Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Қызыл көйлек

БЛОГТАР

26 қараша 2021
278
0

Қызыл көйлек

Анам әжемнің «Бала жеңіне қарап өседі» дәстүрін дәріптеп, менің ит көйлегімнен бастап, бала кезде иығыма ілгені жеңін қызылмен ұштаған. Сондықтан, бал дәурен базарында ойынға тоймай ойнақтауда өрттей жиек көз қиыққа қылмаңдап, қызыққа қарай қуатындай көрінетін. Бұны алғаш ес кіре бастап-ақ сезіндім.

Кім білсін содан ба, әйтеуір айналадан ерекше қылт еткенді қалт жібермей байқаймын. Әрине бұл әдеттің әр нәрсенің жақсы жағын тап басуға пайдасы тиді, бірақ кейде жоқты іздеп әлекке түсіретін кезі де аз емес-тін.

Су бойында өстім. Содан шығар мен үшін ең саялы жер - жаға, ең әдемі нәрсе – тас. Жар жағалап бестас түрлеуден еш жалыққан емеспін. Тіпті, кейде оларды жинай-жинай қос жанқалта тізеге созылып, үйге әрең қимылдап, зорға жеткенім бар.

Ондайда апам: «Үйбай, мынаның бәрін қайтесің, малта ғып езіп ішесің бе?» - десе, оған: «Лақтырып жіберме, кейін әбдіреге салып қоям» - деп нығыздап, қалтаны қаға алдыма жайып, жай-жапасарды жайғастыра жөнелем.

- Ой, періштем! Дұрыс, дұрыс, нағыз сақтайтын зат екен... - риясыз сықылық көңіл көншітеді, қосыла күлеміз.

Шынында түрлі-түсті тастар тамаша! Оларды таңдап теруді әлі күнге дейін қойған емеспін. Өйткені, табиғаттан асқан зергер жоғын солар ғой ұқтырған. Иә, сұлулық сырын әжем, анам үйретсе, тастар табиғат таңғажайыбын таныстырды.

... Ал апам өзі тігіп, он үш жаста үстіме қызыл көйлек кигізгенде, қалай қутыңдағанымды қайтерсің. Лепірген кеудені қайда қоярға білмей, әуелі айна алдында ырғалып, содан соң айналып көрдім. Тағы айналдым. Бөлме іші еркін дөңгелеуге ыңғайсыз, кең жерге барып, желпілдеу дұрыс шығар.

Жүгіре шықсам, есік алдынан Қырмызы кезікті. Мардымсып, мүләйімси қалдым. Ол үстіме қылиланып, мүдіріп:

Не деген әйбәт! – Деп, күрсініп қойды.

Иә, не деген әйбәт мақтау еді, масаттанып шапқылай жөнелдім. Саябақ үйден біршама, солай қарай тура салып, дедектеп келем. Ешқайда алаңдауға мұрша жоқ. Бар ой кезіккен тоқтатпай, діттеген жерге тезірек жету.

Екпіндеп алаңқайға келгенде кілт кідіріп, жалтақтағам, алыстау жүрген бірлі-жарым болмаса, таяу маңда ешкім жоқ.

Нұрланып, ұшатын құстай қомданып, жүзді күнге төсеп, ақ сәулеге еркелеп, бір рақат күйге ендім.

Тып-тыныш, тылсым дүниеден әлдебір әуен әуеледі. Бұл жүрек сызылдырған сыбызғы сазы. Әуезден кірпік айқасып, дем тартып, лып етіп, қимыл қиыстырдым.

Жыланша иіріліп, шыр айналуға көштім. Шыр көбелек... Зырлаудан ештеме көрінбейді, тек қатты қимыл еспе өбіп, өбектейді.

Кенет ми шыңылдан екпін азайтып, тоқтауға тырыстым. Ұршықша үйірілген желбір жібек желп етіп, тына қалды. Сәл солық басып, көз ашсам алдымда ыржиып, парталас Серіжан тұр. Ұялғаннан бет дуылдап, тұра қаштым.

- Алау, тоқта! Тоқташы...

Сол көйлекті көбіне үстімнен тастамауға тырыстым. Оған қызықпаған қыз жоқ шығар. Ал, оны жуып іліп қойғанда, көршім сұқтанғанын талай байқадым.

... Мектеп бітіргенде барша ару – ақ арманды арқалаған аққу едік. Тек Қырмызы ғана қызыл киіп, қылмиып, қымсына қалған.

Керемет!.. Менікіндей тізеден келген келте емес, жайқалып, тоты қанатындай жер сызып, салтанат сәнін келтірді. Сол кеште оған бар бозбала қырындап, кеудеге қызғалдақ қадауға даяр-тын.

Бәрі емес. Серіжан мені биге шақырды. Құмардан шыққанша билеп, құшақ қауыстырдық.

Келер жылы отау құрдық. Дүниеге іңгәлаған сәбилер кеп, бар ниет ақ жаялыққа ауды. Қызықтайтыным солар. Бірақ нәрестелер аурушаң боп туып, қуаныштан гөрі тартқан азап артығырақ.

Ал керек болса... Кенже бақилық боп, ауруханадан келсем, отбасына тұрақтамайтын отағасы тағы жоқ. Балалардың айтуынша «іс сапармен кеткен». Қайда?.. Қашанға?.. Содан қайтып қара көрмедік. Көз сығып, күн көріс үшін тыным таппай тырбануға тура келді.

Жетім жеткізу жесірді жетістірсін бе? Қажу қайыстырып, ауырлық майыстырды. Иә, тіршілік бес тасын дұрыс түгендеп, келістіріп қаға алмау азабын әбден тарттым.

Көңіл хошы тым сирек. Артық жүріске зауықсыз болсам да, бой жазып, аяңдадым.

Бақта әрі-бері жүргендер де, екі-екіден сырласып, сыбырласқандар да баршылық. Жекелеу жолмен келе жатқанмын, қатарласқандар жұп жазбастан алға озды.

Кілт кідірдім. Үлде мен бүлдеге оранған, аяғын ырғала басқан кербез жанар жаулады. Сұңғақ бойлы, алма бетті. Әлденеге бұлданып, бұртиған. Онысы өзіне жарасымды. Серігі көңіл табуға әлек, өліп-өшіп, емініп барады.

Олар сәл ұзай берді. Кенет еркек таныс көрініп: «Ол кім?» - деп жіті көз сап, қолқа солқ етті.

Сол ғой... О, тоба, күйеуімді танымай алжасқан шығармын. Хабар-ошарсыз, зым-зия жоғалған Серіжан... Балаларынан безген баянсыз. Сансырап, бірдеме деуге ерін жыбырлап, дауыстауға тырыстым. Үн шықпады...

Қайрансыз қалтылдап, қасындағысына қайыра қарадым. Өн бойды өкініш өртеді. Алаулап, атойлаған жалындай жарқыраған мол етек қатпар-қатпар... Иә, дүние әзәзілсің алдарқатқан...

«Қазақ әдебиеті», №30. 2005.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha