Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ


Алпысбай ӘБДІЛҰЛЫ. 1989 жылы 6-қаңтарда туған. Бүгінде әдебиеттің проза, сатира, поэзия жанрларына қалам тартып жүр. Сатиралық шығармалары «Егемен Қазақстан», «Айқын» республикалық газеттерінде жарияланған. Павлодардағы облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің тілшісі. Алматыда өткен (2007 жылы) бірінші республикалық «Ана тілі сұлтаны» байқауының I орын иегері. Республикалық, облыстық жыр мүшәйраларының жүлдегері.

 

Сағыныш

 

Қайран ауыл саған нені тең дейін,

Өткен күнге шегінейін мен кейін...

Көз ұшында қараятын құт мекен,

Ақ сәулемнің жүзіндегі меңдейін.

 

Ауыл кеші күйбең қоңыр тіршілік,

Бір қуанып, бір уанып, күрсініп.

Қой өрістен келген сәтте көрші үйдің,

Сұлуына қарайтынмын ұмысынып.

 

Үйге кейде түзу келіп тұратын,

Осындайда әдетім бар ұратын.

Жасқаншақтап мені көрсе көк марқа,

Көрші үй жаққа сосын мойнын бұратын.

 

Сыр білдірмей көркем жанның көзінше,

(Сол сезімді ақ сәулем де сезінсе)

Ауласына баратынмын ақырын,

Мал іздеген адам болып өзімше.

 

Естілгенде тым биязы қоңыр үн.

Қардай еріп кететін пәк көңілім.

Боялмаған оның сүттей жүзінен,

Көретінмін боямасыз өмірін.

 

Сыңғырлаған күлкісі оның «киелі үн»,

Балқитын-ды тұла бойым, сүйегім.

«Сіздікі ме?» деп сұрайтын жай ғана,

Сәл көтеріп марқа жаққа иегін.

 

Асып-сасып не болғанын байқамай,

Күрмелетін шешен тілім ой, тоба-ай.

«Сіздікі ме?» деп сұраған сол қызға,

Біздікіне жүріңіз деп айта алмай.

 

Тылсым сезім жүрегімде тербелдің,

Жанарымды оған қадай бергенмін.

«Аңқаусың!» деп әкем маған жекіді,

Көк марқа емес қой жетектеп келген күн.

 

Ұйқы-күлкі бәрі де артта қалды ойын,

Қиын кез ғой сұғанақ көп тоң мойын,

Мен ой бағып қиялданып жүргенде,

Көршіміздің ұрлап кетті он қойын.

 

Көз алдымда жерге түсті шырқау көк,

Енді барар ақ сәулеме сылтау жоқ.

Алай-дүлей астаң кестең көңілім,

Үн жоқ, тіл жоқ

қалғандаймын мылқау боп.

 

«Түкірсе егер көл болмай ма көп кісің»,

Бұл сынақтан ауыл сынбай өтті шын.

Қой қорасы қаңыраған сол үйге,

Әрбір ошақ берді бір-бір тоқтысын.

 

Текті қазақ тұлпар мініп ту алған,

Керек кезде белін бекем буа алған.

Қора толы қойды көріп сол күні

Көрші атадан бетер өзім қуанғам!

 

Ынтық болдым күннен-күнге бетер мен,

Қанат бітсе, ақ арманға жетер ме ем?..

Көк тоқтыны көрші үйге ұстап бергенде,

Көз жасымды тығып сүрттім әкемнен.

 

... Сол жыл күзде, күн суытып, тоңды бақ,

Алдағы өмір тым салқындау, солғын, жат.

Шығарып сап тұрды мені ауылдан,

Аңғалдық пен балалығым қол бұлғап.

 

Махабаттың мұңға малып қабағын,

Ауыл жаққа тым алыстан қарадым.

Пәк сезімді құрбан қылып сол бір кез,

Тас қалаға тиген еді табаным.

 

Балалығым баққа толы мекен ғой,

Қайта оралмас өмір қатал екен ғой.

Шуылынан шаршаған сәт шаһардың

Ұйықтап кетсем іздеп жүрем бөтен қой...

 

Пікірлер

Жұмабек

15.02.2019 20:08
Алпысбай бауырымның шығармашылығымен жақсы таныспын. Қарымы мен дарыны қаншалықты екенін білемін. Шабытың шарықтай берсін, бауырым.

Жұмабек

15.02.2019 20:27
Алпысбай бауырымның шығармашылығымен жақсы таныспын. Қарымы мен дарыны қаншалықты екенін білемін. Шабытың шарықтай берсін, бауырым!

Жанар Серикова

15.02.2019 20:30
Алпысбай мықты ақын. Сатиралық шығармалары өз алдына бір төбе.

Жанар Серикова

15.02.2019 20:30
Алпысбай мықты ақын. Сатиралық шығармалары өз алдына бір төбе.
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар