Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Аскерхан АҚТАЙ


1974 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы Қызылқайың өлкесінде туған. 1983-93 жылдары М.Зайсанов атындағы Қызылқайың орта мектебін бітірген. Қазақстанның және Моңғолияның жоғарғы оқу орындарында білім алған. Орта мектеп қабырғасынан әдебиетке құштар болды. Оның туындылары Қазақстанның «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Айтұмар», «Ақжүніс», «Дарабоз», «Иман», «Отыкен» т б жуналдарда жарияланды. Сонымен қатар республикалық «БАҚ кз», «Абай кз», «Ұлт порталы», «Қамшы», «Күлтөбе» және басқада сайттарда жарық көріп, оқырмандардан лайықты бағасын алды.   

Аскерхан Ақтай «Ер жеңісі-Ел жеңісі» республикалық жыр сайысының бас жүлдесін, (2012 жыл Астана) Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 155 жыл толуына арналған жыр сайысының жүлделі орынын, (2013 Семей) Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қостанай облыстық «Марал Ишан» мешіті өткізген республикалық «Дінім-діңгегім» жыр мүшайрасының бас жүлдесін (2014 Қостанай), Ер Жәнібектің туғанына 300 жыл толуына арналған халықаралық «Ел қорғаны-Ер Жәнібек» жыр бәйгесінің 3-орын жүлдесін, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қамшы» қоры ұйымдастырған республикалық шығармашылық бәйгесінің «Үздік поэзия» номинациясынан 2-орын жүлдесін, (2015 Алматы), «Дарабоз» байқауының арнайы сыйлығын (2015Алматы) , Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған республикалық «Ұлытау ұлағаты-ұлт мұраты» бас жыр мүшайрасының бас жүлдесін, (2015Астана), Зуқа батырдың туғанына 150 жылдығына арналған республикалық мүшәйрасының жүлдесін (Астана 2016 ж ), Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өкілдігі жариялаған «Бағытым Ислам, Бақытым Тәуелсіздік» жыр бәйгесінің (Өскемен 2016 ж) бас жүлдесін жеңіп алған. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған медальмен марапатталған. «Зүбаржаттың жарқылы» жыр жинағы мемлекеттік тапсырыспен баспаға ұсынылыған (2016 ) «Отың өшпесін», «Жылқышы бидің аманаты» қатарлы драмалар жазған. Баян-Өлгий аймағы әкімінің «Алғыс хатымен» сыйланған. «Қызылқайың өлкесінің мәртебелі азаматы». Өскемен қаласында тұрады. 


 

БҰЛДЫР-БҰЛДЫР КӨРІНГЕН...

 

 

Будақ-будақ бұлт көшкен,

Бурыл таудың бөктері ай.

Бұталы бұйрат жұртта өскен,

Бұла күннің өткені ай.

 

Мұнар-мұнар мұң көшкен

Мұнар белде мұңлығым.

Құлшылықпен күн кешкен,

Құдіретке құлдығым.

 

Күлдір-күлдір кісінер,

Күн астында күлік жыр.

Кім бар сені түсінер,

Күрсінбе қалқам, күліп жүр.

 

Ойдым-ойдым ойы көп

Ойғыр қайда, мен қайда?.

Оңынан тусын айы деп,

Оңаша қалсаң сен де ойла.

 

Сылдыр-сылдыр сылқым үн,

Сырғалы көлдің толқыны-ай.

Сыңғырлаған күлкінің,

Сыры қалған сол күн-ай.

 

Бұлдыр-бұлдыр көрінген,

Бұғылы ма, Бұлғын ба.

Бұралып бұрымы өрілген,

Бұрыла кеткей құрбыңа.

 

 

 

 

ШИЫР ІЗДІ ДҮНИЕ...

 

Тізгініне кім ие,

Ай бір ұшқан күміс шар.

Шиыр ізді дүние,

Шылбырынан кім ұстар?

 

Жер теңізде тербелген,

Ғасыр-көшкен керуен.

Бір шетінде сергелдең,

Бір шетінде серуен.

 

Ұрттағаның ұртыңда,

Татқан дәмің таңдайда.

Сұрмерген ту сыртыңда,

Тағдырың тұр маңдайда.

 

Қалың тағдыр-қара ағаш,

Топыраққа иілсең.

Жер астында жалаңаш,

Жер бетінде киімшең...

 

Желкілдейді тал билеп,

Жез бұйдалы жел көшіп.

Іңір сазы әлдилеп,

Тербетеді жер бесік...

 

ЖЕЛ САРЫНЫ

 

Ғасырлардың жады толған қасірет,

Мүсіндерде саңғырық.

Ғұнның ғана жанарында жасыл от.

Аспан асты жаңғырық.

 

Өзегінде тарихтың шер нала,

Өксік аққан арна мың.

Көтеретін бұ ғаламда жер ғана.

Көз жасының салмағын.

 

Замананың көрі бәлкім қазылған,

Шалқып ішкен шараптар.

Улы жаспен жылан бауыр жазылған,

Шимай шатпақ парақтар...

 

Қорғасын бұлт, жерге жетер нұр әрең,

Иініңде ауыр мұң,

Күнде қырық құбылады бір әлем,

Аспанындай сәуірдің...

 

БАЛАЛЫҚ-АЙ...

 

Жұта салып қымызды шала-мала,

Ойында тек ойын мен дала ғана.

Біз едік қой кешегі жалаңаяқ,

Қалқан құлақ, тақырбас, қара бала.

 

Асау тайды жүгендеп өзі барып,

Жабысатын жалына көзі жанып.

Күрең құртты қажалап, айран ішіп,

Сар қабақта жатушы ек қозы бағып.

 

Көк серкеге шалманы лақтырып,

Күлуші едік сақылдап жылап тұрып

Тарақұйрық ауладық, жар жағалап,

Сарыбеткейде суырға тұзақ құрып.

 

Бір ауылдың деуші едік,тұйғынымыз,

Еркін алдық тәңірдің сыйлығын біз.

Жайлақ атпен бәйгеге шабушы едік,

Ойылса да қарамай құйрығымыз.

 

Тас бұлақтың суынан қанып ішіп,

Бала көңіл пәк сезім алып ұшып

Балалық шақ қалғандай қойнауыңда,

Жусанды сай, бозтөбе бәрі де ыстық.

 

Айна көлде аққудай жүзіп арман,

Бала күннің беліңде ізі қалған.

...Бір тал жусан сақтаулы әлі менде,

Төскейіңнен туған жер үзіп алған.

 

ҚАЙДА ЕКЕН, ҚАЙДА АУЫЛДАС...

 

Қара ағаштай тамырлас,

Қалды екен қайда бауырлас.

Қоңыр бел еске түскенде,

Жүрегің қалай ауырмас.

 

Жолыға қалсаң амандас,

Қайда екен, қайда замандас.

Қарлығаш қанат хат жазып,

Қайта- қайта хабарлас.

 

Сағыныш сазы арылмас,

Жүрсіңбе алыс ауылдас.

Қара көзі мөлдіреп,

Қайда жүр екен қарындас.

 

Үміттің отын жағар жұрт,

Қара адырға жауар бұлт.

Қараша қырға келгенде,

Қарашығым хабар күт.

 

Кеткенде ұшып шағала,

Көз салдың ба екен жағаға.

Көкмойнаққа күн сайын,

Қарап жүр ме екен, жан аға.

 

Жылт етіп жырлар лағыл,

Жырақта сонау мың ауыл.

 

Жылдардың ескен желінен,

Жылыстап көшкен мұң ауыр...

 

 

 

Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар

Көп талқыланғандар