Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Гульнур Акижанова


Акижанова Гульнур Серикбековна 1988 жылы 20-мамырда Шығыс Қазақстан Облысы Тарбағатай ауданы Қабанбай ауылында дүние есігін ашқан. Ауылдағы Көлбай Төгісов мектебінің 9-сыныпты 2003 жылы бітіріп, Зайсан қаласындағы Ломоносов мектебінде 2 жыл оқып, 2005 жылы 11-сыныпты тәмәмдаған соң, Өскемен қаласындағы Педагогикалық колледжде 2005-2008 аралығында Қазақ тілі мен әдебиеті маманы мұғалімі дипломын алып шығады.

       Сүбелі сөзді жастайынан жанына серік қылып, өлең дейтін өлкеге бала кезінде аяқ басады. Сол өлеңге құштарлығы оны әдебиетпен қауыштырады. Ары қарай оқуын жалғастырып, ШҚМУ филология факультетін тәмәмдап, 2015 жылдан бастап, Зайсан ауданында шағын жинақталған Октябрь негізгі орта мектебінде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінен мұғалім болып қызмет атқарады.

       Жыр өлкесіне өзінің жаңаша жырларымен келген қыз бүгінгі таңда 150 ге тарта өлеңнің 3 поэманың авторы. Көп қалам тартқан тақырыптары: ел, жер, ұлттық рух, ел намысы,  және ұлтты иманға шақырып, халық ағарту ісіне арналған өлеңдері бар.

Өлеңдері Зайсан аудандық «Достық» газетіне жарияланып тұрады.

         Қазақ хандығының 550 жылдығына «Тарих тағлымы», Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына «Абай оқулары», Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Нұрлы болашақ», «Ұлы дала жырлайды», т.б. бірқатар Зайсан ауданында өткен жазба ақындар мүшәйраларының , және Облыстық интернет байқауларының  жүлдегері. Зайсан ауданының мәдениет саласына қосқан үлесі үшін 2016 жылы Зайсан ауданы әкімінің  марапатын алған.

             Мен дағы ақ қар бір тамшы,

             Ақ жерге жоқ боп сіңемін.

             Іздеумен жүріп өзімді

             Өлеңге сөз боп түнедім, -деп келетін әдемі айшықты өлеңдерімен, және өзіндік қолтаңбамен келген қыз  алдымен халықпен амандасуды да перзенттік парызым деп санайды.

             Армысың, өнер дейтін ұлы халық!

             Бойыма ұлттық мұра сыйы дарып,

             Ұлы өнерге бір қызың кеп қосылды,

             Ұлтының ұлағатын жиып алып!, деп келетін өлең жырларының авторының оқырман қауымға бірқатар өлеңдерін ұсынғалы отырмыз...

Ауыл. Қыс. Мен

Ауылды ма?

Жо, жоғада, сағынбаймын,

Себебі ауылдамын.

Артып көрмеп едім мен ауылға мұң,

Айтып берейін одан да ауыл жайын.

 

Қора жақтан шығады дыбыс түрлі,

Мал төлдеп, қора ішін ығыстырды.

  • Ей, тұр, сиыр сау,- деген сөз,

Анашымының қабағын тырыстырды.

 

Шығысымда осылай таң атады,

Сәулесін айналаға таратады.

Әкем тұрып қораға бет алады,

Анам шелек көтеріп бара атады.

 

Кенет телефон дағы шырылдайды,

Бұл  көңіл басқа жаққа бұрылмайды.

Тұра салып, киініп, апыл-ғұпыл,

Бұл қызың да жұмысқа зырылдайды.

 

Бетке ұрып қар, көрсетіп асығыстық,

Мектеп жаққа адымдап, басып ұштық.

Мені көріп көршінің иті ілесіп,

Жауып тұрған омбы қарды басып оздық.

 

Барамын деп әдебиет әлеміне,

Мән бермеппін, атты жігіт сәлеміне.

  • Үйретемін,-деген сөзбен үйден аттап,

Солай сабақ басталды. Кәне? Міне.

 

Сәлем. Сабақ. Тақырып, жаттығумен,

Сұрақ. Жауап. Оқушы. Ұстаз. Аптығумен.

Қазақ тілі, әдебиет сабақтары,

Аяқталды қоңырау соқтығумен.

 

Ұстаған соң қолымда «Ұстаз» атын,

Ұстаздықпен жайым жоқ ұстасатын.

Ақындық та, албаты келе бермей,

Адам бола білгенге ұштасатын.

 

Солай, міне, сабақтан қайтып келем,

Бірдеңені күбірлеп, айтып келем.

Барғанда айналама мән бермеппін,

Асығыстық танытсам, қайтып көрем?

 

Иіліп, сәлем берді ерке талдар,

Жұмысына кіріскен ерте жандар.

Ауыл у-шу, бесін ауа бұлт аспанда,

Дегендей, «Мені аңғар!», «Мені аңғар!»

 

Алдыымнан шықты көрші боталары,

Ботап жыр, боталардан от алады.

Түйе жүріс, ақырындап, жол үстінде,

Келет біреу, күні бәлкім атар әлі...

 

Көктем исі, жырлатып, жусан жайын,

Кәрі кетпен терлетіп тұр самайын.

Жеменейге шомылып, жаз да шығар,

Хәләуләйлім, дегізіп, әләуләйлім!

 

Тегіс ауыл, бет алсын, егістікке,

Не жетсін, дем алғанға кеңістікте.

Қысқы ауылдың бір күнін айтпақ едім,

Жаздың жайын, жазда айтайын келістік пе?

 

Үйге кеп, алғаннан соң тамақтанып,

Жұмысқа жұмыс жүрер сабақталып.

Қар күреу, отын-су, қора-қопсық,

Жүреді әкем уақытын санап тауып.

 

Түстен кейін баратыным тағы мектеп,

Ол да тұрар мені де айта кет деп.

  • Сәлеметсіз бе?,-деп қоят біреу,

Шана сүйреп, бір-бірін ат қып ерттеп.

 

Балалар жүр домалап, омбы қарда,

Аспан көміп тастапты жолды қарға.

Қар атысып, жүр екен, қар атысып,

Қайтқан кезде, таратысып, қайтты зорға.

 

Қосымшадан қайтып келем алтыларда,

Күн еңкейіп, ай аспанға артыларда.

Үй тірлігі содан соң басталады,

«Үй жұмысы» деген тағы салты бар ма?

 

Міне өстіп, жамылғысын түн түреді,

Қара аспанға жұлдыз ойнап, түн кіреді.

Өзім көріп жүрген ауыл, міне осындай,

Бұдан да артық шығар кім біледі?!

 

Біреу ойнар аттың құлағында,

Мен одан аттың жайын сұрадым ба?

Ауылымда түрлі-түрлі емдік шөп бар,

Оларға арнап өлең құрадым ба?

 

Ауылымды жарып өткен өзені бар,

Оның да сұлуланар кезеңі бар.

Сықылдаған күлкісі айтып берер,

Жаз шыққанда боларын өзегі бал!

 

Жаз шықса бұл араға жалғыз келіп,

Жүрдім рас, итмұрын мен жалбыз теріп.

Сиыр бүлдіргенге баратынбыз,

Жапырламай жүру жоқ, жалғыз не қып.

 

Жазды айтсам, жырыма жыр созылар ма?

Одан да жем берейін, қозыларға.

Қайтып кеп, кешкі тамақ пісірейін,

Уақыттан артық бізге қазы бар ма?!

 

Келсем анам жүр әлі нан пісіріп,

Көрсетпеген жұмыс десе, жан кісілік.

Бауырсағын аузыңа тықпалайтын,

Бала көңіл аналар, жан ұшырып.

 

Міне өстіп, жамылғысын түн түреді,

Қара аспанға жұлдыз ойнап, түн кіреді.

Өзім көріп жүрген ауыл міне осындай,

Бұдан да артық шығар кім біледі?!

 

Пікірлер

Гука

15.03.2019 22:56
керемет анық жазылған. . . Ауыл тақырыбы ашылғагдай
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар