Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Менің Отаным бар ма?

БЛОГТАР

04 сәуір 2020
1406
0

Менің Отаным бар ма?

Асхад Мухтор. МЕНІҢ ОТАНЫМ БАР МА?

 

Мұстафа сабақтан бос уақытында Алтын мүйіс пристанына шығып ақша тауып, тіршілігін зорға тербетіп жүргенде қыстақтан жетім жиені келіп қалды. Үлкен әйелдердей ұзын қара көйлек киіп алған, аяғы жалаң. Жабрия Мұстафаны көргені сол жылап жіберді. Ойнап келмегені көрініп тұр, әлдене болған. 

 

– Атамды өлтіріп кетті! – деді қыз қорқыныштан қалш-қалш етіп, нағашысының бауырына тығылып. Мұстафа не істерін білмей қалды. Болар іс болды, енді бұл қызды қайда алып барады? Студенттер жатағына алып баруға болмайды. Алып барғанымен қарнын тойдыру керек, аяғына әлдене алып беру керек.

 

Жабрия қыстақта атасымен бірге тұратын. Атасын басқалар ата дейтін, бірақ Жабрия үшін ол әрі әке, әрі ана, әрі мына жалғандағы жалғыз жанашыры еді.

 

Кейінгі кездері атасы тым мазасызданып жүрді. Жабриямен де жөндеп сөйлеспейді, тамақ та ішпейді. Үсті-үстіне шылымын құшырлатып, өзіне-өзі сөйлеп, қыстақтың болысын қарғайтын.

 

– Е, жалтақ неме! Көсе! Офицердің етігін жалайды, ал бізге бозарып сөйлейді. Офицерлер біздің тыныштығымызды қорғау үшін келіпті-мыс. Біз сол үшін оларға ризашылық білдіруіміз керек екен. Әуре боласың, көсе!

 

Сол кездерде қыстаққа америка әскерлері келіп, жүгері плантациясына ракета полигонын құру үшін адам жалдай бастаған. Жұмыстың табылғанына қуанып, құрылысқа жалданғандар табылды. Бірақ, олар жерге маңдай тері сіңбеген жастар еді. Қарт диқандар жүгері егілген жерлерін өлсек те бұздырмаймыз деп тұрып алды.

 

– Әуре боласың, көсе! – дейтін еді Жабрияның атасы шылымын бұрқыратып, қараңғы құжырасының бір бұрышында ащы түтінді будақтатып. – Кіндігімнің қаны төгілген бұл жерге. Балалығымның бар шағы осы бір парша жердің үстінде өтті. Бұл жерлерді келімсектерге беріп, қартайғанда алжыдым ба?!

 

Жабрияның атасы нағыз диқан еді. Қартайған болса да әлі бақуат болатын. Тамыры бөртіп кеткен қолдарынан әлі де күш таймаған. Басында ескі шляпа, жол-жол дамбалын үнемі тізесіне дейін түріп жүретін. Жабрия оның күнде ызаға булығып, көзіне қан толып қайтып жүргенін біліп, әлдене деп жұбатқысы келетін. Бірақ, шалға ешқандай сөздің жұбаныш бола алмайтынын сезетін.

 

– Мені олар кімнен қорғамақ? Маған да, менің отаныма да ешкім тиісіп жатқан жоқ, сонда олар кімнен қорғайды? Маған жер керек! – дейтін ол түндерде ұйқысынан оянып кетіп. – Жерді менің тырнағыммен бірге қайырып алады!

 

Бір күні ертемен Жабрия полигон құрылысынан атасының денесін тапты. Бір қолы жанында өліп жатқан офицердің мойнында, бір қолы қара жерді шеңгелдеп қатып қалған. Оқиға кешкісін болған болса да бұл екі мәйітке ешкім жақындамапты. Жабрия жүгіріп барып, атасының оқ тиген кеудесіне өзін тастады. Америкалықтар бұған өшіге қарап, жақындамады. Түске дейін жылап жатты. Түске таяу көсе ауылнайдың өзі келіп оны атасының кеудесінен айырып алды. Сол күні кешкісін Жабрия кейбір көршілерінің кеңесімен қалаға қашты.

 

– Бұлар сені енді тірі қоймайды. Енді бұл жерде саған не бар, бір түйір жақының, туысың жоқ. Қалаға бар, тіленіп болса да күн көрерсің...

                              

 

*  *   *

 

 

Қала шынында да үлкен. Бірақ, Мұстафа бұл бақытсыз жетімге жай тауып бере ала ма?

 

Жіңішке желкелі, тышқанның құйрығындай етіп өріп, ұшына мата байлап қойған шашты Жабрия қазір оның алдында екі көзі қызарып жалбарынып тұр.

 

Мұстафа аз-кем ойланып лажын тапқандай болды. Қалада алыс бір туысқаны тұрады. Дәулетті отбасы. Ол жерде бір жетімнің бар-жоғы да білінбейді.

 

Бірақ, Зікірия әпендінің өзі жаман адам. Туысы болса да, Мұстафа қаншалықты қиналмасын оның алдына бір тиын сұрап бармапты. Зікірия әпенді америкалықтардың сөзін сөйлейтін газеттің редакторы. Үйінде де бір ауыз түрікше сөйлеспейді. Студенттерді де «көтерілісшілер», «бұзақылар» деп атайды. Сол үшін де Мұстафа бұл үймен араны әлдеқашан үзіп еді.

 

Жабрия онда баратын болса әрине атасымен болған оқиға туралы айтпауы керек. Бұл жайлы естісе сол мезетте-ақ Зікірия әпенді босағасынан қуып жіберері анық.

 

Мұстафа соны ойлап Жабрияға ақыл айтты. – Сен ол үйде атаңның өлгені жайлы айтып, туыстарымызды қайғыға батырма. Одан да «Стамбулды тамашалауға келдім» деп айт.

 

Жабрия «мақұл» деді. Стамбулды тамашалау өзінің де көңіліндегі жалғыз арманы екені даусыз. Ертең-ақ қала көшелерін, теңіз жағалауын, әсем саябақтарды тамашалауға шығады.

 

Шынында да, Зікірия әпендінің үйінде Жабрияның келгені білінбеді де. Үй үлкен, адамдар да көп. Оннан аса бөлмелер, бірнеше ит, көліктер, қызметшілер...

 

Жабрияға жататын орнын көрсетті де, сол сәтте-ақ бәрі туылғаннан бері осы үйде тұратындай оны ұмыттыда кетті. Тамақ көп, іш, же, ойна, күл.

 

Бірақ, бірінші күні түнде-ақ Жабрия бәрін әуреге салды. Түсінде бастырылып қалыпты. Оның қорқыныштан шыңғырған даусынан қызметшілер келді, иттер арпылдап, қожайынның ұйқысы бұзылды.

 

Жабрияның түсіне атасының жанында өліп жатқан офицер кірген еді. Әскер ма, офицер ма, әйтеуір сол. Басында жасыл әскери шапка, үстінде теріден тігілген сары қайыс, жанында тапанша, шалбары тізесінде, аяқтары жүн-жүн... Жабрия оны көріп бақырып жіберді. Оянып кетті. Бірақ, көзін қайта жұмса болды, сол әскер көз алдына қайта пайда болады. «Не болды?» деп кіріп келген  қызметші әйелге «кетпеңіз, қорқамын» деп жабысып алды. Қорқудан қалш-қалш ететін.

 

Бұны олар «жолдан шаршап келген» дегенге жорыды да ертеңіне-ақ ұмытып кетті. Бір қызығы Жабрияның өзін де ұмытып кетті.

 

Жабрия қаланы тамашалауға шықты. Атасы үнемі Стамбулды мақтайтын, үлкен болғаныңда міндетті түрде алып барамын деп отыратын. Міне, енді сол Стамбулда жүр. Қайда барамын десе де, нені көремін десе де өз еркі. Бірақ, Жабрия аяғын абайлап басады. Себебі, аяғының астында қасиетті топырақ.

 

Үлкен көшеге шыққаны сол тағы да әлгі әскериді көрді. Соның өзі болмаса да, соған ұқсайды. Қысқа шалбар, үлкен бәтеңке, жүн басқан аяқтар...

 

Бір жақсысы жан-жағың бір-бірінен сұлу көріністер. Жабрияның көңілі басқаға ауып кетті. Міне, Баязит алаңы, мынау Долмабақшаның өрнекті қақпасы, мынау Алтынмүйіс жағалауынан Мәрмәр теңізіне дейін созылған Ататүрік бағы...

 

Бірақ, баяғы әскери әр адым сайын кездесе берді. Бейне қаланың барлық әсем жерлерін жаулап алғандай. Бірде қарқ-қарқ күліп сыраханадан шығып келе жатады, бірде екі қолтығында екі қызды құшақтап мейрамханаға сүйрейді. Бірде гүлзардың ортасында шегеленген өкшесін аспанға көтеріп, жүн-жүн балтырын көрсетіп демалып жатады. Жабрия оларды көрген сайын жүзінен қаны қашып, дір-дір етіп, өзін қоярға жер таппай қалады. Мына бұрылыстан шығып қалмаса екен, мына көшеден кездесіп қалмаса екен деп қауіптенеді де жүреді. Енді ол үйге асықты. Тура біреу қуып келе жатқан секілді аяқтарын тез-тез басады.

 

Жоқ, жетіп келді. Бірақ, қаланы тамашалап қайтқан адам сияқты емес, тура бір төсектен жаңа тұрған науқастай өңсіз еді. Тамақ та жемей, ерте жатып қалды. Түнде баяғы ахуал тағы қайталанды. Бұл жолы келімсек әскер кешегідей тірі емес, мойны тырнақ ізінен көгерген қорқынышты мәйіт болып көрінді. 

 

– Шаршаған болса, мейлі, жынданған болса қайтеміз? – десті қызметшілер.

 

Ертеңіне Жабрия қала тамашалаудан тіпті ерте қайтты. Сулаймонияның қақпасының алдында бір әскердің атасына ұқсаған бір намазшы қартты қандақпен  ұрып құлатқанын көрді де, көз алдына қан толды. Дереу артына қарай жүгірді. Әлгі әскер артынан қуып келе жатқандай алды-артына қарамай жүгірді. Шаршады, әлі құрып, жүрісін бәсеңдетіп артына бұрылды. Қараса, шынымен де қуып келе жатыр екен. Мұның түс емес екенін Жабрия жақсы біледі. Басы айналып, әлі кетті. Бұл әскерге не керек өзі? Атасын өлтірді, Жабрияны ұстап не істейді? Ұра ма? Құл қыла ма?..

 

Қыз әрең үйге жетті де, есікті іштен іліп, өз бөлмесіне кіріп алды. Бірақ, қараңғы бөлмеде оның көз алдында баяғы әскер пайда болды. Ол есіктен кірді ме, әлде сыз қабырғадан асып түсті ме, білмейді. Әйтеуір, ыржиып тұр еді. Жабрия шыңғырып жіберді. Қызметшілер келді. Олар қыздың жынданғанына енді шын сенді.

 

Сәлден соң Жабрияның бөлмесінен тағы қорқынышты дауыс естілді. Қожайын кіріп келгенде Жабрия мүлде хәлден тайып, көздері аларып жатып қалған еді. Жүзі қудай аппақ болатын.

 

Ол есін жиған соң қожайынына атасының өлімінен бастап, барлық болған оқиғаны айтып беруді ойлады. «Әпендімнің көңіл-күйі түссе түсер, – деп ойлады ол Мұстафаның сөзін есіне алып. – Айтып бермесем мына қызметшілер мені жынды деп ойлайды».

 

Зікірия әпенді ақ жағалы, оюлы аса таяқты редактор Жабрияның басынан өткенін тыңдап болды да, үнсіз шығып кетті.

 

Бір сағаттан соң қызметші әйел Жабрияға бір түйіншекте нан, бір көйлек пен бір кебіс ұстатып көше есігіне дейін күзетіп салды. 

 

– Қайтып келмей-ақ қой, балам, – деді көзінің жасын жеңімен сүртіп.

 

Қалада студенттер көтерілісі тыншып қалған болса да, жатақхананың әр бөлмесінде тынымсыз пікірталастар жалғасып жататын. Мұстафаның кереуетінің жанындағы бұрышта қыстақы жетімшенің пайда болғанына ешкім мән де бермеді. «Маңдайыма жазылғаны сол екен, қайда барсам да ешкім маған мән бермейді» деп ойлаған Жабрия. Кешкісін байқады, ол бәрінің назарында екен. Мұстафаның жанына келген студенттердің бірі жылы сөз айтса, енді бірі шақпақ қант берді, бірі басынан сипап, бірі жастығын беріп, жылышырай танытып жатты. Жабрия да оларға тез үйреніп кетті. Олар аш болса – аш, тоқ болса – тоқ еді. Олардың қызу пікірталастарын қызыға тыңдайтын.

 

Студенттер «отансүйгіш» деген сөзді көп айтатын. Бұл олардың ұйымы болса керек.

 

– Мұстафа, отансүйгіш деген не? – деп сұрады бірде Жабрия.

 

– Отансүйгіш – өз Отанын жанынан артық көретін адам, – деді Мұстафа. 

 

– Мұстафа, менің Отаным бар ма?

 

Мұстафа ойланып қалды.

 

– Әрине, бар. Сенің Отаның – туған ауылың, мына Стамбул, қасиетті түрік жері. Сен оны жақсы білуің, жаныңдай сүюің керек...

 

Студенттер жатағына келгелі бері Жабрия баяғы әскерилерді есінен шығарып еді. Енді міне ол тағы көз алдына келе қалды. Бірақ, енді ол оншалықты қорқынышты емес еді. Себебі, ол – келімсек, Стамбұл болса – Жабриянікі. Мұстафа айтпақшы, бүкіл түрік жері Жабрияның Отаны...  

 

Аударған Бақтыгүл АУДАНОВА


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha