Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Ақын Қуандық Шаңғытбаев

БЛОГТАР

19 сәуір 2019
642
0

Ақын Қуандық Шаңғытбаев

 

     

Бірде Дүйсекең кабинетіне шақырып алды да ақын Қуандық Шаңғытбаев туралы жарты сағаттық хабар жасау керегін айтты.

 

– Бұл кісі кейбір ақындар сияқты мені жазыңдар деп звондаған емес, өзіміз ұсыныс еттік, ол кісі өте мықты ақын, кітаптарын оқып алып бар, – деді.

 

Радионың подвалындағы кітапханаға келіп Қуандық Шаңғытбаев туралы материалдарды 1-2 күнде жинап алып текстің сұлбасын ойластырдым. Ұзақ жылдар қызмет еткенде шығарған азғана кітаптарын шолып оқып шықтым. Кітаптары аз екен. Бірақ жазғандары әдемі әрі бұрынғы ұлттық сарындарды жоғалтпағаны ұнады.

 

Өзіне хабарласып белгіленген күні репортерымды алып Қуағаңа келдім. Есікті өзі ашты. Төле би көшесіне жақын маңда тұрады екен. Шағын екі бөлмелі үй. Ескі үлгідегі әдемі сервант ішінде өрнегі мол кітаптар тұр. Қуандық ағаны шығыс ақындарын аударған, тамаша аудармашы, сол саланың білгірі деп еститін едім ол рас екен. 
         

Біздің жазуымыз жарты сағатқа созылды да одан кейінгі уақытымыз әдебиет туралы әңгімелерге ұласты. Бұл адам ұлы Мұхтар Әуезовтің атақты Абай романына редактор болған. Ар деп аталатын алғашқы жинағына Мұқаң алғысөз жазыпты. Кейін елуінші жылдары ұлтшылдық сарыны үшін алғашқы жинағы тәркіленіп, өзі қашып туған жері Ақтөбе жақта қызмет істеуге мәжбүр болады. Әңгіме басылған соң Алматыға қайтып келіп, Бей, қыздар-ай пьесасы театрда қойылады. 
         

Қуандық ағамен әңгімеміз бітпей қалып оны еріксіз үздік. Мен жастай әңгіме жазған адаммын. Адамды қалай сөйлетуді, көңіл кілтін табуды іздей жүрем. Мына кісі көп адамға сөз айта бермейді, бірақ маған мейірі түсіп отыр деп ойладым. Бірақ уақыт тығыз. 
     

Хабар эфирден өткен күні Қуандық аға қуана хабарласып, мынау жаман болмапты,–деп қостағанын білдірді. Тағы да үйге шақырды. Енді қол босаса Қуандық ағаның үйіне қарай жөнелетін болдым. 
        

Жұбайы Қаншайым апай да адамды жатсынбайтын көңілі ашық жан еді. Ұзақ күнге созылған осы әңгімелерден мен өткен өмір, бұрынғы әдебиет майталмандары туралы көп естідім. Қ.Байсейітов, Т.Ахтанов, Ә.Нұрпейісов, Қ.Аманжолов, Т.Әлімқұлов туралы әңгімелерден көп жайды ұғып түйдім.

 

Жарты сағатқа созылған сол хабар эфирден бірнеше рет берілді.

 

Қуандық аға маған өзінің Махаббат пен ғадауат деген шағын кітапшасын сыйлады. Ол әлі күнге дейін бар. Сырбаз мінезді, терең ойлы сұңғыла адамның әңгімелері де өте мағыналы еді. Оның әдебиет тарихындағы тамаша еңбектері әлі толық айтылып болған жоқ қой деп ойлаймын. Өмірден дүркіреп атағы зор боп өткен ақындар көп, бірақ Қуандық ағаның орны бөлек еді.
                                                                                                          

22.05.2015
 


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу