Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
ӘБЖАЙ АТА (эссе)

БЛОГТАР

26 мамыр 2019
1102
0

ӘБЖАЙ АТА (эссе)

                                               

  (Эссе)

 

210-шы гвардиялық атқыштар полкінің 71-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы арпалысып жүріп соғысты 8 май күні Балтық теңізінің жағалауында аяқтады. Ұлы Отан соғысы жылдары дивизия 15 мың шақырымға жуық жүріп өтіп, жетпістен аса елді-мекен-дерді жау қолынан азат етті. Олар Москва және Сталинград үшін болған қан төгістерде, Курск иініндегі ұрыстарда, Белоруссия мен Балтық жағасындағы елдерді азат ету майдандарында ерлікпен шайқасты. Гвардия туында Ленин және Қызыл Ту ордендері жарқырап, дивизияға Витебск есімі берілді. Дивизиядан 19 адам Совет Одағының Батыры атағын алып, 15 мыңдай командирлер мен жауынгерлер ордендермен және медальдармен марапат-талды. Солардың ішінде гвардия кіші сержанты Шаймерденов Балқыбектің де есімі бар.

           

Балқыбек Шаймерденов нағыз қазақи дағды бойынша туылған күні мен айы тарихта қалмай, 1986 жылдың күзінде дүниеге келіпті.

 

            «Көрінер үш күндіктен Баян басы,

            Қызылтау әулиелі қатарласы.

            Сүйіндік сегіз болыс мекен еткен,

            Күндік жол жорытқанға екі арасы»,

 

-деген Мәшһүр Жүсіп бабамыздың шумағындағы Әулиелі Қызылтау болысында кіндігі кесіліпті. Бұл мекен қазіргі Павлодар облысы Баянауыл ауданындағы  Жосалы ауылына жатады. Әкесі Шаймерден мен шешесі Тәуірбала Әпиза, Әпия, Балқыбек, Жүнісбек, Биға атты үш қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Әкелері өмірден ерте озғанмен анасы Тәуірбала 97 жасқа келіп дүние салды. Осы Үлкен Әжемізді біз бүкіл немерелері тірісінде көрдік.

           

Балқыбек бала кезінен өте еңбекқор болып өседі. Кеш үйленіп Манарбек, Гүлбаршын есімді ұл мен қыз сүйеді. Үш жасынан қос жанарынан айырылған інісі Жүнісбектің ғұмыр бойы қамқоршысы болған адам.

           

...Қайран, Әбжай ата! Балқыбек атты есіміңді қай баланың Әбжай атап жібергенін кім білер. Жарықшақ дауысыңның ырғақтары, бізге балаларға бағыттаған әзілдерің, бәрі күні бүгінге дейін құлақтан кетпей, жылы жүзің күлімдеп алдымда тұрғандайсың. Қызыл-таудан  Баянауыл аудан орталығына келіп, көлік апатынан жылдар бойы  төсек тартып жатқан інің Жүнісбекті (менің әкем) маңдайынан сүйіп, «Жүкежан»,-дер едің.

 

Автобус қатынасы үзілген кезде атпен де келе салатынсың. Бұл құбылыстың ай сайын қайталануына байланысты мән бермеуші едік. Бұл да бір мектеп екен-ау...

           

Ұлы Отан соғысы қаһарын төгіп тұрған 1942 жылдың 10 мамырында Баянауыл аудандық әскери комиссариатына шақырылып, 15 мамырда өзіміздің Петропавл қаласына аттанады. Осында жиырма күн дайындықтан өтіп 5 маусымда 240-шы атқыштар дивизиясының 836-шы атқыштар полкіне жіберіледі. Бұл Воронеж майданы болатын. Гит-лер армиясы ірі, әрі ауқымды шабуыл ұйымдастырып, қаланы қысымға алған. Совет бөлімшелерін Дон өзенінен әрі ығыстырып шығаруға бар күштерін салып бақты. 836-шы атқыштар полкіның жауынгерлері жауға қайта-қайта қарсы шабуыл құрып бұрынғы орнына шегерумен болды. Ұзаққа созылған ауыр да қан жұтқан ұрыстарда Орталық және Воронеж фронттарының жауынгерлері ерлікпен шайқасты. Жаудың  Курск бағытына тез шығу әрекеті іске аспады. Фашистердің жоспары күйреп, қорғануға көшуге мәжбүр болды. Бұл Гитлер үшін ойламаған жағдай еді. Қырғын соғысқа бірден кірген Балқыбекке ауыр тиді.

 

«Соғыстың құйтырқыларын соғыса жүріп үйрендік. Қаһарлы мектеп болды. Өлімнің  көбі білмегендіктен, албырттықтан болып жатты. Мен де оқтан қорғанудың әдістерін білмегендіктен ауыр жараландым. Бір есімді жисам санитар қол-иығымды таңып тастапты. Жиырма шақты солдатпыз, бәрімізді Тамбовтағы №3226 әскери госпиталге  апарып жатқызды. «Сол жақ жауырыныңызды снарядтың жарықшағы тесіп өтіп, үгіп жіберген»- деді 3 рангтегі әскери дәрігер, госпиталдың бастығы подполковник Малкин.

 

Жарам жазылмай, қиналып жарты жыл жаттым. Зықым шықты. Жағдайым жақсы, деп жартылай өтірік айтып шықтым-ау, әйтеуір»-дейтін Әбжай ата. «1943 жылдың 1 мамырында 210-шы атқыштар полкының, 71-ші гвардиялық, Ленин орденді, Қызылтулы, Витебск атқыштар дивизиясына атқыш ретінде ауыстырды. Бұл атышулы әскери ұйым еді».  

           

Неге екені белгісіз, Әбжай ата соғыс туралы әңгіме айтпауға тырысатын. 9 мамыр жеңіс күндері орден мен медальдарға толы кителін көрші соғыс ардагері ақсақалға кигізіп, «Сен барып әңгіме айтып кел балаларға» деп, мектепке сол кісіні жіберуші еді. Осы жазып отырған мәліметтерім, атамның әкеме келгенде күбірлеп айтып отырғанда естігендерім.

 

Түртіп сұрамасаң және айтпайды. «Курск-Орлов иінінде қорғануға дайындық көлемді болды»-деп жалғастырды Әбжай ата. «Немістер теңдесі жоқ шабуылға шықты. Фашистер-дің жүздеген «Пантера», «Тигр», «Фердинандтарына»  біздің жүздеген Т-34-термен КВ-лар қарсы тұрды. Тигрдың астында да қалғамыз екі адам. Мина төсегіш мамандарды қорғап жүргенде бір дөңестен жаудың танкісі бізге қарсы атып шықты. Гранатамыз жоқ, окопқа секірдік. Үстімізден келіп өкіріп, айналып-айналып көміп кетті. Ажалымыз жоқ екен, топырақты әзер қопарып шықтық»

           

1943 жылдың 24 шілдесінде «Воронеж бағыты бойынша жау шабуылын батырлықпен тойтара алғаны үшін» Балқыбек Шаймерденов СССР  Қорғаныс комиссары Сталиннен мақтау алады. Осы жылғы 5 тамыз күні «Курск-Орлов иініндегі жау қорғанысын бұзғаны үшін» екінші мақтау келіп жетеді. Әбжай ата барлығы бес мақтау қағаз алған. Соңғы үшеуі мыналар: 1944 жылдың 27 шілдесінде «Витебск бағытындағы жау қорғанысын бұзғаны үшін»; 5 тамызда «Полоцк қаласын қайтарғаны үшін»; 7 қазанда «Шяуляй маңындағы жау қорғанысын бұзғаны үшін».

 

Соғыс аяғындағы 210 гвардиялық атқыштар дивизиясының командирі, гвардия подполковнигі Филатовтың берген анықтама қағазында осылай көрсетілген.

           

1943 жылы Балтық жағалауы майданында ұрысқа кіріп, 15 қарашада жеңіл жарала-нады. Ал 1944 жылдың 31 қаңтарында үшінші рет жеңіл жараланып №1148-ші эвакогоспиталінде бір жарым ай емделіп Балтық майданына қайта келеді. 1944 жылдың 22 мамырында 71 атқыштар дивизиясы командирінің №89 бұйрығымен үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталады. Орденнің номірі 439113.

 

«Осы ұрыстарда ескі жарам қайта қабынып, иығым қақсап, қолым көтертпей жағдайым келмеуге айналды. Командирге айтсам дереу елге қайтарады, үйткені соғыстың беті бері қараған. Бір ебін тауып  «Тылға қайтқым келмейді, атқыштан шығарып жеңілдеу бөлімшегі ауыстырыңыз»-дедім. Командир менен  «Аттармен ісің қалай»?-деп сұрады.

 

«Өмір бойы аттың үстіндемін»- дедім. Сүйтіп өзіміздің көлік ротасына ауыстырды. Ротада аттар өте көп еді. Ұлы Жеңісіміздің жартысын әкелген осы жылқы деген жануарлар»-дейді Әбжай. «Тылдан тамақ тасу, алдыңғы шепке тамақ апару, жаралыларды жеткізу, оқ тасу, ауыр қаруларды жылжыту, тағысын-тағылар. Техника деген жолмен ғана жүреді, ал  жылқы жарықтықтың жүрмейтін жолы, өтпейтін суы жоқ. Аттар да мыңдап қырылды ғой, жануар-лар. Ветеринарларға айтатын алғысымыз көп болатын. Қаншама аттарды  аман алып қалып, қайта майданға қосушы еді олар» .

           

Бала күнімде осы кішкентай шал қалай соғысқан деп, таңданатынмын. Бірде құлын-дарды ұстайсың деп бие саууға мені ала барды. Ат қораға алғашқы кіруім. Он шақты бие оқыранып, тыпыршып,тебініп тұр. Есіктің жанында мен тұрмын қорқып. Кенет Әбжай ата «Ей-й, тек тұрыңдар!» деп айғай салғанда шошып кеттім. Жылқылардың бәрі жым болды.

 

Кішкентай қариядан осынау зор дауыс шыққанына таң қалдым!

 

...Ия,қайран Әбжай...Ішіңдегі ғаламат күш пен қайсарлықтың арқасында ғана соғысқа кіре алғаныңды сонда түсіндім... Ауыр ұрыстардың ішінде қан жұтып жүріп қан-шама жараланған солдаттарды құтқардың. Оққа ұшып көздері жасаураған жануарларыңның жанында жүрегің талай қан жылады-ау. Жылқы баласын өте жақсы көріп өткен адам едің, аташым...

           

Соғыстың ақырғы айларында неміс фашистері ерекше қарсыласып бақты. 1945 жылдың 15 сәуірінде атышулы 71 гвардиялық атқыштар дивизиясы Ленинград майданына бет бұрады. Жауды қуып отырып Балтық жағалауына шығып Ұлы Жеңісті сол жерде қарсы алады. Бірақ Әбжай атаның әскери міндеті әлі біткен жоқ еді. Балтық елдерінің шекаралары-ның жағдайымен әлі бір жыл жүреді. 9 мамырдан бері ай өтпестен шілденің 30-ында қан майданды есіне салғандай, иесін тауып «Ерлігі үшін» медалі Балқыбек Шаймерденовтың кеудесіне ілінеді.

 

Жеңістен кейінгі 1946 жылдың мамыр айында полктің штаб бастығының бұйры-ғымен демобилизацияланып елге оралды. Өзінің туған Қызылтауына жетіп, зейнеткерлік жасқа жеткенше жұмыстан қалмай, совхозда еңбек етті. Күші кеткенше жылқы ұстады.

 

Бие байлады. Дастарханынан қымыз арылмаушы еді. 1986 жылы 90 жасында дүние салды.

 

...Қымызыңның балдай дәмін әлі күнге дейін тілімнің ұшынан сезінем де, жұтынамын. Сені кейде Чапай дейтінбіз. Мұртыңды ширатып қоюшы ең. Өзіңе өте жарасатын. Әкеме телефон соғып, «Каникулда Шашкентайды жібер»- дейтұғын  дауысың дәл бала кездегідей құлағымның ішінде тұр. Ешқашан ұмытқан емеспін сені, Әбжай ата! Сұм да лағнет соғыс қанша алқымыңнан алып, қысталаңына салып, шатқалына лақтырса да мойымаған, қасырет пен нәубеттен бүкіреймеген өр кеудең, жарқын жүзің жүрегімнің тереңінен орын алған. Сенің ерлігің мәңгілік! Ер есімі- ел есінде қалады деп сенемін.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу