, марғау қарайтыны даусыз. Буырқанған бұла шабытпен ақ қағаздың бетіне үңілген Тұрсынның қаламының көз жасы, иә, иә қаламының көз жасы арудың жүрек кардиограммасына ұқсайды. Тамаша философиялық терең ойлардың кең айдыны байқалады.

Алатауда бір шың бар,

Ешкім аяқ баспаған.

Мен сол шыңға шығамын,

Шыға алмайды басқа Адам.

Керімсал ойларды керім иық жыр жолымен кестелейді. Поэзияның алынбас ақ бұйра шыңдары, әлсіздерге алайып қарайтыны, жатсынатыны даусыз. Батыл да патриоттық мінез танытқан ақын, іркілмей айтып салды.

Т. Жұмашев қамшының сабындай ғана өмірінде таңырқана тамсанып оқитын тамаша жырларын жыр етіп сыйлады.

«Періште» жыр жинағы оқырманын тауып әр жүректің төрінен орын алғаны белгілі. Шіркін! Тұрсын – отызында орда бұзған нағыз дүлдүл ақын. Бүгінде көзі тірі болса, ғаламат жыр дауылын тудырары даусыз ғой. Өзі айтқандайын,

Өлеңінде қалады ғой мөлдіреп,

Ақындардың бар иманы, бар шыны.

Міне, міне жаралы жанымызға дауа болар емі осы.

 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha