Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Жанель Мұхтар


Жанель Мұхтар Саятқызы 2002 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Қазіргі кезде Астана қаласындағы 56 мектеп-лицейдің 10-сыныбында оқиды.

Қағаз қайықтар

Мен үшін бүгін ауыр күн болды. Біз пойыз вокзалында ең жақын құрбымды ауылға шығарып салып тұрдық. Ол енді сол жақтан оқып, сырқат атасына қарайтын болады. Ол кенет қатты жылады. Мен оны құшақтап, жұбатуға тырыстым.

Қызық.

Менің жылағым келмеді.

Неге екенін кейін түсінгендеймін: егер мен жыласам, әлсіз болып көрінер едім. Онысыз да күйзеліп тұрған Аиданы одан сайын құлазытқым келмеді. Жалпы, жылап қалған адамның қасында қосыла жас төгу ақымақтық. Қанша қамықсаң да, көз жасыңды көрсетпеуге тырысу керек. Мен солай ойлаймын.

Аида, Жадыра үшеуіміз жұбымызды жазбай, осы кезге дейін уақытымызды бірге өткізуші едік. Менің жасым екеуінен біраз үлкен. Аида ай жағынан көп кіші болғандықтан, оны «Кенже» деп еркелетеміз. Соған кейде ол ашуланып, қырсығып та қалады. Бірақ Жадыра екеуімізге қарағанда оның ақыл-парасаты мол. Бірдеңе болса, Аидаға  айтуға асығып, одан ақыл-кеңес сұраймыз. Сосын ол ұзақ лекциясын оқиды. Кейде ойланып қаламын, «ол шынымен де менің «кенжем» бе?!» - деп.

Маған ұйықтау керек. Ертең сабақ.

«Аидада бәрі жақсы ма екен?»

Ол Астанадан кеткелі де екі-үш аптадай уақыт өтті. Содан бері көп оқиға болды. Қайсы бірін айтайын? Бір күн бір күнге еш ұқсамайды. Аида кеткелі Жадыра сабаққа келмеді. Ауырып қалғанға ұқсайды. Қорқатын  ештеме жоқ, жай тұмауратып қалса керек. Бірақ емделуі ұзаққа созылып кеткені рас. Осы уақытқа шейін емделіп жатқаны уайымдатады.

Иә, ол Аида кеткелі мектепке келмеді. Біз телефонмен де сөйлеспедік.

Жадыра екеуіміздің достасуымызға Аида дәнекер болған еді. Оған дейін ол қызбен сөйлеспейтін едім. Сөйлеспек түгілі, бір сыныпта оқып жүріп, өзіне  мән де бермеппін.

Сонымен, Жадыра сабақта жоқ. Ал өмір әрі қарай жалғасуды.

Соңғы кезде сыныптағы Асылмен тіл табысып алдым. Басқа сыныптан да араласатындар баршылық. Бірақ қыздар жағы маған көп жоламайды.  Ұлдармен де араласпас едім, мен бірінші болып достық ұсынатындардың қатарынан емеспін.  Осы Асыл мені әлеуметтік желідегі бір топқа қосты. Ол топта 40-50 жасөспірім бар. Асыл апта сайын осы топтың мүшелерімен оффлайн кездесу өткізеді. Бір демалыста караокеге, келесі бірінде  антикафеге барамыз. Жасөспірімдер арасында антикафе өте танымал демалыс орындарының бірі. Ұл-қыздар көбіне сол жерде бас қосады.  Алғашқы төрт сағатқа төлесең, қалған төрт сағаты тегін.  Яғни, уақытқа ғана төлейсің. Тамақ, ойын бәрі арзан. Ол жерде шағын кинотеатр да бар. Ескі фильмдерді көргеннің әсері бөлек. Бұл жерге келіп, соны ұқтым. Мен Одри Хепберн образына ғашық болып қалғандаймын. «Римдегі демалысты» рахаттана тамашаладым.

Бірде кинорумда 6-7 сағаттай уақыт өткізген болатынбыз. Тым ұзақ деп ойлайсың ба? Ескі фильмдердің бірінен кейін бірін көрдік. Бұл күнгі демалыс маған өте ұнады.

Уақыт өте, бәрі өз орнына келіп жатқандай. «Меломанға» барып кітап оқыдым. Ақыр аяғында Франсуаза Саганның алақандай кітабын сатып алдым. Алмасыма болмайтын еді. Әсері ерекше, кітаптың өзі де тым көркем  болған соң, үнемі сөмкемде жүрсін дедім.

Қоғамдық көлікте кітап оқып отырғанды ұнатамын. Өзіме сырттай, қиял көзімен қараймын. Шынында да, әсерлі сурет!

Мен өзімді жалғыз сезінемін. Жадыра әлі келмеді. Иә, достарым бар, бірақ мен үшін Аида мен Жадыраның орны бөлек.

Бүгін қарашаның жиырма бірі. Жадыраның сабаққа келіп жүргеніне біраз болды. Бірақ қазір маңыздысы бұл емес.

Жасөспірімдер қызық жаратылыс, кейде шынымен, таң қаламын.

Сыныбыма жаңа оқушы келді. Өзі маған бірден ұнамады, сол үшін есімін де есімде сақтауға тырыспадым.

Алғашқы күннен бастап, Жадыра екеуіміздің арамызға киіп кетуді шығарған, оны жиі шақырып алады, өзімен бірге әлдеқайда бөлек алып кетеді.

Бірақ әрекетінен бір жасандылық байқалады. Жадырамен өтірік достасып жүрген секілді. Менің ойымша, ол осының бәрін мені әдейі жалғыз қалдыру үшін жасап жүр. Себебі, Жадырамен ғана емес, кіммен сөйлесіп тұрсам да ол арамызға келеді де, мені шеттетіп жібереді. 

Оның келгеніне бір аптадан жаңа асты. Әрекетін түсіне алар емеспін, жеке сөйлесіп көрсем бе екен?

Аиданы сағындым.

Ол бүгін өзі бірінші болып қоңырау шалды. Алғаш сөйлесе бастағаннан-ақ оның бізді қатты сағынғанын түсіндім. Жадыра екеуі жүз шайысып қалыпты. Аиданы аямай ренжітіпті. Екеуіміз күнде сөйлесіп жүрсек те, бұл туралы маған енді айтып тұр. Ол тағы да жылады.  Ара қашықтық алыс болған соң, оны құшақтап жұбату мүмкін емес. Бірақ расымен, қатты қысып құшақтағым келді. Телефоннан оған не айтарымды білмедім.

Мен оған бір сыйлық алып, ауылға беріп жібергім келді. Азын-аулақ жинаған ақшам бар болатын.

Кеше Төлегенмен сөйлестім.

- Не істеп жатырсың?- деп сұрады.

- Күнделік жазып отырмын. Сен ше?

- Уау! Керемет екен! Мен де жазамын. Қазір «Гарри Поттерді» көріп отырмын.

- Жыл сайын қайталап көруден жалықпайсың ба? – деп, таң қалдым. Диалогымыз осымен аяқталды.

Айтпақша, ол маған сыйлық таңдауға көмектесетін болғанын айтпаппын. Аидаға сыйлықты бірге таңдайтын болдық.

Ол Аиданы ұнатады. Бірақ бұл туралы оған ләм-мим деген емес.

Төлеген параллель сыныпта оқиды. Аидамен бірге актерлік курсқа қатысқан.

Ол екеуі кастинг біткенді жібермейтін. Өте жақсы жігіт. Соңғы кездері жалғызсырап жүргенімді біліп, көңілімді көтеріп тұрады.

Аида кеткен соң, асханаға көбінесе жалғыз барамын. Бүгін тамақ алып, отыратын  бос орын таба алмаған соң, сыныпқа қайтып бардым. Ол жерде тамақтануға болмайтындықтан, тамақты сыртта қалдыруға тура келді.

Бүгін Жадыра да, Төлеген де мектепке келген жоқ.

Отырып-отырып, бұдан былай асханаға ешқашан аяқ баспайтын болып шештім. Бір аптадан кейін Төлеген мектепке келді. Менің асханаға бармай жүргенімді байқап, тәтті бәліш тасуды шығарды. Содан бастап бұрынғыдан да жақсы араласып кеттік.

Жаңадан келген қыз Жадырамен дос болып алды. Қазір бір-бірінен бір елі ажырамай, екеуі бірге жүреді. Ол төменгі сыныпта менімен бірге оқып, басқа мектепке ауысып кеткен екен. Маған неге соншалықты өш екенін енді түсіндім.  Төменгі сыныпта бір оқиға болған. Сол есіме түсті. Оның жақын досымен көп араласып, тартып алғандай болыппын. Мұны әдейі емес, білмей жасағам.

Ол кезде бала едік. Бір апта сабаққа келмей, ауырып қалғанда сынып жетекшіміз оның сол кездегі жақын досына:

- Сыныпта тек екеуің жүресіңдер. Басқалармен де достассаңдаршы, - деп ескерту жасаған. Әлгі бала мұны дұрыс түсінбей, менімен араласа бастаған еді. Бұл тәуір болып, сабаққа келгенде, «досы» оған мүлдем назар салмады. Амандаспады да. Сол оқиғаға мына сұлу әлі күнге шейін мені кінәлі санайды екен.

Сыныптағы Санжардың туған күні болып, бәріміз оның үйіне бардық.

Туған күн қызықты өтті. Ата-анасы достарымен емен-жарқын отырсын деп үйден кетіп қалған екен. Кеш бойы ешкімнен қысылмай көңіл көтердік. Қыздар үстел жасады. Ұлдар фильм таңдады. Қонақ бөлмеге дастарханды жайнатып, ғаламтор арқылы теледидарға «Дневник памяти» фильмін қосып көрдік. Жыламаймын десең де, жылататын фильм екен. Ной мен Эллидің махаббат хикаясы не деген әсерлі еді! Махаббат үшін екеуі көптеген қиындықтармен бетпе-бет келіп, соңына шейін күресті емес пе?! Сол бір жаз маусымы Ной мен Эллидікі еді, ол әлемде екеуінен басқа ешкім жоқ сияқты сезілді. Бұл бір ұмытылмас сәттер!

Бірақ олардың бірге болуына Эллидің ата-анасы қарсы болады, артынша  Екінші Дүниежүзілік соғыс басталып кетіп, дүние астаң-кестең болады емес пе?!

Менің сыныбымда К. деген жігіт бар.

Екі жыл бұрын екеуіміз сөз байласып, дос болмақ болдық. Бірақ достығымыз екі күнге ғана созылды. «Осымен қояйық» деп, ол бірінші хат жазған.

Содан бері тағы да екі рет әрекеттеніп, одан да түк шықпады. Біз ешқашан тіл табыса алмайтын шығармыз.

Өмір кино емес, бұл – рас!

Мен шашымды көк түске боятып тастадым. Онысыз да бейтаныс бозбалалар көшеде, қоғамдық көлікте, эскалаторда кетіп бара жатып болсын, бұрыла қараушы еді, енді ондайлар екі есе көбейді.

«Мега» сауда орталығында дизайнерлер жәрмеңкесі өтіп жатқан.  Сол жерден «Oblaka» брендінің иесі Раумен кездесіп қалдым. Мен оның әлеуметтік желідегі парақшасын жібермей қарайтыным рас.

Бұл өзі кездейсоқ, қызық таныстық болды.  

Супермаркеттің кассасында кезекте тұрғанмын, телефоным сыңғыр ете қалған. Рау инстаграмм парақшасына жеке оқиғасын  салыпты. Алдымдағы кезек әлі үлкен болатын. Ашып қарағанда, Рау дәл қазір өзінің киім коллекциясы жеңілдікпен сатылып жатқанын, таңертеңнен бері сауда жасап тұрған өзінің аузы құрғап, шөлдегенін енді аңғарғанын айтып жатты. Ол өте жайдары да позитивті тұлға екеніне дау жоқ. Мен оны қатты сыйлайтын едім.

Қолымдағы 0.5 бөтелке судың ақшасын кассаға төлеп, жоғары көтерілдім. Араның ұясындай сауда орнынан Рауды тауып алып, қолымдағы суды ұсынып едім, ол мұндай тосын жайды еш күтпеген екен, мені қапсыра  құшақтай алды. Мен оған су мен шоколад сыйладым. Жақында туған күні болған еді, құттықтауды да ұмытқан жоқпын. Ол қатты қуанды, екеуіміз бірз сөйлесіп тұрдық. «Сен өте ерекше қызсың, ғажап сүйкімдісің», - деді ол. Біз бұдан былай араласып тұратын болып, сөз бердік. Қоштасарда, ол маған қара маска сыйлады. Мен үшін қызық күн болды.

Төменде «Q-pop» жанрында айтатын топтардың концерті болып жатқан.

Мен достарым қосылып, концертті тырп етпей, аяғына дейін тамашаладым.

Осы кезде біреу менен көзін алмай қарап тұрғандай болған. Шынында да, солай екен. Ұзын бойлы көркем жігіт достарының арасында тұрып:

  • Көк шашты қыз! – деп шақырған.

Бұл репликаның құлағыма тосын естілгені сонша, Одри Хепберннің ойнақы күлкісін сала қойдым.

Бір кезде жақын келіп қолын созып, атын айтты. Бірақ қатты музыкадан ештеме естілмеді.

Күн кешкіріп қалғандықтан, біз қайтпақшы болдық. Қайта достарына қосылған ол ақырғы бір қарағанда, көзіме шалынбады.

Үйге келген соң, «ВК» желісінен іздедім. Еш нәтиже болмады.

Оның аты – Динар, Тимур, әлде Дамир болатын...

Кейін білдім, оның аты – Ихсан екен. Ол мені үш-төрт күн өте тауып алған.

Ихсан мені «Көк шашты қызды кім таниды?» деген хештегпен желідегі бүкіл топтардан, таныс-бейтаныстардан, тіпті «Астана мектептері» тобынан да іздестірген екен.

Дереу желідегі өздерінің тобына тіркеген.

Ол жерде ортақ таныстарымыз да бар екен.

«Көк шашты қызды мен таптым», «Сен білсең, сені қалай іздегенін», «Сүйіншісі маған», - десіп, барлығы шуласып жатты.

Сол күні біз кеш бойы қол ұстасып қыдырып, Есілдегі «Лазер-шоуда» жүрдік.  

Есіл бойынан сол жағалаудағы үйіме дейін аяңдап жаяу келгенде, көңілімізде бір романтикалық сезім оянғандай болған.

Таксимен үйіне қайтқанда, ол үшін алаңдадым. Үйіне жақсы жетсе екен деп ойлағам.

Алайда, әлеуметтік желідегі жаңа топтағы таныстарымның қалдырған жазбаларын көріп, бас көтерген нәзік сезім қолмен сылып тастағандай бір-ақ сәтте жоқ болды.

«Түн болды, бұлар қайда жүр?»

«Бұл қызды мұндай деп кім ойлаған?»

«Ихсан келді ме үйіне?»

«Қыздың шешесі қайда қарайды?», т.б.

Бұл топты тастап шығуыма тура келді. Жаңа таныстарым мен ойлағандай болып шықпады.

Ихсанды да тез ұмытуға тырыстым. Оның кінәсі не?

Кінәсі сол, Ихсан – осы тобырдың бөлшегі.

«Сен маған достарыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтып берейін» деген сөз бекер айтылмаса керек.

Желтоқсанның жиырма екісі менің туған күнім болды.

Аида бірінші болып құттықтады. Мен үшін бұл өте маңызды еді.

Аиданы қатты сағындым. Менің ең жақын адамым сол ғой. Оны көргім келеді. Құшақтағым келді. Оған жаңа ғана хабарласып едім, Жадырамен сөйлесіп жатыр екен. Кейін хабарласатынымды әрең айттым. Көзімнен жас ытып кетті. Дауысымнан ол ештеңені сезбесе екен дедім.

Бізбен Алиша деген қыз оқиды. Бұрын жай араласатын едік. Қазір Алиша, Төлеген үшеуіміз «13 причин почему» сериалындағы Джессика, Алекс, Ханна секілді етене дос болып кеттік. Олар да біз секілді кафеге бара беретін. Біз кофе ішкенді ұнатамыз, ал олар  ыстық шоколадқа тапсырыс беретін еді ғой.

Бүгінгі күн жақсы басталды. Киноға бардық.  Басқа мектептің өзіміздей балаларымен танысып, «burger land» кафесінде бірге отырып, емен-жарқн әңгіме-дүкен құрдық.  Арасында 11-сынып оқитын Байкен деген жігіт те болды.

Тағы бір күніміз осылай өтті.

Қазір түн. Төлеш «Гарри Поттерді» оқып, ал Алиша ұйықтап жатқан болар.

Байкенмен хат жазысып отырмын.

Көктемгі каникулға әлі бірсыпыра уақыт бар.

Мен өзімді біртүрлі адам сезінемін.

Бірақ өмір барлық адамдар үшін бірдей емес пе?!

Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар