Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Ажал ғимараты

БЛОГТАР

29 тамыз 2019
1813
1

Ажал ғимараты

Жаклин еріксіз баяу ғана әндете жөнелді.

 

«Сен енді оралмайсың ешқашан»...

 

Осы бір ән соңғы кездерде шлягерге айналды. Теледидарда да жиі беріледі. Тіпті, үш жасар Кіші Джон да осы әнді жаттап алып, ертелі-кеш тынымсыз айтады да жүреді. Бүгін жолға шығарда әкесі Үлкен Джон ұлын көтеріп алып:

 

— Қане, ұлым, ән шырқашы? — деді. Балақай Джон осы әнді айтып тақылдай жөнелді.

 

— «Сен енді оралмайсың ешқашан»...

 

Әкесі балақай Джонның бұл тәтті қылығына рахаттанып күлді де, ерке ұлының көзінен, маңдайынан мейірлене сүйіп, қолынан босата берді...

 

Әкесі осы тұңғыш ұл перзентіне өзінің есімін берген. Оны Кіші Джон Кеннеди деп атайды. «Осы ұлым әнші болып кетпесе жарар еді» деп ойлады Кіші Джонның анасы Жаклин. Әкесінің жоспары бойынша, Ақ Үйде тәрбиеленіп жатқан бүлдіршін дыңдай саясаткер болып өсуі тиіс. Анасынан гөрі әкесіне көбірек үйірсек сәбидің саясат әлемінің майталманы болып шығатына мұның еш күмәні жоқ еді. Бұлардың ата-бабасынан тектілік үзілген емес. Дүйім елді аузына қаратқан миллиардер де, мемлекет ісіне қызу араласып кете алатын, шемішкеше шағатын саясаткер де табылады. Сондай ұлылардың тәрбиесін көріп өскен ұлдың жәй қатардағы біреу ғана болып жетіле қоюы мүмкін емес. Бәлкім, әкесі секілді АҚШ-тың президенті де болып қалар...

 

Вашингтонның әуежайы бұларды салқын шығарып салды. Қыр астындағы қыстың қыры ма, аяқталып бара жатқан күздің шәлкестеу мінезі ме, қарашаның қатулы аспаны қысқа күнде қырық құбылады. Көз жасын төге салуға дайын жылауық күздің қабағы бүгін де ала құйын. Көктің жүзінде қалқыған боз бұлттарды ары-бері тырқыратып қуалаумен шаршаған шығар. «Бүгін бұл тұстан президент ұшып өтеді. Қане, кедергі болмай, табандарыңды жалтыратыңдар!» Алқынуды білмейтін адуынды жел осылай деп аласұрып жатқандай.

 

Осы ой басына келуі мұң екен, Жаклиннің жүзіне еріксіз күлкі үйірілді. Күзгі табиғатты сөйлете алғанына мәз болды ма, кім білсін. Бұлт дегенің де көнбіс құбылыс қой деймін. Жел қайда айдаса сонда кете береді. Күздің осы бір үйреншікті көрінісін жылы жерде отырып ал-е-еп тамашалаған қандай ғанибет десеңізші.

 

Жаклинге ұшақта жүрген өте қатты ұнайды. Бұған салса, таңнан кешке дейін әуеде қалқып жүре бергісі бар. Көңілі, құлағы, жан-сарайы осы ұшақта ғана тыныш табады. Табаны жерге тиді дегенше бітті, ат нөпір көпшілік қаумалап алады да, өз өзіңмен айналысуға еш мүмкіндігің болмайды. Мың жерден қалжырап, шаршап тұрсаң да, тіпті қаламасаң да, алдыңнан шыққан адамға жылы қабақ танытып, күлімсіреп қарауға міндеттісің. Әйтпесе сынға тез ілігіп, өзің жайлы қоғамда жағымсыз пікір қалыптастырасың. Шын көңіліңмен күлімсіремеген соң, ол да қажытады. Сондықтан да тезірек ондай көпшілік ортадан ұзағанша асығады.

 

Үйінде қалған ұлын ойлады. «Не істеп жүр екен? Әндетіп жүрген болар». Әндетіп жүргенін елестетіп отырып, қалайша сол әнді ыңылдай жөнелгенін сезген жоқ.

 

«Сен енді оралмайсың ешқашан»...

 

Даусы қаттырақ шығып кеткен болу керек, қалғып отырған күйеуі орындықтың арқалығынан басын жұлып алды да, бұған жалт қарады. Жайсыз түс көрген адамша оянған Кеннеди келесі сәтте-ақ жанында отырған өзінің жары екеніне көзі жетті де, көңілі бірден орнына түсіп, ұшақтың әйнегінен төменде көсіліп жатқан Техас даласына көз жүгірте бастады...

 

 

*  *  *

 

 

Жаклиннің көңілі Далластың халқын көргеннен көтеріліп сала берді.

 

Сол күні Далласта ұрлық пен тонаушылық, адам өлімі әдеттегіден көп болды. Соны сезгендей күздің таңы жыламсырап атқан. Ұзақ егілуге ұялды ма, ерінді ме, сәске болмай-ақ бұлттар ыдырап, себелеген жаңбыр тоқтады да, күннің нұры алып шаһарға ерекше махаббатпен шашырай бастады. Қысы салқын, жұмсақ келетін белдеудің адамдарына мұндай жарқыраған күз ауа-райы таңсық емес.

 

Президент кортежінің қай даңғылдармен жүретінін алдын-ала білген қала тұрғындары көшенің екі жағын жауып тастады. Басқалардан гөрі мейірімділеу, жылы жүзді патшаны жақыннан көргісі келетін ниеттерін танытып, пенде біткен көшеге үдере шыққан. Оның бәрін үйді-үйлеріне қуып тығуға қала сақшыларының шамасы келмеді. Біреу емес, екеу емес, тіпті мың, екі мың болса бір сәрі. Жарты миллионға жуық адамды қалайша көшеден қуа аласың?

 

Патшаны жақын жерден көріп қалу бақытын ешкім де қолдан жібергісі келмейді. Оның үстіне, фотосуреті түрлі-түсті журнал беттерінен түспейтін ажарлы да көрікті, сүйкімді, АҚШ-тағы ең әдемі әйел, сұлулықтың идолы саналатын Жаклин Бувье Кеннедиге сырттай ғашық еркектің есебі жоқ шығар. Таяу ғана жерден леди-Жаклиннің айдай жүзін фотоаппаратқа тартып алғысы келіп, көшеге қарай ұмтылған әлдебіреулерді де түсінуге болар. Көше жағалап, президент кортежінің жолын тосып тұрған кейбір адамдар дәл осы сәтте тонаушылар мен қарақшылардың Құдайлары беріп, үйлерінің астаң-кестеңін шығара ақтарып, қолға ілігер дүниелер іздестіріп жатқанынан хабарсыз-тұғын.

 

Сол күні Далласта ұрлық пен тонаушылық әдеттегіден көп болды.

 

Бұлар мінген көліктің екі жанында да, артында да терезесі жоқ, төбесі де ашық. Мынадай қара күзден гөрі, жазда мінуге ыңғайлы көлік. Бәрі айқын, тіпті таяудан көрініп тұр. Әдетте, бұлай ашық-шашық жүру президенттер үшін қауіпті саналатын. Техастықтардан қауіп күтпеді ме, элита өкілдері ойланбастан осы ашық-шашық жеңіл көлікке аяқ арта салған. Бірдеңе бола қалса... Құдай сақтасын, бірақ мынадай көлікте отырған адамдар нысанаға оп-оңай ілінеді. Көліктің ортадағы қатарында Техастың губернаторы Конналли мен жұбайы, соңғы қатардағы екі орындыққа президент Джон Кеннеди мен жұбайы Жаклин жайғасқан еді. Төртеуі де саясат қайраткерлері. Ұзыннан-ұзақ созылған Майн-Стрит даңғылын жүріп өтем дегенше біршама уақыт артта қалды.

 

Президент кортежі «Хьюстон-Стрит» деген бағыт көрсеткіш ірі жазудың тұсына жеткенде еппен ғана оңға бұрылды. Әріректегі қапталдан қабырғасы қоңыр-қызыл түсті алып ғимарат ледидің көзіне шалынды. Неге екенін, қызыл-қоңыр ғимарат ледидің көзіне сұсты, суық, қатал көрінді. Бәлкім, сыртқы түсі қызыл-қоңыр болғандықтан болар. Оның Дили Плазадағы кітаптар қоймасы екенін Жаклин білмейтін. Тек, бала күнінде анасы Жанет Ли айтқан Ажал ғимараты туралы әлдебір әңгіме есіне түсе кетті. Ұмытпаса, сол әңгімедегі ғимараттың да сырты қызыл-қоңыр болатын. Жаклиннің денесі дір ете қалды.

 

...Анасы өмір сүрген Нью-Йорктың шеткі аумақтарының бірінде қонақ үй бой көтереді. Пайдалануға берілген соң, алғашқы түні-ақ жап-жаңа қонақ үйдің бөлмелерінің бірінде түнеген адам жатқан жайында қайтыс болады. Бұған ешкім мән бере қоймайды. Себебі, өлген адамның жүрегі әлсіз екен. Бар бәлені сол дімкәс жүрекке жауып, бұлар құтылып кетеді.

 

Келесі күні де дәл сол бөлмеге түнеген қонақ о дүниеге аттанып кетеді. Ешкім қастандық та жасамаған, қол ұшын да тигізбеген. Тексере келе, оның жүрегі жарылып өлгені анықталады ғой. Мына өлім енді қонақ үй басшыларын шындап ойландырады. Үшінші күні ол бөлмеге клиент қабылдамай, өздері қарауылдап отырады. Түнгі сағат бірден таңғы жетіге дейін жарықты жағып, ұйықтамай, әрбір сәтті қалт жібермей, сергек отырса да, адамның жүрегін жаратындай ештеңені аңғармайды.

 

Қатарынан екі түн сол бөлмеге түнеген екі адамның жүрегі тоқтауын сәйкестік пен бақытсыздық деп есептейді. Бірақ... төртінші түні де ол бөлмеге түнеген қонақ тірі шықпайды. Енді қонақ үй қызметкерлері күн ұясына қонғаннан бастап, бөлмені күзетуге мәжбүр болады.

 

Сағат тілі түнгі он екіні соққанда қабырғадағы үлкен сағат бақылдап қоя береді. Жүректері дір ете қалған қонақ үй күзетшілері бар пәленің осы қабырға сағатынан туындап жатқанын біле қояды. Сағаттағы оятқышқы қайта іске қосып еді, тағы да жаман дауыспен барылдай жөнелді. Құр барылдап қоя салмай, түрлі-түсті шамдары жарқ-жұрқ етіп, сол майда жарықтар әлдебір адамның сұлбасын кескіндейді екен. Мынадан соң әрине, жарықты сөндіріп, қаннен-қаперсіз жатқан адамның жүрегі жарылып өледі.

 

Дереу сағаттың оятқышын алып тастайды. Бірақ бұл оқиғаның дақпырты бүкіл қаланы шошытқандықтан, көпке дейін ол бөлмеге қонуға ешкімнің дәті бармайды.

 

Кейін сол қонақ үйді қала тұрғындары «Ажал ғимараты» деп атап кетті. Анасының суреттеуінше, сол қонақ үйдің сырты қоңыр-қызыл болатын. Нью-Йоркте бой жетсе де, сол қонақ үйді Жаклин ешқашан көрген де, ол аумаққа барған да емес. Көруді армандамаған да. Амалы болса, ондай жерлерден бойын аулақ салуға тырысатын. Ол қорқынышты нәрселерді ұнатпайтын. Қорқынышты әңгімелерді оқымайтын. Қорқынышты фильмдерге мүлдем қарамайтын. Жүрегін аяйтын. Жүрегін босқа әлсіреткісі келмейтін.

 

Дили Плазадағы Қызыл-қоңыр ғимаратты көргенде жүрегі суылдап қоя берген себебі осы еді. Баяғы қорқынышты «ажал ғимараты» қанша қашса да, мұның алдын орағандай әсер қалдырды. Кітап қоймасына қарамауға тырысты.

 

— Миссис Кеннеди!

 

Мазасызданған көңілін осылай деп дауыстаған әлдебіреудің басқалардан басымырақ шыққан айғайы бөлді. Көшенің екі жағын жауып қалған көпшіліктің арасындағы бір адам мұның атын атаған ғой. Мұнша халықтың арасынан ол дауыстың иесі қай адам екенін табу мүмкін бе? Таңнан бері Жаклиннің аты аталғаны бір бұл емес. Әр адым сайын «Миссис Кеннеди» деп мұның назарын бір сәтке болса да өздеріне қарай аударғысы кеп, дауыстап жатқандар көп-ақ. Дегенмен, манағы ғимаратты көргенде пайда болған қорқынышты, жағымсыз әсер мен ауыр ойдан құтқарып кеткені үшін бе, мына тосыннан шыққан дауыс иесін Жаклин жақсы көріп кетті. Өкінішке орай, оның кім екенін бұл ешқашан анықтай алмайтын да болар...

 

Өздерін қолпаштаған халықты көріп, Жаклин әлгі «ажал ғимаратын» тез ұмытты.

 

Бұлар мінген көлік сұсты көрінген ғимаратқа жетпей солға бұрылды. Ғимарат енді оң жақта ақырындап артта қала берді. Анадай жерден темір жол көпірі Жаклиннің көзіне шалынғандай болды. Қабатты үйлер артта қалып, бұлар ашық алаңқайға ілікті. Джон Кеннедидің жүрек жағында отырған Жаклиннің жүзін күн сәулесі шарпып өтті. Қаланың бұл тұсы жарық та жылы секілді көрініп, ледидің бойын ерекше сезім билей жөнелді. Есепсіз қошамет өне бойын қайтадан баурап алды да, үстіндегі қанық қызғылт түсті жейдесі мұның ажарлы жүзін одан бетер көріктендіре түсті.

 

Бұдан да көңілдене түскісі келген Жаклин іштей тағы да әндете бастады.

 

«Сен енді оралмайсың ешқашан»... Ұлынан жұққан әдет пе, әндеткісі келсе болды, осылай ыңылдайтынды шығарыпты.

 

Жанында мұнымен бірдей масайрап отырған Конналли мен Кеннедидің бір мезетте ышқынған даусы мына керемет сезімнің ту-талақайын шығарды. Күтпеген жерден атылған оқ екі адамға бірдей тиді. Бұл жалт бұрылып қараймын дегенше тағы да жан даусы шыққан Кеннеди мұны сүзе-мүзе құлап қисая берді. Не болғанын ұқпай қалған Жаклин бір сұмдықтың болғанын сезіп те үлгермеді, әлдеқайдан зулап келген үшінші оқ Кеннедидің құлақ шекесіне қадалды да, ал-қызыл қан мұның үстіне шашырады. Қан көрсе шошитын әдетпен:

 

— Джооон! — деп айғайлады. — Атты! Өлтірді!

 

Шыңғыруға осы кезде ғана мұршасы келді. Әлгінде ғана бейбіт күйге бөленіп тұрған мына әлемнің әп сәтте-ақ астаң-кестеңі шықты. Ғажайып сәттер де өткінші болады екен-ау! Жаны шыға ыңырсыған Конналиді де, зәресі зәр түсіне кетіп, айғайлап қоя берген Коннолидің жұбайы Неллиді де бұл байқамады. Бар ойы — бір емес, үш жерінен оқ тиіп, мұның кеудесіне басын тіреп, сылқ ете қалған Кеннедиде еді.

 

— Қайдасыңдар? Көмектессеңдерші!

 

Айғайын басқалар естіді ме жоқ па, белгісіз. Айналадағы у-шу жұтып та жіберген шығар. Президенттің әйелінің де көмек сұраған айғайы елеусіз қалады деп кім ойлапты.

 

Жаклин-леди дереу айналасындағылардан жәрдем іздеді. Президенттің қауіпсіздігіне жауапты, арт жағында келе жатқан көлікте отырғандарға жан-дәрмен далбасалаған кейіппен бұрылған-ды. Анадай жерде артта қалып бара жатқан қызыл-қоңыр сұсты ғимаратқа тағы да көзі түсті...

 

Тосыннан атылған оқ бұларды ғана емес, айналадағы бейбіт, алаңсыз тұрған адамдарды да шошытты. Ашық күнде найзағай ойнағандай болып, сап түзеген адамдар тез ыдырап, кейбіреулері беті ауған жаққа шайтан қуғандай бас сауғалап бара жатты. Жан шіркін қыбырлағанның бәріне де керек.

 

Артқы көліктен жалма-жан секіріп түскен Кеннедидің оққағары Клинт Хилл бұлар отырған көлікке қарай жан-дәрмен жүгіріп келе жатыр екен. Хилл көлікке секіріп міне алмады. Екінші ұмтылғанында Жаклин оған қолын созды да, көлікке тартып шығарды. Хилл бүкіл денесімен Кеннедиді көлегелей берді. Бұл кезде бәрі де кеш болатын. Кеннеди қансырап, ес-түссіз сұлқ жатыр еді.

 

Кеннедиді жайратқан оқ әлгіндегі қоңыр-қызыл кірпішті ғимараттың алтыншы қабатындағы терезеден атылғанын Жаклин де, басқалар да бұл сәтте білген жоқ.


Бөлісу:
     

Пікірлер (1)

Берік

30.08.2019 17:54
Міне, дәл осындай дарындылықпен, ыждахаттылық пен ықтиярлықпен біздің шығармашыл зиялы қауым Керей мен Әз Жәнібек хандар, Әз Тәуке хан, Қасым хан, Абылай хан, Әбілқайыр хан, Кенесары Хан немесе тіпіт жүз жыл бұрынғы Әлихан Бокейхановтің жарқын әрі күрделі, ұлы әрі өнегелі жеке бас тағдырларын сипаттап, шебер суреттегенде қандай игі болар еді! Сонда біздің отаншыл қазақы патриотизм (әсіресе Ата Заң Күніне орай) көбірек, тереңірек және сапалырақ болар еді. Ал АҚШ не?! АҚШ-тың 1789 жылдан бері өз төл шын патриот азаматтары және суреткерлері әрқашан жеткілікті еді (тек кешегі Мистер Кеннеди ғана емес, кешегі Бернард Шоу, Марк Твен, Эрнест Хемингуей, Рей Бредбери, Курт Воннегут, Хаксли, Стивен Кинг, Сэлинджер, немесе бүгінгі Дональд Трамп, Боб Дилан, Тони Моррисон, Стив Джобс, Мадонна, Билл Гейтс, Джеймс Кэмерон, Спилберг, Дензал Вашингтон, Бени Сандерс, Леонардо Дикаприо, Марк Цукерберг, Том Круз, Джордж Сорос, Бритни Спирс және тб көптеген көрнекті ірі қоғам қайраткерлері). Біз де сол американдықтарға еліктеп, өз елімізді жырлайық және гүлдетейік, Ата Заң күні құтты болсын!!!
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу