Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Құрманжан Қасымжанұлы


Құрманжан Қасымжанұлы  1981 жылы 10 қазанда ҚХР Іле қазақ облысы, Өртекес ауданында дүниеге келген. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ де филология факултетін тамамадаған. Бүгінде Алматы облыстық Жетісу телеарнасының жаңалықтар бөімінде тілші болып жұмыс істеді.

КИІЗҚҰЙРЫҚ ҚАРА АЙҒЫР

                                    

(әңгіме)

                                                     

 

Шілде туып күн төбеден қадала түскелі Балықсу жазығы сарғылтым тарта бастаған. Үстірт өңір дегенмен аспан көгере қалғанда, шіліңгір ыстығы ми қайнататын. Таң атып күн арқан бойы көтерілгенде-ақ жылқының жауы қара шыбынның қаптайтыны бар. Ана оқырасы құрғырын атай көрмеңіз, безілдеп келіп инесін қадағанда, небір бекіредей бестілердің өзі имелеңдеп жанын қоярға жер таппай кететін. Дәл осы кезде есті жарықтық өрістен біреу айдағандай топ-топ болып желе-шоқыра қыз бұрымындай ирелеңдеген Балықсудың иірімдеріне келіп түсіп жататын.  Күні бойы су жағасында бас көтермей үйездейтін.  Бұлақ басындағы қоқиған жалғыз там -  Қырқымхана. Сиыр баласының ыстықтан бас сауғалар «құтты мекені». Елдің «құтты мекен» дейтіні маусым туғаннан шілденің басына дейін болатын қырқым науқанында малшы қауым бұл қырқымханаға асқа барардай ағылатын. Әр күні қымызға қызара бөрткен ауылдың ақсақал-көксақалдары үкімет қырқымшыларға асқан тайқазанынан бірге түстенетін. Алқа-қотан отырып,  көппен бірге қауқылдасып, әртүрлі әңгімелер тиегі ағытылушы еді. Мұндайда «Байдың асын байқұс қызғанар» дейтіндей емес, ферманың шолақ белсенділерінің өзі ішін кеңге салатын. Түс ауа айналадағы дүкені бар қостардың алдына қаңтарылған ат қарасы көбейіп, саудагердің саудасы қызатын. Күн еңкейе бұқакөзденген, аспан астын жалғыз билейтіндей үзеңгіні шірене тебінген «батырлар» кезек-кезек ат ойнатып шығатын. Оған ауылдағылар әбден көз үйреткен. Мұндайда «мас келе жатыр» десе, бала біткеннің зәре құты қалмаушы еді. Қырқым аяқталса, жұрт жоғалған жоғын тағы осы босап қалған тоқал тамнан табатын. Тіпті, Ақдаланың (көрші ауыл) елі де пәленше күннен бері көз жазып қалған тана-торпағын осы «құтты мекеннен» іздейтін. Ал Шопан ата түлігі Балықсуға шамамен төрт-бес шақырымдай болатын Бестам мен Құнантөбенің арасындағы кең қырқалы жазықтың жусанын шайқап, изенін шымшып, бөрткендей болып бығып жататын. Түс қайта қойшылар шайдан келгенше, Жіңішкесудың жағасы ми-ми болып, қалың отар араласып кететін де, «ой, әкеңнің... аштан өле қалмас едің ғой, ей, осы уаққа дейін өгіздің басын мұжып отырдың ба?»,- деп тақымдап, қойшыларын кінәлап, қуып жүрген мал иелері жиі көзге түсетін. Осыдан сәл жоғары Қонақай өзенінің батыс жағындағы кең шабындыққа арналған, Көкбасының қоруында болатын Құркесіктің шөбі құтырына өсіп, ат тұяғын сиыр бүлдіргені қызылға бояп жататын.

Аттауынан бастау алып, аяғы Қотырқайға дейін баратын Балықсу бойындағы қаз жұмыртқасындай қатар тігілген ақ шаңқан үйлер күн санап сиреп, қара кемердің жағасы кетіліп жатты. Әне-міне дегенше, Балықсу жайлауындағы малшы ауылдың құйысқаны көтеріліп, ойжайлаудан төржайлауға көшуге буынып-түйініп қопақтай бастаған.

***

Жаңа ғана мал көздеп келген Тұржұма киізүйге кірді де, орын талғамай отыра кетті. Кемпірі екеуі ашылып сөйлеспегелі де біраз күннің жүзі болған. Отағасы Жамал ұсынған бір кесе қымызды бір деммен сіміріп жіберді. Құшырланып барып аузын жеңімен сүртіп, іш босатып кекірік ата терең күрсінді.

– Е, жалған дүние-ай, бұл жаздың да қызығы бітті-ау... енді жайлау деген аты ғана болмаса, ұйқы бұзылар шақ келді, ақсақал-көксақалдармен қыдырып қымыз ішіп, қозықуырдаққа тойып, қолдың майын қонышқа сүртер күн қайда?! Жер тарылғалы алақандай жазық та тез тақырланатын болып алды. Шөп шабыс құрғырдың да уағы жақындап келді, – деп кемпіріне сүзіле қарап еріндерін жымырды да, жантая кетті. Шаңыраққа қарап үнсіз жатқан Тұржұманың жасы алпыстан жаңа ғана асқанымен, бейнетқор жанның жүзіне жайылған әжімдері тереңдей түскен. Баяғы оттай жанып тұратын бүркіт қабағының астындағы өткір жанарының да нұры әлсірей бастаған. Тек бөрі арығын білдірмес дегендей, жүзіне сән беріп тікірейіп тұрған қою қара мұрты ғана. Айналасы қыртыстанып, қызараңқы тартқан көздерін ашып-жұмып әлдебірдеңені уайымдап жатқанын кемпірі де сезді. Қымыз ішілген кесені алып жатып:

– Ана тентегің бір жағыңнан шыққанда ғой, шөп шабысты мұнша уайымдамас едің, соны алдап-сулап шақырып алсақ қайтеді?! – деді Жамал жаймен ғана күңкілдеп.

– Атама оны... Онсыз да өз күнімізді көре аламыз, – деді басын  жұлып алған Тұржұма. Аз-кем үнсіздіктен кейін қайта сөзін жалғап:

– Ол бала емес, бәле! – деді кемпіріне ажырая қарап, қатқыл үнмен. – Қит етсе жетесіздің сөзін сөйлеп жүріп, жүгенсіз жіберген сенсің! Оны енді тірі тұрып осы босағадан аттатпаспын... – деді отағасы тісін қайрап, атжағын бұлтита. Өмірі өркөкірек күйеуінің бетіне тік қарап сөйлеп көрмеген Жамал бұл жолы да әдеттегідей кеуде тұсы шымырлағанмен үнсіз қалды...

Тұржұманың бірбеткей тік мінезін Жамал ғана емес, жамағайынның бәрі біледі.  Өзгенің айтқанына көніп, ығына жығылатын ол жоқ. Кез келген шаруада аталас туыстарының да ақылына пысқырмайтын. Өзі әкеден жалғыз.  Ұлы Ербол да тура әкесінің аузынан түскендей, «ұқсамасаң тумағырдың өзі» еді. Бұл реткі өкпе-реніштің шығуына да сол «қалауымды істетем, мен өз жөнімді өзім білем» деген баяғы туабітті мінез себеп болған. Биыл фермадағы 11 жылдықты бітірген Ербол сабақты жаман оқымайтын. Өз ұстанымы бар ұстарадай қара бала оқу озаттарының бірі еді. Болашақ арманы әлсізге араша түсіп, әділеттің сөзін айтар құқық қорғау саласында қызмет ету. Осы мамандық өз болмысына да дәл келетіндей... Әкесінің қарсылығына қарамай жұртпен бірге сынақ та тапсырып қойған. Алайда мұнда тегін оқу жоқ. Оған ең қиын соғатыны -  оқу қаражатын төлейтін әкенің бұл ойына қарсылығы. Жалғыз ұл деп жанынан шығарғысы келмейтінін іштей білсе де, көкіректегі бозбала аңсары жанына маза бермейтін. Осыдан екі ай бұрын Ербол қатал әкенің қалауын біле тұра, дастархан басында сөз бастаған:

– Әке, қаламайтыныңды білем, бірақ мен қалаға барып, жоғары оқу орнында оқығым келеді. Ертең қара табан қойшы болмай, жөні дұрыс маман иесі атансам деймін, ол сіздерге де жақсы емес пе! – дегені сол-ақ екен, сөз соңын іле жөнелген ашулы әке:

– Үй, сен не деп көкіп отырсың, ей, сені бағып-қағып осы күнге жеткізген кім? Сол қара табан қойшы емес пе?! Соңымнан ерген жалғыз қарам ер жетті, бар шауаны енді соған тапсырам деп жүрген жоқпын ба?! Ал, мына жетесіз, әкесі жер ортадан асқанда дала безіп, қала кезіп қаңғып кеткің келеді екен ғой!

– Әке, мен ғана емес, елдің балаларының бәрі үйкүшік боп жүрген жоқ. Көзін ашып, қалаға барып, оқуын оқып жүр, ал маған үнемі өз құйрығын қуалаған соқыр мысық бол дейсің, – деді әкесінің бетіне тіке қарап.

– Сен ана түтін – Тұрсын мен етікші Жақыптың опасыздарынан өнеге алайын деген екенсің. Қартайған әке-шешесіне мал бақтырып, бейнет тартқызып қойып, оқыған оқуының тамтығы жоқ, қалада тайраңдап жүр. Солар көзі ашылып ғалым болар деп пе ең?! Ей, есуас, қала жағалағандардың бәрі бұзылып, пияншік боп келіп жатқанын өзің де көріп жүрсің ғой, – деді Тұржұма ұлына төне түсіп. Бірақ оған міз баққан Ербол жоқ.

– Бәрі бұзылып кетті деп кім айтады... – дей бергенде:

– Болды жетер, – деген айқай құлақ тұндырды. – Ешқайда да бармайсың, ешқандай оқу да жоқ саған ... – деп сөзді кесті. Бағанадан сөзге араласа алмай жаулығының ұшымен жасын сүртіп кемсеңдеген Жамал енді шыдамады:

– Садағаң болайын,  әкесі, жалғызыңның бетін қақпасаңшы, мына заман оқығандардың заманы ғой, осыншама бірмойын болармысың?! Іштен шыққан шұбарың ғой, қатарынан қала ма енді, – деп кеңкілдегенде, одан ары тыңдауға шыдамы жетпеген Тұржұма айқайын тіпті де үдете түсті:

– Не... екеуің тіл біріктіріп алып, маған қарсы шықпақсыңдар ма сонда? Ей, қатын, мына мен үшін сен шешім айтатын болғанбысың? Мен де құзғын емеспін, мал-жанды өсіріп, осы халге жеткенде қисая кетсем, бәрі далаға шашылып, ұры-қарыға талансын дейсіңдер ғой! Жоқ, олай бола қоймас. Иттің күшігі, мен айттым бітті! Екінші қалаға барам деген сөзді аузыңа алушы болма, – деп ақыра сөйледі Тұржұма, бар даусымен ентігін зорға басып. Жанарынан жас парлап, қос қабағының арасы тершіп зорға шыдап отырған Ербол қыстығып барып, орнынан атып тұрды:

– Әке, қой соңында қор болып өмірімді өксіткім келмейді. Қалаға да бармаймын, қимай отқан сасық байлығыңның да керегі жоқ маған. Енді мені көрмейсіңдер, – деп ашуға булыққан бойы адымдай басып үйден шыға жөнелген. Жер текпілеп қарғанып, боғын пышақтап әке, етегі жасқа толып ана қалған. Сол кеткеннен Ербол аудан орталығындағы нағашысының үйіне бірақ тартқан. Бірбеткей ұл ол жақта құр жұрмей Ұйғыр базарды жағалап, ұсақ-түйек сауда-саттықпен айналысып өз күнін көре бастаған.

***

Жайлауға малды кісі жалдап айдату керек. Болмаса бірге туған бауыры жоқ жалғызілік жылқышыға көмектесе қояр ешкім де табылмас. Оның үстіне осыған дейін де мал қосып, көмекке келетіндердің жасаған тірлігі отағасына жақпай, ауыр-ауыр сөз естіген. Сөйтіп беттері қайтқан. Тіпті жақын-жамағайынның балаларын да қыңыр сөзімен қажыртып жүріп екінші келместей еткен. Шым-шытырық ой үстінде келе жатқан Тұржұма кілт ат тізгінін тартты. Әлгі алжыған кәрі бие мен соқыр айғыры есіне түсе қалған екен. «Енді жайлауға жете алмайтын күйсіз «кәрілерді» қайтсем екен» деген беймаза ой мазалай бастады. Үш күннің алдында ғана сол екі басты Жіңішкесу жағасынан сазға батып жазым болмасын деп, Құнантөбенің артындағы текшеге қақпалап жүріп зорға жеткізген. Жануарлардың өлгенінен өзге ештеңесі қалмаған болса да, соқыр қарасы дегенде Тұржұманың шығарда жаны бөлек еді. Енді бірден Құнантөбені бетке алды.

Жылқылары өзі қайырып кеткен текшедегі жырынды бұлақтың жағасында жүр екен. Өзге мал қарасы аса көп емес. Бір отар қой мен бірнеше үйір жылқыны ғана көзі шалды. Ел жайлауға бойдақ-сойдағын жеткізгелі мал қарасы да сиреп қалған. Тұржұма, шалдың тақиясынай үшкір басы шоқиып тұратын Құнантөбенің дәл үстіне шығып, аттан түсті. Астындағы ұзынша келген қаратөбел атының айылын босатып, жүгенін сыпырды. Қанжығадағы месті шешті де, қолтығына қыса тұрып, тізгінді шылбырға жалғады. Ал, жануар, шамалы қарпытып ал дегендей ат басын жіберіп, төбе үстіне отыра кетті. Қолындағы месті ары-бері толғап-толғап шайқалақтатып алды да, онсыз да қанжығада шайқалып майы бетіне шыққан боз қымызды езуінен тамыза ептеп көтерді. Асықпай қылқылдатып жұтып-жұтып алып, местің аузын қайыс баумен қайта байлады. Алақанымен аузын сүртіп, тізесінің тұсында шошайып тұрған шөпті сындырып алды да, тістелеп жатып, Киізқұйрық қараға телміре қарады. Осынау шілдеде қырқаның бетегесіне тойынған өзге жылқы баласы сауыры төңкеріліп, қос жамбасының арасына бармақтай сай түсіп дөңгеленіп алған. Ал кәріліктен тісі әбден мүжілген қара айғырдың арқасы пышақтың қырындай болып, қабырғасы арсиып алыстан саналып тұр. Кернейдей боп тірсегіне соғылған бір құшақ ұя құйрығы құймышағына ауыр салмақ түсіргендей. Ия, құлынынан қолында өскен жануары биыл 25 жаста. Тұмсыққа түскен ұзын кекілінің арасынан үңірейіп оймақтанған жалғыз жанары әлсін-әлсін айналаны шола қарайды. Жануар өзінен екі жас кіші қарагер биенің жанына құйрығын бұлғақтатып теңселе басып, желгенсіп барып, кіжініп қояды. Шалдың тілі секілді жануардың тілі де аузы ашылса салаңдап тоқтамайтын болыпты. Сүйекпен бірге кететін қу нәпсі мал екеш малда да бар ғой. Бие жанына жақындап, әлі де айғырлық жасағысы келеді. Онсыз да өз аяғын зорға басып тұрған кәрі биеге артылмақ болып қарекеттенеді. Қамшысын жартылай шығарып, қанша ұмтылғанымен, кеуде құрғыр орнынан бір қарыс та көтерілмеді. Қолтық еті дірілдеп, шабынудан қалғалы қашан... Енді түк өнбесін білген жануар басын жерге салып, көк шымшылай бастады. Екеуінің де күйі тым нашар, екеуі де үйірге еруден қалған. Тұржұма бұл көрініске қарап тұрды да, не күлерін, не күлмесін білмей мелшиіп қалды. Дәл осы кезде бұлақ басында тұрған екеуге бір үйір жылқы жақындап келді. Қартайса да ескі әдеті қалмаған соқыр қара шіңкілдеп бір кісінеді де, топ жылқының алдынан орағыта имелеңдей желіп шыға келді.  Үйірдегі есік пен төрдей тоқпақжал торы айғыр да суырылып шығып, соқыр қараның жанына жетіп келді. Өзара иіскелесіп, бірер кісінескенсіп қойды. Артынша жай ғана басын шайқап, құйрығын бір қақты да, айналып желіп кетті. Өзге биелер де дым сезбегендей  бұлақ суына бас қойып жатты.

– Е... жылқы, жарықтық, бүгінде қадіріңді білер жан бар ма? Ойқастап топтың алдынан басқа айғыр шыққанда, ана тобылғы торы арқасын сылып алар еді-ау... Есті жануар ғой! Қу сүйегі сықырлап, заманы кеткен кәріні біліп тұр ғой! Хайуан болса да қор етіп, тіс батырғысы келмеді. Бұл күнде мұндай тектілікті адам баласынан күту мұң! Жасым қырықтан асқанда Құдайдан сұрап алған ана тентегім реті келсе сақалға жармасар түрі бар ма қалай? Бірақ өйте қоймас, мінезі адуын болғанмен, тегі бар ғой, құйып қойған өзім. «Мінезсіз еркек – еркек емес, телпек» деуші едім, енді сол ұлдың шадыр мінезі немен тынар екен?.. Осы ойдан кейін болымсыз езу тартып, ауыр күрсінді де, қарт жылқышы шылбырға жалғанған жүгенді жамбасқа басып жантая кетті.

 

 

 

***

Жылқы фермасының бәсі озып, десі жүріп тұрған шақ. Үйсін тауына арқа сүйеп жатқан алақандай ғана ауылдағы Қамбар ата түлігі түмен бастан асып, жылқы баққандардың мұртын балта шаппай тұрған кез. Ферма жылқылары түр-түсіне қарай боз топ, торы топ, қара топ, жирен топ сияқты болып өз нәсілімен бөлініп бағылатын. Қойшылардың көзі жаутаңдап, көктем шыға жылқы қостарынан қойшы мінер тай-байтал сұрап келетін. Ол кезде Тұржұма Атзауыттың (ауыл аты) мақтаулы жылқышысы атанып, «қара топты» қолына алған. Әкесі жастау кеткендіктен анасының бір жағына шығып, шаруаға ертелеп араласқан. Атқұмар жігіт үкімет малының соңында мұрнына су жетпей жүріп отыздың ортасына келгенде зорға үйленді. Онда да анасы жылап-сықтай бергесін, Рәсіл қарияның кенже қызына құда түсуге көніпті. Тұржұманың бұл некеге бірден бас изеуінің тағы бір себебі де қыздың сұлулығы емес, қайын атасына жақын жүру болатын. Өйткені Рәсіл ауылдағы мүлт кетпес айтулы ат сыншысы еді. Сол некеден кейін Тұржұманың өмірі де, заман да өзгерді. Партияның кезекті құрылтайынан кейін тай қазан шағылып, жылқыны жеке меншікке үлестірген. Тек ұжымдық жұмыстарды ғана үкімет жүргізіп отырды. Ал басқа шаруа әркімнің өз қарекетіне қарай болып жатты. Тұржұма да ел қатарлы «темірмал» деп 25 жылға көтере берген бір айғыр, он бес биеге иелік етті. Сол тұста жалғыздығын көлденең тартып барын салып жүріп, Сәбет жерінен әкелінген қаратөбелдің үйірін алып қалған. Сондағы бар ойы тегі мықты  осы жылқыдан бір жүйрік маңдайыма бітіп, мама ағашыма байланар деген үміт еді. Солбір жылы қыстай қара суық қатты болып, көктем де шықпай созылып жатып алды. Шөп шабыста желкесі тартылып, сылбыр қимылдайтын шаруалардың көтеремі көбейіп, шығыны артқан. Қыстауда отырған Тұржұма да күйі кеткен буаз биелері мен жабағыларын ерте бастан қолға алды. Солардың ішінде осқырынып көзінен от ойнап тұратын бітімі бөлек, шымқай қара құнаны болды. Осы жануар бәйгелі болсам деген арманымды орындайды-ау, ит-құсқа жем қылып алмайын деп қоңдылау болса да қораға ерте кіргізген. Сәті түскенде соғым басына келген қайын атаға сынатып та көрген. Шыр айнала қараған қарт сыншы сақалын саумалап тұрып:

– Балам-ау, мына қылшық қараң құлында байланған ба еді? – деп сұрады.

– Е... ата, бұның құлынындағы асаулығы сұмдық болатын. Жұдырықтай кезінде басына үш жігіт жабылып жүріп ноқта салып, желіге зорға тиектегенбіз. Үш күн бойы алысып, қара жерге денесін ұрып тоқтамады. Артынша мойнын қайырып ала ма деп ағытып жіберіп тыныш қылғанбыз. Өзі бір қыңыр. Содан бері жалына қол тигіздірген емес. Көрдіңіз бе, осылардың ішінде ту құйрығымен жүрген осы ғана, –деді Тұржұма мұрнын тартып, мақтауын жеткізгендей. «Іммм» деп сәл кідірген ақсақал иегін қағып, басын шайқады:

– Балам, бұл жылқы баласының еркесі екен, арқасына ер салдырса дегеніңе жеткізер, бірақ мұндай мал мінерге бітпейді. Тек үйірге туған. Көзінен көкжал ығатындай өткір-ақ екен. Жолбарыс кеуделі, бекіре белді, тірсектері түйедей сіңірлі. Мұның тұла бойы тұнған күш. Құнан шығар күнінде-ақ екі ені толық түсіп алыпты, – деді айналып арт жақ тұсына келген сыншы еңкейе қарап. –Жалы қылшық болғанмен, құйрығы майда. Артынан шұрқырап төл ергелі тұрған жануар ғой бұл, – дегенде көптен күткен сыншы атаның сөзіне күйеу баласының көңілі аса тоймаған. Тек «арқасына ер салдырса дегеніңе жеткізер» деген бір ауыз сөзін малданып, «сол да сөз болып па? Әлі-ақ мұны тақымымда таң асырам» деп іштей марқайған. Бұл қыста итқұс малға көп тимеді. Десе де, Тұржұманың жабағыларынан үш-төртеуі көтеремнен өлді. Бірақ оған іш тартқан жылқышы жоқ. Не де болса, созылған қыста өзге жабыны қара құнанның жем-шөбіне ортақтастырмайын деп шешкен. Қылшық жүнді қарасының қазіргі еті де жаман емес.

 

***

 

Мамыр басы күн көзі көрініп, көк қылтиып, малшылар етекке түсіп төл алып үлгерген. Онсыз да қысы ұзақ өңірде маусым тумай күннің көзі жадырай қоймайтын. Жаз қызығын асыға күткен қауым көктеулікпен көршілес жатқан ойжайлауға жамбас сырғытып жатты. Желінің қазығы қағылып, айғырдың сауырына май жаққан күні Тұржұма көптің көзінше жылтыраған қара құнанның басына жүген салам деп жоспарлаған. Міне, бүгін сол күннің сәті түсіп тұр. Құнан болса да жабағысы арқасына қатып жүрген сәуіріктермен кіжінесіп, үйірге көз алартып жүргенін көргенде жылқышы іштей сүйсінгенмен; «Ой, жарым-ес, түріңе қарасаңшы. Айғырдың тісі батпай жүрген арқаңа ер салған күні көрерміз! Байтал түгіл бас қайғы боларсың әлі-ақ» деп мырсиып қоятын. Бүгін ала таңда бозторғайдың шырылымен оянған отағасы Жамалды оята салып, арқандаулы қаракерге ер салған. Қаратөбелдің үйірін айдап келіп, желінің қазығын қақпақ. Басты көздегені қара құнанды жуасытып, Ақанның Маңмаңкеріндей мәпелеп көрмек. Кеше кешке Жұмыр Тұрсынбектің бір жартысын алып беріп, асауына мініп беруге өтініш айтқан. «Мен, мен деген асауың тақымыма түскенде біледі ғой мені. Мөңку былай тұрсын, билейді ғой, ағасы, билейді...» – деп тілін шайнап қарқылдап бір күліп алған қызулау Тұрсынбек. – Маған билеткенің керек емес, үйреткенің керек. Есіңде болсын, шырағым, ол көктемнің көтеремі емес, құнан күйлі-қуатты, байқарсың, – деген Тұржұма сұстана. Қатулы жылқышының сесінен ес жинаған Тұрсынбек «Ағасы, қанжығаң берік болса болды, басын өзім үйретіп берем» деген нық сеніммен. Тұрсынбектің «Жұмыр» атануының бір себебі тойдағы төбелестің майталманы болса, екінші себебі асау мінуден аты шыққан тақымды жігіттердің бірегейі еді. Не керек, көрші-қолаң жиналып, құлындардың шала қалған ноқталарын Жамалға, әне-міне дегенше, есісіп үлгірген. Желі арқан мен қазықтары, тиектер мен шықталары, тоқпағына дейін тегіс әзірленіп қойған. Тіпті жылқы терісінен тігілген қарасұр саба да, қарағайдың бүрімен ысталып, сарғыштанған қалпы өренің жанында жел қағып тұр. Бір қауым адам Рәсіл қарияның әңгімесіне ұйып, есік алдына жайғасқан.  Ет пісірім уақытта жылқы да келді, әне-міне құлындарға ноқта салынып, желі басына шашу шашылған. Ырымдап Қаратөбелдің сауыры майланып, қазық басына ақ құйылып, жақсы тілектер айтылды. Желі басында жұлқынған асау құлындарға көпшілік сүйіне қарап отырып, Жамалдың берекелі дастарханынан дәм татысты. Ақсақалдардан асықпай ас ішіуді өтінген Тұржұма, Жұмыр бастаған екі-үш жігітті ымдап шақырды. Қолдарына құрық алып, айғай салым жердегі өзенге қарай беттеді.

Үйездеп тұрған топ жылқыны аңдып барып үркіте-мүркіте айналдыра тастаған шалмасы, қара құнанның қылқа мойнына орала кетті. Лап беріп жағаға ұмтылған аттардың соңынан ілесе шыққан Тұржұма, қыл арқанды тістенген қалпы шірене тақымға басты. Топтан бөлініп арқанның бір ұшында бұлқынған жануарды жігіттердің бірі құлақтан басса, енді бірі құйрықтан тақымға алды. Арқанды сәл босатып демін алдырған жылқышы дереу асауға ер салуға бұйырды. Тырп естпестей тұқырып тұрса да, төсінен тартпа алып, құйысқанын салу оңай болмады. Жарықтық маңына адам жуытпай, қарғылап алысумен болды. Бойынан халі кетіп әбден қалжырады-ау дегенде Жұмыр да ер үстіне қонуға ыңғайланған. Ол Тұржұмаға қарап ентіге: «Мен қашан қанжығаға жармасып алғанша, құйрықтан айрылмаңыз» – деді. Тұрсынбек лып етіп ер үстіне отыра кетті де, «жібер» деген дауыс шығысымен құлақ та, құйрық та босады. Қарақұнан аспанға кісі бойындай атылып барып, жерге түсті. Бір орында тұрып-ақ шыңғырып, көтеріліп қос бүктеле барып жерге зырқ ете түскенде Жұмырдың іші-қарны ақтарылып қала жаздады. Тізгінмен қанжығаға жармасқан Тұрсынбек бастабында кәдімгідей шыдайтын сыңай танытты. Бірақ төрт-бес қарғығаннан-ақ қалпақтай ұшқан жігіт жерге жауырынымен жалп ете түсті. Құр ер тоқымға мөңкілей тулаған құнан Балықсуды жағалап  құйғыта жөнелді. Артынан Тұржұма бастаған жігіттер тұра ұмтылған. Ыңыранып барып, демін зорға алған Жұмыр қос қолымен ішін басып, жер бауырлап отыра кетті. Әлгі үшеуі асауды су жағалай айналдыра қуып жүріп ұстап әкелді. Құнан әлі мөңкігенін қояр емес. Тағы бір кезек байқап көресің бе дегендей Тұржұма Жұмырға қарап ым қағып еді, бірден бас шайқады. – Аға, мынауыңыз сұмдық екен, көкбеттің өзі, бетім қайтып қалды, – деді, кешегі өктем сөзінен жүзі қызарған Тұрсынбек.   -  Мен көрейін, – деді Тұржұманың жалшысы Нұрбақыт. Банағыдай құлақтап тақымдап тұрып құнанға енді Нұрбақытты қондырды.  Бірақ бұл жолы арқан ұшын ат иесі қолынан босатпады. Әй-пүйге келтірген жоқ. Нұрекең де қаңбақтай ұшып барып, көкжелкемен түсіп естен танып қала жаздады. – Ой, әкеңнің, мынау ешкімді шақ келтірмейін деп тұр ғой. Өзім-ақ көрейін әуселесін жаманның, - деген Тұржұма ашуға булыға атынан атып түскен. Жасы қырыққа жақындаған жылқышы «әу, пірім, қолдай көр, деп асаудың арқасына қона кеткенде, дәп өзі міне жуаси қалатындай көріп еді. Оқжыландай атылған сүлікқара мөңкудің нағыз шебері болып шықты. Қоянша бүктеліп, мысықша қарғи жөнелгенде, Тұржұма да жерге қадалған қазықтай майлы құйрықпен түсіп, жердің шаңын бұрқ еткізді. Өкпе-бауыры орнын таппай, демі сығылған қара мұртты жылқышы қара жерге дөңбекшіп, дем тарта алмай біраз қиналды. Осы кезде анадайдан бағып отырған Рәсіл қария да жетіп келген. – Амансың ба, балам? – деп орнынан тұра алмай жатқан күйеу баласының арқасынан қағып, қолтығынан сүйеді. Қатты ауырсынған жылқышы: «Оййй, әкесінің, басын кесем мынаның» – деді тынысын зорға алып. – Әй, шырақтарым-ай, мен жылқы танысам мынауың езуі жұмсақ жылқы емес. Жаратылысы бөлек жануардың көз шанағында әзәзіл түк көп екен. Мұндай Қамбар ата баласы тым сирек кездеседі. Қарашы тұрған тұрысын, ішіне жын кіргендей, құр ер тоқымға тулап жатқанын. Бұл оңай оспақ дегеніңе көне қоймас. Оның үстіне буыны құрып тез шалдығар көктемнің көтеремі де емес. Біреу-міреуің мертігіп қалмай тұрғанда жалына жабысқанды қойыңдар түге, – деді қария бас шайқап. Арқанның бір ұшында көзі шарасынан шыға жаздап, қақпанға түскен арландай ауыздықты тістелеп, аласұрып тұрған құнанына шамалы үнсіз қарап тұрған Тұржұма: «Қайтсем де жуасытам бұны. Ертең-ақ тақымынан қылқұйрық құтылмаған Дотты шақырам. Сол береді мұның жазасын. Жігіттер қазір сендер барда бұл «көкбетті» жығып, шідерлеп алайын» – деді нығызданып.

Ертесі Тұржұма күн арқан бойы көтерілгенде еңгезердей денесін зорға сүйреп тысқа шықты. Айналаны шолып, құнанын көздеп еді, кешегі шідерлеулі жерінен бір адым аттамапты. Басын жерге салған күйі жануар әлі қасарысып тұр. Шайын ішіп, «Жылқы пірлі» Дотты әкелуге ниеттенген отағасы қара тентегінің жанына келіп еді, көзіне құнаны өзгеше көрінді. Көздері шүңірейіп, басы ісіп кеткен. Қара тер басып қалшылдап тұр екен. Кешегі айбат шегіп осқырыну, текеше тік қарғып, асаулық танытудың сықпыты да байқалмайды. Атынан қарғып түсіп бажайлап қараған Тұржұма,  малын жылан шағып қойғанын сонда ғана білді. Енді қайтпек керек. «Топыраққа әлі тойына қоймаған жыланның уы өткір болады, анау-мынау ем қол болмайды» деп жатушы еді үлкендер. Тезірек ем жасамай, уыт денеге жайылса жылқышының бұдан біржола айырыларына көзі жетті. Бірден есіне оралған түйеші Қасымханның үйін бетке алып, қаракеріне қамшы басты. Шылғиқайысы мол Балықсу жағасында мұндай жағдай жиі болып тұратын. Тек бұған Бураның зәрі ғана мыңға бір ем тұғын. Осы емнен аман қалған жылқы баласын Тұржұма осыған дейін бір рет өз көзімен көрген. Мұндай кереметке өзі де таңдай қаққаны есінде. Түйе жарықтық көктемде жылан жемесе, қом жинап, өркеші тұрмайды дегенді шалдардың аузынан естігені де бар. Тіпті аяғына шуаш байланған адам сол зәрмен бір мәрте жуынса құлан- таза айығады дегенді де құлағы шалған. Ол - ол ма, қатындардың; «тісі қақсағандар осы киелі түліктің зәрін мақтаға шылап алып, ауырған жерге басса дереу қойдырады» дегендері де жадында жаңғырып тұр.  Ал ауылда жалғыз ғана түйе ұстайтын кісі Қасымхан қария болатын. Ендігі гәп ол кісіде әлгі таптырмас «дәрі» бар ма, жоқ па? Түйесі қайда екен? Не де болса, ат бауырын сабалап, алып-ұшып келеді. Бар үмітін үкілеген болашақ бәйгесі арам қата ма деген мазасыз ой сап ете қалса, «кеше неге ғана бос жібере салмадым» деген өкініш өзегін өртейді. Құдайға тәубе! Іс оңына басты.Түйешінің  бір керегі болар деп бөтелкеге құйып,  сақтап қойған жарты литр шамасындағы «сарысуын» алды да, алғысын сан мәрте жаудырып, жылқышы кері қайтты. Қарақұнанның құлағы салбырап, қол еті дір қағады. Қара тер баспаған жері жоқ, ішін де соғып тұр. Жолай мал дәрігері Жұмабекті де ерте келген. Әлгінде Қасымхан қария зәрді ауру малдың салмағына шамалап беру керек екенін ескерткен. Құнан күйлі болғандықтан Жұмабек әкелген зәрдің жартысын құямыз деп шешті. Ол танауынан зонт салмақшы болып жақындап еді, өлімші халіне қарамай қарақұнан шыр айналып тағы шадыр мінезін танытты. Десе де, буыны босап қалғанға ұқсайды. Қозғалысы тым сылбыр. «Ой, әкеңнің, жаман неме, саған қас қылғалы жатқан жоқпыз-ей» деп күйінген жылқышы шылбырдан тартып келді де, құлақтан ала түсті. Үш аяқ та шідерге қосылып денесін буған у, оған қоса құлақтан басқан қарымды қол жануардың қозғалуға мұршасын келтірмді. Әне-міне дегенше, епті жылқышы ерніне шұра да салып, тұқыртып алды. Мұрыннан тығылған резеңке түтікті үрлеп, құлаққа тосып асқазанға дәл барған-бармағанын тексеріп көрген Жұмабек лезде-ақ ем-домды аяқтады. Тұржұма еріндегі шұраны босатпаған қалпы оған аяқтағы шідерді де алдырып тастады. Қайыс ноқта мен шұра салған жүгені сыпырылған қара құнан салбөкселеніп, теңселіп бір-екі қадам аттаған болды. Осылайша арғы-бергісі екі күнге қараған жоқ, кеселді құнан сауығып, қатарға қосылды. Бірақ осы қысқа уақыт ішінде жануардың еті ағып, түктері қайқайып сарғыш тартып кеткен. – Сен аман болшы, жануарым, биылға арқаңа ер салмай-ақ қояйын. Дот көкеңмен келесі көктемде таныссаң да кеш бола қоймас. Егер сол кезде тағы қыңырлық танытсаң, онда сыбағасыз қалмассың, Дот көкең көкеңді көзіңе көрсетер, – деп іштей күбірлеген.

 

***

 

Уақыт зымырап өтіп жатты. Қыстай қар теуіп шыққан қара дөнен көктем шыға тай-байталдарға құлақ жымырып, тықсыратынды тапқан. Арқасына жабағысы қатып жүрсе де, қысырақтың үйіріне лаң салып, азулы деген айғырларға да алакөздене айбар шегіп жүрді. Мұны көрген Тұржұма «үйірге туған жануар екен» деген қайын атаның сөзіне нанғысы келгенмен, «Бәйге» жасасам деген желігі оған қия қоймады. «Мына құрғырдың аузы көкке ілінсе, тағы тарпаңдығына басар, енді бұған жүген салуға асығайын» деген ойға келді. Қыс бойы соғымбасы жеген жерде әлгі атақты Дот деген жігітпен бірнеше мәрте дастархандас болып, қолқасын құлағына іліп қойған. Жұқалтаң сарылау келген бір жапырақ Дот: «Менің тақымым аман болса, қара дөненге жуасу былай тұрсын, жатып-тұрғанды үйретіп берем» – деп кеуделенген. Айтса айтқандай, мыңдаған көп жылқы ішінен неше түрлі тарпаңы шығатыны рас. Өзгенің тәуекелі жетпеген небір шадыр мінез асау мен аласұрған атан жілік айғырлардың жынын қаққан осы Дот болатын. Ол асауға мінгенде ердің қасынан қол салу, қанжығадан қармау, жалға жармасу дегенді білмейді. «Мен» деген көгайылдардың біріне жайдақ діңкелесте ер салған, енді біріне жалғыз жамбаспен-ақ отырып, бір орам темекісін тартқанша,  асаудың да күйі бітіп, мойынсал болатын. Мұның ең мықтылығы - мінген жылқыға тақымы желімдей жабысып, қанша мөңкісе де құлау дегенді білмейтіні.

Көктеуге көшіп түсе сала, Тұржұма қара дөненнің арқасына екінші мәрте ер салуға асықты. Бүгін ғана Доттың көктеулігіне соғып, ертең ойдағы істі тындыруды уағдаласып қайтқан. Ол кешкі малын жайғап жатқанда ит үріп, жоғарыдан кісі қарасы көрінді. Сөйтсе, қыстай қолында баққан екі жабағысын жетелеп, Рәсіл қария келген екен. Аман-саулықтан кейін айтқаны, ауылдағы үйде шөбі таусылып, жабағыларын күйеу баласына аманаттауға әкеліпті. Қонақ үйге кірді, қас қарайып ел орнына жайғасты.

Ала таңнан атқа қонған Тұржұма жылқыларын өрістен айдап әкеліп үй маңына қайырды да, шайға кірді. Дастархан басында көсіліп көп тізе бүгіп отыруға дегбірі жетпеді. Екі шыны шайды құрдай сімірді де, тысқа шықты. Қайын атасына да кешкі дастарханда қара дөненді жуасыту туралы айтып қойған. Бұл кісі не дер екен деп ыңғайын баққанда Рәсіл қария: «Еее, балам, жөн екен» дегеннен өзге тіс жармаған. Есік алдында елегізіп, Доттың жолына елеңдеп тұрғанда, жанына екі серігін ертіп, темекісін қисық тістеп ол да келді. Аман-саулықтан кейін, қане, аттан түсіңдер деген отағасына: «Ағасы асауыңыз қане? Алдымен жұмысты тындырып, жеңгеміздің шайына сосын кірейік» – деді Дот, ат үстінен нығыздалып. Тұржұма да іркілген жоқ, дереу атқа қонды да жігіттерді бастап жылқыға қарай беттеді.

Он шақты тай-байталды қайырып жүрген қара дөненді тамқораға қайырып кіргізді де, Тұржұма әдетінше шалманы бір тастағаннан-ақ қылқа мойыннан түсірді. Шаптыққан асауды тақымдағы қыл арқанмен шірене тартып, біраз арынын алды. Жануардың танауы дүрдие қорсылдап ары-бері бұлқынып еді, шіреніп алған жылқышы онан бетер буындыра түсті. Көмекке келген жігіттердің бірі тебініп барып, құйрықты орай үзеңгі баудың астына басты. Төрт тағандап сіресіп тұрған сәтте тәжірибелі Дот келді де, ат үстінен Жұлпаш ерді еппен салып, төс тартпаны қамшымен іліп алып үлгерді. Осы кезде көзі қарауытып, тынысы тарылып кеткен қара дөнен бар күшімен тік қарғып барды да, жерге екпеттей құлады. Жаңағы тақымдағы құйрық та қолдан шығып кеткен еді. – Өлді, өлді, – деді Доттың жанына ере келген қара мұртты Сарқыт сұқ саусағын шошайтып көзі бадырая. – Болыңдар, дереу аттан түсіп, тұрғызбай басып қалыңдар, біреуің арқанды босат, тыныс алсын. Сен бала құйрықты шаптан алып тарт, – деген ат иесінің даусы барылдай шықты. Демі тарылып, тыпырлай жанталасып, есі ауып бара жатқан жануарды әлгі үшеуі бас салып бірі құлақтан жармасты, бірі шоқтықтан басты. Ал үшіншісі құйрықты айтқандай шаптан шалып үлгерді. Құлақтан ұстаған Дот дереу тамақтағы қыл арқанды сәл босатып тыныс алдырды да, «уҺ» деген батыр: «Жануар демін зорға алды, сәл болмағанда үзіліп кетер еді» – деп жымиды. 

– Қане, есін жиып алмай тұрып, құйысқанды салып, шап тартпаны тартып алыңдар, – деді ат үстінде ентіге сөйлеген Тұржұма. Не керек жылқышылар да ерді қамдап үлгерді, қара дөнен де орнынан қопарыла атып тұрды. Там қораның есігіне қарай ұмтылған асаумен бірге Тұржұма да атын тебініп ере шықты. Бұл төртеуі асаумен тағы жарты сағаттай арпалысып жүріп басына жүгенін салды да, Дотты қондырып жіберді. Ал Тұржұма тақымдағы арқанды ұзарта түскенімен қолдан жіберген жоқ. Ә дегеннен асау басын қос тізенің арасына тықты да, шыңғырып барып, артқы аяқтарын аспанға лақтыра мөңкуді бастады. Толассыз қарғылап жатқан асаудың үстінде тістеніп алған Дот әзірге түсе қояр емес. Сол қолы тізгінде, оң қолындағы қамшысымен бауырлата сабалап жүр. Қанжығадан қармау деген ойына кіріп-шығар емес. Қос тақымы ат қабырғасына жабысып қалғандай. Бағанадан үй жақтан қарап отырған Рәсіл қария да атына мініп жақындап келді. Әудем уақыт ары-бері мөңкілеп, үстіндегі «Пәледен» құтыла алмай әбден діңкелеген көкбет асау төрт тағандап міз бақпай тұрып қалды. Көк өзек шақтың да әсері бар, тер басып, әлі құрыды. Ер үстінде ерлене тістеніп, миығынан жымиып, мығымсып Дот отыр. – Ер екенсің, – деді Сарқыт Дотқа басбармағын шошайтып, қасындағы серігіне масайрай қарап.

– Ой, әкесінің, мен бұл емес, мұның әке-шешесінің жынын қаққам кезінде, – деп масаттана өрекпіп, қара дөненнің қара санын осқылай бастады Дотекең, дойырлана. Ал, ол қамшылар долы асауға мүлде әсер етпегендей қозғалыссыз, міз бағар емес.

– Қарашы-ей, мынаның көкбетін, мөңкігіш болса құмарынан шыққанша мөңкіп алмай не ойлап тұр енді мынау, – деген Тұржұма жақындап келіп, алты таспа бұзаутісімен сауырдан тартып-тартып жіберді. Өтіп кетті-ау шамасы, қара дөнен оқ жыландай атыла кетті. Сол сәтте абайсыз аңдамай қалған Дот жерге домалап түсті. Дегенмен, жұмсақтау құлады. Ол орнынан тұрып болғанша, Сарқыт: «Әй мынау сенен мықты екен, өмірі жер иіскемеген жамбасыңды алып соқты-ау» – деп әзілдей қарқылдағанда Дот өзінше қызарып, намыстан өліп кете жаздады. – Әкелші бері, осы жолы көрсетем оған. Ер үстінен түссем ер болмай кетейін, – деп тістене ұмтылды. Осы уақытқа дейін көз көрім жерде жүрген көршілер мен ауылдастар жиналып, асау қызығын тамашалар адам қарасы молайып қалған еді. Рәсіл қария: «Әй, балаларым, абайлаңдар. Мынаның күйі жаман. Дегендеріңе көне салайын деп тұрған ол жоқ, абайсызда мертігіп қалмаңдар» – деді Тұржұманың тақымындағы қыл арқанның бір ұшында сіресе қылғынып тұрған асауды нұсқап. Ақсақалдың сөзін елеген Дот жоқ. Ол өз атына міне салып, ептеп асауға жақындап барды да, лып етіп ер үстіне қона кетті. – Жіберіңіз, қане, – деп айқай салды тізгінге қолы тие сала. Жануардың ашқолтығына Доттың өкшесі тие сала баяғысынша мөңки жөнелді. Оған түйенің өркешіндей болып арқасына бірігіп қалған Дот ауып түсе қояр емес. Жиналғандардың бірі зор дауыспен: «Ой, бәрекелді, ер екенсің, асауға тас кенедей жабысады екен-ау» десе, тағы бірі: «Ой, Дотты білмейсіңдер ме, онда жылқының пірі бар» - деген елдің тамсану мен мақтаулары еміс-еміс құлағына жеткен сайын Дотекең нығыздана отырған. Енді бұдан ары қарай секіруге шамасы қалмаған асау тағы төрт тағандап сіресе қалды. Егер жуаси кетер жылқы баласы болса, ендігі изектей желіп, көндігер шағы болған.

– Ойғ әкеңнің, қанша зәлім болсаң да бұл жолы мені құлата алмайсың. Керек болса сенің үстіңде ұйықтауға бармын, –деп көкіректенген Дот қара дөненнің қақ маңдайынан қамшымен тартып-тартып жіберді. Жануар бұл жолы бар күшімен қоянша қос бүктеліп қарғығанмен, арқасындағы мына дүлейден құтылар емес. Дот басы-көзің демеді,  соққыларын толастатпады. Дәрмені кеткен асау тағы сіресе қалды. Дот тақыр шаптан айналдыра тартып-тартып келіп, қос құлақтың дәл ортасынан асыра көсіп қалғанда қамшының сабы сарт етіп сынып түсті. Өрімнің ұшы дәл танау үстінен тиген екен. Қара дөнен шыңғырып барып, тікесінен тік шапшып, шалқалаған бойы өзін жерге бірақ ұрды. Шоқтығымен қара жерге қадала түскен асаудың дәл астында қалған Дот естен танды да қалды. «Не болып қалды, аман ба екен?» деп Доттың басын көтеріп жатқандарға Рәсіл қария да жақындай түскен. Тұржұма да көзі алақандай болып жетіп келді. Дот ұзақ ыңыранып барып, зорға дегенде дем алғандай болды. Әрең сөзге келіп: «Қабыыырғааам қирадыыы, өкпөөөөм езіліп кеттіііі, өлдім-ау» – деп ыңырана тіл қатқандай болды. Рәсіл қария ептеп дем салып жатты. – Ойбай, дереу мәшине табайық, ауылға ауруханаға жеткізейік, – деді Тұржұма есі шығып. Мұндайда көрші-қолаң көмегін аясын ба?! Бақтиярдың ауылға сүт таситын ескі көлігімен Тұржұма Дотты ауруханаға әкетті. Рәсіл қария көршілерге асауды там қораға қаматты да, үйге қарай беттеді. Түс ауа қабағы салбырап Тұржұма да оралды. – Доттың үш қабырғасы сыныпты, Жұлпаш ердің басы оң жақ кеудесін басып қалған екен. Оңдырмапты. Өкпесі де аздап зақымдалған. Бірақ дәрігерлер «жақсылап күтінсе 2-3 айда сауығады дейді» – деді қабағы түсіп, өңі қуарған Тұржұма.

– Аллаға мың да бір шүкір, –деді Жамал да жүрегі орнына түскендей болып. – Еее, жылқы жарықтық жалын төсейді ғой, егер сол жақ кеудесі ер астында қалғанда басқаша болар еді, Құдай анық сақтаған екен! Енді ана қара тентегіңді қайтпексің, тамға қаматып қойдым, – деді Рәсіл қария Тұржұмаға тесіле қарап.

– Оны жуастырмай тынбаймын, енді өзім мінем, оған көнбесе басын кесем, – деп қораға қарай беттеді Тұржұма. Рәсіл қария:

– Қой, шырағым, бала емессің ғой, жазым боласың, – деді артынан даусын соза. Бірақ оны Тұржұма естісе де естімегенге салып кете барды. Ол қораға жақындай бергенде су жағасында жүрген екі қойшы жанына келді. Оларға Доттың жағдайын айтып болған соң Тұржұма: «Жігіттер, маған көмектесіп, мынаған өзімді бір мінгізіп жіберіңдерші, егер өзіме көнбесе, басын кесем мұның» – деді түсі сұрлана.

–Ой, ағасы, атақты Дотты жер қаптырғанда сіз жоламаңызшы бұған, нағыз шу асаудың өзі екен бұл, – десті екеу бірінің сөзін бірі қостап. Ақыры бірмойын көкелері айтқанынан қайтпағасын, екеуі әупірімдеп жүріп, зорға дегенде қара дөненге Тұржұманы мінгізді. Үстіне қона кеткені сол еді, әдет алып алған асау алдыңғы екі аяқты тік көтеріп, өзін артқа қарай бірден тастай салды. Ебі кеткен Тұржұма бұл жолы ат қос аяғын көтере бергенде-ақ бір жағына ауа бастаған еді. Абырой болғанда ер баспады, тек бір жақ тебінгінің астында қалған жуан саны оңбай жаншыла түсті. Анадайдан байқап тұрған Рәсіл қария да жылдамдап басып жетіп келді:

– Тіл алмадың ғой, амансың ба, балам?

– Аманмын, – деді де орнынан ақсалаңдай тұрған Тұржұма жерде жатқан жарты құлаштай қазықты қолына алды. Ептеп басып барды да, қойшының тақымында қылғынып тұрған қара дөненнің қабақ тұсынан бар пәрменімен періп қалды. Жұлқына тік шапши барып жерге құлаған қара дөненнің бір жақ шекесі қызыл түске бояла кетті. Сабыр сақтап, үндемей тұрған Рәсіл қария бұл жолы шыдап тұра алмады. – Әй, ала өкпе, малды да солай қорлауға бола ма, мына жылқының киесі ұратын болса, ана қазығың бір күні өз басыңа тиер. Қай атаң өйтіп малды бастан ұратын еді. Әне бір көзі ағып түсіпті, көрсетер саған Құдай осының зауалын, – деді де ашуға булыққан ақсақал үйге қарай алқына басып жүріп кетті. Тұржұма қайын атаның сөзіне сәл ойланып қалды. Қалшылдап тұрған асауға зер салып қарап еді, шынымен қамшылар жақ көзінен қан сорғалап тұр. Қолындағы қазыққа қарап еді, қазықтың бас жағына ала үшкірлеу бір бұтағы шодырайып тұр екен. Өзі не істерін білмей дағдарып қалды. Жанындағы екі қойшыны тағы қолқалап, жабылып жүріп қараның ертоқымын алды да, көзіне киіз күйдіріп басты. Рәсіл қария ренжулі күйі ауылға қайтпақ болып қамданып еді, ақсақалдың алдында айыбын таныған Тұржұма мен Жамал жата жабысып алып қалды.

Мал жайғалып, кешкі тамақ ішілді. Қария құтпан намазын оқып алған соң сөз бастады:

– Қарағым, Тұржұма, сен мені тыңда, ана дөненіңді бүгін түнімен жақсылап күзет, егер күре тамыры жарылмаса қансырай қоймас. Бірақ оны ат қылып мінем дегенді қой, балам, елде «жылқы малы өскенде жүйрігі, кері кеткенде жорғасы көбейеді» деген. Қазір ауылда жылқының өсіп тұрған шағы. Бірақ бұл дәуір де ұзаққа бармас. Көнекөз сыншылардың айтуынша, өскен жылқының ішінде ноқтаға басы сыймайтын, жалына қол тигізбес тума тарпаңы да болады дейтін. Мұндай асау жылқы баласында тым сирек кездеседі. Ондайды тек үйірге қосып, басына жүген құрық тигізбей еркін жібереді екен. Қара да тұр, мынауың соның өзі. Мұның бір көзін ағыздың, Алла отбасыңа жамандық бермесін. Ертең жеті шелпекке құран оқытып, Қамбар атадан кешірім сұра. Шығын келсе, малыңа келсін деп тіле, енді мұны үйірге қос та жібер, бұл босағаңа тегін біткен жоқ. Малыңның құты болар. Өле-өлгенше жат қолына берме, өлсе өз ажалымен өлсін! – деп түйді сөзін сақалын салалай тарап. Көңілі қобалжып, бойын сәл үрей билегендей болған Тұржұма ақсақалға бір ауыз сөз қайтарып ләм демеді. Оның аузынан шыққан сөз әлдебір әулиенің үніндей болып естілді. Содан не керек, соқыр қара осылай үйірге маталған. Малдан шығын шықпады. Бірақ сол жылы Жамалдың екі жасар тұңғышы аяқ асты ауырып қайтыс болып кетті. Сол кезде жөргекте жатқан Ерболдан кейін Тұржұма шыр еткен сүйе алмады. Кейде Тұржұма Ерболтайын еркелеткен кезде «қара айғырдың жалғыз көзіндей, менің жалғызым» деп мойнына мінгізіп, мауқын басатын. Жалғыз көзбен жалғыз ұлдың қандай байланысы барын өзі ғана білетін шығар. Онысы да, әйтеуір, тегін емес-ау...

***

 

Қара айғыр жеті жасқа толған күзінде құйрығы ұялана бастады. Екі жыл ішінде шимайланған қылдары кернейдей болып бірігіп қалған. Содан бастап, ел-жұрт оны «Тұржұманың киізқұйрық қара айғыры» атап кеткен. Жануар кезінде Рәсіл қария сынағандай төлшең болды. Үйірде құлын ертпеген қысыр бие болмайтын. Бір жылы көктемде Мұратқан ақсақал «Жамбасы мертіккен айғырымды төлеп бер, болмаса ана киізқұйрық  қараңның көзін құртам» деп шағымданып келген. Сөйтсе, Мұратқанның айғырын шайнап бездіріпті де, үйірін тартып алыпты. Ал Тұржұма: «Үйіріне ие болмаған өз айғырыңның сорлылығынан көр» деп Мұратқанның өзін қуып жіберген. Ақыр соңында үлкендер араға түсіп жүріп, екеуін өзара жарастырыпты.

Несі бар екен, қыс бойы бүкіл ауылдың жылқышылары екіден, үштен жабағысымен тай-байталын қасқырға жем қылып жүрді. Ал Тұржұманың жылқысы одан аман. Кейін де  Киізқұйрықтың көкжал арланмен алысып, екі қасқырды мерт қылғаны ел аузында аңыздай болып айтылып жүрді.

Бұл оқиға қыстың күні болған. Тұржұма ертелеп тұрып Үйсін тауының теріскей бетіндегі Қызылкезеңде жататын жылқысын көруге барса, айғырының бір жақ саны мен омырауының терісі жалбырап қалған. Тіпті сирақтары мен бас терісі де сау емес. Түгіне жабысып шашақтала қатқан қан түйіршікері мұз болып қалыпты. Апыр-ай, не болды екен деп өзге малын түгендесе дін аман. Із шолып қараса, кезеңнің арғы жақ тепсеңінде бір көжал қансырап жатыр, алақандай арқа терісі сыпырылып кеткен. Әлі өле қоймапты. Ал оның арғы жағындағы өзекшеде бір қаншық қасқыр серейіп қалыпты. Киізқұйрыққа тістері ілінген сорлылар жойқын тепкіден жайрап түскен тәрізді. Болжамдап қараса, шамамен 4-5 көкжал айғырмен бетпе-бет келген. Қаншаға созылғанын қайдам, жан алып, жан беріскен шайқаста үйірін қорғаған соқыр қара екі бөріні жер жастандырып, қалғандарын қуып тынған шамасы. Сол кезде жаралы жануарын жаны ашып іштей қатты аяғанмен, Тұржұманың көкірегін керемет бір мақтаныш кернеп, Киізқұйрыққа қатты сүйінген. Қос көкжалды бөктеріп әкеліп жұртқа көрсеткенде бас шайқап, таңдай қақпаған жан болмады. Содан бастап Киізқұйрық қараны бала-шағадан үлкендерге дейін ауыл жұрты құрмет тұта бастап еді.

Ал оның үйірінің маңынан саяқ ат пен анау-мынау жылқы баласы жанап өте алмайтын. Соқыр қарадан сескенетін. Жазды күні жылқысы Балықсуға түскенде үйір соңынан айбат беріп, түйедей, қара бөріше жортып, жалғыз өзі анадайда келе жататын. Қос себегіне кезек тиіп бұлғақтай соғатын ондай киіз құйрық өзге малда жоқ. Алақандай жапырақ құлақтарының арасынан төгілген тоқпақ кекілі де жанарсыз көзін жаба, желге таралып жануардың кесек тұрпатына бөлекше әр беретін. Ең бастысы, Тұржұманың босағасынан жүйрік үзілмеді. Сол жылдарда бәйгеден аты келіп, мейманасы тасыған сәттері аз емес. Өртекесте аламанның алдын бермей, тіпті, ішкі Қытай жеріне қымбат бағамен сатылған жүйріктері қаншама. Жұрттың көзін қарықтырар Шалқұйрық қаралар мен талай Сүлікқаралар Киізқұйрықтың кіндігінен туды. Алыстан ат арытып келген атқұмарлар желідегі еркек құлындарына дейін құда түсіп, талап әкететін еді ғой...

Осының бәрін көз алдынан кино лентасындай бір өткізді де қарт жылқышы тері местегі қымызынан құшырлана бір сімірді. Заманы кетіп, кәрілік мүжіген жануарына мейірлене қарап, «Өгіз аттай желмейді, дәурен қайта келмейді» деп терең бір күрсінді де, атына қарай беттеді.

 

***

 

Тұржұманың жалғыз өзі енді бар шаруаға жетіспесін білгесін, Мөкіш деген бір мұңғұл жігітті айлығына келісіп қойшылыққа алды. Бет көрсе жүз ұялар деген. Көші-қон таяған сәтте малына мал қосып жүрген Ришат есімді ұйғыр жолдасы да ұлын ертіп, көш қамдасуға көмекке келген. Ендігі көңілі орныққан Тұржұманың бар ойы арасы 20 шақырымнан асатын төржайлауы Бессалаға аман-есен көш қондыру болды.  Жұртта қалған қос кәрісін тек Құдайға аманаттады. Мың дегенмен малының басы, босағасының құты, мініп-түсіп қызығын көрмесе де, кең далада бірге өмір өткізіп жан серігіне айналған соқыр қарасын көп ойлайтын...

Тұржұма малдың басын өрістен-ақ жайлауға бұрып, айдаушыға жөн көрсетті де, ат басын үйге қарай бұрды. Ендігі ойы киізүйін жығып, теңін бумақ. Ол үйге жете бере есік алдындағы мамада тұрған (мама ағашта) Кержорғаны бірден таныды. «Қайын ағам келген екен ғой, бұл кісі қайдан жүр екен» деп таңырқай қалған. Босағадан аттай бере төрдегі Жамалдың ағасы Айтжан ақсақалға:

– Ассалаумағалейкүм, аға, – деп сәлем берді.

– Уағалейкумассалам, амансыңдар ма, Тұржұма, кел отыр, шырағым, –деді бәсең дауыспен қолындағы қымыз ішкен кесесін дастарқанға сырғытып жатқан Айтжан. Жамалдың көзі жыпылықтап, әлдебірдеңеден алаңдаулы. Көз шанағына толған жас кірпігін қағып қалса төгілгелі тұр. Тұржұма «Ерболға қатысты болды ғой, әлгі тентек үйге қайтам» деп елші жіберген-ау шамасы» деп түйді бұл келісті. Өйткені іштен шыққан жалғызына қанша ара түскісі келгенмен, күйеуіне қарсы шығуды кешірілмес күнә санайтын Жамал жалғызына қатысты бір жағдай бола қалғанда осылай етегін жасқа толтырып, іштен тынатын-ды. Сәл үнсіздіктен кейін бұл өлі тыныштықты Айтжан бұзды:

– Көш көлікті болсын, Тұржұма, шырағым!

–Айтқаныңыз келсін!

– Менің беймезгіл келгенім әлгі жиен, сендердің ұл туралы. Ербол кеше біздің үйге келіпті. «Жақында Қазақсатанға кетем, қағаз-құжаттарым дайын болып қалды, «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген, енді атажұртқа біржола аттанамын» – дейді. Әке-шешең хабардар ма деп сұрап едім, «айтпадым» деп жер шұқиды. Мұны естіген Жамал аузы аңқиып, сілейді де қалды. – Кемпірден сұрасам отбасында ұсақ-түйек реніштерің болған екен. Хош, иттің сыры иесіне мәлім деген, шырақтарым, балаларыңның мінезін білесіңдер. Сонымен не дейсіңдер енді, – деп Тұржұмаға сұраулы көзбен қарады.

– Ой, мына тентекті-ай, а? Мұндай үлкен шаруаны ақылдаспай ма екен адам деген, – деп күңкілдеген Тұржұманың аузына бұдан өзге сөз түспей абдырап қалды. Осыған дейін араға жүріп «Жалғыз балаңды далаға қума, шешесіне де оңай емес, Ерболға да ақыл айтып үйіңе әкелейік, бір жағыңнан шығыссын» деген жақын-жамағаттың сөзін отағасы құлағына ілмеген. Тіпті Жамалдың да ана жүрегінің жалынышына селт етпеген. Енді, міне, ұлы біржола үйден кетпек... Көп баланың бірі болса, жөні басқа. Жар дегенде жалғызы екені енді есіне түскендей есеңгіреп қалды. Осыған дейін күйеуінің бетіне тік қарап сөйлеп көрмеген Жамалдың одан әріге шыдамы жетпеді.

– Бәріне сен жазықтысың, қу дүниеңді қимадың. Оқимын деген баланы оқытып, тым болмағанда бір тілегін орындағаныңда ғой, –деп көкірегі қарс айрылған Жамал кеңкілдей жөнелді. Бұл жолы әйелінің мұндай ауыр сөзіне адуынды отағасы ләм-мим деген жоқ. Оның да ой-санасы аласапыран...

– Қой енді, көз жасыңды тый, Жамал шырағым, бір-біріңді жазғырғанды қойыңдар. Ербол кетсе жат жерге кетіп бара жатқан жоқ. Өз еліне, өз Отанына барар. Алла амандығын берсе, әлі-ақ ата қонысқа өздерің де көшіп барарсыңдар. Осы ауылдың өзінен қаншама отбасы кеткенін білесіңдер ғой. Ел ауған жаққа қызыр ауар деген, қазақ баласының ендігі болашағы сонда, өз Отанында, өз елінде, – деп терең күрсінген Айтжан киізүйдің шаңырағынан аспанды шола көз тастады.

– Дұрыс қой, аға, біздің заман кетті, бірақ осы жалғыз ұлдың, болашақ ұрпақтың ертеңі үшін ол жаққа түбі көшсем деген ой мені де мазалап жүргені рас. Бірақ бұның бұлай бізбен қоштаспай кетпек болғаны жанға батады екен, не десе де әке-шешесі емеспіз бе? – деді Тұржұма діріл аралас дауыспен тіл қатып. Мұнысынан арадағы өкпені ұмытып, ұлына мейірленгені байқалды.

– Әп бәрекелді, оны уайымдамаңдар. Мен бүгін үйге қайтып, ертең Ерболды осында жіберем. Келіп, жандарыңда болып, жайлауға көшіріссін. Содан кейін, ақ баталарыңды беріп жолға саларсыңдар, – деді Айтжанның жүзі жадырап.

Ербол да келді. Жамал ұлын айналып-толғанып, маңдайынан сүйіп мауқын басты. Тұржұма да өткен өкпе-ренішті ұмытып, жөніне келген. Аман-саулықтан кейін: «Әке, өткенде артық кетіп, ашуыңызға тидім, жаныңызды ауырттым. Мені кешіріңіз. Ендігәрі олай етпеспін, тек бар болашағымды мына жат елде емес, өз елімде жасағым келеді. Жан қалауым сол! Маған алаңдамаңыздар, Алматы жаққа барып өзім жайғасып алған соң, сіздерді де көшіріп алып кетемін ғой» – деді Ербол екеуіне қиыла қарап. Әкенің байқауынша енді Ербол жас бала емес. Еңгезердей азамат болған. «Қысқа ғана уақыт ішінде өз бетімен қияметі көп құжат жасатып, визаны да алдырып алғанын көрмейсің бе?! Ондай шаруаның жай жапсарын тіпті мен де біле бермеймін, ақылыңнан айналайын...» Осы ойдан кейін әке жүрегі елжіреп, ұлын мейірлене маңдайынан иіскеген.

Жайлауға көшіп барысымен Тұржұма Ерболды аттандырудың қамына кірісті. Саудагер іздеп, малын сатып, баланың керек-жарағы мен жол қаражатын қамдады.  Сәті түскен сәрсенбіде ақсарбас атап сойып, туыс-туған, ел-жұртқа бір шәугім шайын да берген. Ақсақалдар Ерболға ақ батасын беріп, Алладан ақ жол тіледі. Жамал жалғызын іштей қимағанымен көз жасын сүрте жүріп, әр қонақтың жылы лебізіне жалғыз өзі ыждағатпен бетін сипаумен болды. Сөйтіп, Ербол да көп ұзамай Қорғас өткелін бетке алып, атажұртқа аттанып кетті. Жамал құлынына ақ жол тілеп, жанары жасаурап, кемсеңдеп үйде қалған. Ала таңнан жолға шыққан Тұржұма Ерболды жөнелтпек болып аудан орталығындағы автобекетке өзі бірге келді. Жалғызын маңдайынан қайталап иіскеп, ақ жол тілеген ұлы көлікке мініп жүріп кеткенше соңынан аңтарылып біраз тұрды. Үйден ұзап шықпаған жас бала қанша өз елім дегенмен, осыған дейін ат ізін салмаған шетелге кетіп барады. Алматыға аман жетіп, мекенжайын жазып берген туыстарды адаспай тапса екен. Е... бала деген бауыр етің ғой...  Осындай ой үстінде тұрған Тұржұманың күтпеген жерден көңілі босап, көзінен жас бұршақтап кетті. Барбиған жуан саусақтарымен жасын сүртіп, «Аллаға аманат, құлыным, сапарың оң болғай» деп өзіне өзі күбірледі...

 

Түс

 

Киізқұйрық қарасын соңғы рет көшерде көрген. Енді қарт жылқышы жайлауға тура тартпай, ойда қалған екеуге бір соғып қайтуды құп көрді. Тұржұма ауданнан келіп, ауылда қалдырған өз атына қонды да, Құнантөбеге тартты. Межелі жерге жетіп, жер шолып ары-бері қарап еді, әлгі екеуі көрінбеді. Байтақ жатқан адырлы қырқада бір де бір мал қарасы да көзге түспеді.

Бұлар ұзаңқырап жайылған болса, суатқа Жіңішкесуға түсер деп топшылаған мал иесі енді Бестам жақты бетке алған. Желе-шоқыртып Жіңішкесудың бойындағы иін-иінді аралап келе жатқанда, су жағасындағы ойдымның алсынын шымшылап тұрған қаракер биеге тап болды. Жануар атты адамды көрді де, таныды ма қайдам, кісінеп жіберді. Тұржұма әлдебір суық хабар естігендей селт ете қалды. Бие тұрған иінді айнала бажайлап ары қарай көз жүгіртіп еді, су жағасындағы батпаққа батып жатқан қара айғырын көзі шалды. Жануар су ішпек болғанда, алдыңғы қос аяғы жағадағы сазға түскен шамасы. Сол сазбалшықтан аяғын қайта суырып алуға дәрмені жетпей  құлаған тәрізді. Біраз жанталасқан тырбын іздері жатыр. Бірақ дәм-тұзы осы арада таусылған екен. Тұржұма киізқұйрығының жанында ойға шомып ұзақ  отырды. Енді соқыр қараның келмеске кеткенін ойлағанда жүрегі сыздап, жаны ауырды. Ол жарықтық малының басы, үйірінің айғыры ғана емес, өзімен үнсіз тілдесе білетін сырласы, кең далада болмысы үйлескен жан серігі еді! Тұржұма енді жақындарынан айрылып жапан далада жалғыз қалғандай күй кешті. Егер Киізқұйрық қарасы адам болып жаралғанда, нағыз қазақтың қас батыры болып туар ма еді?! Тұла бойын рух пен намыс билеген дүйім топтың баһадүрі болар еді ау!...

Сүт пісірім уақыттан кейін өзіне келгендей болып еді, кірпігі суланып кетіпті. «Қой, біреу-міреу көре қалса, «малы өлгенге бола Тұржұма жылап отыр» деп сөз қылар, қош бол, жануарым, бақидың пырағысың ғой» – деп күбірледі де, қамшысымен жер таяна орнынан тұрды. Белдіктегі қынынан бәкісін шығарып, жылқысын бауыздап ырымын жасады. Артынша кйізқұйрығы мен кекілінен бір-бір тұтам кесіп алып етігінің қонышына тықты да, қам көңіл жылқышы атына қонып, Жамал жалғыз қалған жайлауды бетке алды! Осы кезде аспан жақта қарға-құзғынның қарасы көбейе бастаған...

Күні бойы жол соққан Тұржұма үйіне түн ауа жетті. Жамалға баласының жөнін айтты да, салулы төсекке құлай кеткен. Таңға жуық Тұржұма түс көрді. Түсінде Ербол кең даланың төсін қақ жарып, жер апшысын қуыра жайдақ атпен шауып барады. Бағыты – қарсы беттегі Ақбас тау. Ал баланың астындағы мінген аты Тұржұмаға тым таныстай сезілді. Аңтарылып, анықтап  қарап еді, өз көзіне сенбей қалды. «Әне құйрығы..., дәл өзі... Апыр-ай, мынау Киізқұйрық қара айғыр ғой... Киізқұйрық...» – деп дауыстап барып оянып кетті...

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар