Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Қайрат Асқаров


Қайрат Асқаров Белгібайұлы 1977 жылы 13 қаңтарда қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бесоба ауылында дүниеге келген.

Қарағанды қаласындағы Н.Нұрмақов атындағы №2 мектеп-интернатында білім алып, 1994-1998 жж. Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін аяқтаған. Аталмыш оқу орнын тәмәмдаған соң, өзі білім алған Н.Нұрмақов атындағы №2 мектеп-интернатында абыроймен ұстаздық қызмет еткен.

2003 жылдан бері Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіндегі қазақ әдебиетті кафедрасында оқытушы қызметтін атқарды. Қарағанды қаласының «Болашақ» колледжінің оқытушысы қызметін атқарды, қазіргі таңда Қарағанды облысы жастар ресурстық орталығының маманы.

Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. Республикалық жыр мүшайраларының бірнеше дүркін жүлдегері.

2011 жылдың маусымында Мәдениет және ақпарат министрлігі тапсырысы бойынша «Дауыс» атты жыр жинағы «Жалын» баспасында жарыққа шықты.

Түнгі ауыл

Түнгі ауыл. 
Мақпал көкте Ай күлімдеп,
Сәулесі күміс суда жай дірілдеп,
Жаңбырдың иісі аңқып жақын маңнан,
Жусанды қырдан есер жайлы бір леп.


 

Түнгі ауыл. 
Көңіл ояу, көз байланып,
Тылсым шақ жүрек қылын қозғайды анық. 
Маңында көбелектер қалбалақтап,
Ошақтың оты жатар қоздай жанып.


 

Жұлдыздар шығып күннің түрмесінен,
Жатқандай тыныштықпен тілдесіп ен.
Өзеннің сылдыр-сылдыр сыры естілер
Ауылдың жырып аққан іргесінен.


 

Желсізде ұшар оттың алауы тік,
Даланың түнінде де бар-ау ұқып.
Аю жон алыптай боп елес берер
Қалғыған қарт төбелер қарауытып.


 

Тып-тыныш. 
Жан-жануар тыным еткен,
Аймаққа тамған Айдың нұры көктен.
Ғашығын аңсап келген ару қыздай
Ақ сәуле дала төсін күліп өпкен.
«Жауымен» шекісіп қап ұры мысық
Шатырға бара жатыр шығып еппен.
Ащы еді бәтшағардың үні неткен?


 

Жатқанда мүлгіп қырдың ұйқыда елі,
Ауылдың түні неткен сиқыр еді.
Шегіртке шырылдайды өзен жақтан,
У-шу ғып кейде ауылды ит үреді.


 

Ит‑құстан күзетші ояу — қауіп қылған,
Өзінің жұмбақтығын тау ұқтырған.
Жастардың әнін тыңдап ұйып қапты
Басында алтыбақан сауық құрған.


 

Сол бір маң от құшақты қауыштырған,
Тілектер, жүректерді табыстырған.
Сырлы әзіл, сұлу ән-жыр, сыңғыр күлкі
Естілер үзіп-талып алыс қырдан.


 

Мұңайып жалғыз жүзер түнгі аспанда Ай.
Әндерін маған айтар мұңдас жандай.
Үп етіп самал соқса, ағаш талдың
Желегі сыбдыр-сыбдыр сырласқандай.


 

Ғаламат! 
Ауыл түні. 
Ғажап, айлы,
Мас қылып ерке сезім мазалайды.
Қайнардың салқын суын бүріккендей
Саф ауа сарайыңды тазалайды.


Бір ысып, бір суынып қан бойдағы
Көңілде нәзік мұңның ойнайды әні.
Сиқырға, сырға толы дала түні 
Сырларға жетелейді қай-қайдағы.


Шұбалып Құс жолында сәнді із қалып,
Жымыңдар мың-сан жұлдыз бал-бұл жанып,
Көңлімде сәуле шашқан үмітімдей
Жырақта жылтырайды жалғыз жарық.
 

Тып-тыныш. 
Жан-жануар тыным еткен,
Аймаққа тамған Айдың нұры көктен,
Ақ сәуле дала төсін күліп өпкен,
Санаға сұлулықтың сырын еккен.
Қытықтап жас сезімнің тұла бойын
Еседі қырдан самал жылы леппен.
Ләззатқа толы ауылдың түні неткен
Жаралдың қандай ғана құдіреттен!
 

                                                Қоңыр кеш

Мен тағы да ауылдамын. 
Қоңыр кеш.
Жаңбырдан соң ауа жұпар, көңіл хош.
Ойлатпайтын беймарал бір бейбіт шақ,
Қулық бар деп, сұмдық бар деп өмірде еш.


Айналаға өзін ерек хан тұтып
Қоңыртөбе өзгермеген қалпы түк.
Батыс жатыр төсін нұрға шарпытып,
Қызыл бұлтты алтын Күнге балқытып.


Қоңыр түске боялыпты өр‑ылди.
Ет пен қымыз, 
Абыр-сабыр.
Көңілді үй.
Қоңырауын сезімімнің қағады
Қоңыр үйден шалқып шыққан қоңыр күй.


Қой жусаған, мал күйсеген қоңыр кеш
Үйден шыққан қоңыр күймен өрімдес.
Күні бойғы ұзақ, ауыр жүрістен
Тыным алып жатыр мүлгіп өмір көш...

 

 

                                    Жарықтық ауыл түні

 

Жарықтық ауылдағы жаздың түні-ай!

Төгілген сиқырлы әуен, саз бұрқырай.

Даңқы – аңыз,  табындырған нар далам-ай,

Қалқа қыз, сағындырған наз күлкің-ай.

 

Жарықтық ауыл түні. Қасқа бұлақ.

Ай жатыр аққу төс бұлт жастанып ап.

Отызда ойлы көзбен мұң шағамын,

Әсері он сегіздің басқа бірақ.

 

Тағы да ауыл түні. Баяғы ауыл.

Дегендей: «Әр сәтімді аяла, ұл!»

Балғын кез бар сырымды көкке жайған,

Бұл шақтың неге екенін... баяны ауыр...

 

Жаз түні. Бұйығы ауыл. Бұрынғы қыр.

Жүзіне жұлдыздырдың жүгірді нұр.

Сыр ашар қоңыраулы, күміс үнмен

Қыр асып кетті қайда құлын ғұмыр.

 

Жарықтық жаздың түні. Жұлдызды аспан.

Жыл ақты мойынды артқа бұрғызбастан.

Қайран шақ, жүрегіңді бір қызға арнап,

Қызулы құшағыңды бір қызға ашқан...

 

Ауылдың айлы түні. Сол шабындық.

Талыққан күзетшідей сонша мүлгіп.

Еркелеп, еліктірмей, елең қылмай,

Еріксіз кірпіктерге моншақ ілдік.

 

Қайран түн қайталанбас, қайтем енді,

Ол күнде су арналы, сай терең-ді.

Жырақтан әлдеқалай кісінер деп,

Іздеймін құлынымды – Айтөбелді.

 

Жанға жай жаздың түні. Сол бір мекен.

Сен кеше мол береке, көл құрмет ең.

Ағайын көшті үдере, қалада әлде

Түн нұрлы, таңы сенен мөлдір ме екен?..

 

Кеудеме күй қондырған жаздың түні-ай,

Ғаламат сол күйдегі саздың тілі-ай.

Көнсеңіз, жалғыз рет келсеңіз ед,

Он сегіз... жәудір жанар, наз күлкің-ай.

Жарықтық жаздың жаздың түні-ай!

 

 

                              ***

 

Жаз жайлап, қыс Қамқорды қыстайтұғын,

Түтіні тойсыз түзу ұшпайтұғын,

Күбісін тобылғымен ыстайтұғын

Кең ел ек.

 

Қоңырым Жібегіме сыңар еді,

Ұл-қызы биіктікке құмар еді.

Ақ бұлттан сәлде оранып асқақ шыңдар,

Жаз жылы жаңбыр жауып тұрар еді

Себелеп.

 

Жаныңды жадыратып жазы әдемі,

Таңының тамсантатын таза лебі.

Шомылып ұзақ күнге өзеніне,

Шоршытып шортан аулау ғажап еді

Ол ерек.

 

Соны іздер кезедесер деп  қапталдан қай,

Сонарға шыққан күндерп тәтті армандай.

Құла атпен бұлаңдатып қу үмітті,

Қиқулап қоян қуған шақтар қандай,

Керемет!

 

Уақыт!

Кім тоқтатар, уа, сені?

Қойныңда қалды небір түн әсемі.

Бізде бар, басқа елде жоқ алтыбақан

Жастықтың жалын атқан куәсі еді.

Бөлек от.

 

Жастығым бір белесте жеке қалды-ау,

Мұңаймау, ол –өзімді екен алдау.

Бүлдірген сайындағы тәтті сырлар

Бүлдірген еріндерде кете барды-ау,

Не керек?!

Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар