Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Тыңшы (Әңгіме)

БЛОГТАР

18 қазан 2019
737
0

Тыңшы (Әңгіме)

Әлгінде ғана қақ төбеден шекені ойып бара жатқан күннің бетін бұл торлап, ірі тамшылары жалаңаш арқаны тесердей екпінмен жаңбыр құйып кетті. Саздақ жерге жаңбырдың суы лезде сіңе қоймай, тұяқ тұрақ таппайтын тайғақ бола қалды.  

 

Айнала қаптаған қалың жыңғыл. Осы араны құдіреті күшті Құдай әдейілеп, аса мән беріп жасаған іспетті. Табан астында биіктігі ары кетсе тобықты туралайтын ажырық. Кішігірім алаңқайды қоршап тұрған сазды төбелердің арғы жағы ну жыныс. Сексеуіл мен жыңғылдың берекелі тіршілігі. Алаңқайдың қақ ортасында көне құдық бар. Қолдан қазылғанын не өздігінен жаратылғанын ешкім біле бермейді. Әйтеуір бетіндегі ажырық пен жантақты аяқпен жапыра салсаң суы мөлдіреп тұрғаны. Аздап көл дәмі татитыны рас. Дегенмен, мына жапан түзде шөл қысқан тіршілікке бұл зәмзәм суындай көрінетіні белгілі.  

 

Джон бұл жерді тұрғылықты мекені етіп алды. Дүниенің тыныштығы деген осы екен. Табанынан таусылып, шағыл құмның арасын қанша күн, тіпті ай кезгенінде қиналғанын есіне де алғысы келмейді.  

 

 

*** 

 

 

Кеудесінде қатар орналасқан қос рациясы болғанымен, арғы жақтан қысыла көмек сұрау пайдасыз. Ірі операцияны осыған сеніп тапсырғаннан кейін орындау шарт. Не нәтиже шығарасың, не осы жолда сүйегің көмусіз қалады. Аққұба америкалықтың екінші жолды таңдауға құлқы жоқ. Сол үшін де ауыр жолда қисайып қалмауға тырысып келеді.  

 

Күн өткен сайын Джонның арқасындағы түйенің теңіндей жүгі жеңілдей берген. Бұған бір қуанса, екінші жағынан қорқыныш көңіліне әбден ұялаған. Бірнеше консерві, шарап құйылған, су құйылған құтылар салынған-ды бұ дорбаға. Тек жеңілдемей келе жатқан бір дүние. Ол әлгі жол сөмкесінің астыңғы жағына салынған құрал-саймандары.  

 

Жаяулатып бірнеше күн жүргеннен кейін Джон сексеуіл өсетін алқапқа жетті. Мұнысын жақсылыққа жорып, сақтығын да арттырған. Салт басы жүрсе де салғырттыққа жол жоқ екенін америкалық әбден түсінеді. Өзі келе жатқан аймақтың қожайындарының бірінің көзіне түстің, біттің. Бұлар не тіліңді түсінбейді, не түріңді танымайды.  

 

Жолдан қажығанда Джон көлеңкелі жерге отыра кетеді. Сөйтіп ойланады. Осы аймаққа өткелі бері сөмкесінің түбіндегі аппараттарын орнатып, бірнеше нүктеден жер жайын тексеріп көрді. Өзінің бұл салада қызмет жасап жүргенінен қаншама жыл болса да, осындай көрсеткіштерді көрмепті. Екіұдай күйге түсті. «Әлем санасатын Кеңес Одағының осыны игеруге қауқары жоқ па» деген сұрақ мазалайды. Қазақтар туралы да оқыды. Жолсапар алдында аса ыждаһаттылықпен дайындалып еді. Алтын мен мұнайдың, газ бен уранның үстінде отырып теріден киім киетінін, үй соқпай, көшіп-қонып жүретінін білгенде бас шайқаған.  

 

Өз есебіндегі он жетінші күні ол дарияға тірелді. Карта бойынша бұл кесіп өтіп кетуге болады деп белгіленген көп өзеннің бірі. Көзін алақанымен күннен көлегейлеп, мойнын ырғайдай созып, аяғының ұшына тұрып қарады дария үстіне. Арғы жаға атшаптырым жер. Өткел іздеп сандалған. Ағыстың бойымен батысқа қарай тартты. Табылар емес. Дегенмен үш күнгі жолдан кейін дарияның арнасын қалың қамыс басып, аңғар кеңейе бастады.  

 

Әдетінше өзінің арнайы әзірленген төсегінде ұйқысын қандырып, жолға қам жасап жатқанында дабырлаған дауыстарды құлағы шалып қалды. Жүрегі ауызына тығылып, жартылай жиналған жүгін сүйреткен күйі қалыңның арасына зытты. 

 

Өрекпіген көңілін басып, жаңағы екеуді көргісі келіп, өзі жатқан аңғардың жиегіндегі түп шеңгелдің тасасынан сығалады. Үш адам екен. Үшеуінің де иығында асынған мылтықтары бар. Қаруды көргенде Джонның денесі суып сала берді. Жалма-жан беліндегі револьверін суырып алып, уысына қыса ұстады. Әлгі үшеу күбірлесе сөйлескен күйі ұзай берген. Америкалықтың қозғалуға құлқы болмады. Ойы сан-саққа жүгірген. Өзіне жүктелген тапсырма картада белгіленген арасы жүз-жүз жиырма шақырым болатын шаршы аумағында аппарат орнатып, жердің астынан сигнал тарту. Нәтижені рация арқылы жауаптыларға жеткізу. Бұл аймаққа қайдан тап болды?! 

 

Джон қалбырдағы бұқтырылған шошқа етін дайындамақ болып, от жаққалы ұмтылды да, лезде райынан қайтты. Түтінді көріп әлгілер жетіп келсе, қайтпек?! 

 

Осындай қорқынышты ойларының райынан қайта алмаған ол әлгі асын салқын күйінде жеп алды. Артынан бір-екі жұтым шарапты да жөнелткен. Үрей сейіле бастағандай. Кенет айналаны жаңғырта атылған мылтық дауысы естілді. Джон бұға қалған. Қапелімде шыққан дауыстың қай тұстан естілгенін де аңғармады. Арқа тұсынан атылды ма, қалай өзі?! 

 

Америкалық түс ауғанша жатқан орынынан қозғалмады. Күн төбеге көтерілгенде күміс баулы сағатына қарап, жағдайды рация арқылы жауаптыларға хабарлаған. Олар бар салмақты өзіне арта салды. Одан бері бірде алыстан, бірде дәл құлағының түбінен дүркін-дүркін мылтық атылды. Күн кешкіре бастағанда әлгі үшеу өзінің тура төбесінен өтті. Белдеріне байлаған қоян-қырғауылдары мол көрінеді. Джон дем шығармай жата қалды.  

 

 

*** 

 

 

Қызылқұмға ұмсына орналасқан ауыл түні жым-жырт. Бұл ауылда ары кетсе елу-алпыс шаңырақ бар. Электр жарығын тұтынбайды. Сол тыныштықты, қараңғылықты ауыл шетіндегі баспа құдықтың түбінде орналасқан үйдің терезесі бұзып тұр. Май шамның сығырайған сәулесі өлімсіреген жарық бергенімен, қою түннің пердесін түруге қауқарлы.  

 

Үйдің төргі бөлмесінде ұзын жер үстел қойылып, оны айнала он шақты жігіт отыр. Гу-гу әңгіме. Қарқылдаған күлкі. Ара-тұра бір-біріне тиіп, сыңғыр ете қалатын бокал дауысы. Әсілі бұл үйдің келіншегі мен балалары әлдеқашан ұйқыға бас қойса керек.  

 

- Әй, Рысбек, бүгін неше оқ аттың? – деді бір көзін қысып, әжуаға айналдырмақ ниетте сауал тастаған ірі денелі Жанарбай. – Бүгін тағы жай серуендемек болдың ба өткендегідей, ә?! Бұған Рысекеңнің қыңар түрі жоқ. Майлы қуырдақтан бір асап, шайнаңдаған күйі: 

 

- Аң-құсқа обал дедім. Әйтпесе сен үш оқ шығарған қоразды көздемей түсіретін едім. Көңілдері қалмасын деп әдейі аспанға аттым, - деді ол. Үстел айнала отырған жігіттер гу ете қалды. Рысбектің өзі күлген жоқ.  

 

Бірін бірі тыңдамай, бүгінгі аңшылықтарын әңгімелеп, бөскенде ұрттарынан ақ көбік көрінетін жігіттердің отырысы тәмәмдала бергенде қызыңқырап қалған Елғонды:  

 

- Онда былай болсын, Рысбек құрдасты келемеждей бермей, тағы бір мүмкіндік берейік. Мергендігін сынасын. Бес оқпен бес қырғауыл түсірсе, ақ қошқарымды атадым, - деді. Бәстің иісі шыққанда Рысбектің де еңсесі тіктеле берген. – Ә, Нұрқаттың баласы, дайында қошқарыңды онда! – деді алақанын ысқылап. Бағанадан бері әжуадан шыға алмай отырғанда әлгі ұсыныс бұның оң жамбасына түскендей.  

 

Қайта-қайта қол алысып, құшақтасып тарасқан жігіттер ертең қырғауылдың кешкі жайылымын туралап шығуға уағдаласты. Рысбек үйіне кіре сала төргі бөлмеге өтіп, ескі шифонердің қуысында тұрған 12-калибрлі мылтығына қол созған. Қосауызды иығына жиі сала бермейтін. Ара-тұра құрдастармен сейіл құрып қайтқанда болмаса... қалған уақытта көне қарудың мекені осы қуыс.  

 

- Кеше дайын оқтарды бекер алыппын. Бытыраны ыдыратпайтын әлгі бәлесі бар екен ғой мұның. Көресің, ертең... ақ қошқарды үйге жетелеп келерсің әлі бала, - деді мырс етіп күліп. Өзімен өзі күбірлеп жүріп оқ-дәрі, бытыра салынған қобдишаны алып шықты. Шамның жарығымен жез гильзаларын тексеріп, оқжатарға сыймайтынын түзулеп, дайындала бастады. Теріден жасалған оқжантайының алдына үштік бытырамен оқталған жеті-сегіз патронды салды. Қалған орын картеч пен төрттік бытыралы гильзаларға бұйырған.  

 

Аптап қайтып, күн еңкейе бастағанда иықтарына асынған мылтығы бар төрт жігіт ауылдан ұзап бара жатты. Бағыты дария жақ. Кеше уағдаласқанда он шақты адам шығатындай еді. Шамасы, ащы су бастарына әңгіртаяқ ойнатып, сіркелері су көтермей бүк түсіп жатса керек. Ауылдан шыға бере Жанарбай:  

 

- Кешегі Иіркөлдің қалыңына қарай барайық. Сол жақта мол еді ғой. Жолай кездессе оны көрерміз, - деді. Басқалары оны құптай жөнелген. Дария аңғарының жиегіндегі жалғыз аяқ жолмен төртеуі жөнеле берген. Айналмаға жете бере Жанарбай мен Шархан аңғарға түсті де, Рысбек Елғондыны ертіп биіктеу жүрді.  

 

Бұл уақытта Джон пақырың кешеден қалған шарапты түбін жалай тауысып, күн еңкейгенде төсегіне құлаған. Кеше зәресін алған бөтен елдің адамдары бүгін де иегінің астынан өтіп, ұзамай мылтық атса да былқ етпеді. Қимылдауға шамасы келмес те еді. Жол бойы шайқалған шарап буынға түскен-ді.  

 

Бірінші оқ жұмсаған Шархан:  

 

- Әй, құрдас, аңғардан шықшы былай! Бүгінгі күннің батырысың ғой дегенмен, - деді бір көзін сығырайта қарап.  

 

Құлықсыздау басып, Рысбек жоғары шыға берген. Дәл осы кезде аяқ астынан қырғауылдың қып-қызыл қоразы пыр ете қалғаны. Мылтығын иығына асып жайбарақат келе жатқан бәсшіл жігіт қапелімде оған қауқар таныта алмай, тапырақтап қалды. Ескі мылтығын қолтықтап келе жатқан Елғонды қимылдап үлгерді.  

 

- Бар, құрдас, ананы беліңе байла. Қанаттап құлаған сияқты, тездет енді, - деді күлкісін басқысы келген күйі селкілдеп тұрып.  

 

- Қайда кетер дейсің?! – деп мұрнының астынан сөйлеген Рысбек қалың шеңгелдің арасына жөнелген бұқпантайлап.  

 

Қолдары қалт еткенде қалталарынан шылым мен оттықты суыратын жігіттер әдетіне басып қауқылдаса кеткен. Бірінен бірі өтіп, танаудан қою түтінді бұрқ еткізген күйі құрдастарын әжуалап күледі кеп.  

 

- Ойбай! Ойбай! Шпион! – деген ащы айқай үшеуін де селк еткізді.  

 

Алдымен жүгірген Шархан еді. Екеуі артынан жөнелді. Бұқпантайлап жүріп дауыс шыққан тұсқа жеткенде Елғонды мен Жанарбай ашық алаңқайда дірілдеп тұрған Рысбекті, әлдебіреуді қылқындыра ұстап алған Шарханды көрді.  

 

Әлден уақытта ес жиған құрдастар әлгіден жауап ала бастады.  

 

- Кімсің? 

 

- А, ай, ай... ноу, - деп көзі атыздай болған америкалық өміріне лағнет айтты іштей. – Жабайылардың жемтігіне айналдың, бейшара, - деп табалады ішкі дауысы тағы да.  

 

Бағана қырғауылды көздей алмай әжуаға айналғанның кегі болар, Рысбек бейтанысты иектің астынан бір теуіп қалпақтай ұшырды.  

 

- Ой, мұның не?! Кісі баласы ғой, тоқтай тұр, - деді Елғонды қабақ шытып.  

 

- Мәссаған, мынаны қараңдар! Қайдан келген сайтан мынау, ә?! Мынауы несі, радио ма-ей? – деді сөмкені ақтарып жатқан Шархан таңырқай дабырлап.  

 

Етжеңділеу Жанарбай белдігн суырып алды да шақырылмаған қонақтың қолын байлады. Байлап жатып, револьверді суырып алған.  

 

- Міне, мынау Рысбекке. Мылтығы майысып, мергендігі зая боп жүр еді. Енді көресіңдер бұның қалай ататынын? – деп қолындағысын бір шетте ащы түтінді құшырлана жұтып тұрған құрдасына қарай лақтырды. Ащы мысқылдан кейін не аларын, не алмасын білмей тұрған Рысбекке Елғонды:  

 

- Ал, ал, ақ қошқарға қол жетпей пұшайман болып тұр ең. Құдайдың бергені де, - деп қарқылдай күлген күйі құрдасын арқаға қақты.  

 

Әнтек бұлқынып, көзі алақ-жұлақ еткен Джон бір мезетте жылап қоя берді. Айғайлап үлгерейін десе рация өшірулі. Хабар жеткенімен арғы жақтағылардың көмекке бейіл болып отырғаны шамалы. Өзінің мүшкіл хәлін ойлағанда жанарынан жасы төгіле берген.  

 

- Неменеге еңірейді-ей мынау, - деп мінезі шәлкестеу Шархан оны тағы бір нұқып қалды.  

 

- Қой, ауылға жүрейік. Рысбектің өнерін көреміз деп шығып, шпион ұстадық. Бұл қызық біразға дейін әңгіме болады. Кеттік! – деп Елғонды жол бастады. Оның артынан америкалықты жетектеген Жанарбай ілесті. Қалың арасындағы сөмкеге бәрін жинастырып салған Рысбек пен Шархан да жөнелді.  

 

Ауылға кіреберістегі баспа құдықтың маңайына кешкілік біршама қара-құра жиналатын әдет бар. Су ала келіп, әңгіме соғады көбі. Дария жақтан келе жатқандарды қызу әңгімеге кіріскендер байқай қоймады. Тек жандарына келгенде ғана бәрі тесіле қараған. Артынша шу ете қалды. 

 

- Әй, мынау кім? 

 

- Адам аулағансыңдар ма? 

 

- Қазаққа ұқсамайды ғой өзі. Осылай жауып кеткен сұраққа Шархан:  

 

- Өй, әкеңнің... Ит біліп пе кім екенін. Зәремізді алды. Иіркөлдің қалыңының арасында атасының үйінде жатқандай ұйықтап жатыр. Шпион шығар осы, - деп бір-ақ жауап берді. Осы кезде тамағы кеуіп, түстегі шарап басын солқылдатып келе жатқан Джон ымдап су сұрады. Сол жердегі елгезек балалардың бірі флягтың қақпағының астына салатын резинаны үшбұрыштап салқын су әкеліп ұсынды. Көзі атыздай болып, салқын суды қомағайлана сімірген америкалық басын иіп алғыс білдірген кейіп танытқан болды.  

 

Ауыл ішімен шпионды алып жүрген төрт құрдастың артынан шулаған көп бала еріп келеді. Қасына жақындай бергендерді Шархан қабағымен шегінтіп жіберген.  

 

- Жәке, сенің үй жағыңдағы вагонға қамай тұрамыз-ау осыны, - деді Елғонды Жанарбайға қарап.  

 

- Е, мейлі. -Сосын не істейміз бұны, - деді ол құрдасына қарап.  

 

- Ертең ана милиса Ержанды шақырармыз. – Пәлені алып кетсін апаратын жағына, - деді Ержан.  

 

Орталық көшедегі Манап шалдың ауласына кіргенде үй іші кешкі астарын ішіп отырған-ды. Бәрі аң-таң. Жанарбай әкесіне мән-жайды толық баяндап берді де, ішке кіріп вагонның кілтін алып шыққан. 

 

Ауыр жолдорбаны сәкінің жанынан сүйей салып, төрт құрдас «олжаларын» вагонға кіргізді. Бұл кезде Джонда қарсыласатын қауқар қалмаған. Өзі іштей қарсыласқаннан пайда жоғын да сезді.  

 

- Әй, тоқта! Кім болса да заты адам ғой әйтеуір. Мынаны бер, әлденсін, - деп ыдыс толы тамақ пен бір шыны шәй ұстаған Жаңыл апа жетті осы кезде. Қарт кісіге іші жылып қалған америкалық вагонның есігі жабылысымен тамақты қомағайлана соқты. Ет қатқан картоп екен. Түсіне алмай дал. Иегін ұстап отырып бағанағы жігіттің шәлкес мінезінен үрейі ұшады. Жұтынған сайын әлгі кемпірдің мейіріміне қайран.  

 

Қажетіне жарайтын дүниенің бәрі сөмкеде. Ағаш вагонның шіри бастаған тұстарынан әлгілердің отырысын байқайды. Дабырласып ас ішіп отыр. Өзін ұстап алғандардың тіршілігін етен түсіне алмай дал болған ол артқа шегіне беріп аяғын тесікке сұғып алды. Қараса, вагонның еденіндегі екі қатар ағаш сынған екен. Енді біреуін алсаң бір кісі емін-еркін сыйып кететіндей.  

 

Джон үшін түрмеге айналған ағаш вагонның кезінде осы даладан Өзбекстанға неше жыл бойы сексеуіл тасығанын, кейін бұл келісім тоқтаған кезде Манап ақсақалдың көлігімен сүйреп әкеліп осында қойғанын ол қайдан білсін?!  

 

 

*** 

 

 

Аң атамын деп шығып, адам олжалаған құрдастар сүт пісірім уақыт өткенде тарқасты. Джон да осы оңтайлы сәтті пайдаланып, шіріген ағашты бір тепті де, жан-жағына ұрлана қарап, жол сөмкесіне қарауға мұршасы болмаған күйі басы ауған жаққа жүгіре басып жөней берді... 

 

Қою түнге көзі үйренісіп қалған. Ауыл шетіндегі каналдың құрғақ арнасына түскен. Бағыты болжаммен оңтүстікке қарай. Үрей аяғын жерге тигізбей келеді. Өкпесі өшкен бір уақытта жеткен жеріне құлай кетті. Үнсіз өксіп жылады. Есін жинап қайтадан жүрді... таң атқанда каналдың аңғары кеңейіп жазық далаға ұласқан тұста отыр еді.  

 

Күншығыс ағара бастағанда Жанарбай есік алдына шыққан. Ұйқысын ашпақ болып шылым тұтатты. Кеше түнде көрші ауылдағы учаскелік полицияға хабар берген. «Олар келгенше өліп қалмасын» деген оймен вагонға қарай жүрген. Вагонның есігін ашқанда кеше шешесі тұтқынға тамақ берген ыдыс аяғының үстіне құлап түсті. Ал вагондағы белгісіз адам ізім-қайым жоқ. Еденде үш қатар ағаштың орыны үңірейіп тұр... 

 

Осы кезде аулаға «Нива» маркалы көлік кіріп келе жатқан. Жанына жете тоқтап, ішінен Ержан түсті.  

 

- Ассалаумағалейкум! 

 

- Әликсалам! 

 

- Оу, Жәке, кімді ұстап жүрсіңдер? Шулап жатыр ғой бәрі, - деп қауқылдаса келіп, құшақтай амандасқан погонды жігітке қарап:  

 

- Қашып кетіпті, - деді сүлесоқ қана. – Кеше мында қамап едік... 

 

- Оу, қашқаны қалай?! Кім өзі? 

 

- Ит біліп пе кім екенін? Кеше қырғауыл атамыз деп шыққанбыз, үстінен түстік. Заты бөтен әйтеуір. Сосын әкеліп, мында қамағанбыз. Содан қазір қарасам жоқ, - деді қос алақанын жайған Жанарбай.  

 

- Енді не тұрыс? Кеттік, із кесейік.  

 

- Мына уақытта із шыға қоймайды-ау. Жүр сонда да, - деген Жанарбай көлікке отырды.  

 

Ержан мен Жанарбай ауыл маңын бір-екі қайтара шолып шықты. Ешкім байқалмайды. Тыныштық. Аулаға қайта келгенде біраз адам жиналып қалған екен. Көліктен түскен екеуге бәрі лап қойды.  

 

- Кеше қол-аяғын байлап тастау керек еді ол иттің, - деп кіжінді Шархан.  

 

- Тірі болсын әйтеуір, - деген Жаңыл апа жай ғана күрсініп. Ешкімнің сөзін құлағына ілмеген Жанарбай:  

 

- Ержан, жүр шай іш. Оразаңды да ашпаған шығарсың! – деді.  

 

- Жоқ, Жәке, мен жүрейін. Ауданда шаруалар бар еді.  

 

- Онда ана кешегінің сөмкесін ала кет. Тексеріп көрерсіңдер. 

 

Джонның дорбасын жүксалғышқа салған полиция қызметкері ауылдан ұзай берді. Қалғандары сәкінің үстіндегі таңғы шайға қарай жүрген. «Ниваның» артында будақтаған шаң қалып барады... 

 

 

*** 

 

 

Көктем шыға суы тартылған дарияның аңғарына шыққан көкке қозыларды ауыздандырмақ болып шыққан Шақан шал бір адамның мүрдесін тауып алыпты. Бұл оқиғаны ертеңіне Нұрқат ақсақалдың үйіндегі құдайы тамақ үстінде айтты.  

 

Жиналғандардың бәрі бұл сүйекті әлгі Джонға тиесілі деп түйген. Үнсіздікті Нұрқат ақсақал бұзды.  

 

- Онда астан кейін бір-екі жігіт алып барып жерлеп қайтайық. Адам ғой кім болса да, - деді. Қарияның бұл сөзін көпшілік қоштай кеткен.  

 

Түс ауа Шақан ақсақал жол бастап барып, әлгі сүйекті ақ матаға орап, құран оқып жерлеген. Қауқылдасып, өткен-кеткенді әңгіме қылып америкалықты жерлегендер ауылға беттеп барады.  

 

Күн астында жатып ақжем болған сүйек жас топырақтың астында қалды. Осылай боларын кім білген?! 

 

 

*** 

 

 

Бұл әңгімеге арқау болған оқиғаны бала күнімізде атамыздың тізесінде отырып үлкендерден естігенбіз. Шет-шегі жоқ құм арасын кезген қандай адам деп ойлағанбыз. Ел ішінде небір шытырман оқиғалар бар. Әрбірі бір әңгіме. Бір нәрсе ғана анық. Пиғылы нашарлар тынышсыз өмір сүреді. Кейбірі біздің кейіпкер сияқты көмусіз де қалар, бәлкім?! 

 

 

18.10.2019 ж. 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha