Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Қазақ әдебиетінің классигі

БЛОГТАР

04 маусым 2020
279
0

Қазақ әдебиетінің классигі

Қазақ әдебиетінің классигі, ел тарихының терең білгірі, заманымыздың ірі жазушыларының бірі Мұхтар Мағауин есімі бүгінде көзі ашық әрбір оқырманға жақсы таныс. Кіммен әңгімелесе қалсаң да Мұқаңның әлдебір әңгімесін, не мақаласын, не естеліктерін, тарихи зерттеулерін оқыған болып шығады. Жазушы өз еңбегін жазып шығарғанымен оның дұрыс танылып таралуы, басылып көпшілікке адаспай жетуі, оқырманын табуы, әрбір кітабы арқылы бастаған жолын дұрыс жалғастырып отыруы әркімге бұйыра бермейтін сәттілік. Бұл көп ізденісті, білім мен қажыр-қайратты, тынбай жазатын еңбекті қажет етеді. Биыл сексеннің сеңгіріне шыққан жазушы Мұқаң тура осылай, әу баста алған дұрыс жолын сәтті жалғастырып, өмір бойы тыным көрмей алған мақсатына адаспай жету үшін барын салып еңбектенген талантты қаламгер деуге болады.

 

Әдебиеттің кейінгі неше буын өкілі өздерін жазушы Мұхтар Мағауиннің шәкірті, ізін жалғастырушы, сөз өнерінің бапкер ұстазынан дәріс алған қаламгер санайды. Елдегі «Жұлдыз» әдебиет журналында бас редактор болған жылдары, жоғарғы оқу орнында дәріс берген уақыттағы ұстаздық қызметі болашақ әдебиетшілер үшін жемісті мектеп болғандай.

 

М.Мағауин еңбектерін қолға алып оқығанда оқырман үшін керекті есте ұстайтын нәрсе жазушы ойларының есте қаларлық тарихи оқиғаларды сомдауы. Күнделікті тірліктің ұсақ-түйегінен аулақ өнердің мәртебесін көтерерлік биік мақсаттағы жазу шеберлігі, ұлан ғайыр әдеби дайындығы, ұлттық мүддені жоғары қою арқылы халыққа қызмет етуді көздейтін халықтық көзқарасы жазушы еңбектерінің бір-бірімен сабақтас етіп байланыстыра түседі.

 

Жазушы М.Мағауин туралы әдеби сында, жылдық қорытындыда, баспасөзде көп жазылған. Бұған қарағанда ол айқындалып, жазғанының бәрі оқырманға түсінікті болып, толық дәрежесінде барлық кезде өз биігінде бағаланды деуге ерте. Айтылмайтын ақиқат, тарихи ақтаңдақ, заман тұсауы жібермей тұратын жағдайлар қай кезде де бар. Кейде көзге көрінбейтін, ел жадынан ұмыт болып, көміліп қалған өмір шындығын жазуға үнемі жол тауып, түрлі жолдармен кедергілерді бұзып шығып жүрген жазушылардың бірі – осы Мұқаң.

 

Бұл адамды осы жағынан алғанда өткенннің ірі қайраткерлерімен салыстырауға болады. Себебі қазіргі мықты деп жүргендердің көбі ұлттық мүддеге, халық жағдайына, елдік мәселеге келгенде тайқып шығып кететін толқымалы келетіні бар. Бұл жолдағы М.Мағауиннің қызметін Мұхтар жолы десе болады.

 

Кеңестік кезде партия қызметі, басшылықтағы адамдардың әрекеті, коммунистік қоғамның жетістіктері деген алдамшы, уақытша тақырыптарды айналып өту оңай болмаған. М.Мағауин әдеби дайындығы мол болғандықтан осы кедергілерді аттап өте алды. Заман шындығын көрсетті. Әдебиет кейіпкері адам дегенді басты ұстаным қылды. Әдебиет тарихын халық тарихымен бірге қарастырды. Хандық дәуір әдебиетін сонау Алтын орда дәуіріне дейін тереңдетуге күш салды. Бұған көркем шығармаларымен де ат салысты. Зерттеулер жүргізді. «Қазақ тарихының әліппесін» жазды. Кеңестік дәуірде тарихынан жұрдай болып тоналған қазаққа барын қайтару үшін жан аямай күресті. Мұның бәрі айтарға оңай, бұған қаламгердің қанша күш қайраты, жастық күндері, бүкіл өмірінің ең бақытты кездері жұмсалып, небір түндері жанкешті еңбекпен, күреспен өтті.

 

Әдетте біз күрескерлік дегенді саясаткерлерге, мансап иелеріне қарата айтқанды жақсы көреміз. Ал, жазушыларды айтқанда еңбек, талант, ізденіс дегенді көбірек қолданамыз. Бірақ М.Мағауиннің ізденістерінде, бүкіл өмір жолындағы істерінде осы қоғамдық күрескерлік, ұлтшылдық, халыққа жан-тәнімен қызмет ету ниеті, көзқарасы жатқанын айтуға саябырсып қаламыз. Жазушы туралы айтқанда оның бүкіл жазғанын оқып, түсініп барып сөйлеуден гөрі бірер нәрсесін ұнатып, ең бастысы сол нәрсе ғой қалғанын қойшы деп сілтей салды пікірмен баспасөзде боратып мақала жазып жүретіндер бұған назар аудара бермейді. Жалпы М.Мағауин туралы жазғанда байқап, оқып, дайындалып барып сөйлеу абзал. Оның жазғандары жай ғана таланттың туындысы емес, қажырлы еңбекпен келген білімнің қосындысы, оған жазушының өз жүрегіндегі адамгершілік өлшемдерін қосып есептесеңіз бұл адам туралы айту үшін оның білгенінің жүзден, мыңнан бірін оқып түсініп барып сөйлеу керек екенін ұғасыз.

 

Жазушы ретінде М.Мағауинді 1990 жылдардан бері біле бастадым. Оның алдында «Жазушы» баспасының бас редакторы кезінде арнайы кабинетіне кіріп танысқан едім. Көп оқудың кейде адамға пайдасы да бар. Сол оқыған әсермен өзіңді де мықты санап кететін эмоциялық күші де болады. Бала күнімнен оқып өскен осы жазушымен таныссам қалай болады деген оймен кабинетіне кіріп барғаным есімде. Жиырманың ішіндегі бала жігіттің бұ қылығын қомсынған жоқ. Жымиып күлді. «Ақша қар» деген кітабын бала күнімде, 7-класта оқып едім. «Тазының өлімі» повесіндегі халық жауы болып ұсталып кеткен адамның өмірі нәубет туралы әлі жарытып ештеңе біле бермейтін ұрпақ үшін біртүрлі құпия еді. Ерекше ұнаған нәрсе жазу мәнерінің еркіндігі болды. Мектеп бітірер жылы «Көк мұнар» романын оқығанда жас ғалым Едігенің ғылымды тастап кеткеніне қынжылып, неге бүйтті екен деген ой бірталай мазалаған. Менің бойымда да жас адамға тән кейбір қылықтар болатын. Соның әсері болар, сөйтіп Мұқаңмен әлі ештеңе жазбасам да ерте танысып едім. Бұның мен үшін пайдасы зор болды.

 

Мұқаңның бір жақсысы танысқан адамын қай кезде де жазбай танитын зерек еді. Мынау ештеңе жазбаған жас бала демей кейін қызмет бабында жолығып қалғанда қарапайым амандасып жүретін. Осы қасиеті оның маңайына талантты адамдардың топтасуына мүмкіндік берді. Әдеби журналда небір талантты жігіттер қызмет істегенде Мұқаң олармен жақсы қатынаста болды. Журналдың неше санын жас жазушыларға арнады. Оған өзі алғысөз де жазды. Менің де алғашқы әңгімелерім осы «Жұлдыз» журналында жарияланып жүрді. Журналдың беті үлкен болғандықтан қысқа әңгімелерді топтап, ортақ тақырып қойып апаратын едім. Проза бөлімінен өткен соң ғана шығарма бас редакторға жететін. Оған жеткенше біраз талқылаудан өтетін. Талап қатаң еді.

 

М.Мағауин «Жұлдыз» журналында ең қиын кезде, қаржы тапшы болған уақытта қызмет етті. Журнал бұл жылдары сапа жағынан еркін ойлы шығармалар арқылы өсті. Көркем әдебиет үлгілері тақырып аясы жағынан да кеңи түсті. Әдеби сынға да талап өсті. Кеңестік кездегі дайын штамптан әдебиет біртіндеп арыла бастады. Әдебиет, тарих, мәдениеттегі ақтаңдақтар жайында материалдар көптеп жарияланды.

 

Ұшан-теңіз білімі, елге танылған атағына қарамай Мұқаң өзін қызметте қарапайым ұстайтын. Әлдебір шаруамен Жазушылар Одағына барғанда Мұқаңа сәлем беріп кіріп шығу мен үшін бұлжымас әдет еді. Мұқан ауылды сұрайтын, амандық біліскен соң ғана тиісті шаруаны сұрайтын. Қашан келсең де сол шағын кабинетіндегі кішкене жазу столында бірдеңе қарап отырады.

 

Өз басым қазақ радиосынан кейін біраз жыл қызметсіз жүріп тек жазу жазған мезгілде жазғанымды тек осы журналға ғана ұсынатын едім. Егер әңгімелерім жарық көрсе онда Мұқаңа ұнағаны ғой деп ойлайтынмын. Бірде Мұқаң:

 

– Одаққа өттің бе?–деп сұрады. Мүшелікке өтпегенімді білген соң, –кітап шығарсаң көрсетіп ал, алғысөз жазып берейін,–деді.

 

–Аға, менің жасым отыздан асып кетті ғой. Енді болмайтын шығар,–дедім. Мұқаң бұныма ештеңе дей қоймады. Осы сөзді Сайын аға да айтқан еді. Жалпы осы екі жазушының адамгершілік ұстанымдары, қарапайым адамдығы, кісілік келбеті, әдебиетке деген адалдығы ұқсас көрінеді. Қызмет барысында осы қатардағы Қалихан, Рамазан, Әкім, Дүкенбай сияқты ағаларымыз да таныс еді. Осы қатардағы, одан кейінгілердің көбі таныса да танымаған боп, көрсе де көрмеген боп, екі түрлі сөйлеп айналып кетуді ерсі санамайтын.

 

Бірақ Мұхтар аға олардан бөлек еді. Сенген адамын алдамайтын. Әділдікті, тазалықты жақсы көретін. Оны адамгершілік негізі берік адам ретінде бағалап, ұзақ жылдар жаныма жақын санап жүрдім. Бізде бір, осылай істесем басқалар не ойлайды деген түсінік қалыптасқан. Талай жыл ағалық ақылын беріп, рухани қолдау білдірген осы Мұхтар ағаның жақсылығын өтеу туралы ой басыма ешқашан келмепті. Мұқаңның жасағаны қайтарымын күтпей, таза адамгершілікпен жасаған өтеусіз, есепсіз жақсылық еді. Жастық қызуымен білмей жүріп мұны кейін аңғардым. Біреуге қызмет барысында істеген жақсылығын міндет қып, адамды қарыз етіп, бірдеңе дәмету етек алған заманда Мұқаңның таза адамгершілік қасиеті қазіргі әдебиетшілер үшін айта жүретін үлкен үлгі-өнеге. Қазақ баласына тән осы жомарттық, мәрттік, үлкендік Мұқаңды ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтерге жақындата түседі.

 

Ондаған жыл кітап шығара алмай жүріп баспасөз арқылы танылудың не екенін бастан кешкен адам біледі. Бұл қиындықты біз қатарлы Рақымжан, Таласбек те, мен де бір кісідей кештік. Осы күні кейде Жазушылар Одағына барсам Мұқаң сияқты адамның бұл арада жоқтығы көңіл құлазытады. Сол естеліктерден қорқып ұзақ уақыт бармай жүремін.

 

Кітап шығарушылар көбейіп, әдебиетке талап әлсіреген тұста Мұқаң журнал бетінде ең жақсы деген туындыларды жариялауға күш салды. Шет елдегі қазақ жазушылары да журнал беттерінде беріліп тұрды. Біз қатарлы жазушылардан Таласбек Әсемқұлов өзінің әдеби жолындағы жемісті кезін Мұқаң редактор болған жылдары жақсы шығармаларымен танытты. Оның түрлі тақырыптағы сын мақалаларында қоғамдағы жаңаша ойлау, өнердегі көркемдік мәселелер, жазушылардың талғам табиғаты талданатын.

 

М.Мағауинның қазақ әдебиетіндегі өзіндік жаңашыл көзқарастары мемуар түрінде жазылған «Мен» атты естелік кітабында көрініс тапты. Бұл кітап жазылу стилі жағынан қазақ тарихындағы, қала берді шығыс әлеміне әйгілі Бабыр, Мұхаммед Хайдар Дулати, Құрбанғали Халид, Шәкәрім еңбектеріндегі шығыстық күшті рухани сарын дәстүрін бүгінге жалғап жібергендей соны әсер қалдырады.

 

Мұқаңның ең таңдаулы еңбегінің бірі – «Шыңғыс хан» туындысы. Бұл еңбек тарихшы, әдебиетші, қоғамдық пәндердің түрлі қайраткерлері жиылып талдамаса, жеке сыншы болам деген адамға бой бермейтін мәліметі мол күрделі де қарапайым тілмен жазылған ерекше шығарма. Әдебиет тарихын зерттеуші есебінде М.Мағауин ғылыми көзқарастарын кеңнен танытса, көркем шығармалары арқылы сол тарихты көркем тілмен қызықтыра суреттеуден ешқашан жалыққан емес. Ғылымда, әдебиетте, мәдениетте ғана емес Мұқан қазақ руханиятының биігінде адамгершіліктің зор үлгісін көрсеткен, әділдік, кісілік, адамшылық, ата жолын бұлжытпай ұстаған ірі тұлға.

 

                              31.05.2020


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha