Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

БЛОГТАР

15 қазан 2021
354
0

О Қ Т А У

Ля-ля-ля... ля-ля-ля...

Кәмшәттің аузы «ля-дан», қолы ас әзірлеуден тынар емес. Сәкен төрдегі үстел жанында кітап парақтаған, оған сәл жымиып қарап, орнынан тұрып, қаусыра құшақтай алды.

- Осындай да ән бола ма екен.

- Ха-ха-ха!

Өз қылығын енді аңдаған келіншек:

- Іштегі бары осы болса қайтейін.Бұл тек маған ғана тән туынды, - деп назданып, ақ тамақты ерінге тосты.

- Иә, сенікі және менікі.

Мәз. Құшақтар айқасқан. Сәкеннің көзі шарадай жанып, гүлге құмартқан арадай құшырланды. Сықылықтаған Кәмшат кенет бұлқынып:

- Тұра тұршы, кішкене ерік берсең шаужайлай кетеді, -деп күлмеңдеп сытылып кетті.

- Шаужайлаған жоқпын, шылауыңа ілінейін деп... Өзің қалай құлпырып кеткенсің. - Райдан қайтар еркек емес, мекіреніп қайыра төнді.

- Болды, болды... - Әйел ақырын кеудеге итергенсіп: - Түу, жүрегім қысылып кетті, - үсті-басын, бодыраған шашын дұрыстап, жүгіріп келгендей ентікті.

- Ым-м-м...

- Ымды қой. Қазір сабаққа барасың тамақтанайық.

Дастарқан жайылды.

Отағасы қарсыға отырып, аяғы ауыр Кәмшатқа мейірленіп:

- Не деген дәмді, - деп асты сүйсініп жеп, сағатына қарады, - Ойбай, уақыт боп қалыпты.

- Ертең бұдан да тәттірек дайындаймын. Үй болған соң нан жайылады. Бүгін орталық дүкенге барып қолайлысын сатып әкелмесем, тұрықсыз оқтаудан қорлық көрдім.

- Жөн. Кейінгі кезде ешқайда шықпайсың, зеріккен боларсың, бой жаз. Ал, мен кеттім.

Сәкен асығып, оны-мұнысын алып, маңдайдан бір иіскеп жөніне жөнелді.

Кәмшат шаруасын жайғастырып, денесіне қытыңқылау бола бастаған киімдері арасынан ыңғайлысын киіп, таяу аялдамаға келді.

Мұнда адам аз екен. Көбісі кәрі-құртаң. Жанындағы жасамыстау әйел:

- Жастардікі дұрыс емес. Жиылған деген не? Ойлары не?.. - деді, үнінде өктемдік. Шақырайған көз өңменнен өтердей.

Кәмшаттың бірінші басшы ауысуына жастар наразы дегенді құлағы шалса да, әлі радио-хабардан ештеме айтылмаған. Сәкеннен сұрағанда пәлендей маңыз бере қоймаған соң, есінен шығарып жіберген-тін. Ал қазір әлдебір салмақты жай құлаққағыс етілгендей.

- Қайдығы жастар?

- А, білмейтін бе едің, кешеден бері қазақ жастары үкіметке қарсы үн көтеріп жатыр.

- Әшейін болар, - селкеу сөйледі.

- Өткен тарихтан хабарың бар болса, алаңға босқа шығушы ма еді?!

Келіншек үндей алмай қалған, жүрегі әлденеден секем алғандай: «Сәкен неғып айтпады? Ол сабаққа неге бүгін түс ауа кетті. Жасырған...» - деп қобалжып, кейін қайтуға оқталды да, «Қойшы, не болса содан шошып», - деп ақырын айналасына қарады.

Әркім өз бетімен. Көзге солай болса да, кімнің ішіне кіріп шыққандайсың, сонда да оғаш қылық аңғарылмады. Үріккен көңіл сабасына түсті.

Бүгін біраз дүкен аралап, қалтада оны-мұны бар да жеңілденер күнге керек нәрселер қарастырмақ.

Аяғы ауыр етекті ырымшыл келеді. Орта жолдан бұрылғысы келмей, алдына кеп тоқтаған автобусқа «біссіміллә» деп көтерілді.

... Керегін түгендеп орталық дүкеннен сыртқа шыққанда қасқарайып қалыпты. Қысқа салым мезет қалай жылжып кеткенін аңдатпайды. Әне-мінемен қараңғыға ілікен. Мұндай сәтте қалалық көлікте адам тығыз, жылдамдатып аялдамаға бет алды. Көшеде ығы-жығы жастар. Бір-екеуін тоқтатып:

- Лек-лек боп, қайда барасыңдар? - Деп сұрады.

- Шеруге.

- А?!. Түнде қайдағы шеру?

- Республика алаңына.

Қалайша?.. Бағанағы сөздің жаны болғаны ма?.. Неге екені белгісіз түршігіп, қолындағы сорайған оқтауға қарады.

Қазір қатшылық. Іздегенді табу қиын, жаңа кездесе қалғанда кәдімгідей қуанса, енді оны қайда жасырарын білмей, өзін тура сойыл алып шыққандай сезініп, маңайына қымсынып қарады.

Ерегіскенде автобус көрінер емес. Оны тосудан жалығып, жаяулағандардың соңынан ілбіді. Ойы көліктер көп тоқтайтын келесі аялдамаға жетіп, тезірек ілігу. Кенет дүрлігіп, тым-тырақай қашқандарды көргенде «Астапыралла! Не боп барады?..» - деп шошынып жылдамдата басқан, бір бұрылыстан қызыл жағалы бірнеше тәртіп сақшысы кес-кестеп, бірі жүгіріп кеп:

- А, ұрысқа шықтың ба?! - Деп қолына жармаса кетті.

Сасқаннан тіл байланды. «Таяқ емес, нан жаятын...» - дегісі келсе де, үні шығар емес, саусақ ербеңдеп ауа қармады.

Ананың да бірнәрсе ұққысы жоқ, оқтау сарт етіп, тепкіге түсті.

Ес жиғанда дабыр-дұбырдан бой тіктеуге тырысқан, әэер қимылдап, әрең тұрды. Жан-жағына қарады. Тасыр-тұсыр. Кімнің қайда, неге асықанын бағамдай алар емес. Әр тұста ошарланғандар..

Көзі – дүкеннен нәрестеге алған киімдерде. Шашылған, тапталған. Оқтауы жоқ.

Қынжылып, жүрек шымшылады. Қалтасына қол сұққан, әмияны ілікті. Теңселіп, тақай берген таксиге қол көтерді.

Шеңбірек атып, ауырған іш жанына батып, есікті зорға ашты. Қиналса да дыбыс шығармай сұлық жатыр. Сәлден соң жаны жайғасқандай, ақырын тұрып, былғаныш үстін ауыстыруға кірісті.

Шешінп жүріп, қарсыдағы ілулі айнаға көзі түскен, денесі көкала. Көгерген бет-аузы күп боп ісіпті. Салқындау суға жуынып, өзіне келгендей болды.

Аяқ астынан жазықсыз таяқталғанын қалай түйіндеуді білмейді. Іш тағы бұрады. Көшеге шығып, жедел жәрдем шақыра алмас. Қара терге малшынып, көрші есігін қақты.

... Кәмшат зорлықтан жүгініп, жүйткіген шарананы қалдырып, екі-үш күннен соң түс ауа ауруханадан шықты. Сүзек шалғандай, сұп-сұр.

Жүдеу көңілден арқасын мұз қарығандай боп келген, құлыптаулы есікті көріп, қоңылтақсып қалды.

Ішке кіріп, төсек шетіне отырды. Тып-тыныш. Сәкеннің қайда екені белгісіз. Сабақта шығар, кешке келер.

Кенет жан-жағына көз салды. Өзгеріс байқалмайды. Сонда... сол кеткеннен келмеген бе?..

Неге?.. Шынымен қамауға түсті ме?.. Ой сан сақта. Солай болса ше?..

Бұлар алғаш студент болған жылы бірін-бірі ұнатып, отбасын құрғанымен мардымсыз тиын-тебенге телміру, пәтерақы төлеу қиын болған соң, шыдай алмай бір күні: «Сәкен, әуелі сен бітіріп алшы, мен сыртқы бөлімге ауысайын», - деп, көлік жүргізушілер даярлайтын курста оқып, еңбекке араласты.

Онысы дұрыс боп, ішім-жемнен тарықпай, қожайынға жексұрын болмай, берешекті уақытылы өтейді. Өздеріне керегін алады.

Енді күйеуі оқуын аяқтамақ. Өзінің аяғы ауыр, біраздан бері заңды демалысқа шыққан. Бар жағдай осы. Оқу бітіп, нәресте кеп, ел қатарлы тіршілік етпек.

Енді ше?.. Қыстығып жылап, ұйықтап кетіпті. Оянса дала жап-жарық. Үстел үстіндегі сағатқа қараса - 10.00.

Түу, ұзақ жатыпты. Есік ашқан жан жоқ. Бірнәрсеге ұшырағаннан сау ма?..

Тынышы кетіп, дегбір таппаса да, іздеуге шама келмес. Ерін кебірсіп, шөл қысты. Амалсыз тұрып, шай қойып ішкен, таңдайы татымай, сәл қимылға болдырған соң, қайыра қисайды.

Ілбумен бірнеше күн өткерді. Сәкен хабарсыз. Бой жия сала ол оқитын институттан мән-жайды білуге тырысқан, ешкім ештеме білмейді. Студенттер арасында үрей, тіс жармайды.

Иә... Жас кезінде үлкендерден, кейін оқығаннан соғыста хабарсыз кеткендер туралы білгені бар. Ал ел аманда үшті-күйлі жоғалғандарды естіп көрмепті.

Сүйтіп, баладан да, жардан да аяқ астынан айырылу, ашық аспаннан жай түскенмен бірдей болды.

Енді не істеу керек?.. Аздап бауыр көтерген соң, қайыра ұжымға араласудан басқа алданыш қалмады.

Бар ермек жұмыс. 86-шы желтоқсанның дүрбелеңі Тәуелсіздікке ұласты.

Кәмшат та еркіндікке қол жеткенде шын қуанып, онда өзінің де үлесі барын түйсініп, жылап алды.

Екі бірдей аяулысы – күйеуі мен баласы да азаттық құрбаны. Өкініш өзек өртесе де, тәубә!

Тек тәуелсіздікпен бірге бұқара басына түскен ауыртпалықты айтсайшы!

Жүргізуші болған соң көп зырылдайды. Айнала келеңсіздік пен жоқшылықтан құтылуға тырмысқан жұрт.

Әсіресе газет сатып, көлік сүртіп тиын-тебен табуға дедектеген балалардың қаңғалақтап дөңгелек астына түсіп қала жаздайтыны зәре ұшырып, «Қазаға себепші болудан сақтай гөр», - деп қылпылдап отырғаны.

Өзі жиі жүретін кең көшенің бұрылысында қол жаятын балаң қыз бен бес-алты шамасындағы ұлды үнемі көре берген соң, жиі тоқтап қайыр беруді әдетке айналдырды.

Олар алғашқыда әжептеуір ақша іліккеніне апалақтап қалса да, бірте-бірте соқпай кетпейтінін ұғып, қуанатын болды. Бұл да өзінің кәдеге жарағанына кәдімгідей марқайған, бірде жағдай сүрады.

Қыз:

- Апам Болатты туғанда ауырып, көп кешікпей қайтыс болды. Ал әкем жұмыссыз қалып, қаңғыбасқа айналған. Ара-тұра келетін, қазір мүлдем көрінбейді. Қайда екенін білмейміз, - деді мұңайып.

Болат бауырының айтқанына мөлтілдеді.

Зады жаман болмаса, қасіретке қайыспайтын жан болмас, Кәмшат түршігіп, бойды діріл алды.

 

Сонда екеуің ғана ма?

Иә.

Асты өздерің дайындайсыңдар ма? Иә.

- Үй өздеріңдікі ме?

- Қай жақта тұрасыңдар?

- Ілесіп баруға бола ма?

- Иә.

- Иә.

- Алыс емес, - шама нұсқалды.

- Онда қасыма жайғасыңдар.

Балалар қутыңдап, артқы орынға жайғасты.

Үй дегені – аядай қалтарыстағы қуықтай екі бөлме. Тым ескі, лашыққа тән кепе. Қолға түскен нәрсемен лекерлей салған шарбақсымағы қисайған. Ылайы ойдым-ойдым, үгітілген қабырғалар опырылғалы тұр. Іші ыс, оттық пен қабырғаға сүйеулі үстел үстіндегі ыдыстар да, жатын орындағы бірдемелер де сырттағыдай қоқыр-соқыр. Балалар тіленіп тапқанымен өзек жалғайды.

- Сәуле, сен оқуға бармайсың ба?

- Киімім жоқ, тамаққа тиын табу керек. Және інімді жалғыз тастай алмаймын.

- Қолым босағанда келіп, үй ішін тазартуға бола ма?

Күлімсіреген балалар жауап таппай дағдарды.

- Келістік пе?

Бас изелді.

Кәмшат айтқанын екі етпей, уақыт тауып жатын орынды жөнге сап, әрі қарай қалай күтуді түсіндіріп, біразға жетерлік ақша беріп, шама келсе тағы да соғатынын айтса, екеуі «қашан деп?» тәптіштеді.

Кәмшат келуді жиілетті. Енді бұларға шынайы көмекті қалай ойластырады? Ол үшін әуелі қай құзырлы орынның есігін қағуы керек. Уақыт созбау жөн шығар.

Бірақ «пәле-жала аяқ астынан». Жұмыстан түнделетіп келе жатқанда алды-артына қарамай, көлігін жын соққандай зулатқанның бірі қағып, өлім аузынан қалды.

Ауыр отадан бір қолы қатты қарымнан қалып, рөлге отырудан босатылған, жеңіл-желпі бірнәрсе іздегенде тапқаны балабақшаның еденін жуу.

Ызғарлы күз де жетті. Кәмшаттың есіл-дерті баяғы балалар. Олардың не күйге түскенін көргенше асығып, бейберекет аулаға еніп, әуелі тың-тыңдады.

Дыбыс білінбейді. Ақырын есік тартқан. Ашық. Алдыңғы бөлмеде ешкім жоқ, төрге өтті. Ескі кереуеттің бірінде бүк түскен ұл. Дыбыс сезіп, бас көтерген, атып тұрып, ұшып кеп, құшақтай алды. Ауыз ашса айырылып қалатындай, үнсіз кенедей жабысқан.

- Сәуле қайда?

- Білмеймін. Көптен бері жоқ. Бір күні қайыр сұрауға кеткен, қайтып келмеді. Қарным қатты ашты. Кісілер нан бермегенде өліп қалатын едім. Көрші шығар десем... - Тәте, жаланамын. Енді тастамаңызшы. Жалғыз қорқамын. Түнде бірнәрселер дүңгірлейді, шайтан шығар, - сәби сықсыңдап жылай бастады.

Кәмшат тізерлеп, иіні солқылдаған баланы бауырға қысты.

- Жә, қорқатын не бар? Әдейі келдім емес пе, қалдырмаймын. Қане, есікті жақсылап бекітіп, Сәуле бізден көз жазып қалмау үшін, көршіге мекен-жайды жазып қалдырамыз.

Кәмшат Сәулеге іздеу сап, ештеме өндіре алмады. Алаңдап қаңыраған шаңыраққа барып, құлазып қайтады.

Іштей «Ойпырм-ай, нәпақа табуға аласұрып, әлденеге ұрынып кетті-ау» деп қынжылса да, қасындағы бауыр басқан баланың қабағын ойлап тісжармай, шамасы келгенше пәтерақыдан қалған жарытымсыз жалақыдан оны-мұны іркіп, оны еркелетуге пейіл.

Ол қасына ерқара болғалы, жоғалтқанын тапқандай... Ұйықтарда бауырға басса, сағынышқа толы зарыққан ыңыл үндесе кетеді.

Бірақ Болаттың мектепке баратын кезі таяған сайын: «Сауатсыз боп қалса, ертеңі не болмақ? Оған жайбарақат қарай алар ма? Онда не істеу керек?.. Әлде жетімдер үйіне өткізу жөн бе?..» - деген сан сауал тыныш алған.

Балаға ақырын шет жағалатып еді, ол без ете түскенде қосылып боздап қоя берді.

Ендігі ой – мектеп қамына кірісу. Ақша үнемдемек боп, тапқан амал – балалардың үйіне барып тұру. Онысы дұрыс сияқты. Қалай да баспана, іші-сыртын реттесе әжептеуір қоныс.

Өз ошағына оралғанына Болат риза. «Енді Сәуле де келеді» деп үміттеніп жүр. Ылайым солай болсын, бірақ зым-зия.

Жазға салым сеңдей соғылғандар қатарына Кәмшат та ілікті. Балабақша жабылып, ғимарат әлдекімдерге сатылған, көше кезіп, әр есікті ашқаннан түк өнбеді.

Амалы таусылған соң көп қабатты үйлердің есігін қағып: «Кіреберіс жуайын, ақша төлейсіздер ме?» - Деп сұрады. Олардың бірі бас изесе, бірі шап ете түседі. Келіскендері бір-екі реттен аспай, райдан қайтты.

Енді қайтпек?.. Оны-мұны пісіріп, «ыстық самса, қою шай» деп базар жағалап безілдесе, бірде өтіп, бірде өтпейді. Күріш көже ашытып «сусын ішіңдер» деп те қақсауға тура келді. Сол сусынның кесесін төңкерген жігіттің «Паһ-паһ, сарайды саңғырлатып жіберді, не деген дәмді көже!» - дегені есте қалды. Бірақ оны жиі жасауға қол қысқа, тиын-тебен жетпейді. Жетсе – іріген сүт тап кеп, ақша рәсуә.

Мәнсіз тырбану... Тамақ асырау қиынға соқты. Жүйке жіңішке жіптей үзілердей...

Жағдай тығырыққа тіреліп, іске татырын сата бастаған, түскенін ұқыптап екеуі өзек жалғайды. Бәрінен де мектеп табалдырығын аттайтын жастан өтіп бара жатқан ұлды айтсайшы.

Шынымен-ақ үмітсіздік торлады ма?.. Баланың мұрнынан жиі қан кетіп, аурушаңдық жанға батқан соң, дәрігерге қаратқан, «дұрыс тамақтану керек» деді. Әйтпесе, түрлі ауру туындамақ.

Енді оқуға денсаулық қосылды. Осындай бейберекет күйді кім қалапты?.. Беймаза жан қалай тыншыр.

Тілегі – жып-жылы отбасы, аяулы жарының қасы, ақ дастарқандағы ақ наны, оны үзіп жейтін баланың бал мінезі емес пе еді?.. Ол көп көрінгендей ырғақты тірлігінің опыр-топыры шықты. Енді қасында да, дастарқанында да дым жоқ. Кейде: «О, Алла! Бұның қалай?..» - деп кейиді.

Бірақ қан жылаған жүректі кімге жайып салар, әркім «тұрымтай тұсымен» әлек бір шақ. «Алла, берекесіз кезеңнен тезірек өткере гөр. Шапағатты күніңе жеткізе гөр!» - деп тілеуден басқа амал қалмағандай. Итше сүрліксе де соған жетсе екен.

Өз басын асырай алмай жүргенде бауыр паналаған баланы қалай итермек, Олай істей алмас. «Суға кеткен тал қармайды»... Осы сөзге жабысып қалғандай қайталай береді.

Түнімен кірпік қақпай дөңбекшіген. Ертерек тұрып. «жұмыс іздеймінді» сылтауратып, қайыр сұрауға бел байлады. Болатты ерітпеді. Жастайынан алақан жайса, одан не күтуге болады. «Жетім қозы тасбауыр», тіміскі құлық... тіленшіден отбасына, отанына қалқан болар қаһармен қалай шықпақ.

Ал естінің көксегені ел-жұртқа тірек жастың өсіп, есеюі емес пе? Бұрынғы үлкендердің балаға жетімдігін білдіртпей, өзгені өзінікіндей көріп, көкірекке итермей бауырға басуы содан ғой.

Бүгін ше?.. Қаптаған созылған қолдар... Кір-қожалақ түрден төбеқұйқа шымырлап, әлдекімге налып, маңдай тырысады.

Кәмшатта басқа амал қалмаған. Бірдеменің реті келгенше білдіртпей ілдәлау. Содан соң, ептеп-септеп бір амалын табар.

... Көше бойлап, жеңіл көліктер жиі өтетін тұсқа тоқтап, танысқа тап келуден қорғалақтап, сыған әйелдерінше тұмшаланды.

О, Жаратқан! Енді Болат пен Сәуленің кебін өзі киді. Аяғандар тоқтап оны-мұны тастайды. Көбісі қариялар.

Жарықтықтар, өмір иірімін ұғады ғой, олардың есіркегеніне мұңайса да, амал жоқ, тағдыры алақанға қараған. Шыдауға тура келеді.

- Әкел! Дәндеуді бағып жүр едік, енді құтылмайсың. Қане! - Зіркілдеген алпамсадай екеу тықсырды.

- Ау, жігіттер, баламды асырай алмай сандалып... Қойыңдар әкіреңдемей.

- Ой, мына қатынның тілін қара!

Бірі көкірекке түйіп, аңғал әйел қалпақтай ұшты. Екеуі екі жақтан қалта қағып, тырқ-тырқ етіп жөнеле берген, қатарласып тоқтай қалған көлікті аңғарып, тапырлап қаша жөнелді.

Жер сүзіп, қорланған келіншек, алшаңдаған сотқарлардың соңынан қараған. Жанына келген біреудің демегенін сезіп, кирелеңдеп көтерілген, жығылғанда тасқа соғылып, шынтақтан саулаған қанды сүртуге тұмшасын шешті.

- Кәмшат!..

Абдыраған дауысқа жалт қараған, жанар түйісті.

Айдарбек!.. Парталасы. Жауап таппай қаңғалақтап, қатты да қалды. Ананың көзі бажырайса да, өң бермеуге тырысып тұр.

- Кәмшат, - жылы үн, ес жи дегендей. Ол мүдіріп: «Бұл күйге түскен жалғыз сен емес. Жүр көлікке. Содан соң әңгімелесейік!» - Деді ширақ сөйлеп.

Әйел жақ жазбай кеп отырып, солқылдап қоя берді. Айдарбек ұзаңқырап барып, оңтайлылау тұсқа тоқтаған, кеуде қыстаған жәбірдің нөсері өткенше үндемеуді жөн көрген сыңайлы. Өксік басылғанда, мән-жай сұрап:

- Қане, үйіңе барайық, содан соң бір амалын табармыз, - деді.

Терезеге жайғасқан Болат көліктен шыққан шешесін көріп, тұра жүгірген, бейтанысты көріп жалтақтап еді, бейтаныс:

- Ассалаумағалейкүм, - деп қол созды.

Айдарбек жұтаң шайдан ішіп отырып, өзінің отбасын құра алмағанын айтып, тіршілік жайлы талай әңгіменің басын қайырды. Жағдайы жақсы, белді фирмалардың бірін басқаратын көрінеді. Таяуда Астанаға ауыспақшы.

Қайтарында көңіл ыңғайына жығылып, тағы да келуге рұқсат сұраудың ебін тапты.

Ойнамалы дүниеде жалғыздықтан, жоқшылықтан жабығып, қорлануда жолыққан жанға қалай қарсылық білдірмек. Өзіңді әдейі іздеп келетін біреуді тосу не деген бақыт десейші. Төбе көкке жеткендей. Қол ұстасып қыдырып, мәз-мәйрам. Бірде:

- Кәмшат, ұғуға тырыс. Мен саған бала кезден ғашық едім ғой. Ол сезімді өшіре де, суыта да алмағанмын. Бізді тағдыр тоқайластырды. Ендігісін ежіктеу қисынсыз. Ақылға сал. Астанаға бірге барайық. Жаңа мекенде отбасын құрып, ел болайық. Болат Астана-Бәйтерекпен жарысып, бой ұзартсын, болашақ сонікі, - деді.

Мейірімді жүзде алыста қалған асылына жету ынтығы бар. Адамды арманынан ажырату адасуың ба, әлде адастыру ма?..

Кәмшат «жоқ» дей алар ма. Жүзге нұр, көкірекке шаттық құйылған. Елп етіп беттен өбіп, кеудеге маңдай қойды.

Болашақ... Бәйтерек саясы... Жары мен балалары қасында, жайылған ақ дастарқан басында, нан оқтаулап өмір сүрер шуақты ұя...

Адамзаттың ізгі тілегі – арманы осы. Алла, әңгір-таяқ ойнағаннан, дүрбелеңнен, тосын қасіреттен сақтасын.

1.05.2003 ж.


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha