Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Жантасова Зылиха


Жантасова Зылиха  Тұрарқызы   1973 жылғы  28 қарашада  Оңтүстік Қазақстан  облысы,  Кентау қаласының   Ащысай кенішінде туылған. 

1991-жылы Ордабасы ауданы, Қызылжар ауылындағы  орта мектепті  күміс медальмен бітірген.

1992-1996- жылдары  Түркістан қаласындағы  Қ.А.Иасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің  филология  факультетінде оқып,  үздік дипломмен тәмамдады.

2004 жылы  «Сағыныш» атты әңгімелер жинағы жарық көрді.

2007- жылы 31 мамырда  «Қазақ дастандарындағы  Шығыс әдебиеті дәстүрінің ықпалы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап,филология ғылымдарының кандидаты  дәрежесін алды.

2010 –жылы     Қазақстан Білім және  ғылым министрлігінің  Білім және ғылым саласындағы  бақылау комитетінің  шешімімен әдебиеттану  мамандығы бойынша  доцент ғылыми атағы берілді.

2011- жылы  «Жанымның жаз ғұмыры» атты прозалық туындыларының жинағы  «Ордабасы» баспасынан жарық көрді.

Облыстың мәдениет және өнер саласының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін 2012 жылдың үздік жазушысы номинациясының иегері атанды.

Қазіргі таңда М. О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің «Қазақ әдебиеті» кафедрасының доценті.

40 ғылыми   мақала  мен  2 оқу-әдістемелік құралдың шығармагері.

Қобыз

Ерінді   кептірер ессіз ыстықтың екпіні басылған шақ. Кенезесі кеуіп кеткендей қалжыраған  Айна  қорғасындай ауыр ойлар еңсесін басып тастағандай өзін  жайсыз сезінді. Ақшам кезінде мұңлы қобыз үні естіліп, желкемдеген жүрегін жұлқылап,  сай-сүйегін сырқыратып кеткендей.

 Гүл иісі аңқыған бақша ауласына әлдекім отыра қап,  мұңлы әуенді тарта жөнелгендей.   Алдында  бойын  ептеп  қорқыныш билеген. Жалғыздықтан жынданып кеткенім жоқ па? Әлде елес пе екен ? Ойындағы күдікті батылдығы жеңіп ,  есік алдына шықты.  Қобыз үні ішегін тартып тына қалды. Мүлгіген тыныштық орнады.   Аулада  жайқалып тұрған роза гүлдері де тербеліп барып байыз тапқандай. Әуен тербеген гүл жапырақтарын алақанымен  аялап,   шаңын сүртіп  ұзақ аялдады . Әсемдік әлемінен сыр шерткен сол гүлдерді,анасынан қалған көздей іштей сырласатын.

Көңілін күдік тербетіп, үйге қайта енді. Перделерді жауып жатып та, дастархан жайып жатып та далаға елеңдеумен болды.

 -Кім екен? Ақшам кезінде күймен күңіренетін.

Өткен күннің естеліктерін парақтады. Әкесі марқұм бала кезінде қобыз үйірмесіне қатыстырған. Қобыздың үнінен сүйегі үгітіліп кетердей  беймаза күй  кешетін.  Қандай әлемет сезімді басынан кешіретінін әкесіне түсіндіріп айтып бере алмады. Қаталдау әкесінің қабағынан қаймықса да ойын еркін айтатын еркелігіне жүгініп:

-Әкешім, мен қобызға қатысқым келмейді. Қобызды ешкім тыңдамайды. Пионинаға қатысайыншы...

 Әкесі құптамаса да қызының еркіне қарсы тұрмады.

Бірақ, пионинаны да үйреніп кете алмады.Уақыт керуені алға жылжып,  әкесі да   анасы да дүниеден өтті. Қаршаңырақтағы  ағасы қызмет бабымен шет ел асты.  Қалада тұратын Айна  ұлымен екеуі  қарашаңыраққа келіп қоныстанды.   Ұлы мектепті бітіріп, жоғары оқуды студентті атанды.

–Анашым, жалғызсырап жүрсің бе, менің жаныма келсеңші деп  хабарласады.

Жалғыздыққа көндігіп кеткендей күй кешсе де жаны жабырқап салатын кездері баршылық.  Ескі күйсандықты ашып, класикалық музыка орындады. Бөлме іші әуенге толды. Жаны жаймашуақтанғанымен, әлдебір сезім үрей болып төнетіндей. Төзімнің де тозатын төрі болатын шығар.

 

Есік алдында  шығып  сүлесоқ т ұрды да, есіне әлдене түскендей көршінің үйіне асықты. Ақ апа... деп қайталады.Көршісінің үйіне жақындады. Балалардың  әлденеге таласқан дауыстары естіліп тұр.  

-Апа, апа келе  жатыр деп томпаңдаған  бір еркетай  сүйкімді бүлдіршін Айнаға қарай  ұмсынды. Балаларға  қалтасындағы кәмпиттерін үлестірді. Айна  тәтті- пәттіні көршінің балалары үшін алып қоятын. Кейде осы тәмпіш қарасын үйіне жетелей кететін.Қылығын қызықтап  мәз.   Кәмпитін қойнына толтырып алып, қайтуға асығады. Бауырларына үлестірмек. Өзінің балалық шағы елестейді. Әлдебір сағыныш мазалайтындай,  ішінен әлдене уілдеп бара жатқандай сезінеді.

Аппақ орамалы жарасып, аппақ жаймада отырған салиқалы кейуанаға сәлем берді.

-- Апа, қалайсыз! Жағдайыңыз  жақсы ма?

-Ия, айналайын жақсымын. Кәрі кісінің не жағдайы болсын, бірде тәуір, бірде сырқау. Шүкір енді.  Жаратқанға жалбарынып жалбыздарымның  жүректеріне жақсылық шуағын сұрап отырмын.    Өзің қалайсың. Ұлыңды сағынып жүрсің ғой. Жабықпа қызым,  ұлың да келер. Жалғыздық та қиын ғой,  ботам.

Елуге келіп қалған жанға ботам деп отырған кейуанаға жанары жасқа тола қарады. Анасының дидарын сағынғандай ұмсына барып, жүгініп отырды.

-Апа, сізден бір нәрсе сұрайыншы. Ақшам кезінде үйдің алдына біреу келіп ,күңірентіп қобыз тартады. Елес пе дейін десем,тек кешқұрым сол әуен тағы да қайталанады. Мұның бір себебі бар,айтыңызшы.

Иә. Айналайын, Киеңнен айналайын қобызым-ай. Тілеуімен қоса ырымы қатар жүретін елміз ғой.    Қобыз  Қорқыт  бабамнан қалған киелі дүние ғой.  Қорқыт бабаң  аспаптардың бәрінде ойнайды екен. Алайда, ол оған қанағаттанбай, адам мен жануардың үнін, табиғаттағы құбылыстар мен дыбыстарды жеткізетін жаңа бір аспап жасағысы келеді.  Қарағай ағашын кесіп әкеліп, одан бір нәрсенің жобасын жасайды. Бірақ әрі қарай не істерін білмей қиналады. Күндер осылай өте береді. Бір күні шаршап отырып, көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсіне періште енеді. Ол балаға: «Қорқыт, жасаған қобызың 6 жасар нар атанның жілігіндей екен. Енді оған нар терісінен жасалған шанақ, ор текенің мүйізінен ойылған тиек, бесті айғырдың кұйрығынан тартылған қыл ішек жетпей тұр. Осылар болса, аспабың. сайрағалы тұр екен» деп кеңес береді. Қорқыт ұйқысынан ояна салып, осы айтылғандардың бәрін жасайды.

-Апау. Қобыздың тарихын мен де білемін. Бала кезімде тартпақ болғанмын. Әкем марқұм қобызды үйренсе деп еді. Мен қызықпадым.

Қобыз – қазақ рухының жебеушісі.  қобыздың тағдыры – қазақтың тағдыры дейді ғой.

Ақ әже   ойланып қалды.  Ия. Айтайын ,шырағым. Өсиетке өсек қосып айтудан сақтанушы едім. Айтылар сәті келген шығар...

Мұсылман баласы аруақпен алыспаған.     Құранмен бірге қобыздың да қудаланған кезі болған.Сол кездерде сенің үйіңде сүйектен жасалған қобыз  болатын . Сол қобызды күңірете тартқан атаң дем де салатын.Атаң жарықтық ел ішінде   ләшқұр күйші атанған. Ләшқұр деп екі қолы болмаса, екі аяғымен, екі аяғы болмаса  тілімен күй тартатын күйшілерге берілген атақ.Атаңнан сол қобыз мұра болып қалды. Қазақта дүкен деп қастерлеген ғой киелі дүниені.

 Әкеңнің Баймахан деген ағасы бар тын. Сен оны көрдің бе, білмеймін . Реңді келген,   қызба жігіт еді. Партияның адамы,өкімет еді шіркін.Бір күні  үш досымен бірге тойлап,  қызып қалған масаң жігіттер әлденеге бәстескен білем.  Ақыры, үшеуі атаңнан қалған көне қобызды сындырып , ауылдан жыраққа көмген екен.

- А,Апырай деді. Айна денесі түршігіп. Әкем сол үшін мені қобыз үйренсе екен деп тілеген екен ғой. Мен әкемнің ойын түсіне алмаппын ғой. Өкінішті.

- Жә,өзіңді жазғырма.   Көп ұзамай әлгі үш жігіт те опат болды. Ақ апа  Айнаның жүзіне барлай қарады. Одан кейін қанша адам сол қобызды көмген жерді іздеді таппады. Қобыз үні адамның қайғысын адамға, ғасырдың қайғысын ұрпаққа  сездіріп, халықтың мұңын қос ішекпен шайқап  шер төгеді екен. Қазақтың рухын қудалаған кездер де өтті ғой. Ақ апа ойланып кетті.  

Айна  әлденеге асыққандай  ұзап барады.   Көз алдына қарашаңырақ.Ауыл сыртынан   бебеулеген қобыз үні естілетіндей.  

Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар

Көп талқыланғандар