Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Қоштаев Бексұлтан


Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Тегістік ауылында 1998 жылы дүниеге келген. Қазіргі таңда М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде білім алуда. Өлеңдері басылымдарда жарық көріп, облыстық жинақтарға енген.

Ауыл жайлы ой

I
...Тезек жауып анашым таба көмген
Әлі есімде бала кезде
қол күйерге қарамастан жеуші едік...

Шаңырағы көкпен жердің арасында
Біздің ауыл Таластың жағасында
Қарашада қара үйден от түтетіп,
Оңашада мал баққан.
Арасынан 
малшы бала жыңғылдың қой қайырған.
Аңғарымен өзеннің бойлай ұрған,
Сары қызды қосып айтқан балалық ән
Шапшып ала жөнеледі ойға-қырға.
Ауық-ауық қосылады кәрі өзенде,
Сылдыр-сылдыр үн қатып көбіктене.
Ырғағына еріксіз майса билеп,
Жел жылайды қаздарды еліктіре.

Таныс тірлік баланың күнде өзіне
Қой кезегің боларма тезге көнген
Бір көзімен күнге қарап сығырайып
Ауыл жаққа қарайды бір көзімен

Табиғатқа көз салсаң бой көтеріп
Сан қияға қанат қағар ой жетегі
Бар әлемді құшақтап жатқаныңда...
...қой кетеді!


II
Ауыл. Таң.
Бозаңдағы шағырдың исі мұрында
Томағалы шеңгел салған тұғырға
Малға мінген мәстек айғыр қыршаңқы
Тұсау қағып өріске ұзар қыбырлап

Түн тарқатқан ит мүлгиді ұйығып
Ауылдастың мөңірейді сиыры
Тіршіліктің тыныштығын бұзады
Күн сәулесі жерге сүйеп иығын


III
Ауыл. Кеш.
Жайылған жылқы маңда, қой қорада
Төңірекке көз тігесің, бойдақ адам
Астыңдағы ат жайылып ауыздықпен
Қасыңдағы ит шоқиып ойға қалған

Ауылдас кеп, әңгіме қозады бір
Әңгімемен әлдеқашан озады күн
Ағатайың ақырында:Әй туысқан
жеңгеңнің уыты мол бозаға жүр.


IV
Ауыл. Жұрт.
Таза жүрек, тарылмай тоба деген
Үйіне шақырусыз қонақ енген
Кеш кірім шүпірлесіп шәйға отырып
Тірісінде дала мен сона көрген

Тұрмысында болмысымен салтқа берік
Қой сойарда әкелер атқа өңгеріп
Қартайсада айғырға ер қондырып
Атам ертіп жүруші еді қақпан көміп

Шежіре тарқатсаңыз жұрт боласың
Тарихты шалдардың көп құптамасы
Ойда болсын балам деп сөз өретін
Бәріде есте, ауыл естен шықпағасын.


V
Төрдегі домбыра, кілемде ілулі
Саусағы тарамыс, бармағы бүгулі
Қоңырлап тарқатып әкеміз
Тартатын қосбасарын Сүгірдің

Тіршіліктің тынысы қауырт тұнған
Ән шырқаса отырамыз ауып тыңдап
Қапез өткен Қарқара, сосын тағы
Зар еңіреп жылаушы еді Сауытбек сал

Жорғалап одан әрі теріс қағыс
Бармақ ақын, самал тау көбі таныс
Босатып қос ішекті кеңге салып
Боздайтын көкейкесті өңі шалыс

Домбыра дегбіріңді ала беріп
Көңіліңді үрлейтіндей қара көрік
Шер-шерменін дүниенің ағытқан соң
Қанға айналып кетіпті, санаға еніп.


VI
Ала бөтен сағынып үйіріңді
Қара бұлт боп бір өксік үйірілді
Қағып- қағып жіберсең домбырадай
Бірге шығар жетісудың иірімі

Қара көбелек қарғадай бала боп өсіп
Өңменіңнен өтіп кеткенде қала жебесі
Боздап жатып оянсаң түсіңнен шошып
Боздап тұрған шөлейтте дала кемесі

Ақсақсал барда ауылдан қазынаң айшық
Шалыс бассаң шаһардың заңына қайшы
Түсінен түңіліп кей-кейде
Сыз өтетін тоғайдың сазын аңсайсың.

Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар