Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Көлегейлі күн

БЛОГТАР

18 наурыз 2022
950
0

Көлегейлі күн

«Өз өмірім әкем өміріне ұқсап кеті», - 85 жастағы ананың жабырқау тарта қалған сабырлы да бәденді жүзінен «көрмегенім жоқ, сезгенім де аз емес» деген ойдың ұшығын аңғару қиын емес еді.

 

Есіктен кіріп есендескенде қарсыдағы бір ғасырдың көзі кейуананың тіп-тік еңселі бойына, оқтаудай аппақ балтырларына таңдана әрі қызыға көз салғанмын. Енді жатыңқы да жүйелі сөз саптауына, әр қимылына зер сала отырып, адам бойына бесіктен біткен тектіліктің өмір жолының неше бір соқпағына соғылып, соқтықса да өз қалпынан өзгермейтініне тәнті боп, Сағида Тайырқызының әр сөзіне ден қойдым.

 

 

* * *

 

 

Әкем Тайыр Жомартбаев 1884 жылы Семей облысының Шыңғыстау (қазіргі Абай ауданы) Мұқыр ауылында дүниеге келген. Тобықты ішінде - Көкше руынан. Мұқыр ауылы бір кездерде «Бірлік» болса, қазір «Шәкәрім»деп аталады.

 

Жомартбай көп балалы кедей шаруа екен. Әжем ертерек қайтыс болғанда жеті ұл, екі қызбен қалыпты. Ол ұлдарының ішіндегі еті тірі Тайырды әуелі Көкбай медресесінде хат танытып, одан әрі оқыту ниетімен Семейге апарады. Бірден оқытуға қаражат қысқан, Тайырды Жақия Зұлқарнаев деген байдың жұмысын істетуге орналастырады.

 

Пысық Тайыр өзіне міндетті жұмысты да істеп, бай баласымен мектепке ілесіп барып жүріп білім де түйген. Сауаттанған ол 20 жасында ауылына қайтып келіп, ескі қоныс «Баян қорықта» мектеп ашып, бала оқытып, жағдайын түзеп алған соң, қайыра оқуға аттануды ойластырады.

 

Ал алыс сапарға бел буған жасқа ел ішіндегі дәулетті ағайындары, Жақия Зұлқарнаев бай қаражат жинап берген екен, ел-жұрттың қолдауына қанаттанған Тайыр Уфаға жетіп, «Ғалия» медресесіне түседі. «Ғалия» медресесі - логика, шығыс тану, география, таих, философия, математика, орыс тілі мен әдебиетінен жоғары дәрежелі білім беріп, мұғалімдер даярлайтын оқу орны. Мұны бітіргендер орысша, татарша, арабша, парсы тілдерін үйреніп, сөйлей алтын, құранды еркін оқып, аудара алатын болған. Сол шамада онда Бейімбет Майлин де оқыпты. Ынталы қазақ жастары өздері қаражат жиып «Әліппе оқу, төте оқу» қазақша оқулығын бастырып шығарады.

 

Әкем медресені 1911 жылы бітіріп, өзімен бірге оқыған татар қызы Адғия Фахрлислашқызы Ормановаға үйленіп, Семейге келеді де, «Жаңа Семейде» ашылған мұсылман мектебіне орналасып, Тайыр - ер балаларға, Адғия - қыз балаларға төте оқу әдісімен сабақ береді.

 

Жастар тәрбиелуде жаңашыл, прогресшіл Тайыр Семейдегі 12 мешіттің имам-хазреттеріне ұнай қоймай, ақыры түрткге түсіп, соққыға жығылып, жұмысын тастауына тура келеді.

 

Тайыр Жомартбаев Ғ.Тоқай, С.Көбеев, С.Торайғыров сияқты жастарды тәрбиелеуде ескілікке қарсы тұрады. Оның «Қыз көрелік», «Балаларға жеміс» атты еңбектері соның жемісі. Кітаптры 1912 жылы Семейдегі «Ярдам» («Жәрдем») баспасынан жарық көрген. Арманы жастарды білімге ынталандыру болған Тайыр «Балаларға өнеге» деген өлеңінде:

 

Тырысайық, балалар,

Тырысқанға Алла жар.

Ғаламға раушан гүл шығып,

Уақыт туды кетер қар.

Жақсылардан ғибрат ал!

Артылып бақ жылма-жыл.

Шаш ғылымнан сен егін

Алсын надан бос тегін, - дейді.

 

Тайыр Абайды сүйіп, оның шығармалрын насихаттауда «Абайшыл» атанып, қуғынға ұшырағандардың бірі. Ол өзінің «Сегіз аяқ» үлгісімен жазылған «Замандастара қарап» деген өлеңінде былай дейді.

 

Кешегі Абай

Білгендер талай

Қайтсе де елге жақпады.

Кезерген ерін

Сыпырған терін

Еңбегін кім ақтады?..

 

Тайыр Жомартбаевтың ұйымдастыруымен 1914 жылы Абайдың қайтыс болуының 10 жылдығы атап өтіледі. Кештің биік рухта өтуіне Нұрғали Құлжанов пен Нәзипа Құлжанова, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтпаев және Абайдың шәкірттері - Шәкәрім, Тұрағұл, Мұқа Әділханов атсалысады.

 

Әкемнің ағартушылық жұмысы, «Айқап» журналының белсенді мүшелерінің бірі болғаны жергілікті басшылыққа ұнамай, оны 1915 жылы Семейден Өскемен, Зайсан қалаларына жер аударады. Зайсанда көп жыл мектеп директоры боп еңбек етеді. Мамандығы математика, бірақ ол шәкірттері есепке тез қалыптасу үшін «Бөлшек сандардың ережелерін» өлеңмен жазып жаттықтырады екен.

 

Ұстаздық жолда Ы.Алтынсаринды үлгі тұтқан. Балаларға білім берудің барлық әдісін қолданып, талмай ізденіп, мектепті білім алудың қызғылықты ордасына айналдыра білген. Сол мектептің 50 жылдық мерейтойында одан оқыған шәкірттері талай қызық естеліктер айтқан еді.

 

Ол 1927 жылы қайтадан Семейге көшіп келіп, ағартушылық жұмысын одан әрі жандандыра түседі. Өз балаларын оқытуда да табандылық танытады. Тұңғыш ұлы Масғұд Москваның М.И. Калинин атындағы түсті және алтын металдар институтын үздік, қызыл дипломмен бітіреді. Қазақстан Ғылым академиясының ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты, таукен ісі жөннен көптеген ғылыми еңбектер жазған.

 

Өзбек Свердлов қаласының индустриалық институтын бітіріп, жоғары оқу орындарында көп жыл ұстаздық етті. Марак КазГУ-дің физика-математика факультетін бітіріп, Ғылым академиясының ғылыми қызметкері, физика-математика ғылымдарының кандидаты, көптеген ғылыми еңбектердің авторы. «Республикаға еңбегі сіңген мұғалім» атанды. Жалпы біздің әулетімізге физика мен математика ғылымдарының саласы жазылды. Әкемнің бауырларының балалалары да сол саладан білім алып, көбісі ғалым атанды.

 

Ал өзіме келер болсам, мектептен соң Москваға барып, 3 жылдық медициналық техникумды бітіріп кеп, еңбекке араластым. Бірақ бұл білімді азсынғанмын, КазПИ-ге түсіп, география факультетін бітірдім. Институтта оқыған кез, өмрімнің ең бақытты кезеңі.

 

Әкем домбыраны жақсы тартатын, анам екеуі қосылып ән салушы еді. Балаларының да музыкадан сауатты болуын қадағалап, арнайы мұғалім жалдап оқытқан. Қайсымыз болсақ та музыка аспаптарында тәуір ойнайтынбыз. КазПИ-де музыка үйірмесіне қатыстым. Үйірмені өзі КазПИдің студенті Бақытжан Байқадаов басқаратын. Ол екеумізге 1936 жылғы Москвада өтетін Қазақстан өнерінің онкүндігіне қатысу қуанышы тиді.

 

Құрманғазы оркестрінің құрамына кірдік. Мен скрипкада ойнайтынмын. Онкүндікті ұйымдастырып, қазақ өнерінің мерейін арттырған нарком Т.Жүргенов пен оркестрдің дирижері, композитор А.Жұбанов скрипкадан қобызға ауысуды өтінді. Ақаң талапшыл адам екен, «жарайды» десем де, аз уақытта үйрене алмасам қалай болар екен деп жүрексіндім. Әйтеуір абырой болғанда «Сарыарқа», «Адай», «Серперді» қобызға салуды меңгеріп, өзімді де, өзгелерді де қуанттым.

 

Москва күндеріндегі көңіл толқынын айтып жеткізу мүмкін емес. Үлкен театрға жиналған жұрттан ине шаншар жер жоқ. Басы Сталиннің өзі боп түрегеліп, қол соққанын қайтерсің. Сонда өзгелердей біздің де мәдениетіміз барын танытқанымызға шын насаттандық ғой. Бірақ...

 

Бір жыл өтер-өтпестен тасыған көңіл су сепкендей басылды. Ел ішін үрей жайлады. Кешегі марапат, кешегі қошеметтің аяқ астынан сырғып кеткеніне сене алмай далмыз. Шынымен басқаша болғаны ма?.. Сонда даңқтың да тартқызар азабы болғаны ма?.. Қиналдық...

 

Әкем 1937 жылдың 37-қыркүйегінде ұсталды. «Халық жауының» соңында қалғандардың күні көлегейлене бастады. «Қайда барсаң Қорқыттың көрінің» кебін кидік. Институтты бітіріп, елге барғам... Онда әуелі ыңғайын тауып жұмысқа орналассам, көп ұзамай кім екенім белгілі боп, қош айтысам.

 

Семейде Ленинградтан лингвистика институтын бітіріп келген Қабдісаттр Нұрсейітовке тұрмысқа шығып едім, оны әкесі екеуін бір күнде 1937 жылы ұстап әкетті. Енем, Еміл атты нәрестем бар, үшеумізді пәтерден қуып, панасыз қалдық. Сәби сол панасыздық пен дәрменсіздіктің құрбаны болды.

 

Сөйтіп, әкеден де, жардан да, жұмыстан да жұрдай болдым. Бауырларым да күнкөріс көзін таба алмай әбден азып, тоздық. Бес жылдан соң, қайғыдан қан ішіп жүргенде Қамидолла Әкішевке кездесіп бас қостық. Елдегі жанашыр жандардың бірі: «Семейден шеткері кетіп, өлместің жайын ойлаңдар», - деп ақыл қосты. Жарым екеуміз Ақсуатқа кеттік. Мен онда мектепте оқу ісін жүргізіп, Қаман физика мен математикадан сабақ берді.

 

Ақсуат - тым шалғай аудан. Тірлікте береке болмай жұтап, 1945 жылы Алматыға келдік.

 

Мұнда да үй жоқ, күй жоқ, қай жетісерміз. Ес жиюға әкемнің ағаларының балалары (немере бауырларым) көмектесті.

 

Ел қатарлы еңбек етіп, үш ұл тәрбиелеп өсірдік. Үлкені Аман техника ғылымдарының кандидаты болды. Қаман Министрлер Кеңесінде көп жыл абыройлы еңбек етіп, дүниеден озды. Өзім ағарту саласында, соңғы 20 жылда Ғылым академиясында істедім.

 

1937 жылдың 2 желтоқсанында атылған әкем 1957 жылы ақталды. Ал менің Ғылым академиясында еңбек етуім өз жемісін берді. Ғалымдармен араласып жүріп, көкейді тескен әке еңбектерін іздестіруге мүмкіндік туды.

 

Алғашқы рет қолға алғанда нәтиже шықпаған. Ақыры Тайыр Жомартбавтың екі кітабы - «Қыз көрелік», «Балаларға жеміс» Москваның Салтыков-Щедрин атындағы кітапханадан шықты. Көптеген өлеңдері және кезінде ел сахнасында қойылған пьесалары табылмады. Тек Тайыр Жомартбаевтың 100 жыдық мерейтойы атап өтілуіне байланысты елге барғанда, 47 жылды араға салып, оның түрмеде отырып жазған соңғы өлеңімен қауыштық. Өлең «Туған жерді сағыну» деп аталады екен, мынадай жолдар бар.

 

Хан Шыңғыс керегедей қанат жайған,

Тас бастау, аққан бұлақ әрбір сайдан.

Гүрілдеп тасқын өзен таңырқатып,

Дауысы естіледі әлдеқайдан.

 

Осы бір ғажайып табиғаттың 40 жыл бойы қорлық пен зорлыққа ұшырағаны неткен аянышты! Әбден тоқпақтап, тозаңын шығарған. Халқымыздың арыстарының басын жұтқан қызыл империя Абай туған өлкені мүлдем түкке алғысыз етіп тастауды, адамдарын аздырып жіберуді әдейі алдына мақсат етіп қойғандай.

 

Мерейтойда әкем шәкіртерінің оның бір кезде пайдаланған жазу үстелі мен кітап жинаған шкафын әкеліп облыстық мұражайға тарту еткеніне таң қалып, толқып кеттім.

 

Мүжілмеген, ұқыпты сақталған дүние. Не деген құрмет, не деген махаббат! Кеуденің терең қалтарысында бұғып, бізін сұғатын оңбаған залым зорлық Ж е р д і тоздырса да, адам жүрегінің қойнауына кіре алмағаны-ау шамасы! Не деген құдіреттілік! Сондай сәтті көргеніме бақыттымын!

 

 

* * *

 

 

Сағида Тайырқызымен намыздыгер шамасында қоштастым. Алматы уақытымен сағат 18-ден 03 минут өткенде күн тұтылды. Тамыз XX ғасырдың соңғы айларының бірі. Күн көзі тұтылатын шаманы әркім әртүрлі айтып жүрді. Тіпті, «ақыр заман» болатынына күмәнданбайтындарды да кездестірдік. Көлегейлену бір сағаттай уақытқа созылды. Ылайым күңгірттік те, көлегейлену де ұзаққа созыла көрмесін! Ию-қиюмен, азаппен басталған Ғасыр өз жамандығын артқа тастап, жаңа Ғ а с ы р оң аяқпен қадам бассын!


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha