Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Көңіл - менің көктемім

БЛОГТАР

13 ақпан 2021
618
0

Көңіл - менің көктемім

Көңілдерге рахмет көңілімді көтерген.

Өздеріңді келмеппін аңсап іздеп бекер мен.

Жан самалы желпінтіп жібермесе жанымды

Желкен керген кемемен жер түбіне кетер ме ем.

 

Күнде-күнде келер ем айлар құрғыр аз-ақ қой.

Көрмей жүру сендерді маған да шын азап қой.

Көзден ұшып кеткенде көңілімнің құстары

Бұзып шығар бұғауын басымдағы азатты ой.

 

Аман болсам әлі де келемін ғой келермін.

Қайшыласқан бастарғы нелер қайғы, нелер мұң.

Келемін деп келе алмай сағынумен жүргенде

Шырағданы таусылған білте шамдай сөнер күн.

 

Жоғалтумен күндерді іздедім мен кімдерді.

Жігіт ем ғой бақытты несін өмір мұң берді.

Басты байлап бөтенге бақытсыз боп өткенше

Аңсау бақыт өмірде сағынысып жүргенді.

 

Көңілімде мезгіл бар көңіл менің көктемім.

Көңілді боп күлгеннің біле алмассың еш кемін.

Өмір сенің кей сәтте өгей әкең сияқты

Тағдырыңды сырттана-ақ кеш білесің шешкенін.

 

Сағына ма адамдар саясы жоқ көңілді.

Сүймегендер қайтеді қызығы жоқ өмірді.

Саясы бар адам деп сендерді іздеп келемін

Жүрегімде ұйытып ойларымды ең ізгі.

                                                      4.1.2012.

 

                             

   * * *

 

 

Маған адал бастан кешкен күндерім.

Мен олармен әрбір сәтте біргемін.

Өмірімнің тынысындай содан да

Қуанышым, күйінгенім, күлгенім.

 

Маған адал ойға алған арманым.

Ататұғын арайы мол таңдарым.

Сонда менің күрсінісім, күйім де

Жалынды оттай алау болып жанғаным.

 

Маған адал дос жаранның сенімін.

Ардақ тұтар таза қардай көңілім.

Өзгелерге бақыт берсін, нұр берсін

Сәулесі мол шұғылалы өмірім.

 

Мен білемін туған елдің ниетін.

Өмір кешу бақыт қой деп білетін.

Жырларыммен аялаймын достарды

Адалдықты арқа тұтып жүретін.

 

Туған елдің маған ыстық таңдары.

Биікте оның жарқырайды арманы.

Жана-жана жақсылар да көкке ұшып

Жұлдыз болып кететіндей жандары.    

                                                   05.01.2012


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha