Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Базардағы Базарлым

БЛОГТАР

15 қазан 2021
308
0

Базардағы Базарлым

Уһ! Зілдейін-ай! Әзер жеттім-ау! Базарлым тырсылдаған ала қаптарды жерге зырқ еткізіп тастай салды. Деміккен. Қарысып қалған саусақтары мен қолының қары үзіліп кетердей сыздап қоя берді. Езілген иықтарын қозғап еді, жотасы сырқырап, белі айналды.

Маңдайдан сүмектеген ащы терге қалтасынан беторамал алып басқанша тізе дірілдеп, теңселіп барады. Құлап қалмау үшін қасындағы орындыққа сылқ етіп, көз жұмды.

Айнала тына қалғандай. Өзі сияқты мықшыңдап ерсілі-қарсылы жүргендердің дабырын санаға жолатқысы келмейді. Шіркін!.. Тек осылай отыра берсе ғой.

Бұнысы не?.. Шаршағаны ма? Әттең, қалау мен әрекеттің аражігі мүлдем басқа-ау! Ырыққа қиын нар тіршілік бұйдасына қол бір іліксе, қалай тежеуді білмей, қашан шалынып жығылғанша сүметіле бересің, сүметіле бересің.

... Болдыру басылғандай. Қозғалғысы келмесе де, қайта тұрып жүк реттеуге кірісті. Өйтпесе бола ма? Былтыр осы шамада қаптың бірі қас-қағымда қолды боп, сан соқтырғанын қалай ұмытсын.

Онда да қазіргідей сүрлігіп, екі-үш жолаушының қасындағы бос орынға отыра кеткен. Пейілді жандар, ығысып жағдай жасады. Жүйкелеуде оң қабақ көру де қуаныш. Жолдары бірге екен, бірден шүйіркелесіп, біраз әңгіме-дүкен құрылды.

- Қатты шаршаған сыңайлысыз. Жүктер бірге, қайда кетер дейсіз. Алаң болмаңыз, көз саламыз, - деді қатарлас сөзуар әйел.

Бойын әзер билеуін дөп басқанын қарашы, жанашырлыққа жаны жай тауып, болжырай бастады.

... Мүлгіп, селк ете түсті. Серіктері жоқ. Жайбарақат жан-жағына қарады, көрінбейді. «Бой жазған шығар» деп бұйықты.

Кенет неге екені белгісіз көз ала қаптарды түгендеді.

О, керемет! Ең үлкен қап?!. Сенерін не сенбесін білмеді. Сонда өздерінікімен қосып ала кеткен бе?..

Жүрегі зу етіп, атып тұрып, жандәрмен қалған жүгін өңгеріп, әрі жүгірді, бері жүгірді. Зым-зия. Не істерін білмей абыржуда: «Көз саламыз», - сұққылына.күйінсе де, күлкісі келді. Иә, астардың әдібі бар. Қайдан білсін... Адамнан сескенбейтін көңіл сенді емес пе...

Құр алашапқыннан не өнеді. Сабасына түсті.

Бүгін сондағының кебін кигісі келмей, әзер қимылдап жүрсе де, әр нәрсесін ұқыптап, ісіне көңіл кемелденген соң, қайыра отыра беріп, қол сағатына қарады.

Әлі біраз. Уақыттың ерте екенін білсе де, теміржол жиегіне жеткенше асыққан. Енді қайтсін, құлындарының хал-ахуалын білуге жылына бір-ақ рет шамасы келеді. Соларға қарай алып-ұшқан ана көңіл тағат таптырар ма?!.

Жайғасқан тұс аяқ астынан қаға берісте. «Күйген ауыз үріп ішеді» демекші, оңашаны қалаған. Таза ауада дамылдаса ештемесі кетпес. Үркер көтерілгелі саршатамыз шығып, аптап түскен. Жанға жайлы майда, қоңыр жел. Сергіп сала берді. Бой жазбағалы қашан.

* * *

Базарлым... Еріксіз езу тартқызар, мұндай да сәйкестік болар ма? Әкесі қызының базар жағалайтынын білсе, бұл есімді ауызға алар ма, алмас па еді.

Ал өзі ержетіп атау мәніне ой жүгірткенде одан әке жанынан төгілген қуаныштың үзік үнін ұғып, «бар арман-тілегін бірауыз сөзге сыйдырып, жан нұрын соған құйып бере салған екен» деп ойлаған.

Әйел толқып кетті. Әкесі кейде «думанайым» деп те еркелететін. Несін айтарсың! Жегені алдында, жемегені артында, ата-ана әлпешіне жетер не бар.

Жоғары оқу орнын бітіріп, математика пәнінің маманы атанып, тұрмыс құрып, үш нәрестелі болғанда олардың еркелегенін көріп, қандай қуанған еді. Енді екеуі де о дүниелік, орын ойсыраған.

Әке-шешесін есіне алса сабынша бұзылып, кеуде тұс шымырлайды. Амал не. Өмір заңына келіссең де, келіспесең де қол қоясың.

Басқа пәле қайдан?.. Адам өз өмірінің жетекшісі рас болса, қызметін бар ынта-жігермен атқаратын. Дәл осылай аяқ астынан тығырыққа тірелерін кім ойлапты.

Енді ше... Кесікті жалақыны алып, сүйікті мамандықпен еңбек етіп, ел қатарлы жүріп жатқанда, ауыл шаруашылығы маманы жұбайы Қайрат жұмысынан қысқартуға түсіп, өзі жылдап жалақы алмайтындар қатарына қосылды.

Ал, мұндайда, бала-шағаны, кәрі ата-енені, қолы әлі аузына жетпеген қайын сіңлі-інілерді қалай асырап, қалай күн көрмек. Тепсе темір үзетін шақта қараптан-қарап өлуге бола ма?

Облыс орталығына таяу туған ауылына шаруамен барғанда көпшіліктің есік-терезе қағып, жұмыс іздеп кеткенін көріп шошынған. Сол жүргіншілік бастарына кеп, тықыр таянғанын ұққанда әрі-сәрі күйге түсті. Үш ұйықтаса ойға келмеген әрекетті бойға сіңіру оңайға түспес. Бірақ амал не. Ел көргенді көреді де.

Жұмысынан кеткен тек бұл емес. Бірге істейтіндердің көбісі бытырап, орынды зейнеткерлер басты. Әрине, тәжірибелі ұстаздар білім беруде жаман емес, бірақ шаршап-шалдыққанда «соқыр көргенінен жазбайды» емес пе. Ал мына күніне мың құбылған заманның баласын тәрбиелеуге жаңашыл, жігерлі жастардың ақылы мен әдісі керек-ақ.

Қайратты ертіп, жұрт көп ағылатын қалаға жетті. Кез келген ортадан ойып орын алып, ойлағанын іске асыра қоярдай қаражат шамалы. Ақыл қосарын ойлап, осындағы немере сіңлісіне келді.

Туысын көргенде қуанбайтын жан кемде-кем шығар. Меруерт те, күйеуі бала да шұрқырасып қарсы алды.

Орныққан соң аңғарғандары – мұнда да хал-ахуал мәз емес. Туыстары уақытылы қолға тимейтін мардымсыз айлық пен пәтерақы, күнделікті көлікақы, балабақша жүйкелетсе де жүйткіп жүріп жатқандарын айтып, әйтеуір жұмыссыздар сабына ілікпегендеріне (жұмыссыз қалып қаңғыбасқа айналғандар, отбасын асырай алмай өзіне қол жұмсағандар қаншама) шүкіршілік етеді екен.

Әсіресе олардың: «Ештеме етпейді. Бір амалын табармызы» жоқты тауып ұстатқандай демеді.

Ертеңіне зыр жүгіріп пәтер жалдап берген, келесі күні таныстары арқылы біреудің дүкеншесіне сатушы етіп орналастырды.

Сәттілікке қалай қуанбассың. Қайрат екеуі «жерден жеті қоян тапқандай» мәз.

Дүкенше бас көшеден алшақтау, бұрылыста. Шағын болса да, іші толы ішімдік, ішіп-жем. Отау тіккендей әсерлі. Тіпті, біраз жылғы балалардың айқай-шуынан, өз бетінше қалу рақат па қалай.

Ептеп бейтаныс іс ырғағы басталды. Әрлі-берлі өткендердің сұрағанын беріп, төлемін алады. Бұрын ертеден қара кешке дейін ақша ұстап көрмегендіктен бе, әйтеуір бар ынта соның үстінде болса да, оған деген қызығушылық шамалы.

Алғашқыда Базарлым бір бала кеп сағыз алғанда ұсынғанын аларын, не алмасын білмей сасып қалған. Өйткені, балаға ұстатқаннан қай қазақ құн сұраған, сонда өз әрекеті жексұрын көрініп, қылмыс жасағандай қысылып еді.

«Үш күннен соң көрге де үйренесің» демеді ме, ептеп ет өлді. Ай өтіп, енді сатылған заттардың ақшасын дүкен қожасына өткізіп, бітірген шаруаға есеп береді. Тауарларды сұрыптау керек.

Түн ортасы ауа есік қағылды. «Кім?» «Мен ғой». Еркек есік ашты. Қарсы алдында еңгезердей үш жігіт. «Жақ жазба! Қолдағыны түгел әкел!» Гүжілдеген дауыс. Не десін. Барын ұстатқан, тайып тұрды.

Қапаланда таң да ұзап кеткендей, күн шыққанша дегбір қалмады. Жоқты мың рет жоқтасаң да табылмас. Сал суға кеткен. Қайрат көп тостырмай келе қалған қожасына болған жайды күмілжіп зорға жеткізді.

Ол шапшып: «Ештеме білмеймін, бір ай мерзімде ақшаны әкеп алақанға саласың, әйтпесе іс насырға шабады», - деп бір-ақ кесті.

Амал не. Тағы да еңіреп сіңлісіне келді. Ол үндемей тыңдап: «Болары болды. Бір амалы табыларын» қайталады. Көсегең көгергір. Дос-жаранды түгендеп:

- Қарыз қайтарасыңдар және күнделікті күнкөріске тиын-тебен керек, - деп шамалы ақша беріп, - осыған темекі, пісте сатып алыңдар. Қалай да тырысу керек. Әйтпесе өлдіңдер! - Деді.

«Өлдіңдер!» өңменнен өтті. Шыны сол. Егер бұдан айырылса, қайыр сұраудан басқа амал қалмас. Отбасын асырамақ түгілі, өз бастары қайғы.

О, Сұмдық-ай! Осылай боларын кім ойлапты. «Қалауын тауып қар жақпақ» құлшыныстың құмға айналғаны ма? Өмірден орын таппақ аяулы арман қайда?.. Кінәлі кім?..

Күйініп, күйзелген. Кімге наза айтпақ?.. Кім болса да иесін тапсын... Тарихи кезеңге тап болған қорғансыз бейшаралар осылай аштан өлген екен де... Бүгін бұлар да соларға қосылуға шақ.

Иін тірескен базардағылар қатарына баруға қол қысқа. Оған күнделікті орынды өтеп, өзіңе ілкімдеу үшін көп тауармен сауда жасау қажет. Ал ондай тауар сатып алуға қаржы жоқ.

Бұлар кешкісін қала жұртшылығы жұмыстан қайтқан мезгілді аңдып, аялдамаға таяу базар жанын бағады. Мұнда жалғыз емес, өздеріндей жеткілікті.

... Үш ұлы шетелдік көлік мінгенімен күнделікті тамақ айыру үшін қаймақ, ірімшік сататын 70-дегі әже, елдегі жабылған зауыт жұмыскерлері – ашкөк сатқан қылшылдаған 40-қа дейінгі еркектер (тез өтпей жігер құм боп, алтын уақытты сандалып жоғалтқанға қынжылғандар), қолдан жасалған «ащы суды» тығып саудалаушылар, сырттан келгендер көбейгенін ұнатпай мүйіздеп, жанжал шығарғыш қалалық көккөз зейнеткерлер (тіпті жол бермейді), ішіп-жем, көкөніс сатушы боп ұзарған қара, қойшы несін айтарсың – бір ру ел.

Әйтеуір, «тамшыдан теңіз» дегендей там-тұмдап қарыз өтеп, ес жиды.

Бір күні Қайрат: «Базар, осы біз де арақ жасап сатсақ қайтеді, өтімі жақсы», - деді.

Ойланып, қастарындағы жең астынан саудалайтындарды көз алдына келтірді. Кешке арақ сатқанға да, сатпағанға да қырғидай тиіп, бүйідей дүрліктіретін тәртіп сақшылары біліп қойса, әйел, еркегіне қарамай жағадан алып сүйретіп, заттарды төгіп-шашып, қалағанын жиып әкетеді.

Ал біраз тыныштық орнау үшін іштегі кіші әкім (базарком) өздеріне де, оларға арнап жылу жинайды. Мұндайда дұрысы беріп құтылу. Әйтпесе, ит қиқулатқанның несі жақсы. Ерігу емес, тамақ асырай алмай жүріп, тіресу неңді алған.

«Ащы суды» сатуға шығып, бірден ұсталған әйелдің милиция тепкісінде: «Бес баланы қалай асырмақпын?!» - деп сарнағаны төбе шаш тұрғызып, жүрегі май ішкендей кілкігенде өзін адам санатынан аулақ күресінде қалғандай көріп, кім көрген ұрып-соғатын панасыз әлдекімдей сезінген еді. Енді күйеуі: «Біз де байқап көрсек қайтеді», - дейді.

Әрине сөзінің жаны бар. Одан өтімді тауарды көрмепті. Ойпырым-ай, жұрт содан басқа тамақ ішуді қойған ба?.. Бақса, бір адам жатарға дейін тек сол үшін әлденеше рет келеді. Тіпті, түн ортасында да сүйретіліп жететіндер баршылық. Сонда оны дәрі орнына ішіп ұйықтайтын болғаны ма?..

Әуелі жасырын арақ таратушылардың бірінен көтеріп ап сатқан, қол жүріп, көңіл көпсіді. Жарылқаушы – айналайын елгезек жігіт – қаншасын сұрасаң да екі етпейді, спирттің тазасынан жасап, бой үйреткен, мекенін айтып, сенімге кірді. Тек бір жаманы – беті үнемі көкала боп, жараланып жүреді. Ол біраз көрінбей кеткен соң, іздеп барды.

Аула тып-тыныш. Үй қоритын ит, дыбыр еткен жан жоқ. Қайрат «кім бар?» деп дыбыстады. Белгі болмады. Екеуі ақырын үйге енді. Қарсыдағы ішкі есікті көлденең керіп, қалғып-шұлғыған жігіт удай мас. Ар жағында самсаған бөтелкелер. Өзі сияқты біреу сұлап жатыр. Ал мынау «үп» десең қалпақтай ұшқалы отырса да, өнімге қарауыл.

Құрысын! Қайтіп көз көрмесін. Үн-түнсіз бір-біріне қарап, шығып кетті. Суық қол болса, керегін көтеріп кете бермек...

Енді ары ойлап, бері ойлап өздері жасамақ боп, әдісін сұрастырып, ыңғайын келтірді. Бұл тиімдірек... не керек... қуаныш көпке бармады.

Өткендегінің кебін өздері киді. Күйеу бой беруден қалған. Ішу өтсе еліріп, жасағаны быт-шыт. Шыны үгіндісі шашудай шашылып, судай аққан арақтың күлімсісі қолқа қабады.

Қарма-қарсыдағы әйелдің кебін киер түрі бар. Ол байғұстың азып-тозып жасайтын шаруасын ішкіш байы кеп шашып, сындырып, балағаттап кететін. Бүйтіп тапқан табысы құрысын, көрмегені спирт болсын!

Ығы кеткеннің қырын шығару оңай ма. «Не істесемге» бас қатырып, жеміс-жидек сатуға кірісті. Ауыр, діттеген орынға әкелгенше біраз ақша желге ұшады. Сонда да қол қуысырмау көңілге демеу.

Адал еңбекпен тапқаның жетістік-жеңіс емес пе, бірақ ішімдікке салынған күйеу береке алды. Сөйтіп, иттартыспен жүргенде былғалақтап көшеден өте берген оны машина қағып, масқара болды.

Маңдайға жазғанға не шара. Еңіреп, жиған-тергенімен елге апарып қойып, қайыра оралды. Шешінген судан тайынса тайынар, ал бұл өйте алар ма?.. Үйдегілерді кім асырамақ?..

Жалғыз. Неге әлі келеді. Тағы сол бұрыш-бұрышта пісте, самаса сатып ілдебайлауға кірісті. Бірде сіңлісі: «Хан базардағы контейнердің біріне сатушы керек екен», - деп ертіп барған, алғашқы дүкеншеден ауыз күйіп қорқақтаса да, тартыншақтамай бел байлады. Не болса да, басқа түскенін көрер.

Бақытына қожа дұрыс боп кездесіп, іс оңға бұрылды. Қасында ұры-қарыдан қорғаушы бар. Пайда жаман емес, тек қысқы суыққа, жазғы тыныс тарылтып, өкпе қысқан ыстыққа шыдаса болды. Ыстықта аңқыған заттың иісі мен шаң тұншықтырып жіберердей.

Қойшы, қай қиындықты түгісерсің. Табаннан өткен ыз, жақ қарыған қырау, бастан, жотадан өткен суық жеті атасына жетсе де шыдады емес пе.

Бір қызығы, кейде әйелдер ұзақ сонар қыста үнемі жабу арқалаған ебіл-дебіл күйден жалығып, тапқанына алған жаңасын киіп, өздерінше тыртия қалса, ұзаққа бармай мұрттай түседі.

Ауырлықтан қажығандар тапқан айла, көбіне бөтелке бөліп ішіп, көңіл көтеру. Көңіл көктесе болды, бар қиындық ұмытылып, тау көтерердей жалданып шыға келеді. Ол қуаттың қаншаға жетірін кім білсін...

* * *

Қас қағым сәтте бәрі көз алдынан тізіліп өтті. Тамағына тас тығылғандай, жүрек дүрсілдеді. Мұнысы несі, жүйке жұқарғаны ма?!.

Қой шаршауға болмас. Егер бұл тайғақтаса, топ отбасын есіркеп, ескеруші қайдан табылар. Бір өзі бәленбай айлық алатын жоғарыдағы төмендегінің хал-күйін қалай ұғар? Ұққысы келсе де ұға алмас. «Бір күнгі тоқтық, үш күнгі аштықты ұмытырарын» қайран көріпкел бабалар айтып кетті емес пе. Оларға «теке мүйізі көрінсе» бәрі түгел.

Базарлым дәл жанындағы газет-журнал үйшігін енді аңғарды. Мұндайды көрмейтін болғалы қашан. Тіпті, қазір өзінің жоғары оқу орнын бітіргеніне шүбәланады. Күнделікті жаңалықтан хабарсыз. Әйтеуір, ұзынқұлақтан анда-санда «дейді» жетеді. Газет сатып алғысы кеп көтерілді де, қайыра отырды. Дым білгісі келмеді...

Тең сүйреткендер тоқтай қалған пойыздың есігіне таталсып, жығылып, сүрініп жатыр. Базарлым да артын ала кезек күтті.

Иә, Алла, жар бола гөр! Өзіңнен басқа пана жоқ!..

«Қазақ әдебиеті», 30 маусым, жұма, 2000 жыл.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha