Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ


Бауыржан Ширмединұлы 1992 жылы 30 шілдеде Сырым ауданы, Өлеңті ауылында дүниеге келген. Журналист, айтыскер ақын. Бірқатар жыр мүшәйралары мен республикалық айтыстардың жүлдегері. Бауыржан 2016 жылы өткен «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» атты көшпенділер өркениеті фестивалі аясындағы ақындар айтысының Бас жүлдегері. 2017 жылы Шымкентте өткен аймақтық айтыстың І орын иегері. 2018 жылы Атырау қаласында өткен Мұрат Мөңкеұлының 175 жылдығына арналған халықаралық ақындар айтысында арнайы жүлдеге ие болды. Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы – термешілер Одағының мүшесі. Бауыржан бүгінгі күні Сырым аудандық «Сырым елі» қоғамдық – саяси газетінде редактор болып қызмет етеді. Авторлық мақалалары облыстық және республикалық басылым беттеріне жарияланып жүр. Журналист ретінде ол аудан көлеміндегі «Менің кіші Отаным!», республикалық «Жымпиты – Семей!», халықаралық «Жымпиты - Мәскеу» экспедицияларына мүше болды. Осы эскпедициялар барысында жазылған тарихи танымдық жолжазбалары Алашорда үкіметінің Батыс бөлімшесінің 100 жылдығына арнап шығарылған «Алаш аманаты» атты жинақ кітапқа басылды. Бауыржан Ширмединұлының «Дәптер» атты алғашқы жыр жинағы 2018 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Осы жылы Жайық айтысының 60 жылдығына орай мерекелік медальмен марапатталды.

Ауыл жайлы өлеңдер топтамасы

ҚАЛАҒА ХАТ

(жерлестер форумынан кейінгі ой)

 

Қаланы қопардың да, шайқадың да,

Бірақ, бақыт таппадың, байқадың ба?

Бақыт деген қалаға барған жоқ қой,

Бақытты болғың келсе, қайт ауылға!

 

Бақытты біреуі едің жалпы адамның,

Артығын табамын деп арқаландың. 

Сен қалаға кеткенде, бақыт деген

Қасында қалған еді қарт анаңның!

 

Бақыт қалған ауылда, саман үйде,

Қалды ол сол әуелгі бала күйде.

Бақытыңды іздесең, ауылға кел,

Бақыт әлі ауылда бар, әрине!

 

Иә, бақыт қалаға бармай қалған,

Ауылды бақыт қия алмай қалған.

Ал сен оны қаладан іздедің ғой,

Қарашы, өмір деген қандай жалған?

 

Салмағы сағыныштың ең ауыр ма?

Сағынсаң, келсеңші енді, кел ауылға.

Біржола келмесең де, тым құрыса,

Келсеңші, тынығуға, демалуға.

 

Таста да жұмысыңды, сауығыңды,

Келіп бір, қуантсаңшы ауылыңды.

Көлігіңді көрсету үшін келме,

Көру үшін кел елді, бауырыңды!

 

Сені ауыл күтеді, ал асыға,

Келе жатқан шығарсың шамасы да.

Қолыңда бір кәмпитің артық болса,

Алып кел ауылыңның баласына.

 

Қаладан үй салсаңда хан қасына,

Ауылыңның үйіндей бар ма сірә?

Бір шегең артық болса, ойланбастан

Әкеліп қақ ауылдың ауласына.

 

Ауыл солай биікте қалу керек,

Сол ауылға ерінбей бару керек.

Адамның кіндік қаны тамған жерге,

Маңдайының тері де таму керек.

 

Қадірін туған жердің сеніп, білші.

Елге қарай өзіңді еліктірші!

Ештеңе бермесең де, ауылыңа,

Сәлем беріп кетуге келіп тұршы!

 

ӨЛЕҢТІ, АРНАЛАДЫ САҒАН ЖЫРЫМ!

Өлеңті арналады саған жырым, 
Өйткені ақын болды балаң бүгін
Ауылым айналайын, алда шығар, 
Шаттықтан сенің естен танар күнің. 

Өлеңті, сабырлылық сақтадың ба?
Азабын құлдыраудың тартқаныңда, 
Әкемнің жастығының ізі жатыр, 
Қираған клубыңның арт жағында.

Өлеңті, сені ойлаймын үнемі мен,
Ауылсың тым ерекше түр өңімен. 
Көшеңде алшаң басып келе жатам, 
Жүргендей Голливудтың кілемімен. 

Таңдапты Ұлытауды Асан қайғы, 
Тау бірақ Өлеңтіден аса алмайды. 
Даламның дархан төсін тау түгілі, 
Бұлттың да көлеңкесі баса алмайды. 

Өзенің толқынды еді керім асқақ, 
Арнасы суалыпты кері бастап, 
Көрдің бе, өзен екеш өзендер де, 
Алысқа кете алмайды сені тастап. 

Кешқұрым махаббаты мүлдем берік, 
Қос ғашық көпіріңде тұр тербеліп.
Сезімнің бесігі сол көпір бар да, 
Париждың құны бар ма бір теңгелік?

Өлеңті шаһарымсың шағын қанат, 
Жинаған жақсылықтың бәрін қабат. 
Сендегі тұрғындардың тұтастығы – ай, 
Көрмеген үйін кілттеп, малын қамап. 

Ауылдың абыройын алған артып, 
Қанына кеткен ұлттың арда тартып.
Бауырмал шеттерінен жігіттерің, 
Көретін бірін бірі ханнан артық.

Өлеңті арналады саған жырым, 
Өйткені ақын болды балаң бүгін
Ауылым айналайын, алда шығар, 
Шаттықтан сенің естен танар күнің. 

Бастысы Алла берсін амандығын!

 

 

ДИІРМЕН

 

Бар еді біздің үйде бір диірмен,

Қаласаң, көрсетермін, бір кейіннен.

Әуелде, диірменнің дырылдаған,

Дауысы шығушы еді күнде үйімнен.

 

Бұл да өмір екен ғой, бір аңғарса!

Тоқтамай, талқан менен ұн алғанша,

Дырылдақ диірменмен әкем марқұм,

Тары, бидай тартатын түн ауғанша.

 

Дауысы өзгермейді, құбылмайды,

Диірмен дырылдайды, дырылдайды,

Дырылдаса, сияқты пластинка

Бақыттың әсем әнін ыңылдайды.

 

Диірмен еді байлық бар қолдағы,

Байлыққа халық басқа таң қалмады.

Диірменнің дауысы тоқтамаса,

Онда үйде ұн, яғни, нан болғаны.

 

Ұнды көріп, қайғыны ұмытқаннан

жан анам жүруші еді күліп таңнан.

Сол кезде болды біраз жанұялар,

Диірмені айналмай, тұрып қалған.

 

Болса да сәттер нанды таба алмаған,

Сол заман емес еді заман жаман.

Нанды көрсе қазір кім қуанады?

Қуанбайды көрсе де адамды адам.

 

АЛА ДОРБА

 

Анамда болып еді ала дорба,

Жүретін ылғи өзі ала қолға.

Қаншалық ыстық болса балалығым,

Дәл солай ыстық еді маған ол да.

 

Менің анам және сол ала дорба,

Табуға азық үйге, балаларға,

Арқалап тары - талқан,

Ала таңмен,

Кететін Жымпитыны аралауға.

 

Ол кезде еріну мен шаршау қайда?

Әркім де күнкөріске жан салмай ма?

Барып, тары - талқанын қайран анам,

Ауыстырып алатын нан, шай, майға.

 

(Әкемді де болдым – ау еске алатын)

Марқұм отын кіргізіп, пеш жағатын.

Анамның бір қолынан ұстап алып,

Ала дорба келеді кешке жақын.

 

Келеді кешке жақын ала дорба,

Іші толған болады тағам онда,

Асын адал тапқанға дастарханның,

Әкем де мәз, мәз еді әрі анам да.

 

Көрсе де бірге екеуі небір күнді

Болатын ажарлары керім нұрлы.

Ала дорба үйге шай, тамақ емес,

Осылай бақыт алып келіп жүрді.

 

Жылды жыл, күнді деген күн қуады.

Күнінде күнкөрісті қылды бәрі.

Жоқшылықтың салмағын көтерем деп,

Үзілді сол дорбаның бір құлағы.

 

Шүкір бүгін баянды бақ, ырысым!

Бірақ, бөлек өткеннің қадірі шын.

Ала дорба бос емес, анам оған,

Салып, сақтап қойыпты сағынышын...

 

 

Пікірлер

Досжан

14.02.2019 15:16
Туған жерге деген махаббат осығо. Керемет!!!

Әсел Оразбекқызы

14.02.2019 15:12
Өте керемет! Шалқар шабыт, толағай табыс тілеймін! Қаламыңыз мұқалмасын!

Айбек

14.02.2019 15:14
Керемет озиме унайды

Лаззат

14.02.2019 15:25
Керемет. Өлеңдерінде терең мағына бар. Қаламың мұқалмасын! Алла қолдап жүрсін.

Амангүл Серіккалина

14.02.2019 15:32
Аға, өлеңдеріңіз керемет! Сіз жаза беріңіз, біз оқи берейік!

Гүлім Махсотқызы

14.02.2019 15:40
Таза жүрекпен, шынайы естеліктерден жазылған тамаша өлеңдер, қаламың шыңдала берсiн

Назкен

14.02.2019 15:45
Керемет өлеңдері ұнайды! Сізге шығармашылық табыс, еңбегіңіз еленіп, тек биіктерден көрініңіз дегім келеді!

Уалихан Карим

14.02.2019 15:48
Керемет соз жок!

Айша Биби Жанболатқызы

14.02.2019 16:01
Керемет.өлеңдерің өте әсерлі.әлі талай биіктерден көріне бер.өнерін өрге жүзсін.

Айнұр Асылбекқызы

14.02.2019 16:41
Жалпы ауыл жайында жырлайтын өлеңдеріңіз ұнайды.Қаламыңыз ұштала берсін ! Жасасын Сырым елінің Бауыржаны!

Райса

14.02.2019 17:19
Оте керемет олен жолдары

Ерлан Қабдолуапұлы

14.02.2019 17:22
Өлеңдері керемет. Әсіресе "Ала дорба" өлеңін оқыған кезде сол уақыттың қиындығын тартқан адамдардың бейнесі көз алдына келеді екен.

Нұрасыл

14.02.2019 17:36
Керемет!

erbol-jibek.72@list.ru

14.02.2019 17:52
Бауыржан Ширмединұлы сіздің өлеңдеріңізді оқи отырып ауылдың өмірін таза сол қалпында көремін өлеңдеріңізде еліңізге қазақ халқына деген сүйіспеншілігіңіз шынайы көрініс табады. Қарапайым жанға жақын өмірімізбен астасып жатады. Сізге еңбегіңізге табыс шығармашылығыңызға шабыт биіктен көріне беруіңізге тілектеспін. ЖІБЕК Д

Турарбек Ергенулы!

14.02.2019 18:01
Ауылымызда осындай нар тулга онерли жигиттер коп болса екен! Жарайсын Иним тек алга саттилик!

Ихсанова Айнур Жасұланқызы

14.02.2019 18:28
Өнер жолында да, еңбектеде тек ақ жол тілимін, Өлеңдерің керемет әсер алдым қызығада оқитын өлеңдер , өнер жолында үлкен белестен көріне бер!

Жарас

14.02.2019 18:30
Мықты ақынF77

Сембай

14.02.2019 18:36
Бауыржан жазарың көп болсын

Қайырбек Амангалиев

14.02.2019 18:39
Туған ауылымыздың сонау қиын-қыстау кезеңдегі тұрмыс-тіршілігінің суреттеуі сол кездегі барлық ауылдың жағдайын көрсетеді. Өлеңдері түсінікті жазылған. Ақынға шығармашылық шабыт тілеймін.

Мәрөк

14.02.2019 19:53
Өлеңдеріңіз жақсы қаламыңыз құрғамасын.Алла жар болсын.

Гүлмира Жауынбайқызы

15.02.2019 11:59
Керемет! Қаламың ұштала берсiн!

Асем шайдуллина

15.02.2019 12:06
өте керемет

Байжан Ергенұлы.

14.02.2019 21:20
Өлеңдері қиялдан алынған теңеулер емес,сол балалық шақтағы әр үйдің әр жанұяның,әр баланың көзбен көрген,сезінген тірлігінен алынған Қаламың мұкалмасын Өлентінің өнерлі өрені !!

Бағдат

14.02.2019 22:46
Бауыржан керемет....қаламың ұштала берсін"Ала дорба"өлеңің қатты ұнады...

Есмуратов Талгат Магжанулы

14.02.2019 23:22
Жазар дуние коп болсын иним! Алдагы уакытта шыгармашылык шабыт тилеймин. Биктен корейк сени ардайым!

ЫҒЫЛМАНОВ ЕРЛАН ЕРГЕНҰЛЫ

15.02.2019 00:41
Ауылда бір көшеде ойнап жүрген ініміз бала Бауыржан, қазір аты елге танымал ақын Бауыржан болды. Көргенін тілмен саптап қағаз бетіне түсірсе, жүрегінен шыққан өлең-жырлары жүрекке жетіп жатады. Өнері үстем болғай.

ЕРБОЛАТ ИСАНОВ

15.02.2019 00:50
Бауыржан інімнің кез-келген өлеңінде ой мен образдылық алшақтамайды. Қайта жұп­тасып, жымдасып жатады. Кейбір тұс­тарында бірімен-бірін байланыстырып отырады. Бір ғажабы жазылған өлең­деріндегі айтайын деген түйінді ойын нақтылап жеткізе білуінде. Сөзім дәлелді болу үшін мына "Қалаға хат", "Ала дорба" деген өлеңін оқысаңыз өзіңіз-ақ мойындай түсесіз... Жарайсың інім, жазарың көп болсын!

Ауылдас

15.02.2019 01:09
Жарайсың Баке

Жасқанат Есламгалиев

15.02.2019 02:06
Баукеңнің өлеңдері мықтығо.

Жарас

15.02.2019 08:05
Керемет Бауыржан

Біржан Амангелдіұлы

16.02.2019 14:45
Жарайсың, Бауыржан! Тамаша туындалар, бірінен бірі асады

Данияр

17.02.2019 05:10
Ауылға барып қайтқандай болдық! Жазарыңыз таусылмасын!

17.02.2019 05:14
Жазарыңыз таусылмасын! Ауылға барып қайтқандай болдық...

Ақмарал

18.02.2019 00:04
Жарайсың! Қаламың мұқалмасын

Батыржан

16.07.2019 12:59
Өте әсерлі жазыпты мағам ұнады

БАУЫРЖАН НЕҒМЕТОВ

12.08.2019 22:21
Жазарың таусылмасын, Жырларың жалындасын. Жарайсың Бауыржан ақын!!!

Айдарбек

12.08.2019 23:08
Жарайсын бауырым. Мукагалидай ак иык акын бол, халкына, ауылына жакын бол. Кайда журсенде аман бол, ен бастысы бул жалганда, аты мен хаты калатын Адам бол.

Абылай Тұрсынбаев

16.08.2019 09:56
Өлеңдерің өте әсерлі. Халқың сүйген ақын бол. Ақ жол!
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар