Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Блогтар
Жұмекеннің күнделігі. 15-17 тамыз

БЛОГТАР

25 ақпан 2019
1064
0

Жұмекеннің күнделігі. 15-17 тамыз

Август, 15

 

Тағы да жүз метр жүріс қосты. ЭКГ-ге екі мәрте салды. Емшілердің қас-қабақтарына қарағанда, әзір өле қоятын түрім көрінбейді. Бұ жердегі дәрігерлердің мені қарап жүргендері (басқаларын қайдан білейін, бірі де солай шығар ) өте аяулы халық: қан қысымы, ЭКГ қорытындысы т.б. қорытынды-көрсеткіштер жақсы болса – жүздері жадырап жүре береді. Мен кейде жүрегімнің ауырғаның (тым жанға батып жатпаса) жасыруға тырысам.

 

Аяймын. Бір жерім ауырды десем – дәрігерімнің қабағына үш-төрт жерден әжім түседі. Қиналады. Әрі аяйсың, әрі сонысы жаныңа жағатын тәрізді. Өз ауруың арқылы біреуді аракідік қинап та қойғың келеді. Әрине, әйел дәрігерді. Сұмдық эгоист жұртпыз ғой.


Түнімен ұйықтай алмай шықтым. Қайдағы бір ойлар әлденендей ұсақ тісті мақұлық боп жанымды кеміріп бітті. Қайта-қайта балконға шығам: жел жоқ, ауа да тымырсық. Аулада әлдекім ыңырсып ән салған тәрізденді. Өзім емеспін бе?


Бала кезімде ән салған жұрттың бәрі қуаныштан, көңіл күйінің шарықтауынан салатын тәрізді еді...


Күн шығыс жақ аспанының қабағы бозарғанда барып, төсегіме қисайдым. Таңертең 9 жиырмада әрең тұрғам, жұрттың бәрі мені аса көп ұйықтайтын сирек адам ретінде қабылдайтынын байқадым (бұрын да бірнеше мәрте осылай болған еді ). Жұрт ылғи жаңсақ түсінеді. Жаңсақ түсінгеннен (немесе) шала түсінгеннен түк түсінбегеннің өзі артық. Бұның бәрі сөз емес сөздер, бірақ шындық. Амал қанша, жазушы да кейде шынын айтуы керек қой.


Тұңғыш рет лифтіге отырып төменге түстім. Лилия Альбиновнаға сәлем берейін деген оймен реанимация бөлімшесіне өтіп бара жатыр ем, не әйел, не еркек, не сары, не қара, не шал, не бала деуге болыңқырамайтын біреу тоқтатып алып: 


- Вы к кому? – деп сұрады.


- Чаң пұң мең кардиал Алму-таң – дедім.


- Ол: Ымм, ага – деді.


Лифтімен түсіп, лифтімен шығуға ғана рұқсат етеді. Тәртіп жағы (әсіресе мен үшін қаталдау) бұрынғыша қадағалайды да жүреді. Бірақ қай тілде сөйлеймін десең – өзің еркің, әлгі айтылған құсатып «қытайша» сөйлеп жіберсең де, ылғи оқыған адамдарға не жетсін, түсіне салады. Чаң пұң, кардиал Алму-таң.

 

 

17 август



500 метр жүрдім. Әуелі ЭКГ-де бір ауытқу болды. Үлкен доғдыр келгенше қалғандары шеше алмайтын бір мәселе болғанын түсіндім. Үлкен доғдыр, әрине, рұқсат етті. Чистое психологическое соображение: жібермей қойса (500 метрге) ЭКГ-нің көрсеткені онша күйлі сурет болмағаны, демек, мотордың халі нашар деген сөз. Мен, әрине, мұны түсінем, уайымдаймын. Осыны болғызбас үшін үлкен доғдыр маған ұрықсат етті. Менің мұны анық түсінгенімді түсінгенде өзі бір түрлі қысылып қалды. Мен: Ничего! Деп қойдым. Жүрек, әрине, менікі ғой.


Өте сезімтал, нәзік жандар бар, баршылық; бірақ күллі карьеристер мен кәсіпқойлар тасқынынан әлгіндейлерді тауып, танып алу оңай шаруа емес. Дегенмен, шын мәніндегі мамандар өз істерінін шеберлері барлық жерде, барлық салада бар екенін ешқашан ұмытпау жөн. Адалдық, білім, талант – лауазым емес.

 

Ж.Нәжімеденов


Бөлісу:
     
Пікір қалдыру:
Captcha
Жазба қосу